42-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
44-ӘН Жаны күйзелгеннің дұғасы
Ехобаға ішіңізді ақтарып дұға етіңіз
“Бар жүрегіммен өзіңді шақырамын, уа, Ехоба, жауап берші” (ЗӘБ. 119:145).
НЕГІЗГІ ОЙ
Киелі кітапта жазылған дұғаларды оқып, ой жүгіртсек, дұғаларымыз мәнді де мағыналы бола түседі.
1, 2. а) Не себепті кейде Ехобаға ашылып дұға ете алмай жатамыз? ә) Ехоба әрбір дұғамызды тыңдайтынына неге сенімді болсақ болады?
СІЗДІҢ үстіртін, бір сөздерді қайталап, асығыс-үсігіс дұға ете салатын кезіңіз бола ма? Солай болса, уайымдамаңыз, ондай бәрімізде де болып тұрады. Күнделікті өміріміз қарбалас болғандықтан, дұғамызды бір-екі ауыз сөзбен қайыра салуымыз мүмкін. Ал кейбіреулердің қысқа дұға етуінің себебі бұл емес. Олар өздерін дұға етуге лайықсыз сезінгендіктен, Ехобаға ішіндегісін ашып айта алмай жатады.
2 Ехобаға дұға ету үшін сөзге шешен болуым керек деп ойламайық. Ехоба үшін ең маңыздысы — дұғаның кішіпейіл жүректен шыққаны. Киелі кітапта Ехоба “момындардың жалбарынған үнін еститіні” айтылған (Зәб. 10:17). Біздің өміріміз Ехобаға бәрібір емес, сондықтан ол аузымыздан шыққан әрбір сөзге ден қояды (Зәб. 139:1—3).
3. Бұл мақалада қандай сұрақтардың жауабын аламыз?
3 Бұл мақалада біз келесі төрт сұрақтың жауабын аламыз: Неге біз Ехобаға еркін дұға етуден тартынбауымыз керек? Дұғаларымыз мағыналы бола түсу үшін не істесек болады? Киелі кітапта жазылған дұғалар жайлы ой жүгірту неге маңызды? Ехобаға не деп дұға етерімізді білмей, сөз таппай қиналғанда, не істесек болады?
ЕХОБАҒА ЕРКІН ДҰҒА ЕТІҢІЗ
4. Ехобаға еш қысылмай, еркін дұға ету үшін нені есте ұстауымыз керек? (Зәбүр 119:145)
4 Ехоба адал досымыз екенін әрі бізге тек жақсылық тілейтінін есте ұстасақ, оған еш қысылмай, еркін дұға етеміз. Зәбүрдің 119-тарауын жазған жыршы мұны жақсы түсінген. Оның басынан біраз қиындық өтті. Айтқан сөздеріне қарасақ, кейбіреулер оған қара күйе жаққан, жалған сөйлеп, оны адастырып жүрген (Зәб. 119:23, 69, 78). Өзінің жасаған қателіктері де жанына батқан (Зәб. 119:5). Соған қарамастан зәбүр жыршысы Ехобаға бар жүрегімен дұға ете берген (Зәбүр 119:145 оқыңыз).
5. Ағаттық жасап қойғанда, неге Ехобаға дұға етуге қысылмауымыз керек? Мысал келтіріңіз.
5 Біз ағаттық жасап қойғанда, Ехобаға дұға етуге батпауымыз мүмкін. Бірақ Киелі кітапта Ехоба күнә жасағандарды да дұға етуге шақырады (Ишая 55:6, 7). Мынадай жағдайды елестетіңізші: сіз бөтен елге саяхаттап бардыңыз делік. Сол жақта адасып кетсеңіз, не істейсіз? Адасып қалғаныңыз үшін ұялып, адамдардан жол сұрауға қысыласыз ба? Әрине, олай етпейсіз. Сол сияқты, қателік жасап, тура жолдан адасып жатсақ, дұғада Ехобадан көмек сұрауға қысылмауымыз керек (Зәб. 119:25, 176).
ДҰҒАЛАРЫҢЫЗДЫ МӘНДІ ДЕ МАҒЫНАЛЫ ЕТІҢІЗ
6, 7. Ехобаның қасиеттері жайлы ой жүгірту дұғамызды мәнді де мағыналы етуге қалай септігін тигізеді? Кристинаның жағдайын мысалға келтіріңіз. (Сілтемені де қараңыз.)
6 Дұғаларымыз мәнді де мағыналы бола түсу үшін, Ехобаға жүрегіміздегі ой-толғаныстарымызды бүкпей, ашық айтқанымыз маңызды. Бұл орайда көмек болатын қадамдарды қарастырып көрейік.
7 Ехобаның қасиеттері жайлы ой жүгіртіңізa. Ехобаға тән тамаша қасиеттер жайлы ой жүгіртіп тұрсақ, оған дұға етуге асық боламыз (Зәб. 145:8, 9, 18). Мысал үшін, Кристинаb бауырластың жағдайын алайық. Оның әкесі өте қатал кісі болған екен. Кристина былай дейді: “Ехоба менің Әкем және оған еркін дұға етсем болады деген ойды қабылдау басында қиын болды. Қателік жасап қойсам, Ехобаның менен көңілі қалып, мені жақсы көрмей қалатындай көрінетін”. Уақыт өте Кристинаның бұл ойы өзгерді. Ол былай дейді: “Мен Ехобаның айнымас сүйіспеншілігі жайлы ой жүгірттім. Соның арқасында көктегі Әкем туралы ойым өзгерді. Ол менен ешқашан теріс айналмайтынын, қайта, құлап қалсам, тұрғызып, демеп жүретінін түсіндім. Соны түсінгелі бері Ехобаға қуанышымды да, қайғымды да айтуға асығып тұрамын”.
8, 9. Не жайлы дұға ететінімізді ойланып алудың қандай пайдасы бар? Алисаның жағдайын мысалға келтіріңіз.
8 Дұғада не айтатыныңызды ойланыңыз. Дәл қазір сіз қандай қиындық көріп жүрсіз? Біреуді кешіре алмай жүрген жоқсыз ба? Бәлкім, жаңа қиындықтарға кезігіп, Ехобаның көмегіне мұқтаж болып жүрген шығарсыз (Пат. 2-ж. 19:15—19). Дұға етпес бұрын, осылай бір ойланып алсаңыз болады. Сондай-ақ Исаның үлгілі дұғасына сай, Ехобаның есіміне, Патшалығына, еркіне қатысты дұғада не айтсам болады деп ойланып көріңіз (Мат. 6:9, 10).
9 Мысал үшін, Алиса бауырластың жағдайын қарастырайық. Дәрігерлер оның күйеуі мидың қатерлі ісігіне шалдығып, өмірі аз қалғанын айтады. Сол кезді еске алып Алиса былай дейді: “Уайымнан түңіліп кеткенім сонша — санам тұманданып, не айтып, не қоярымды білмей, дұға ете алмай қалдым”. Бұл жағдайда не көмектескенін айтып ол тағы былай дейді: “Дұға етпес бұрын, сәл тоқтап, ойымды жинақтап алатын болдым. Тек өзім жайлы, күйеуім жайлы айта бермес үшін, дұғамды алдын ала ойластырып алуға тырыстым. Соның арқасында сабыр етіп, қатты уайымдамауды, тіпті басқа да маңызды жайттар туралы дұға етуді үйрендім”.
10. Неге Ехобаға ұзағынан дұға еткеніміз дұрыс? (Суреттерді де қараңыз.)
10 Ұзағынан дұға етіңіз. Әрине, қысқаша дұға еткен жақсы. Бірақ қысқа уақытта Ехобаға ішіміздегінің бәрін айтып үлгермейміз. Сондықтан ұзағынан дұға еткен де дұрысc. Алисаның күйеуі Элайджа былай дейді: “Мен күніне бірнеше рет дұға етемін. Бірақ ұзағынан отырып дұға еткенде, Ехобаға ерекше жақын бола түсетінімді байқадым. Ехоба дұғаларымызды тыңдағанда, бізге ешқашан тез-тез болшы демейді ғой, сондықтан мен дұғамды алаңдамай, асықпай айтамын”. Сіз де былай етіп көріңіз: тыныш уақыт пен тыныш жер тауып, ештеңеге алаңдамай, мүмкін болса, дауыстап дұға етіңіз. Осылай ұзағынан дұға етуді әдетке айналдырыңыз.
Ұзақ отырып дұға ету үшін тыныш кез бен тыныш жер табыңыз (10-абзацты қараңыз)
КИЕЛІ КІТАПТА ЖАЗЫЛҒАН ДҰҒАЛАР ЖАЙЛЫ ОЙ ЖҮГІРТІҢІЗ
11. Киелі кітапта жазылған дұғалар жайлы ой жүгіртудің қандай пайдасы бар? (“Олардың жағдайы сізге таныс па?” деген қоршауды да қараңыз.)
11 Киелі кітаптағы Ехобаның қызметшілерінің жүрекжарды дұғалары, мадақ әндері мен зәбүр жырлары жайлы ой жүгіртіңіз. Олардың Ехобаға бар сезімдері мен ой-толғаныстарын қалай жеткізгенін көріп, сіз де Ехобаға сезімдеріңізді ашық айтып үйренесіз. Тағы бір пайдасы — осылай да Ехобаны мадақтауға болады екен ғой деп, дұғаңызға қосатын жаңа сөздерді байқайсыз. Тіпті тура сіздікіндей жағдайды бастан кешкен адамның дұғасын тауып алуыңыз да әбден мүмкін.
12. Киелі кітаптан біреудің айтқан дұғасын оқығанда, қандай сұрақтар жайлы ойлансаңыз болады?
12 Киелі кітаптан біреудің айтқан дұғасын оқығанда, былай деп ойлансаңыз болады: Бұл дұғаны кім айтты? Қандай жағдайда және не үшін айтты? Оның сезімдері маған таныс па? Бұл дұғадан не үйренсем болады? Осы сұрақтардың жауабын табу үшін кейде қосымша ізденіс жасау керек болар. Бірақ ерінбей, күш салсаңыз, мұның көп пайдасын көресіз. Қазір Киелі кітапта жазылған бірнеше дұғаға тоқталайық.
13. Ханнадан қандай үлгі алсаңыз болады? (Самуилдің 1-жазбасы 1:10, 11) (суретті де қараңыз.)
13 Самуилдің 1-жазбасы 1:10, 11 оқыңыз. Бұл дұғасын айтқанда Ханна өте қиын жағдайда еді. Біріншіден, ол құрсақ көтере алмады. Екіншіден, күйеуінің екінші әйелі оған күн көрсетпеді (Сам. 1-ж. 1:4—7). Сіздің де жаныңызға қандай да бір қиындық батып жүрсе, Ханнадан үлгі алсаңыз болады. Ол ұзақ дұға етіп, Ехобаға бар уайым-қайғысын айтты. Соның арқасында уайымы сейіліп, бір жеңілдеп қалды (Сам. 1-ж. 1:12, 18). Сіз де қандай жағдайға кезіккеніңізді және содан қандай күй кешіп жүргеніңізді Ехобаға тәптіштеп айтып беріңіз. Осылай “бар ауыртпалығыңызды Ехобаға артсаңыз”, жұбаныш тауып, көңіліңіз жайланып қалады (Зәб. 55:22).
Сәби сүйе алмаған әрі күйеуінің екінші әйелінен қорлық көрген Ханна бар уайым-қайғысын Ехобаға айтты (13-абзацты қараңыз)
14. а) Ханнадан тағы қандай үлгі алсаңыз болады? ә) Киелі кітапты оқып, ой жүгірту дұғамызды жан-жақты етуге қалай көмектеседі? (Сілтемені қараңыз.)
14 Самуилді босанғаннан кейін бірнеше жыл өткен соң, Ханна оны бас діни қызметкер Елиге алып келді (Сам. 1-ж. 1:24—28). Сол кезде Ханна жан дүниесі тебіреніп, Ехобаға ризашылықпен дұға етті. Оның дұғасынан Ехоба адал қызметшілерін әрдайым қорғап, қамқорлап жүретініне қаншалықты сенімді болғанын көремізd (Сам. 1-ж. 2:1, 8, 9). Ханнаның үйіндегі жағдай сол күйі өзгермеген шығар. Бірақ ол көріп жүрген қиындықтарына емес, Ехобаның беріп жатқан баталарына көбірек назар аударды. Бұл жағдайда Ханнадан қандай үлгі алсақ болады? Ехоба осы күнге дейін бізді қалай қолдап-демеп келгенін есте ұстасақ, басымызға түскен қиындықтарға шыдауға күш табамыз.
15. Еремия пайғамбардың айтқан дұғасынан не түйсек болады? (Еремия 12:1)
15 Еремия 12:1 оқыңыз. Еремия пайғамбар айналасындағы зұлым адамдардың қаннен-қаперсіз өмір сүріп жатқанын әділетсіз санап, көңілі түсті. Оның жанына батқан тағы бір нәрсе болды. Исраилдік бауырлары оны келеке-мазақ етіп, оған қорлық көрсетіп жүрді (Ерм. 20:7, 8). Сол кезде Еремия Ехобаға мұңын шағып, бар уәжін айтты. Бірақ ол болып жатқан жағдайлар үшін Ехобаны айыптаған жоқ. Кейін Ехоба бүлікшіл халқын жазаға тартқанда, Ехобаның әділ Құдай екеніне Еремияның одан сайын көзі жетті (Ерм. 32:19). Бүгінде біздің айналамызда да әділетсіз адамдар алаңсыз, шалқып өмір сүріп жатыр. Бізді келеке-мазақ ететіндер де аз емес. Бұны көріп, Еремия сияқты біздің де ұнжырғамыз түседі. Сондай күй кешкенде, Ехобаға бар шағымымызды айтып, ішімізді босатып алсақ болады. Бірақ дұғамыздан Ехоба уақыты келгенде әділдік орнататынына сенетініміз көрініп тұру керек.
16. Тұтқында жүрген леуіліктің жағдайынан дұғаға қатысты не үйренсек болады? (Зәбүр 42:1—4) (Суреттерді де қараңыз.)
16 Зәбүр 42:1—4 оқыңыз. Бұл жырды тұтқында бауырларынан жырақта жүрген бір леуілік жазған. Құдайдың үйінде ғибадат етуді аңсап, зарыққан ол жат елде не күй кешіп жүргенін айтқан. Бүгінде үйінен шығуға мүмкіндігі жоқ не сенімі үшін түрмеде отырған бауырластардың жағдайын осы леуіліктің жағдайымен салыстыруға болады. Мұндай жағдайда жүрген адамның бір күні шат, бір күні мұң. Бірақ біз көңіл күйіміз жақсы болсын, жаман болсын, іштегі сезімдерімізді Ехобаға ашық айтқанымыз дұрыс. Сонда ішімізде не болып жатқанын өзіміз жақсы түсініп, жағдайымызға басқаша қарай бастаймыз. Леуіліктің жағдайында да солай болған. Ол Ехобаны мадақтаудың әлі де мүмкіндіктері болатынын түсінді (Зәб. 42:5). Сондай-ақ Ехоба оны қалай қамқорлап жүргені жайлы ой жүгіртті (Зәб. 42:8). Көргеніміздей, Ехобаға ішіміздегіні ақтарып айтатын болсақ, өз сезімдерімізді жақсырақ түсінеміз, құбылып тұрған көңіл күйіміз орнығады және қиындықпен күресуге күш табамыз.
Зәбүрдің 42-тарауын жазған леуілік Құдайға жүрегін ақтарып дұға еткен. Біз де солай етсек, жағдайымызға басқаша қарай бастауымыз мүмкін (16-абзацты қараңыз)
17. а) Жүністен не үйренсек болады? (Жүніс 2:1, 2) ә) Қиындыққа кезіккенде Зәбүр жырларындағы ойларды еске түсірудің қандай пайдасы бар? (Сілтемені қараңыз.)
17 Жүніс 2:1, 2 оқыңыз. Жүніс пайғамбар бұл дұғасын алып балықтың ішінде жатқанда айтқан. Балықтың ішіне Құдайға мойынсұнбағаны үшін түссе де, Жүніс дұғасы Құдайдың құлағына жететініне сенімді болды. Неге бұлай дей аламыз? Жүніс дұғасында Зәбүр жырларынан көп үзінді келтіргенe. Соған қарағанда, ол сол жырларды жатқа білген. Соларды еске түсіріп, ой жүгірткеннің арқасында Ехобаның көмекке келетініне Жүністің сенімділігі артты. Біз де Киелі кітаптағы тармақтарды жаттап жүрсек, қиын шақта дұға еткенде сол тармақтар есімізге түседі және Ехоба бізді көмексіз қалдырмайтынына сеніміміз артады.
ЕХОБАҒА ДҰҒА ЕТУДІ ТОҚТАТПАҢЫЗ
18, 19. Римдіктерге 8:26, 27-ге сай, сезімдерімізді сөзбен жеткізе алмай қиналғанда не нәрсеге сенімді болсақ болады? Еленаның жағдайын мысалға келтіріңіз.
18 Римдіктерге 8:26, 27 оқыңыз. Кейде уайым-қайғыға батып кететініміз сонша — Ехобаға сезімдерімізді айта алмай қиналуымыз мүмкін. Сондай кездері “күрсіністерімізді біз үшін киелі рух жеткізеді”. Бұл сөздер нені білдіреді? Ехоба Киелі кітапқа киелі рухымен көптеген дұғалар жаздырған. Сезімдерімізді сөзбен жеткізе алмай қиналғанда, Ехоба киелі рухпен жазылған сол дұғаларды біздің дұғамыздай қабылдайды, әрі сол дұғаларға жауап береді.
19 Ресейдегі Елена деген бауырласымыздың жағдайын алайық. Ол дұға етіп, Киелі кітап оқығаны үшін тұтқындалған. Бұл жағдайдан қатты стресс алғаны сонша — ол Ехобаға дұға ете алмай қалған екен. Еленаның өзі былай дейді: “Сол уақыттары мына бір ой есіме түсті: қатты қиналғаннан дұға етуге шамамыз келмегенде, Ехоба ежелдегі қызметшілерінің дұғасын тура біздің дұғамыздай қабылдайды. Бұл ой маған сол бір қиын шақта ерекше жігер берді”.
20. Күйзеліп жүрген шақта көңіліміз алаңдамай дұға ету үшін не істесек болады?
20 Күйзеліп жүрген шақта дұғада ойларымыз сан-саққа шашырап, бөліне беруі мүмкін. Мұндайда жүрегімізді алдын ала дайындап алғанымыз жақсы. Мысал үшін, Зәбүр жырларының аудиожазбасын тыңдаңыз. Я болмаса Дәуіт патша сияқты іштегі сезімдеріңізді жазыңыз (Зәб. 18; 34; 142; кіріспелері). Әрине, бұған қатысты нақты ереже жоқ. Бірақ дұға етуге жүрегіңізді дайындау үшін өзіңізге не ыңғайлы — соны істесеңіз болады (Зәб. 141:2).
21. Ехобаға бар жүрегімізбен дұға етуге қандай себептер бар?
21 Әрине, аузымыздан сөз шықпай жатып-ақ, Ехоба біздің не күй кешіп жүргенімізді жақсы біледі (Зәб. 139:4). Бірақ ол жағдайымызды өз аузымыздан естігісі келеді, оған қаншалықты арқа сүйейтінімізді көргісі келеді. Ендеше, көктегі Әкемізге дұға етуден тартынбайық. Киелі кітапта жазылған дұғалардан шабыт алайық. Дұғамызды бар жүрегімізбен айтайық. Қуанышымызды да, қайғымызды да Ехобаға айтуға асық болайық. Өйткені адал Досымыз Ехоба дұғаларымызды қашан да құлақ қойып тыңдайды.
45-ӘН Жүрек толғанысы
a “Мәсіхшілік өмірде қажет тармақтар” кітабындағы “Ехоба” деген тақырыптың ішінен “Ехобаның керемет қасиеттерінің кейбірі” деген тақырыпшаны қарап көріңіз.
b Кейбір есімдер өзгертілген.
c Қауымның атынан айтылатын дұғалар қысқа болғаны дұрыс.
d Ханнаның дұғасында Мұсаның жазбасындағы кейбір ойлар кездеседі. Соған қарағанда Ханна сол Жазбалар жайлы ой жүгіртіп жүрген (Мұс. 5-ж. 4:35; 8:18; 32:4, 39; Сам. 1-ж. 2:2, 6, 7). Ғасырлар өте Исаның анасы Мәриямның айтқан дұғасы да Ханнанікіне өте ұқсас болған (Лұқа 1:46—55).
e Мысалы, Жүніс 2:3—9 тармақтарды келесі Зәбүр жырларымен салыстырып көріңіз: Зәбүр 69:1; 16:10; 30:3; 142:2, 3; 143:4, 5; 18:6; 3:8. Бұл тармақтар Жүністің дұғасындағы рет бойынша келтірілген.