Нағыз жұбанышты қайдан табуға болады?
“Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдай... бізді барлық азаптарымызда жігерлендіреді [“жұбатады”, ЖД]” (2 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1:3, 4).
1. Ненің салдарынан адам жұбанышқа аса зәру болуы мүмкін?
МҮГЕДЕК болып қалған адам өмірі қор болғандай сезінуі мүмкін. Жер сілкінісі, дауыл не аштықтан кейін адамдар жұтап қалады. Соғыс адамды туған-туыстарынан айырып, баспанасыз қалдырып немесе үй-жайын тастап босып кетуге мәжбүр етуі мүмкін. Әділетсіздік адамның сағын сындырып, енді көмек күтетін жер қалмағандай сезіндіруі мүмкін. Осындай күйді бастарынан кешіп жүргендер — жұбанышқа зәру. Алайда сол жұбанышты қайдан табуға болады?
2. Неге Ехобаның жұбанышының теңдесі жоқ?
2 Кейбір жеке адамдар мен ұйымдар өзгелерге көмек көрсетуде әжептәуір күш салады. Жылы сөздер ризашылықпен қабылданады. Материалдық көмек қысқа уақыттық қажеттіліктерді қанағаттандырады. Бірақ тек шынайы Құдай Ехоба ғана барлық қайғы-қасіретті жойып, ондай нәрсенің енді қайтып қайталанбайтындай ете алады. Киелі кітапта Ехоба жөнінде былай делінген: “Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдай мадақталсын! Ол — қайырымды Құдай Әкеміз, жұбаныш атаулының қайнар көзі — бізді барлық азаптарымызда жігерлендіреді [“жұбатады”, ЖД]. Осылай Құдайдың өзімізді жігерлендірген [“жұбатқан”, ЖД] жұбанышымен біз де әр түрлі қайғы-қасірет шегіп жүргендерді жігерлендіре [“жұбата”, ЖД] аламыз” (2 Қорынттықтарға 1:3, 4). Ехоба бізді қалай жұбатады?
Қиыншылықтардың түпкі себебі
3. Құдай беріп отырған жұбаныштың адамзаттың басына түскен қиыншылықтардың түпкі себебіне қандай қатысы бар?
3 Адам ата жасаған күнәнің кесірінен бүкіл адамзат кемелсіздікті мұра еткен, ақыры өлімге әкелетін сансыз қиыншылықтардың түпкі себебі — осы (Римдіктерге 5:12). “Осы дүниенің әміршісі” Ібіліс Шайтан екендігі жағдайды ушықтыра түседі (Жохан 12:31; 1 Жохан 5:19). Ехоба болса, адамзаттың осындай мүшкіл халіне өкініш білдіріп қана қойған жоқ. Ол бізді құтқару үшін жалғыз Ұлын азаттық төлемі ретінде берді. Сондай-ақ Ұлына сенім білдіретін болсақ, Адамнан мұра еткен күнәдан құтыла алатынымызды айтты (Жохан 3:16; 1 Жохан 4:10). Сонымен қатар Ехоба көк пен жердің барлық билігі берілген Иса Мәсіхтің Шайтан мен оның зұлым дүниесін жоятынын алдын ала айтқан (Матай 28:18; 1 Жохан 3:8; Аян 6:2; 20:10).
4. а) Ехоба бізге өзінің көмек көрсететініне деген сенімімізді нығайту үшін не берген? ә) Ехоба жұбаныш беретін уақыттың қашан келетінін түсінуімізге қалай көмектесіп отыр?
4 Құдай уәделеріне деген сенімімізді нығайту үшін айтқан пайғамбарлықтарының бәрі орындалатынын дәлелдейтін көптеген айғақтарды сақтап қалған (Ешуа 23:14). Ол Киелі кітапқа өзінің қызметшілерін адами тұрғыдан қарағанда құтқарылу мүмкін еместей болып көрінетін жағдайларда қалай азат еткені туралы мәліметтерді жаздырған (Мысырдан шығу 14:4—31; 4 Патшалықтар 18:13—19:37). Ал Иса Мәсіх арқылы Ехоба адамдарды “ауру-сырқау атаулыдан” сауықтырып, тіпті өлілерді тірілту өзінің еркіне кіретінін көрсеткен (Матай 9:35; 11:3—6). Мұның бәрі қашан жүзеге аспақ? Киелі кітапта бұл сұрақтың жауабы ретінде Құдайдың жаңа аспан мен жаңа жер орнайтын кездің алдындағы осы ескі дүние суреттелген. Исаның берген белгілері біздің заманымызға сай келеді (Матай 24:3—14; 2 Тімотеге 3:1—5).
Қиын шақта берілген жұбаныш
5. Ежелдегі Исраил халқын жұбатқанда, Ехоба не нәрсеге көңіл аударған?
5 Ехобаның ежелгі Исраил халқымен қатынасынан қиыншылыққа тап болғанда, халқын қалай жұбатқанын көреміз. Ол өзінің қандай Құдай екенін исраилдіктердің есіне салатын. Ал бұл Ехобаның уәделеріне деген халықтың сенімін нығайтатын. Ехоба пайғамбарлары арқылы Өзінің, яғни шынайы әрі тірі Құдайдың, өздеріне де, қызметшілеріне де көмек көрсетуге дәрменсіз жалған тәңірлерден қаншалықты ерекшеленетінін көркем суреттейді (Ишая 41:10; 46:1; Еремия 10:2—15). Ехоба Ишая арқылы: “Халқымды Менің жұбатыңдар, көңілін оның орнықтырыңдар!” — дейді де, Өзін жалғыз шынайы Құдай екенін ерекше атап өту үшін, пайғамбарын жаратылыстарынан мысалдар келтіруге талпындырады (Ишая 40:1—31).
6. Кейде Ехоба азат етілетін уақытқа қалай нұсқайтын?
6 Кей кезде Ехоба өзінің халқын азат ететін уақытты, алыс болсын, жақын болсын, белгілеу арқылы жұбататын. Мысыр құлдығынан азат етілетін уақыт келгенде, ол қанаудағы исраилдіктерге: ‘Мен перғауынды және Мысыр елін тағы бір апатқа душар етемін. Одан кейін ол бұл жерден кетулеріңе рұқсат беретін болады’,— деген (Мысырдан шығу 11:1). Жосафаттың заманында Яһудаға үш елдің әскері шабуыл жасағанда, Ехоба яһудилерді қорғауға “ертең” кірісетінін айтқан (2 Шежірелер 20:1—4, 14—17). Яһудилердің Бабыл тұтқындығынан босайтынын Ишая шамамен 200 жыл бұрын, ал қосымша ұсақ-түйектерін болса, Еремия 100 жыл уақыт бұрын дерлік жазған. Азат етілетін уақыттары жақындағанда, сол пайғамбарлықтар Құдайдың қызметшілеріне қандай жұбаныш болды десеңші! (Ишая 44:26-45:3; Еремия 25:11—14).
7. Құтқарылу туралы уәделер жиі кімге қатысты болатын және бұның адал исраилдіктермен қандай байланысы болды?
7 Құдай халқына жұбаныш беретін хабардың жиі Мәсіхке қатысты болатынын ескере кеткен жөн (Ишая 53:1—12). Бұл көптеген қиыншылықтарда адал адамдар үшін ұрпақтан ұрпаққа үміт отын жағып отырған. Лұқа 2:25-тармағынан біз мынаны оқимыз: “Сол кезде Иерусалимде Шимон есімді кісі тұратын. Ол Исраилдің көрген азабынан құтқарылуын [немесе жұбаныш табатын уақытын, былайша айтқанда Мәсіхті] аңсап күтіп келген әділ, Құдайды қастерлейтін, Киелі Рух қонған жан еді”. Шимон Мәсіхке қатысты Жазбалардағы пайғамбарлықты білетін, сондықтан өзінің көзі тірісінде солардың орындалғанын күтетін. Ол мұның бәрі қалай жүзеге асатынын түсінбегенмен әрі алдын ала айтылған құтқарылуды көзі тірісінде көрмегенмен, Құдай ‘жіберген Құтқарушының’ кім болатынын көргеніне қуанды (Лұқа 2:30).
Мәсіх арқылы келген жұбаныш
8. Исаның көрсеткен көмегі көп адамның өзінен күткенінен қаншалықты ерекшеленген?
8 Жер бетінде қызмет еткен кезінде, Иса Мәсіх сол кездегі адамдардың ойынша қажетті болып тұрған көмекті көрсете бермейтін. Кейбіреулер өздерін римдіктердің жеркенішті езгісінен азат ететін Мәсіхтің келуін зарыға күтетін. Бірақ Иса төңкеріс жасауды қолдамайтын; ол оларға ‘патшаға тиістісін патшаға беру’ керектігін айтқан (Матай 22:21). Құдайдың еркіне адамдарды қандай да бір саяси құрылымның езгісінен босатудан анағұрлым маңыздырақ нәрсе кіретін. Халық Исаны патша еткісі келеді, бірақ ол ‘көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанын қиятынын” айтады (Матай 20:28; Жохан 6:15). Оның билік ететін уақыты әлі келмеген еді, ал патшалық билікті ол тынымсыз бұқарадан емес, Ехобадан қабылдау керек-тін.
9. а) Иса жұбаныш беретін қандай хабар жариялаған? ә) Қалай Иса сол хабар мен адамдардың күнделікті қиыншылықтарының арасында тығыз байланыс барын көрсеткен? б) Жерде қызмет еткенде, Иса ненің негізін қалаған?
9 Иса ‘Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар’ арқылы жұбаныш беретін. Ол қайда жүрсе де осы ізгі хабарды жариялаған (Лұқа 4:43). Ол Құдай Патшалығының Билеушісі ретінде адамзат үшін не істейтінін көрсету арқылы халықтың көңілін ізгі хабар мен өздерің күнделікті кездесіп жүрген қиыншылықтардың арасында тығыз байланыс бар екеніне аударған. Ол зағиптардың көзін ашып, мылқауларды сөйлету (Матай 12:22; Марқа 10:51, 52), сал болғандарды аяғынан тұрғызу (Марқа 2:3—12), елдестерін адам шошырлық сырқаттарынан айықтыру (Лұқа 5:12, 13) және ауыр науқастарды жазу (Марқа 5:25—29) арқылы қасірет шегіп жүрген адамдардың өмірге деген құштарлығын қайта оятқан. Иса өлген балаларын тірілтіп, аза тұтқан отбасыларына зор жұбаныш берген (Лұқа 7:11—15; 8:49—56). Ол долы дауылды тоқтата алатынын, сондай-ақ көптеген адамды тамақпен қамтамасыз ете алатынын көрсеткен (Марқа 4:37—41; 8:2—9). Сонымен қатар Иса өмір сүру принципін үйреткен, оның тәлімі тыңдаушыларына кездескен қиыншылықтарды нәтижелі шешуге көмектескен әрі жүректерін Мәсіхтің әділетті билігіне деген үмітке толтырған. Осылайша, Иса жерде қызмет еткенде, өзін сеніммен тыңдағандарды ғана жұбатып қоймай, кейінгі ғасырларда өмір сүретін адамдар үшін де жұбаныштың негізін қалаған.
10. Исаның құрбандығының арқасында не нәрселер мүмкін болып отыр?
10 Иса өзінің адами өмірін құрбан етіп, көктегі өмірге қайта тірілгеннен 60 жыл өткеннен кейін, елші Жохан рухтың жетелеуімен былай деді: “Балаларым менің, сендер күнә жасамасын деп, осыны жазып отырмын. Алайда, егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар — Иса Мәсіх. Ол өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді; өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын төледі” (1 Жохан 2:1, 2). Құрбандық ретінде берген Исаның кемелді өмірінің қандай пайдасы барын білгеніміз зор жұбаныш сезіміне бөлейді. Біз күнәларымыздың кешірілетінін, ар-ұжданымыздың таза болып, Құдайға ұнамды әрі онымен тығыз қарым-қатынаста бола алатынымызды, сондай-ақ жер бетінде мәңгі өмір сүре алатынымызды білеміз (Жохан 14:6; Римдіктерге 6:23; Еврейлерге 9:24—28; 1 Петір 3:21).
Киелі рух — жұбаныш беруші
11. Иса өлер алдында не жұбаныш береді деп уәде етті?
11 Өмірін құрбан етіп өлер түні Иса елшілерімен соңғы рет сөйлесіп отырып, Әкесінің берген жұбаныш болатын тағы бір нәрсе бергені жөнінде айтқан. Ол былай деді: “Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны [жұбатушыны; грекше пара́клетос] жіберуін өтінемін, Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух”. Кейін Иса оларды былай деп сендірді: ‘Ал... Қамқоршыларың — Киелі Рух... сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді’ (Жохан 14:16, 17, 26). Қалайша киелі рух оларды жұбатты екен?
12. Киелі рух Исаның сөздерін шәкірттерінің естеріне түсіруіне көмектескеннің арқасында қалай көптеген адамдар жұбаныш алып отыр?
12 Иса елшілерін көп нәрсеге үйреткен. Әрине олар көріп-білгендерін ешқашан ұмытпайды, бірақ оның нақты не айтқаны естерінде қала ма? Есте сақтау қабілеттерінің кемелсіздігінен, маңызды нұсқаулар ұмытылып кетпей ме? Иса киелі рухтың өзі ‘айтқан сөздердің бәрін естеріне салатынына’ сендірген. Осылайша, Исаның өлімінен шамамен сегіз жылдай өткен соң, Матай жүрекке жылы тиетін Таудағы уағыздан, Патшалық туралы көптеген астарлы әңгімелер мен Мәсіх Патша тағына отырғанда болатын белгілердің толық суреттемесінен де тұратын бірінші ізгі хабарды жаза алған. Ал елу жылдан аса уақыттан кейін, елші Жохан Исаның жердегі өмірінің соңғы күндерінде болған оқиғалардың ұсақ-түйектері де кіретін әңгіме жаза алған. Рухтың жетелеуімен жазылған оқырмандарын баурап әкететін сол әңгімелер бізге де дем береді емес пе?!
13. Қалай киелі рух ертедегі мәсіхшілер үшін ұстаздың рөлін атқарған?
13 Киелі рух Исаның сөздерін шәкірттерінің естеріне түсіріп қана қоймаған, оларға тәлім беріп, Құдайдың ниетін толық түсінулері үшін басшылық та беріп отырған. Шәкірттерімен бірге болған уақытында, Иса кейде олар анық түсіне бермейтін нәрселерді айтатын. Алайда кейінірек Жохан, Петір, Жақып, Яһуда және Пауылдар киелі рухтың жетелеуімен жазған хаттарында Құдайдың ниетінің қалай жүзеге асатынын түсіндірген. Осылайша киелі рух ұстаздың рөлін атқарып, мұнысымен шәкірттерді өздеріне басшылық беріп отырған Құдай екеніне сендірген. Ал мұндай сенімділік олар үшін маңызды болған.
14. Киелі рух қай жағынан Ехобаның халқына көмек көрсеткен?
14 Киелі рухтың керемет дарындары Құдайдың енді Исраил халқына емес, мәсіхшілер қауымына шапағатын түсіріп отырғанын анық көруге көмектескен еді (Еврейлерге 2:4). Сол кездегі мәсіхшілердің расында да Исаның шәкірттері екенін көрсететін маңызы зор тағы бір жайт — олардың өмірлерінде киелі рух жемісін танытатындығы (Жохан 13:35; Ғалаттықтарға 5:22—24). Сондай-ақ киелі рух батыл да қайсар куәгер болулары үшін қауым мүшелеріне күш беретін (Елшілердің істері 4:31).
Қатты қысым кезіндегі көмек
15. а) Мәсіхшілер қандай қиыншылықтарға кезіккен әрі кезігіп жүр? ә) Неге өзгелерге дем беріп жүрген адамының өзі жігерге мұқтаж болуы ықтимал?
15 Ехобаға адал адамдардың бәріне әйтеуір бір қысым көрсетіледі (2 Тімотеге 3:12). Бірақ көптеген мәсіхшілер қатты қысымға төтеп берген немесе төтеп беріп жүр. Қазіргі уақытта кейбірі қалың тобырдың тарпа бас салуының құрбаны болса, өзгелері өмір жағдайы адам шошырлық концлагерьлер мен еңбекпен түзеу лагерьлеріне немесе түрмеге жабылған. Үкімет басындағылар кейде қатаң қудалаушының рөлін атқарады, ал кейде қылмыстық топтардың жүгенсіздік жасауына жол береді. Сонымен қатар мәсіхшілер қатты науқастанып не отбасы қиыншылықтарына кезігіп жатады. Бауырластардың бірінен кейін екіншісіне ауыр жағдайларға төтеп беруге көмектесіп жүрген рухани толысқан мәсіхші де қиындыққа тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда өзгелерге дем беріп жүрген адамның өзі де жігерге мұқтаж болуы ықтимал.
16. Дәуіт қатты қуғынға ұшырағанда қалай көмек алған?
16 Саул патша Дәуітті өлтіргісі келіп қудалағанда, ол Құдайдан көмек іздеген. Дәуіт: “Құдайым, дұғама құлақ сала гөр, аузымнан шыққан сөздеріме құлақ түре гөр”,— деп жалбарынған. Сондай-ақ ол: “Қанатыңның көлеңкесін паналаймын”,— деген (Забур 53:4, 6; 56:2). Дәуіт көмек алды ма екен? Әрине, алды. Сол кезде Ехоба Дәуітке Ғат пайғамбар мен Абиятар атты діни қызметкер арқылы басшылық беріп, Саулдың ұлы Жонатан арқылы нығайтқан (1 Патшалықтар 22:1, 5; 23:9—13, 16—18). Сондай-ақ Ехоба Саулдың Дәуітті қуғындаудан көңілін бұру үшін філістірлердің Исраил еліне шабуыл жасауына жол берген (1 Патшалықтар 23:27, 28).
17. Иса қатты қиналғанда көмекті қайдан іздеген?
17 Жер бетіндегі өмірінің ақыры таяп қалғанда, тіпті Иса Мәсіхтің өзі қатты қиналған. Ол өзінің жүріс-тұрысы көктегі Әкесінің есіміне, ал болашақта бүкіл адамзатқа қалай әсер етуі мүмкін екенін жақсы түсінген. Иса тынымсыз дұға еткен, тіпті ‘жанталасқа’ түскен. Ехоба қиын шақта Исаның қажетті демеу алуының қамын жасаған.
18. Ертедегі мәсіхшілер қатты қуғын-сүргінге ұшырағанда, Құдай оларды қалай жұбатқан?
18 Алғашқы қауым құрылғаннан кейін, мәсіхшілердің қатты қуғын-сүргінге ұшырағандары соншалық, елшілерден басқаларының бәрі Иерусалимді тастап, бытырап кетеді. Оларды әйел демей, еркек демей үйлерінен сүйреп шығатын. Құдай оларды қалай жұбатты екен? Ол өзінің Сөзі арқылы өздеріне арналған “әлдеқайда құнды, мәңгілік дәулеттері”, яғни Мәсіхпен бірге көктегі мәңгілік мұралары, бар екеніне сендірген (Еврейлерге 10:34; Ефестіктерге 1:18—20). Олар уағыздауды доғармаулары арқылы Құдайдың рухының өздерімен бірге екендігінің дәлелдерін көретін, ал уағыздағы әр түрлі жағдайлар әрі қарай қуана берулеріне себеп болатын (Матай 5:11, 12; Елшілердің істері 8:1—40).
19. Қатты қуғынға кезіккенімен, Пауыл Құдайдың жұбанышы туралы қандай ойда болған?
19 Бір кездері қатыгез қудалаушы болған Саул (Пауыл) өзі де мәсіхші болғаны үшін ақырында қудалауға ұшырайды. Кипр аралында Пауыл алдап-арбау арқылы қызметіне кедергі еткісі келген сиқыршыны кездестіреді. Ал Ғалатияда оны таспен ұрып, өлдіге санап тастап кетеді (Елшілердің істері 13:8—10; 14:19). Македонияда тал шыбықпен дүре соғады (Елшілердің істері 16:22, 23). Ефесте үлкен тобырдың жүгенсіздігіне тап болған Пауыл былай деп жазды: “Басымызға түскен ауыртпалықтың шектен тыс, адам төзе алмастай болғаны сонша, тірі қаламыз деп үміттенбедік те. Жүрегімізде өлімге кесілгендей сезіндік” (2 Қорынттықтарға 1:8, 9). Бірақ Пауыл тап сол хатында осы мақаланың 2-абзацында келтірілген жұбаныш беретін сөздерді жазған (2 Қорынттықтарға 1:3, 4).
20. Келесі мақалада қандай мәселені қарастырамыз?
20 Қалай сен өзгелерді жұбата аласың? Бүгінгі күні көптеген адамдар жұбанышқа мұқтаж: әлдекім қандай да бір үлкен апаттан зардап шеккен болса, өзге біреудің жеке қайғысы жанын жегідей жейді. Келесі мақалада біз осындай адамдарды қалай жұбатуға болатынын қарастырамыз.
Естеріңде ме?
• Неге Құдайдың жұбатқаны өте бағалы?
• Мәсіх арқылы біз қандай жұбаныш аламыз?
• Қалай киелі рух жұбатушы болды?
• Құдай қызметшілерін қысылған уақыттарда қалай жұбатқанын мысалға келтіріңдер.
[23-беттегі суреттер]
Киелі кітапқа сәйкес, Ехоба халқын азаттыққа жеткізу арқылы оларды жұбатып отырған
[24-беттегі суреттер]
Иса адамдарға тәлім беру, сауықтыру және өлілерді қайта тірілту арқылы жұбатқан
[26-беттегі сурет]
Иса көктен көмек алған