27 қазан, дүйсенбі
Күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек (Ефес. 5:28).
Ехоба күйеулерден әйелін асырайды, оған жақсы дос болады, рухани мықты болуға көмектеседі деп күтеді. Саналы болу, әйелдерді құрметтеу, сенімді ақтай білу сияқты қасиеттер мен қабілеттер саған жақсы күйеу болуға көмектеседі. Үйленгеннен кейін сен әке болуың мүмкін. Ал жақсы әке болуды сен Ехобадан үйрене аласың. Ехоба әкелерге қандай үлгі қалдырған? (Ефес. 6:4). Ол өзінің Ұлы Исаны жақсы көретінін әрі оған риза екенін ашық айтқан (Мат. 3:17). Әке болып жатсаң, сен де үнемі балаларыңды жақсы көретініңді айтып, сендіріп отыр. Жақсы істері үшін олардан мақтау сөзіңді аяма. Ехобаны үлгі тұтатын әкелер рухани толысқан ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіреді. Бұл рөлге қазірден бастап дайындалу үшін үй ішіндегілерге және қауымдағыларға сүйіспеншілік танытып, қамқор бол. Оларды жақсы көретініңді, бағалайтыныңды айтып үйрен (Жох. 15:9). w23.12 28, 29-б., 17, 18-абз.
28 қазан, сейсенбі
Құдай сенің заманыңда тұрақтылық сыйлайды (Ишая 33:6).
Ехобаның адал қызметшілері барлық адамдар сияқты өмірдің тауқыметін тартады, ауру-сырқауға шалдығады. Одан қалса, Құдай халқын жек көретін адамдардан қарсылық пен қуғын көреді. Ехоба бізді сол қиындықтардың бәрінен қорғаштап отырмаса да, көмектесетінін уәде еткен (Ишая 41:10). Оның демеуімен ең қиын шақта да қуанышымызды жоғалтпай, дұрыс шешімдер қабылдап, оған адал болып қала аламыз. Ехоба бізге Киелі кітапта “Құдайдың тыныштығы” деп аталған тыныштықты береді (Філіп. 4:6, 7). Бұл Ехобамен достығымыздың арқасында сезінетін жантыныштығы мен жайбарақат күйді білдіреді. Ол — “адам ақылынан асқан”, яғни біз ойлағаннан да керемет тыныштық. Ехобаға жан-тәніңізбен дұға еткеннен кейін ерекше жантыныштығын сезінгенсіз бе? Міне, “Құдайдың тыныштығы” деген сол. w24.01 20-б., 2-абз.; 21-б., 4-абз.
29 қазан, сәрсенбі
Жаным Ехобаны мадақтасын, Тұла бойым киелі есімін даңқтасын! (Зәб. 103:1).
Ехобаны сүйгендіктен, адал қызметшілері оны жан-тәнімен мадақтайды. Дәуіт патша Ехобаның есімін даңқтау деген оның өзін даңқтау екенін түсінген. Есімінің астарында оның қандай Құдай екені, яғни тамаша қасиеттері мен таңғажайып істері жатыр. Дәуіт Әкесінің есімін киелі тұтуға және оны “тұла бойымен”, яғни бар жан-тәнімен мадақтауға асық болған. Леуіліктерге келсек, олар да Ехобаны мадақтауда жетекші рөл атқарған. Олар Ехобаның киелі есімін лайықты түрде мадақтауға ешқандай сөз жетпейтінін кішіпейілділікпен мойындаған (Нех. 9:5). Осындай кішіпейілділікпен, шын жүректен айтылған мадақты естігенде Ехобаның мейірленіп, риза болғаны сөзсіз. w24.02 9-б., 6-абз.