Иеміздің кешкі асы қалай атап өтіледі?
ИЕМІЗДІҢ кешкі асы қалай атап өтілу керек екенін толығырақ түсіндіріп, мәсіхші елші Пауыл былай деп жазды: “Мынаны мен Иеміздің Өзінен қабылдап, сендерге де айтып тапсырдым: Иеміз Иса ұсталып берілер түні нанды алып, шүкірлік етті де, үзіп беріп, былай деді: — Бұл — сендер үшін құрбан болатын Менің денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!” Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып: — Мына тостаған — төгілмек қаныммен бекітілетін Жаңа келісім. Одан ішкен сайын Мені еске түсіру үшін осылай істеңдер! — деді. Сендер осылай нан жеп, тостағаннан ішкен сайын, Иеміз қайтып келгенше, Оның құрбандық өлімін жариялай бересіңдер” (1 Қорынттықтарға 11:23—26).
Пауылдың айтуынша, Иса Иеміздің кешкі асын Яһуда Исқариот оны ‘ұстап беріп’, яһуди дінбасылары римдіктерге өлтірткен түні ендірді. Сол кешкі ас б. з. 33 жылының 31 наурызында, бейсенбіде күн батқанда өтті. Жұма, 1 сәуір күні, түстен кейін Исаны азап шегу бөренесіне шегелеп өлтірді. Яһудилердің күнтізбесі бойынша күн кешкі мезгілден басталып келесі күні кешке бітетін болғандықтан, екі оқиға да — Иеміздің кешкі асы және Исаның өлімі — бір күні, яғни б. з. 33 жылының 14 нисанында болды.
Нан мен шараптан дәм татқандарға Исаны ‘естеріне түсіру үшін осылай істеу’ керектігі айтылған (1 Қорынттықтарға 11:24). Сондықтан Иеміздің кешкі асы Мәсіхтің өлімін Еске алу кеші деп те аталады.
Исаның өлімін не үшін атап өту керек?
Бұл сұрақтың жауабын алу үшін алдымен оның өлімі немен байланысты екенін түсіну қажет. Иса Ехобаның бүкіләлемдік билігін ең басты жақтаушысы ретінде өлді. Сөйтіп, ол Шайтанның адамдар Құдайға тек өз пайдасын ойлағандықтан қызмет етеді дегені жала екенін дәлелдеді (Әйүп 2:1—5; Нақыл сөздер 27:11). Иса сондай-ақ кемелді адам ретінде өлуімен ‘көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеді’ (Матай 20:28). Адам ата Құдайға қарсы күнә жасағанда, кемелді адами өмірі мен соған байланысты мәңгілік болашағынан айырылып қалған еді. Алайда “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей [“оған сенім білдірген әркім жойылмай”, ЖД], мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан 3:16). Расында да, “күнәның беретіні — (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір” (Римдіктерге 6:23).
Иса Мәсіхтің өлімі екі тұлғаның айрықша көрсеткен сүйіспеншілігімен байланысты. Біріншісі — Ехобаның адамзат үшін Ұлын құрбандыққа беру арқылы көрсеткен ұлы сүйіспеншілігі, ал екіншісі — Исаның адамзат үшін адами өмірін беру арқылы жанқиярлықпен көрсеткен сүйіспеншілігі. Исаның өлімін Еске алу кеші екі тұлғаның көрсеткен осы сүйіспеншіліктерін мадақтайды. Бізге осындай сүйіспеншілік көрсетілгендіктен, өз тарапымыздан оған ризашылығымызды білдіруіміз керек емес пе?! Оның бір жолы — Иеміздің кешкі асын атап өтуге қатысу.
Нан мен шараптың мәні
Иеміздің кешкі асын енгізгенде, Иса нан мен тостағанға құйылған қызыл шарапты рәміз ретінде қолданды. Иса нанды алып, “шүкірлік етті де, үзіп [“сындырып”, ЖД] беріп, былай деді: “Бұл — сендер үшін құрбан болатын Менің денем” (1 Қорынттықтарға 11:24). Таратылып, жеуге үлестіріп беру үшін нанды сындырып беру керек еді, себебі ол ашытқы салмай, суға иленген ұннан пісірілген қытырлақ күлше болатын. Киелі жазбаларда ашытқы күнәні білдіреді (Матай 16:11, 12; 1 Қорынттықтарға 5:6, 7). Иса күнәсіз болған. Сондықтан оның кемелді адами денесі адамзаттың азаттық төлемі ретінде құрбандыққа беруге лайық болды (1 Жохан 2:1, 2). Ашытқысыз пісірілген нанның Мәсіхтің күнәсіз денесін бейнелеуге қолданылғаны қандай орынды болған!
Сондай-ақ Иса шүкірлік етіп, тостағанға құйылған таза қызыл шарапты алып: “Мына тостаған — төгілмек қаныммен бекітілетін Жаңа келісім”,— деді (1 Қорынттықтарға 11:25). Тостағандағы қызыл шарап Исаның қанын білдіреді. Құрбандыққа шалынған бұзаулар мен серкелердің қаны арқылы б. з. б. 1513 жылы Құдай мен Исраил халқының арасындағы Заң келісімі күшіне енгендей, Исаның төгілген қаны арқылы да жаңа келісім күшіне енді.
Рәміздерден кімдер дәм татады?
Еске алу кешінде рәміздерден дәм татуға кімнің құқы бар екенін анықтау үшін алдымен жаңа келісімнің нені білдіретінін және ол кімдердің арасындағы келісім екенін түсініп алу керек. Киелі кітап былай дейді: “Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен Исраил және Яһуда халқымен жаңа келісім жасайтын күн туады... Мен заңымды ой-саналарына құямын, олардың жүректеріне жазып та қоямын. Сонда Мен олардың Құдайы болам, ал олар өз халқым болады... Мен әділетсіз қылықтарын олардың рақымшылықпен кешіретін боламын, һәм жасаған күллі күнәларын бұдан былай есіме түсірмейтін боламын” (Еремия 31:31—34).
Жаңа келісім Ехоба Құдаймен ерекше қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік ашты. Осы жаңа келісім арқылы белгілі бір топ Құдайдың халқы, ал ол олардың Құдайы болды. Ехобаның заңы олардың ой-саналарына, жүректеріне жазылып, тіпті табиғи яһуди емес адамдар да жаңа келісімге кіріп, Құдаймен ерекше қарым-қатынас орната алды (Римдіктерге 2:29, ЖД). Киелі кітап жазушысы Лұқа Құдайдың ‘басқа ұлттарға деген ықыласын көрсетіп, олардың арасынан Өзінің атымен аталған халық таңдап алу’ ниеті туралы жазған (Елшілердің істері 15:14). 1 Петір 2:10 сөздерге сәйкес, олар ‘халық емес еді, ал қазір Құдайдың халқы’. Жазбаларда олар жайлы “Құдайдың рухани Исраил халқы” делінген (Ғалаттықтарға 6:16; 2 Қорынттықтарға 1:21). Олай болса, жаңа келісім — Ехоба Құдай мен рухани Исраилдің арасындағы келісім.
Шәкірттерімен болған соңғы түні Исаның өзі де олармен келісім бекітті. “Әкемнің менімен келісім бекіткені сияқты,— деді Иса,— мен де сендермен патшалық туралы келісім бекітемін” (Лұқа 22:29, ЖД). Бұл — Патшалық келісімі. Оған кіруге жерден алынған кемелсіз адамдардың саны 144 000. Олар көктегі өмірге қайта тірілгеннен кейін патшалар мен діни қызметкерлер ретінде Исамен бірге билік жүргізетін болады (Аян 5:9, 10; 14:1—4). Осылайша Ехоба Құдаймен бекітілген жаңа келісімге кіретіндер Иса Мәсіхпен бекітілген Патшалық туралы келісімге де кіреді. Солардың ғана Иеміздің кешкі асында рәміздерден дәм татуға құқылары бар.
Еске алу кешінде рәміздерден дәм татуға құқы барлар өздерінің Құдаймен ерекше қарым-қатынасы барын және Мәсіхпен еншілес екендіктерін қайдан біледі? Пауыл бұны былай деп түсіндірді: “Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызға [ой-ниетімізге] растайды. Рухани баласы болғандықтан, Құдайдан “еншімізді” қабылдап, Мәсіхпен “еншілес” боламыз. Егер Мәсіхтің жолында жүріп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игіліктерді қабылдаймыз” (Римдіктерге 8:16, 17 сілтемеге қараңыз).
Құдай Мәсіхпен еншілес болғандарды киелі рухы, немесе әрекет етуші күші, арқылы майлайды немесе тағайындайды. Бұл оларға Патшалыққа еншілес екендеріне сенімділік береді. Майланған мәсіхшілерде көкте өмір сүруге үміт оянады. Олар Киелі кітапта көктегі өмір жайлы айтылғанның барлығын тікелей өздеріне қатысты қабылдайды. Оның үстіне, олар жермен байланыстының бәрінен, оның ішінде жердегі өмірдің өзінен және адамдармен байланыстарынан да, бас тартуға дайын. Рухпен майланған мәсіхшілер Жұмақ орнаған жер бетінде өмірдің керемет болатынын білсе де, онда өмір сүруге үміттенбейді (Лұқа 23:43, ЖД). Жалған діни көзқарастардың ықпал етуімен емес, Құдай рухы әсер еткендіктен, олардың көктегі өмірге деген үміті берік, сондықтан олар Еске алу кешіндегі рәміздерден дәм татуға құқылы.
Адамда өзінің жаңа келісімге және Патшалық келісімге кіретініне толық сенімділік болмаса ше? Мәсіхпен еншілес екеніне де Құдай рухының куәлігі жеткіліксіз болса ше? Ондай жағдайда оның Еске алу кешінде рәміздерден дәм татқаны дұрыс болмас еді. Көкке шақырылмаған адамның өзін көкте патша және діни қызметкер болуға шақырылғандай етіп көрсеткені Құдайға ұнамайтыны сөзсіз (Римдіктерге 9:16; Аян 22:5).
Қанша рет атап өту керек?
Исаның өлімін апта сайын немесе тіпті күн сайын атап өту керек пе? Мәсіх Иеміздің кешкі асын Құтқарылу мейрамында ендірді және сол күні әділетсіздікпен өлтірілді. Құтқарылу мейрамы жылына бір-ақ рет, 14 нисан күні исраилдіктердің Мысыр құлдығынан босатылған күнін еске алу үшін тойланатын (Мысырдан шығу 12:6, 14; Леуіліктер 23:5). Сондықтан Мәсіхтің ‘Құтқарылу мейрамына құрбандыққа шалынған тоқты’ іспетті өлгенін апта сайын не күнде емес, жылына бір-ақ рет атап өту керек (1 Қорынттықтарға 5:7). Иеміздің кешкі асын мәсіхшілер Иса ендірген тәртіп бойынша атап өтеді.
Онда Пауыл: “Сендер осылай нан жеп, тостағаннан ішкен сайын, Иеміз қайтып келгенше, Оның құрбандық өлімін жариялай бересіңдер”,— деп не айтқысы келді? (1 Қорынттықтарға 11:26). Пауыл бұл жерде майланған мәсіхшілердің рәміздерден дәм татқан сайын Исаның төлем ретінде берген құрбандығына деген сенімдерін жариялайтынын айтқан.
Майланған мәсіхшілер Исаның өлімін еске алуды өзі “қайтып келгенше” атап өте берулері керек. Яғни Исаның өзі патшалық таққа отырып, майланғандарды рухани денеде қайта тірілтіп көктегі өмірге алып кеткенінше солай ете берулері керек (1 Салониқалықтарға 4:14—17). Бұл Исаның он бір адал елшісіне айтқан сөздерімен үйлеседі. Ол былай деген: “Барып, [орын] дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін” (Жохан 14:3).
Еске алу кешінің сіз үшін қандай маңызы бар?
Исаның құрбандығының пайдасын көріп, жерде мәңгі өмір сүру үшін Еске алу кешінде рәміздерден міндетті түрде дәм тату керек пе? Жоқ. Киелі кітапта Құдайды қастерлеген Нұх, Ыбырайым, Сара, Ысқақ, Рабиға, Жүсіп, Мұса және Дәуіт сияқты адамдар жерде қайта тірілгеннен соң осы рәміздерден дәм тататын болады деген ешқандай ой жоқ. Алайда оларға да, жерде өмір сүруді қалайтын басқа адамдарға да Құдай мен Мәсіхке, сондай-ақ Ехобаның Иса арқылы берген төлем құрбандығына деген сенімдерін таныту керек болады (Жохан 3:36; 14:1). Мәңгі өмір сүру үшін сізге де осындай сенім таныту қажет. Жыл сайын атап өтілетін Исаның өлімін еске алу кешінде болғаныңыз сол зор құрбандықты есіңізге салады және оған деген ризашылығыңызды да арттыра түсер.
Елші Жохан Исаның төлем құрбандығының маңыздылығына көңіл бөліп, былай деді: “Сендер [майланған бауырластар] күнә жасамасын деп, осыны жазып отырмын. Алайда, егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар — Иса Мәсіх. Ол өз жанын құрбан етіп, күнәларымыздың құнын өтеді; өзіміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл адамзаттың да күнәларының құнын төледі” (1 Жохан 2:1, 2). Майланғандар Исаның құрбандығы күнәларымыздың құнын өтеді деп айта алады. Алайда бұл құрбандық сонымен қатар бүкіл адамзаттың да күнәсі үшін берілді, соның арқасында бойсұнғыш адамдар мәңгі өмір сүре алады.
Сіз 2004 жылдың 4 Сәуірінде атап өтілетін Исаның өлімін Еске алу кешінде боласыз ба? Бұл оқиғаны дүние жүзіндегі Ехоба Куәгерлері өздерінің кездесу өтетін жерлерінде атап өтеді. Сол кешке келсеңіз, Киелі кітапқа негізделген маңызды баяндамадан пайдалы нәрселерді біліп қайтасыз. Баяндама Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің біз үшін істеген көптеген істерін еске салады. Сондай-ақ Құдай мен Мәсіхке терең ризашылық білдіретін және Исаның төлем құрбандығын аса бағалайтын адамдармен араласып рухани жігер аласыз. Оған қоса, мәңгі өмірге жеткізетін Құдайдың асқан мейірімін сезінуге деген ықыласыңыз арта түсуі әбден мүмкін. Жолыңызға еш нәрсе бөгет болмасын. Бұл кеште болғаныңыз көктегі Әкеміз Ехоба Құдайды қуантады және оған құрмет көрсетеді.
[5-беттегі сурет]
Исаның өлімі екі тұлғаның айрықша көрсеткен сүйіспеншілігімен байланысты
[6-беттегі сурет]
Ашытқысыз пісірілген нан мен шарап Исаның күнәсіз денесі мен төгілген қанының лайықты рәміздері