Салоникалықтарға 1-хат
3 Сондықтан бұған әрі қарай шыдай алмай, өзіміз Афинада+ қалуды дұрыс көріп, 2 сендерге бауырласымыз әрі Мәсіх туралы ізгі хабарды жариялап жүрген Құдайдың қызметшісі* Тімөтені+ сенімдерің берік болу үшін сендерді нығайтсын, жұбатсын деп жібердік. 3 Сонда осы қиындықтар ешқайсысыңды шайқалтпайды. Өйткені олардың бізді айналып өтпейтіні өздеріңе мәлім+. 4 Оның үстіне, қиындыққа кезігуіміз керектігін өздеріңмен бірге болғанда айтып жүруші едік. Міне, сол айтқанымыз болды, бұны өздерің де білесіңдер+. 5 Сондықтан да мен бұған әрі қарай шыдай алмай, адал болып жүрсіңдер ме, әлде Азғырушы*+ еліктіріп әкетіп, бар еңбегіміз зая кетті ме деп уайымдап, соны білу үшін сендерге Тімөтені жіберген едім+.
6 Ол жаңа ғана сендерден келіп, адалдықтарың мен сүйіспеншіліктерің туралы жақсы хабар әкелді+. Сондай-ақ бізді ылғи жақсылықпен еске алып, біз сияқты, сендердің де бізді көруді аңсап жүргендеріңді айтты. 7 Бауырластар, адал болып жүргендерің мұқтаждық пен қиындық көріп жатқан біздерді жұбатты+. 8 Өміріміз қайта жанданды, өйткені Иемізбен байланыстарыңда берік тұр екенсіңдер. 9 Сендер үшін, Құдайымыздың алдында бізге сыйлаған бар қуаныштарың үшін оған қалай алғыс білдірсек екен? 10 Жүздеріңді көрсек әрі сенімдеріңе не жетпесе, соны толықтырсақ екен деп, күні-түні бар ынтамызбен жалбарынудамыз+.
11 Құдай Әкеміздің өзі және Иеміз Иса сендерге барар жолымызды оңғара көрсін. 12 Біздің өздеріңе деген сүйіспеншілігіміздің мол болғаны сияқты, Иеміз сендердің де бір-біріңе және барлық адамдарға деген сүйіспеншіліктеріңді арттырсын, иә, молайта берсін+. 13 Сонда Иеміз Иса барлық қасиеттілерімен бірге осында болатын кезде*+ Құдай Әкеміздің алдында жүректерің берік, мінсіз де қасиетті болады+.