“Сен нағыз ізашар болатын адамсың!”
1. Ізашарлық қызметі жайлы бір әйел бауырлас не дейді?
1 “Басқа ешқандай іс маған осыншама көп қанағат пен рухани игілік әкелген емес”,— дейді Кети Пальм. Осы бір жанқияр ізашар Чилиде ондаған жыл бойы қызмет етіп, оның о шеті мен бұ шетін аралап шықты. Толық уақытты қызметтің мол бата әкелетінін ойлап, кейбіреулер саған: “Сен нағыз ізашар болатын адамсың!”— деген шығар.
2. Рухани істермен айналысу нағыз қанағат әкелетіні неден көрінеді?
2 Қанағат әкелетін өмір жолы. Ұстазымыз Иса үшін Әкесінің еркін орындау нәр болған (Жох. 4:34). Сондықтан ол өз ізбасарларына шын қанағат рухани істермен айналысқанда келетінін толық сеніммен айта алған. Иә, Ехобаға ұнамды істерге білек сыбана қатысқанымыз нағыз қанағатқа бөлейді. Сондай-ақ өзгелер үшін уақытымыз, күшіміз бен қолда барымызды аямасақ, қуанышымызға қуаныш қосылады (Ел. іс. 20:31, 35).
3. Қызметке көбірек шыққанымыз қалайша қуаныш әкеледі?
3 Қызметке көбірек шыққан сайын, жаңа зерттеу сабақтарын бастауға мүмкіндіктеріміз де арта түседі. Басында учаскеміздегі адамдар немқұрайды болып көрінетін шығар. Алайда тәжірибеміз бен қабілеттеріміз артқан сайын, қызметіміз де нәтижелі бола түседі. Сонымен қатар бір жыл ізашар болып қызмет еткендер Ізашарлық қызмет мектебінен мол тәлім алып, білімдерін қызметте қолдана алады (Тім. 2-х. 2:15). “Тұқым” себу үшін көп күш салсақ, өз кезінде оның мол жеміс беретіні шүбәсіз (Екк. 11:6).
4. Мектеп түлектерінің не жайлы ойланғаны дұрыс?
4 Жастарымызға. Мектепті бітіргелі жатсаң, кейін немен айналысатыныңды жақсылап ойластырдың ба? Осыған дейін көп уақытың сабаққа кететін. Ал енді сол уақытыңды қайда жұмсайсың? Осы дүниеде табысқа жетудің орнына, дұға етіп жалпы ізашарлық қызмет жайлы ойланып көрсең ше? Ізашарлық қызмет сені көп нәрсеге үйретеді. Әртүрлі ортадан шыққан адамдарға уағыздауды, жеке бастың қиындықтарымен күресуді, өзіңді тәртіпке бағындыруды және тәлім беруді үйренгенің саған өмір бойы пайдасын тигізері сөзсіз.
5. Жастарды ізашарлық қызметке қалай талпындыруға болады?
5 Ата-аналар, балаларыңды толық уақытты қызметке талпындырасыңдар ма? Сендердің сөздерің мен жақсы үлгілерің Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюға көмектесуі мүмкін (Мат. 6:33). Мектепті бітіргеннен кейін ізашарлық қызметті бастаған Рей: “Менің анам ізашарлық қызметті көп қуаныш әкелетін өмір жолы санайтын”,— деп есіне алды. Қауымдағы бауырластардың барлығы да сөздерімен әрі іс жүзінде жастарды ізашарлық қызметке талпындыра алады. Испаниядағы Хосе былай дейді: “Қауымымдағы бауырластар ізашарлық қызметті жастар айналыса алатын ең жақсы іс деп қарастыратын. Олардың кездесуде берген түсініктемелері, осы қызмет түрін бағалы санағаны әрі іс жүзінде қолдау көрсеткені маған ізашарлық қызметті бастауға көмектесті”.
6. Ізашарлық қызметті бастауға әзірге ықыласың болмаса, не істеуіңе болады?
6 Кедергілерді жеңу. Бәлкім сен бірден: “Ізашар болуға әзірге ықыласым жоқ”,— дерсің. Олай болса, көңіліңдегіні Ехобаға айтып: “Ізашарлық қызметті атқара аламын ба, жоқ па, білмеймін, бірақ өзіңе ұнайтынды істегім келеді”,— деп дұға етуіңе болады (Заб. 61:9; Нақ. с. 23:26). Содан соң, Ехобаның ұйымы мен Сөзі арқылы беріп отырған басшылығына жүгін. Көптеген бауырластар жалпы ізашарлық қызметтің “дәмін” татып көру үшін алдымен қосалқы ізашар ретінде қызмет етті. Содан алған қуаныштары оларды толық уақытты қызметті бастауға талпындырды (Заб. 33:9 Тт).
7. Ай сайын 70 сағат уағыздай алмаймын деп ойласаң, не істеуіңе болады?
7 Ай сайын 70 сағат уағыздау маған қиынға соғады деп ойласаң ше? Мұндайда жағдайы сенікіне ұқсас ізашармен сөйлесіп көргенің жақсы (Нақ. с. 15:22). Содан кейін әртүрлі уақыт кестесін жасап көр. Бәлкім, маңызы жоқ істерге арнаған уақытыңды қызметке жұмсағаның көп қиындық тудырмайтынын көрерсің (Філіп. 1:10).
8. Неге мүмкіндіктерімізді қайта қарастырып отырғанымыз дұрыс?
8 Жағдайыңды қайта қарастыр. Біздің жағдайымыз жиі өзгеріп тұрады. Сондықтан мүмкіндіктерімізді ара-тұра қайта қарастырып отырғанымыз жақсы. Бәлкім, сен зейнетке шыққалы жатқан шығарсың. Зейнетке ерте шығуды шешкен Ренди есімді бауырлас былай дейді: “Бұл шешімім әйелім екеуімізге жалпы ізашарлық қызметті бастауға жол ашты. Қолымыздың босағанын пайдаланып, қажеттілік бар жерге көшіп бардық. Нәтижесінде, көл-көсір батаға кенелдік. Ал ең бастысы, қолымнан келгеннің бәрін жасағандықтан көңілім тыныш”.
9. Ерлі-зайыптылардың не жайлы ойланғаны жөн?
9 Кейбір ерлі-зайыптылар жағдайларын мұқият қарастырған соң, толық уақыт жұмысты екеуінің біреуі ғана істесе болады деп шешуі мүмкін. Мұндайда оларға тұрмыстарын қарапайым етуге тура келетін шығар, алайда бұл соған тұратын құрбандық. Джон есімді бауырластың әйелі көбірек қызмет ету үшін толық уақытты жұмысынан шықты. “Әйелімнің күні бойы рухани істермен айналысқанын білгеннен артық қуаныш жоқ”,— дейді ол.
10. Мәсіхшілерді ізашарлық қызметті бастауға не талпындырады?
10 Сүйіспеншілік пен сенімнің белгісі. Ехоба бізге барлығымыздың қолынан келетін ең маңызды іс тапсырды. Осы зұлым дүние жуырда жойылмақ, сол кезде Ехобаның есімін атап шақырғандар ғана құтқарылады (Рим. 10:13 сілт.). Құдайға деген зор сүйіспеншілігіміз және бізге берген игіліктеріне деген ризашылығымыз Ұлының тапсырған ісін құлшына атқаруға талпындырады (Мат. 28:19, 20; Жох. 1-х. 5:3). Сондай-ақ соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызға шын сенгеніміз осы дүниеге тым беріліп кетпей, уақыт барда қызметке барынша атсалысуға қозғау салады (Қор. 1-х. 7:29—31).
11. Әлдекім сенің ізашар бола алатыныңды айтса, мұны қалай қабылдағаның дұрыс?
11 Ізашарлық қызмет айына 70 сағат уағыздауды ғана білдірмейді. Бұл — Ехобаға деген шексіз берілгендіктің көрінісі. Сондықтан әлдекім: “Сен нағыз ізашар болатын адамсың!”— десе, мұны мақтау сөз ретінде қабылда және дұға ете отырып осы бір қуанышты қызмет түрін бастау жайлы ойланып көр.
[4-беттегі сөздер]
Ата-аналар, балаларыңды толық уақытты қызметке талпындырып жүрсіңдер ме?
[5-беттегі сөздер]
Ехоба бізге барлығымыздың қолынан келетін ең маңызды іс тапсырды.