‘Шындықты білдіретін киелі рухты’ қабылдадыңдар ма?
“Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны [“өзге бір көмекшіні”, ЖД] жіберуін өтінемін, ол — шындықты білдіретін Киелі Рух” (ЖОХАН 14:16, 17).
1. Иса жоғарғы бөлмеде шәкірттерімен бірге өткізген соңғы сағаттарында оларға қандай маңызды нәрсе айтты?
“МЫРЗАМ, Сіз қайда бармақсыз?” Иерусалимдегі жоғарғы бөлмеде шәкірттерімен соңғы сағаттарын бірге өткізіп жатқанда олардың Исаға қойған сұрақтарының бірі осы болатын (Жохан 13:36). Сол кездесудің барысында Иса енді олардан кетіп Әкесіне оралуы керек екенін айтты (Жохан 14:28; 16:28). Енді ол шәкірттерімен бірге болып, оларға көзбе-көз тәлім беріп, сұрақтарына жауап бермейді. Алайда Иса оларды былай деп сендірді: “Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны жіберуін өтінемін” (Жохан 14:16).
2. Иса өзі кеткеннен кейін шәкірттеріне нені жіберемін деп уәде етті?
2 Иса оларға әңгіме қандай қамқоршы жөнінде болып отырғанын және шәкірттеріне оның қалай көмектесетінін түсіндірді. Ол былай деді: “Мен сендерге қызметімнің басында бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым ғой. Енді Мен Өзімді Жібергенге қайтып кетемін... Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың (Құдай Рухы) келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін... Шындықты білдіретін Құдай Рухы келгеннен кейін сендерді бар шындыққа жеткізеді” (Жохан 16:4, 5, 7, 13).
3. а) Ертедегі мәсіхшілерге “шындықты білдіретін киелі рух” қашан төгілді? ә) Қандай маңызды нәрседе киелі рух оларға көмекші болды?
3 Елші Петірдің айтуынша, бұл уәде б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамында орындалған болатын: “Осы Исаны Құдай қайта тірілтіп алды, біз бәріміз соған куәміз! Иса Құдайдың құдіретімен көкке көтеріліп, Әкеден уәделі Киелі Рухты алған соң, Оны біздің үстімізге төкті, мұны өздерің естіп және көріп жүрсіңдер” (Елшілердің істері 2:32, 33). Кейінірек білетініміздей, Алғашқы өнім мейрамында төгілген киелі рух ертедегі мәсіхшілерге көп жағдайларда пайдасын тигізген. Алайда Иса “шындықты білдіретін киелі рух” бәрін үйретеді, әрі ‘өзінің оларға айтқан сөздерінің бәрін естеріне салады’ деп уәде еткен болатын (Жохан 14:26). Киелі рух оларға Исаның қызметі мен ілімін ғана емес, тіпті оның айтқан сөздерін де естеріне түсіп, оны қағаз бетіне түсіруге көмектесті. Бұл әсіресе өзінің Ізгі хабарын б. з. І ғасырының соңында жазған, қартайып қалған елші Жохан үшін үлкен көмек болды. Жохан жазған Ізгі хабарда Исаның өзінің өлімін еске алу Кешін енгізгенде берген бағалы кеңестері жазылған (Жохан 13—17 тараулар).
4. Ертедегі мәсіхшілерге “шындықты білдіретін киелі рух” қалай көмектескен?
4 Сонымен қатар Иса ертедегі шәкірттеріне киелі рух “бәрін үйретеді” және “бар шындыққа жеткізеді” деп уәде еткен болатын. Киелі рух оларға Жазбаларды терең түсінуге, ой мен түсінік бірлігін сақтауға, сондай-ақ бір мақсатты көздеуге көмектескен (1 Қорынттықтарға 2:10; Ефестіктерге 4:3). Осылайша киелі рух ертедегі мәсіхшілердің “адал да саналы қызметші” ретінде әрекет етіп, жекеленген майланған мәсіхшілердің рухани ас-суын “уақтылы беруге” талпындырған болатын (Матай 24:45).
Киелі рухтың растауы
5. а) Нисанның 14 күні түнде Иса өзінің шәкірттеріне қандай мүмкіндікке жол ашты? ә) Исаның берген уәдесінің орындалуында киелі рухтың атқаратын рөлі қандай?
5 Б. з. 33 жылы 14 нисан күні түнде Иса өзінің шәкірттеріне кейінірек олардың көкте онымен және оның Әкесімен бірге болатынын аян етті. Иса оларға былай деді: “Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп. Егер солай болмаса, Мен сендерге айтқан болар едім ғой. Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын. Барып, дайындап болғаннан кейін қайтып келіп, Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін” (Жохан 13:36; 14:2, 3). Олар Исамен бірге оның Патшалығында патшалық етеді (Лұқа 22:28—30). Көкте өмір сүру үмітіне ие болу үшін олар Құдайдың ұлдары ретінде ‘киелі рухтан туылулары’ керек болатын, сондай-ақ Мәсіхпен бірге көкте патша және діни қызметкерлер ретінде қызмет ету үшін майланулары керек болатын (Жохан 3:5—8; 2 Қорынттықтарға 1:21, 22; Титке 3:5—7; 1 Петір 1:3, 4; Аян 20:6).
6. а) Көкке шақырылу қай уақытта басталды және шақырылғандардың саны қанша? ә) Олар ненің атына шомылдыру рәсімінен өтті?
6 Осы көкке шақырылу б. з. 33 жылындағы Алғашқы өнім мейрамынан басталып, негізінен 1930 жылдың орта шенінде аяқталғаны белгілі (Еврейлерге 3:1). Киелі рухтың таңбасы салынған рухани Исраилды құрайтындардың саны 144 000, олар “жерден құны өтеліп” алынғандар (Аян 7:4; 14:1—4). Олар Мәсіхтің рухани денесіне, оның қауымына және өліміне шомылдыру рәсімінен өткен болатын (Римдіктерге 6:3, ЖД; 1 Қорынттықтарға 12:12, 13, ЖД; 27; Ефестіктерге 1:22, 23). Суға шомылдыру рәсімінен өтіп, киелі рухпен майланғаннан кейін олар, бұл дүниеден өтіп, рухани жаратылыс ретінде қайта тірілгенше, адалдықтарын сақтау арқылы құрбандық ету жолына тұрды (Римдіктерге 6:4, 5).
7. Еске алу Кешінде неге тек майланған мәсіхшілердің ғана рәміздерден ауыз тиюлеріне болады?
7 Майланған мәсіхшілер, немесе рухани Исраилдің мүшелері, Ехоба мен ‘Құдайдың рухани Исраил’ халқының арасында жасалған жаңа келісімде (Ғалаттықтарға 6:16; Еремия 31:31—34). Жаңа келісім Мәсіхтің төгілген қанымен бекітілген болатын. Иса өзінің өлімін еске алу Кешін енгізгенде осыны атап өткен еді. Лұқа былай деп жазды: “Иса қолына нан алып, шүкірлік етті. Нанды үзіп, оларға беріп жатып: “Бұл — сендер үшін құрбандыққа берілмек денем. Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!” — деді. Сондай-ақ, кешкі астан кейін тостағанды да алып: “Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа келісім”,— деді” (Лұқа 22:19, 20). Тек тамтық қана, немесе 144 000 майланған мәсіхшілердің қазір жер бетінде қалған мүшелері, Мәсіхтің өлімін еске алу Кешінде рәміздерден — нан мен шараптан — ауыз тиюлеріне болады.
8. Майланған мәсіхшілер өздерінің көкке шақырылғандарын қайдан біледі?
8 Майланған мәсіхшілер өздерінің көкке шақырылғандарын қайдан біледі? Мұны олар қателеспей сезіну үшін киелі рух растайды. Елші Пауыл майланған бауырластарына былай деп жазған: “Құдай Рухының жетелеуімен жүретіндер — Құдайдың рухани балалары... Киелі Рух Құдайдың рухани баласы екенімізді өз рухымызға растайды. Рухани баласы болғандықтан, Оның бізге дайындап қойған мәңгілік игіліктеріне де ие боламыз: Құдай Мәсіхке сыйлағандары іспетті игіліктерді бізге де сыйламақ. Егер Мәсіхтің жолында жүріп, азабына ортақ болсақ, Оның салтанатты ұлылығына да ортақ болып, сол игіліктерді қабылдаймыз” (Римдіктерге 8:14—17). Киелі рухтың растауы керемет күшті, сол себепті егер адам көкке шақырылғандығына кішкене болса да күмәнданатын болса, ол мұны ақылға салып, көкке шақырылмағанмын деген шешімге келеді де, еске алу Кешіндегі рәміздерден ауыз тиюін тоқтатады.
Киелі рух және басқа қойлар
9. Ізгі хабарлар мен Аян кітабында қандай екі топтың бар екені айтылған?
9 Рухани Исраилді құрайтын мәсіхшілердің саны шектеулі ғана болғандықтан, Иса жаңа өсиеттің ‘отарына’ кіруге рұқсат етілген сол мәсіхшілерді “кішкентай қора” деп атаған. Ал жиналуы керек “басқа қойлардың” нақты саны көрсетілмеген (Лұқа 12:32; Жохан 10:16). Осы соңғы күндері жиналған басқа қойлар “үлкен тобырды” құрайды, әрі олар ‘ауыр азаптан’ аман өтіп, жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Бір қызығы, Жоханның І ғасырдың аяғында алған аянында үлкен тобыр мен рухани Исраилдің 144 000 мүшесі екі топты құрайды (Аян 7:4, 9, 14, сілтемеде). Басқа қойлар да киелі рух алып жатыр ма, ал егер алып жатса, бұл олардың өміріне қалай әсер етіп жатыр екен?
10. Қалайша басқа қойлар ‘Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атымен’ шомылдыру рәсімінен өтеді?
10 Киелі рух басқа қойлардың өмірінде елеулі орын алады. Олар өмірлерін Ехобаға арнағандарын “Әкенің, Ұлдың және киелі рухының атымен” шомылдыру рәсімінен өту арқылы көрсетеді (Матай 28:19, ЖД). Олар Ехобаның бүкіләлемдік билігін мойындайды және өздерінің Патшасы әрі Құтқарушысы ретінде Мәсіхке мойынсұнады, сондай-ақ өмірлерінде Құдайдың рухына, немесе әрекет етуші күшіне, бағынады. Олар күн санап бойларында киелі рухтың “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық” сияқты ‘жемісін’ дамытуға күш салуда (Ғалаттықтарға 5:22, 23).
11, 12. а) Майланған мәсіхшілер қалайша ерекше түрде қасиетті болған? ә) Басқа қойлар қалай киелі немесе қасиетті болады?
11 Сонымен қатар басқа қойлар Құдай Сөзі мен оның киелі рухына өздерін тазартуға, немесе қасиетті етуге, жол берулері керек. Ал майланған мәсіхшілер ерекше түрде тазартылып қойған, өйткені Мәсіхтің қалыңдығы ретінде олар әділ әрі қасиетті деп жарияланған (Жохан 17:17; 1 Қорынттықтарға 6:11; Ефестіктерге 5:23—27). Даниял пайғамбар оларды ‘адам Ұлы’, яғни Иса Мәсіх, билейтін Патшалықты қабыл алған “Құдай Тағаланың қасиеттілері” деп атаған (Даниял 7:13, 14, 18, 27, СА). Бұдан ертеректе Ехоба Мұса мен Һарон арқылы былай деп жариялаған болатын: “Мен Тәңір Құдайларыңмын. Тазарыңдар да, қасиетті болыңдар, себебі Мен қасиеттімін!” (Леуіліктер 11:44, СА).
12 “Қасиетті болу” дегеннің негізгі мағынасы — “киелі ету, Ехоба Құдайға қызмет ету үшін таңдалу не іріктелу; киелі, қасиетті не тазарған күйде болу” дегенді білдіреді. 1938 жылы “Күзет мұнарасында”: “Ионадавтардың”, яғни басқа қойлардың, “үлкен тобырдың қатарында болып, жұмақта өмір сүргісі келетіндерінің барлығы өздерін [Құдайға] арнап, әрі қасиетті болулары тиіс екенін түсінулері керек” делінген болатын. Аян кітабында жазылған үлкен тобыр туралы аянда олардың ‘шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылғаны’ және ‘күні-түні [Ехобаның] ғибадатханасында қасиетті қызмет атқарып‘ жүргендері жөнінде айтылған (Аян 7:9, 14, 15, ЖД). Басқа қойлар киелі рухтың көмегімен Ехобаның қасиеттілікке қатысты қойған талаптарына сай болу үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеуде (2 Қорынттықтарға 7:1).
Исаның бауырластарына жақсылық істеу
13, 14. а) Исаның қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімесіне сәйкес басқа қойлардың аман қалауы неге байланысты? ә) Зұлым заманның соңғы күндері басқа қойлар Мәсіхтің бауырластарын қалай қолдап жүр?
13 Исаның ‘ақыр заманның жақындап қалғаны’ туралы айтқан пайғамбарлығының бір бөлігі болып табылатын қойлар мен серкелер туралы астарлы әңгімесінде, басқа қойлар мен кішкентай қораның арасында тығыз байланыс барын ерекше атап өткен. Аталмыш астарлы әңгімесінде Мәсіх басқа қойлардың аман қалуы, өзі “бауырластарым” деп атаған майланғандарға қатысты олардың қалай әрекет ететіндігімен тікелей байланысты екенін анық көрсеткен. Ол былай деді: “Патша оң жағындағыларға былай деп үкім шығарады: “Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан үлестеріңді алыңдар!... Сендерге шындығын айтайын: Менің мына бауырластарымның тіпті ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасаған жақсылықтарыңды шын мәнінде Маған жасағандарың!” (Матай 24:3; 25:31—34, 40).
14 ‘Жасаған жақсылық’ деген тіркес Мәсіхтің рухтан туылған бауырластарын сүйіспеншілікпен қолдауды білдіреді. Шайтанның дүниесі болса оларға бейтаныс адамдарға қарағандай қарап, тіпті кейбіреулерін түрмеге жабуда. Олар ас-су мен киім-кешектен тапшылық көріп, ауырғанда қолғабысқа мұқтаж болуда (Матай 25:35, 36). 1914 жылдан бастап, яғни зұлым заманның соңғы күндері, майланғандардың көбісі осындай күйді бастарынан кешкен. Ехоба Куәгерлерінің бүгінгі күнгі тарихынан көрініп отырғандай, майланғандардың адал серіктері басқа қойлар киелі рухтың жетелеуімен оларға әрқашан көмек көрсетіп отырған.
15, 16. а) Мәсіхтің жердегі майланған бауырластарына басқа қойлар әсіресе қандай істе көмек көрсетуде? ә) Майланғандар өздерінің басқа қойларға деген ризашылығын қалай білдіруде?
15 Осы зұлым заманның соңғы күндері басқа қойлар Мәсіхтің жерде қалған майланған бауырластарына әсіресе Құдай өзі тапсырған ‘Патшалық туралы осы ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздау’ ісін жүзеге асыруда үлкен көмек көрсетуде (Матай 24:14; Жохан 14:12). Майланған мәсіхшілердің саны жыл санап азайып жатқан уақытта, басқа қойлардың саны өсе түсіп, бірнеше миллионға жетті. Олар мыңдап толық уақытты жариялаушылар — ізашарлар және миссионерлер ретінде қызмет етіп, Патшалық туралы ізгі хабарды “жердің шетіне дейін” таратуда (Елшілердің істері 1:8). Ал өзгелері болса, қолдарынан келгенше уағыздау ісіне ат салысып, әрі осы маңызды іске қаржылай демеу көрсетуде.
16 Мәсіхтің майланған бауырластары басқа қойлардың осылайша адалдықпен қолдау көрсетіп жүргендерін қалайша жоғары бағалайды десеңші! Олардың сезімі 1986 жылы қызметші табы басып шығарған “Тыныштықтың Әміршісінің” басшылығының астындағы бүкіләлемдік қауіпсіздік” (ағ.) деген кітабында жақсы суреттелген. Онда былай делінген: “Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Исаның ‘ақыр заман’ туралы айтқан пайғамбарлығы ең алдымен “басқа қойлардан” тұратын “үлкен тобырдың” арқасында орындалуда... Сол үшін біз көп ұлтты, әрі әр түрлі тілдерде сөйлейтін “үлкен тобырдың” [Исаның] Матай 24:14-те жазған пайғамбарлығының орындалуында аса үлкен рөл атқарып отырғандығы үшін ұшан-теңіз алғысымызды білдіреміз!”
‘Бізбен бірге ғана кемелді етеді’
17. Ертеде өмір сүрген жер бетінде қайта тірілетін Құдайдың адал қызметшілері қалайша майланғандармен “бірге ғана кемелді” болады?
17 Майланғандардың бірі, елші Пауыл, Мәсіхке дейін өмір сүрген адал ер кісілер мен әйелдер жөнінде былай деп жазған: “Бұлардың барлығы сенімдерінің арқасында Тәңірдің ризашылығына ие болды. Дегенмен Оның уәде еткенін иемдене алмады. Себебі Құдай біз үшін одан да жақсы жоспар ойлап қойған болатын: Ол осы адамдарды бізбен бірге ғана кемелді етіп, мәңгілік мақсатына жеткізуді қалады” (Еврейлерге 11:35, 39, 40). Мыңжылдық Патшалықтың кезінде Иса мен оның 144 000 майланған бауырластары көкте патша және діни қызметкерлер ретінде билік етіп, Мәсіхтің азаттық төлем ретінде берген құрбандығының баталарын жер бетінде молынан төгеді. Осының арқасында басқа қойлардың жаны да тәні де кемелді болады (Аян 22:1, 2).
18. а) Киелі кітаптағы мәлімет басқа қойлардың нені түсінуіне көмектеседі? ә) Басқа қойлар “Құдай Өзінің рухани балаларын анық көрсететін” уақытты күтуімен не нәрсеге үміттенеді?
18 Басқа қойлардың ой-санасына мәсіхшілердің Грек Жазбаларында Мәсіх пен оның майланған бауырластарына неге соншама көп көңіл бөлінетіндігі мен олардың Ехобаның еркінің жүзеге асуында ерекше рөл атқаратындығы терең орнығуы керек. Басқа қойлар осыны мойындай отырып, Һармагеддонда және Мыңжылдық Патшалықтың кезінде “Құдай Өзінің рухани балаларын анық көрсететін” уақытты күтуде, әрі олар майланған қызметші табына мүмкіндігінше көмек көрсетуді өздері үшін үлкен мәртебе деп біледі. Олар болашақтағы ‘Құдайдың рухани балалары салтанатты ұлылық пен бостандыққа жететін’ уақытты тағатсыздана күтуде (Римдіктерге 8:19—21).
Еске алу Кешінде бір рух біріктіргендер
19. “Шындықты білдіретін киелі рух” майланғандар мен олардың серіктері басқа қойларға қалай әсер етті және наурыздың 28 күні кешке қалайша олар ерекше бірігеді?
19 Б. з. 33 жылы 14 нисан күні түнде айтқан соңғы дұғасында Иса былай деді: “Мен... өтініп тұрмын. Әке, Мені Өзіңнің жібергендігіңе адамзаттың сенуі үшін Сенің Менімен, ал Менің Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеумізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі де біртұтас болсын деп өтінемін” (Жохан 17:20, 21). Құдай сүйіспеншілікпен Ұлын жер бетіне жіберіп, майланғандар мен осы дүниедегі мойынсұнғыш адамзат аман қалу үшін оның өмірін қиды (1 Жохан 2:2). “Шындықты білдіретін киелі рух” Мәсіхтің бауырластары мен олардың серіктері басқа қойларды біріктірді. Наурыздың 28-не күн батқаннан кейін, осы екі таптың мүшелері бірігіп Мәсіхтің өлімін еске алу Кешін тойлап, сондай-ақ өзінің аяулы Ұлы Иса Мәсіхті құрбандыққа беру арқылы Ехобаның өздеріне не істегенін тағы да еске түсіреді. Осы маңызды оқиғаға қатысқандары олардың өзара бірліктерін арттыра түсіп, Құдайдың еркін әрі қарай да орындай беруге деген шешімдерін нығайта берсін, сондай-ақ Ехоба сүйгендердің қатарында болғандарына қуанышты екендерін көрсетсін.
Қайталауға арналған сұрақтар
• “Шындықты білдіретін киелі рух” қашан төгілді және қай мағынада “көмекші” болды?
• Өздерінің көкке шақырылғанын майланғандар қайдан біледі?
• Басқа қойларға киелі рух қалай әсер етеді?
• Басқа қойлар Мәсіхтің бауырластарына қандай игі іс жасауда және неге олар майланғандармен бірге ғана кемелді бола алады?
[13-беттегі сурет]
Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында мәсіхшілерге “шындықты білдіретін киелі рух” төгілді
[15-беттегі суреттер]
Басқа қойлар Құдайдың өзі тапсырған уағыздау ісін орындауда Мәсіхтің бауырластарына көмектесіп, игі іс жасауда