Неге біз Иеміздің кешкі асын тойлауымыз керек?
“Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар” (ҚОР. 1-Х. 11:24).
1, 2. Б. з. 33 жылының 14 нисанында Иса не істеді? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
Б. З. 33 жылының 14 нисаны. Қараңғы түсті, бірақ толған айдың нұрына шомылған Иерусалим сүттей жарық. 15 ғасыр бұрын осы күні Исраил халқы Мысыр құлдығынан азат етілген еді. Иса мен елшілері сол күнді еске алу үшін Құтқарылу мейрамын тойлады. Енді ол 11 адал елшісімен ерекше ас ішкелі отыр. Осы күн аяқталмай тұрыпa Иса өлімге кесілмек. Ал бұл ас оның өлімін еске салып тұратын болады (Мат. 26:1, 2).
2 Иса Құдайға алғыс айтады да, қолындағы ашымаған нанды елшілеріне беріп жатып: “Алыңдар, жеңдер”,— дейді. Сосын шарап құйылған тостағанды алып, тағы алғыс айтады да: “Мынадан бәрің де ішіңдер”,— дейді (Мат. 26:26, 27). Ол бұлардан басқа ештеңе ұсынбайды. Осы бір маңызды түні адал шәкірттеріне оның айтары көп еді.
3. Бұл мақалада қандай сұрақтарға жауап іздейміз?
3 Осылай Иса “Иеміздің кешкі асы” деп те аталатын өз өлімін Еске алу кешін ендірді (Қор. 1-х. 11:20). Осы орайда кейбіреулерде мынадай сұрақтар туындауы мүмкін: Неге біз Исаның өлімін атап өтуіміз керек? Нан мен шарап нені бейнелейді? Еске алу кешіне қалай дайындалуға болады? Рәміздерден кімдер дәм тату керек? Мәсіхшілер Киелі кітапқа негізделген үміттерін бағалайтынын қалай көрсете алады?
НЕГЕ БІЗ ИСАНЫҢ ӨЛІМІН АТАП ӨТУІМІЗ КЕРЕК?
4. Исаның өлімінің арқасында біздің қандай үмітіміз бар?
4 Адам атаның ұрпағы болғандықтан біз күнә мен өлімді мұра еткенбіз (Рим. 5:12). Кемелсіз адамдардың ешқайсысы өзінің не өзге біреудің өмірі үшін төлем бере алмайды (Зәб. 49:6—9). Бірақ Құдайға ұнамды болатын төлемді Иса берді: ол кемелді тәні мен қанын құрбан етті. Аса бағалы қанының құнын Құдайға ұсынуымен ол бізді күнә мен өлімнің құрсауынан азат етіп, мәңгілік өмірге жол ашты (Рим. 6:23; Қор. 1-х. 15:21, 22).
5. а) Құдай мен Мәсіхтің бізді сүйетіні неден көрінеді? ә) Неге біз Исаның өлімін атап өту рәсіміне баруымыз керек?
5 Исаның құрбандық төлемі — Құдайдың бүкіл адамзатқа деген сүйіспеншілігінің дәлелі (Жох. 3:16). Сондай-ақ бұдан Исаның да бізді сүйетіні көрінеді. Иә, адам болып келгенге дейін Құдайдың “шебер жұмысшысы” болған Иса “адам баласын ерекше жақсы көрген”! (Нақ. с. 8:30, 31) Құдай мен оның Ұлына деген ризашылығымыз бізді Исаның өлімін атап өту рәсіміне баруға талпындырады. Осылай біз оның: “Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар”,— деген нұсқауына мойынсұнатынымызды көрсетеміз (Қор. 1-х. 11:23—25).
РӘМІЗДЕР НЕНІ БЕЙНЕЛЕЙДІ?
6. Еске алу кешінде қолданылатын нан мен шарапты қалай қабылдауымыз керек?
6 Еске алу кешін ендіргенде, Иса керемет жасап, нан мен шарапты өзінің тәні мен қанына айналдырған жоқ. Қайта, ол нан туралы: “Бұл менің денемді білдіреді”,— деген. Ал шарапқа қатысты: “Бұл менің көптеген адамдар үшін төгілетін қанымды білдіреді”,— деді (Мар. 14:22—24). Көріп отырғанымыздай, нан мен шарап рәміз ретінде қолданылған.
7. Еске алу кешінде қолданылатын нан нені бейнелейді?
7 Б. з. 33 жылының сол бір айтулы кешінде Иса Құтқарылу мейрамынан қалған ашымаған нанды қолданды (Мұс. 2-ж. 12:8). Жазбаларда ашытқы кейде бүлінуді не күнәні бейнелейді (Мат. 16:6, 11, 12; Лұқа 12:1). Исаның ашымаған нанды қолданғанының ерекше мәні бар еді: бұл оның күнәдан таза тәнінің лайықты бейнесі болды (Евр. 7:26). Міне, сондықтан Еске алу кешінде біз ашымаған нан қолданамыз.
8. Еске алу кешінде қолданылатын шарап нені бейнелейді?
8 Б. з. 33 жылының 14 нисанында Иса қолданған шарап оның қанын білдірген. Бүгінгі күні де Еске алу кешіндегі шарап соны бейнелейді. “Адамдардың күнәсі кешірілу үшін”, Иерусалимнің сыртындағы Голгота деген жерде Исаның қаны төгілді (Мат. 26:28; 27:33). Еске алу кешіндегі нан мен шарап Исаның мойынсұнғыш адамзат үшін берілген баға жетпес құрбандығын бейнелейді. Бұл құрбандықты бәріміз де қатты бағалаймыз, сондықтан жыл сайынғы Иеміздің кешкі асына алдын ала дайындаламыз.
ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ
9. а) Неге Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқығанымыз маңызды? ә) Төлем жайлы ойлағанда, сен не сезінесің?
9 “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасында Еске алу кешіне қатысты берілетін Киелі кітапты оқу кестесін ұстанатын болсақ, өлер алдында Исаның істеген әрекеттері туралы ой жүгірте аламыз. Бұл Иеміздің кешкі асының қарсаңында жүрегімізді дайындауға көмектеседіb. Бір бауырлас өз сезімін былай деп жеткізді: “Біз Еске алу кешін асыға күтеміз. Жыл өткен сайын біз үшін оның мәні артып келеді. Жерлеу рәсімінде аяулы әкеме қарап тұрып, төлем құрбандығы үшін жүрегімнің ризашылыққа толғаны есімде... Мен төлемге қатысты барлық тармақтарды білетінмін, түсіндіріп те бере алатынмын. Бірақ өлімді өз көзіммен көргенде ғана, баға жетпес төлемнің арқасында не нәрсе жүзеге асатынын шынымен ұғынып, жүрегім аттай тулады”. Иә, Еске алу кешіне дайындалғанда, Исаның құрбандығы бізді күнә мен өлімнің құрсауынан босататыны туралы ойланғанымыз абзал.
Еске алу кешіне жүрегіңді дайындауға көмектесетін құралдарды қолдан (9-абзацты қара)
10. Еске алу кешіне дайындалудың тағы бір жолы қандай?
10 Еске алу кешіне дайындалудың тағы бір жолы — оның қарсаңында көбірек қызмет ету, мысалы, қосалқы ізашар болу. Зерттеушілеріміз бен өзгелерді Иеміздің кешкі асына шақыру бізді қуанышқа бөлейді. Өйткені біз оларға Құдай мен оның Ұлы жайлы, сондай-ақ Ехобаға ұнамды болғандар мен оны мадақтайтындарды қандай баталар күтіп тұрғанын айтамыз (Зәб. 148:12, 13).
11. Қорынттағы мәсіхшілердің кейбірі рәміздерден қалай лайықсыз түрде дәм татқан?
11 Иеміздің кешкі асына өзімізді дайындағанда, елші Пауылдың Қорынттағы мәсіхшілерге айтқан сөздерін де ескерген жөн (Қорынттықтарға 1-хат 11:27—34 оқы). Ол нан мен шараптан лайықсыз түрде дәм татқан адам Иса Мәсіхтің “денесі мен қанына қарсы күнә жасайтынын” айтқан. Сондықтан майланған мәсіхші лайықты екеніне көз жеткізген соң ғана, рәміздерден дәм тату керек. Әйтпесе ол “өзіне үкім шығарады”. Жүріс-тұрыстары лайықсыз болғандықтан қорынттықтардың арасында “әлсіздер мен аурулар көп” болған, ал біразы рухани мағынада “өлім ұйқысында жатты”. Олардың кейбірі Еске алу кешіне дейін не мейрам өтіп жатқанда тым көп ішіп-жегендіктен ойларын жинақтай алмай, ұйқысырап отыратын болса керек. Осылай рәміздерге құрмет көрсетпегендері Құдайға ұнамсыз болған.
12. а) Пауыл Еске алу кешін неге теңеген және рәміздерден дәм тататындарды қалай ескертті? ә) Рәміздерден дәм тататын бауырлас ауыр күнә жасап қойса, не істеу керек?
12 Пауыл Еске алу кешін өзгелермен дастарқандас болуға теңеп, рәміздерден дәм тататындарды былай деп ескертті: “Ехобаның да, жындардың да тостағанынан бірдей іше алмайсыңдар! Ехобаның да, жындардың да дастарқанынан бірдей жей алмайсыңдар!” (Қор. 1-х. 10:16—21). Иеміздің кешкі асында рәміздерден дәм татып жүрген адам ауыр күнә жасап қойса, оның рухани көмек іздегені дұрыс (Жақып 5:14—16 оқы). Егер ол ісіне “өкінетінін лайықты жемістерімен көрсетсе”, онда рәміздерден дәм татқаны Исаның құрбандығын сыйламағандық болмайды (Лұқа 3:8).
13. Неге Құдайдың бізге қандай үміт сыйлағаны жайлы дұға еткеніміз дұрыс?
13 Өзімізді Еске алу кешіне дайындағанда, Құдай бізге қандай үміт сыйлағаны жайлы дұға ете отырып ой жүгірткеніміз дұрыс. Ехобаға бағышталып, Исаның ізбасары болған әрбір мәсіхші оның құрбандығын сыйламай кетуден аулақ болғысы келеді. Сондықтан рухпен майланғанына толықтай сенімді болмаса, ешқайсысы рәміздерден дәм татпайды. Ендеше, рәміздерден кім дәм тата алады?
РӘМІЗДЕРДЕН КІМДЕР ДӘМ ТАТАДЫ?
14. Жаңа келісімнің рәміздерден дәм тататындарға қандай қатысы бар?
14 Еске алу кешінде рәміздерден заңды түрде дәм тататындар жаңа келісімнің мүшелері екендеріне кәміл сенімді. Шарап жайында Иса: “Мына тостаған менің төгілетін қаныма негізделген жаңа келісімді білдіреді”,— деген (Қор. 1-х. 11:25). Кезінде Ехоба исраилдіктермен Заң келісімін жасасқан еді. Бірақ ол кейінірек бұл келісімді жаңа келісіммен алмастыратынын айтты (Еремия 31:31—34 оқы). Ехоба аталмыш келісімді рухани Исраилмен жасасты (Ғал. 6:15, 16). Жаңа келісім Мәсіхтің қанымен бекітілді (Лұқа 22:20). Иса — жаңа келісімнің Келістірушісі. Майланғандар болса сол келісімнің мүшелері ретінде Исамен бірге көкте болады (Евр. 8:6; 9:15).
15. Патшалыққа қатысты келісімнің мүшелері кімдер және адал болса, оларға қандай мәртебе беріледі?
15 Еске алу кешінде заңды түрде рәміздерден дәм тататындар Патшалыққа қатысты келісімнің мүшелері екендерін біледі (Лұқа 12:32 оқы). Иса бұл келісімді өзінің “азаптарына ортақтасқан” адал майланған шәкірттерімен жасасты. Осылай олар Исамен бірге көкте билік құру құқығына ие болды (Філіп. 3:10). Патшалыққа қатысты келісімнің мүшесі болып табылатын бүгіндегі майланған мәсіхшілер де патша ретінде Исамен бірге мәңгілік бойы көкте билік етеді (Аян 22:5). Иеміздің кешкі асында рәміздерден құқылы түрде дәм тататындар — солар.
16. Римдіктерге 8:15—17 тармақтарды қысқаша түсіндіріп бер.
16 Еске алу кешіндегі рәміздерден Құдайдың балалары екендерін рух растағандар ғана дәм татуға тиіс (Римдіктерге 8:15—17 оқы). Байқасаң, Пауыл “Уа, Әке!” дегенді білдіретін арамей тілінің “Абба” деген сөзін қолданған. Бұл — “әке” дегендегі баланың әкесіне деген құрметі мен “әкешім” дегендегі жылы сезімін қамтитын сөз. Майланғандар “Құдайдың балалары ететін рухты қабылдағанда”, Ехобамен осындай ерекше қарым-қатынасты сезінеді. Пауыл айтқандай, “осы рух Құдайдың балалары екендерін өздерінің рухымен бірге растайды”. Бұл майланғандар жай ғана жердегі өмірге деген қызығушылықтан айырылады дегенді білдірмейді. Өле-өлгенше адал болса, Исамен бірге Көк Патшалығын мұра ететіндеріне олар толық сенімді. Қазір жер бетінде Киелі Құдай Ехоба өз рухымен майлаған Исаның 144 000 шәкіртінің тамтығы ғана бар (Жох. 1-х. 2:20; Аян 14:1). Олар Ехобамен ерекше тығыз қарым-қатынаста, әрі оны: “Абба, Әке!”— деп шақырады.
ЖАЗБАЛАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ҮМІТІҢДІ БАҒАЛА
17. Майланғандардың қандай үміті бар және олар мұны қайдан біледі?
17 Егер сен майланған мәсіхші болсаң, көкке баратын үмітің жайлы жиі дұға етесің. Мәсіх пен “қалыңдықтың” көкте қосылатыны жөнінде Киелі кітапта айтылған сөздердің саған қатысты екенін білесің, әрі сол кезді асыға күтесің (Қор. 2-х. 11:2; Жох. 3:27—29; Аян 21:2, 9—14). Ал Құдайдың өз балаларына деген сүйіспеншілігі жайлы сөздерді оқығанда: “Бұл маған айтылған”,— дейсің. Ехобаның майланғандарға беріп жатқан нұсқауларын оқығанда, киелі рух сені: “Бұл маған қатысты”,— деп мойынсұнуға талпындырады. Осылай Құдайдың рухы мен өз рухың көкке баратын үмітің бар екенін растайды.
18. “Басқа қойлардың” қандай үміті бар және бұл жайлы ойлағанда, сен не сезінесің?
18 Ал егер “басқа қойларға” жататын “ұлы жамағаттың” қатарынан болсаң, Құдай саған жерде өмір сүру үмітін сыйлаған (Аян 7:9; Жох. 10:16). Сен жұмақта мәңгі өмір сүргің келеді. Киелі кітаптан жердегі өмірдің қандай болатыны туралы оқып, ой жүгірткенің жаныңа жылу береді. Отбасың мен басқа да әділ адамдардың арасында тату-тәтті өмір сүретін кезді асыға күтесің. Азық-түлік тапшылығы, кедейлік, қайғы-қасірет, ауру мен өлім болмайтын уақытты аңсайсың (Зәб. 37:10, 11, 29; 67:6; 72:7, 16; Ишая 33:24). Жер бетінде мәңгі өмір сүру үшін қайта тірілетін адамдарды күтіп алатын кезді тағатсыздана күтесің (Жох. 5:28, 29). Ехобаның жерде өмір сүруге үміт бергеніне шексіз риза боласың! Сондықтан рәміздерден дәм татпайсың. Ал Еске алу кешіне Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына ризашылық білдіру үшін барасың.
СЕН КЕЛЕСІҢ БЕ?
19, 20. а) Қандай жағдайда үмітіміз жүзеге асады? ә) Сен Еске алу кешіне не себепті барасың?
19 Мейлі, үмітіміз көкке бару не жерде өмір сүру болсын, бұл үмітіміз Ехоба Құдайға, Иса Мәсіхке және төлем құрбандығына сенсек қана жүзеге асады. Еске алу кешіне барсаң, өз үмітің жайлы, сондай-ақ Исаның өлімінің қаншалықты маңызды екені туралы ой жүгіртуге мүмкіндігің болады. Ендеше, 2015 жылдың 3 сәуірінде, жұма күні кешке Иеміздің кешкі асына баруды мақсат етіп қой. Дүниежүзі бойынша миллиондаған адам келетін бұл мейрам Патшалық сарайларында не басқа жерлерде өтеді.
20 Еске алу кешіне барғаның Исаның төлем құрбандығына деген ризашылығыңды арттырады. Ал онда айтылатын баяндаманы мұқият тыңдағаның өзгелерге сүйіспеншілік танытуға талпындырады. Сонда сен оларға Ехобаның сүйіспеншілігі мен оның адамзатқа қатысты керемет ниеті туралы айтасың (Мат. 22:34—40). Олай болса, Иеміздің кешкі асынан қалмауға тырыс.
a Еврейлердің тәулігі күн батқаннан басталып келесі күні күн батқанда аяқталатын.
b “Жаңа дүние аудармасының” Ә12 қосымшасын қара.