Құдай деген кім?
“ҚҰДАЙ — дүниені жаратқан және оны басқарып отырған табиғаттан тыс құдіретті тіршілік иесі... Құдай туралы түсінік қазіргі дін формасының негізі болып табылады”,— делінген философиялық сөздікте. Тағы бір сөздікте Құдайдың дүниенің мәңгі өзгермейтін бастапқы негізі, яғни абсолют екендігі айтылған. Мұндай ғаламат негіз кім болды екен?
Құдай жай ғана күш пе, әлде тұлға ма? Оның есімі бар ма? Көп адамдар сенетіндей Ол үш кескіннен тұратын құдай ма? Құдай туралы қалай білуге болады? Киелі кітапта бұл сұрақтардың шынайы да қанағаттандырарлық жауаптары жазылған. Киелі кітап бізді Құдайды іздеуге шақырады. Онда былай делінген: “Ол әрқайсысымыздан алыс емес” (Елшілердің істері 17:27).
Жай ғана күш пе, әлде тұлға ма?
Құдайға сенетін көптеген адамдар оны тұлға емес, қандай да бір құдіретті күш деп ойлайды. Мысалы, кейбір халықтар табиғи күштерді құдайға теңейді. Әлемнің құрылымына және жердегі өмірдің табиғатына байланысты ғылыми зерттеулердің нәтижелерінен көрініп тұрған дәлелдерді қарастырған кейбір адамдар барлық нәрсенің бастапқы Себебі болған деген тұжырымға келіп жатады. Сөйткенмен де, олар бұл Себепті тұлға деп мойындағылары келмейді.
Алайда, жаратылыстардың күрделілігі болмыстың басқы Себебінде даналықтың бар екеніне нұсқамай ма? Ал даналық бар болса, ақыл-парасаттың бар болғаны. Ал осы жаратылыстардың барлығынан көрініп тұрған ақыл-парасат ұлы тұлға — Құдайға тиесілі. Иә, Құдайдың денесі бар. Оның денесі біздікі сияқты тәндік емес, рухани. “Тәндік дененің бар екендігі сияқты, “рухани” дене де болуға тиіс”,— дейді Киелі кітап (1 Қорынттықтарға 15:44). Киелі кітап “Құдайдың Өзі — Рух” деп, Оның болмысын анық түсіндіреді (Жохан 4:24). Рух дегеніміз біздікінен әлдеқайда ерекше өмір түрі және оны адам көзімен көру мүмкін емес (Жохан 1:18). Сондықтан да рухани жаратылыстар көрінбейді. Олар — періштелер, яғни “Құдайдың ұлдары” (Әйүп 1:6; 2:1, СА).
Құдай жаратылмаған болса да рухани денесі бар тұлға болғандықтан, Оның қандай да бір орында өмір сүруі керек екені ақылға қонымды. Рухани баспана жөнінде Киелі кітап Құдайдың ‘мекені’ көкте деп айтады (2 Шежіре 6:39). Сондай-ақ Киелі кітап жазушысы Пауыл былай дейді: “Мәсіх... көктің өзіне енді. Ол қазір сонда Құдай алдында тұрып, бізді қолдап сөйлейді” (Еврейлерге 9:24).
“Рух” сөзі Киелі кітапта өзге де мағынада қолданылады. Құдайға дұға еткен Забур жыршысы былай деген болатын: “Рухыңды жіберсең, жаратылады” (Забур 103:30). Бұл рух — Құдайдың өзі емес, еркін орындау үшін қолданатын күші. Сол күш арқылы Құдай физикалық көк пен жерді және барлық тірі жандарды жаратты (Жаратылыс 1:2; Забур 32:6). Ол киелі рух деп аталады. Құдай киелі рухы арқылы Киелі кітапты жазған адамдарды жетелеп отырған (2 Петір 1:20, 21). Сонымен, киелі рух — Құдайдың өзінің еркін орындау үшін қолданатын көрінбейтін әрекет етуші күші.
Құдайдың ерекше есімі бар
Киелі кітаптың жазушыларының бірі Агур былай деп сұраған еді: “Желді уысында ұстаған кім? Суды киіндіріп қойған кім? Жердің шегін белгілеген кім? Оның есімі кім? Ұлының есімі ше?” (Нақыл сөздер 30:4, СА). Іс жүзінде Агур: ‘Осы нәрселерді жасаған адамның есімін немесе тегін білесің бе?’ — деп сұраған еді. Тек Құдайдың ғана табиғи күштерді бақылайтын күші бар. Жаратылыс Құдайдың бар екенінің бұлтартпас дәлелі болып табылғанымен, Оның есімін айтпайды. Егер Құдайдың өзі ашпағанда, біз оның есімін ешқашан білмес едік. Ол былай дейді: “Мен Тәңірмін [“Ехобамын”, ЖД], бұл — Менің атым” (Ишая 42:8).
Құдайдың Ехоба деген ерекше есімі тек еврей Жазбаларының өзінде 7 000-ға жуық шамада кездеседі. Иса осы есімді өзгелерге танытқан және олардың алдында мадақтаған (Жохан 17:6, 26). Бұл есім Киелі кітаптың соңғы кітабында “Иаһты мадақтаңдар” дегенді білдіретін “Халлелуя” сөзінің бөлігі ретінде кездеседі. Ал Иаһ дегеніміз —“Ехоба” есімінің қысқаша түрі (Аян 19:1—6, сілтемені қараңыз). Алайда, Киелі кітаптың қазіргі уақыттағы аудармаларында ол есім сирек қолданылады. Кей тілдердегі аудармаларда, әдеттегі “Тәңір” және “Құдай” деген атаулардан айыру үшін, түгел бас әріппен жазылған “ТӘҢІР” немесе “ҚҰДАЙ” деген сөздер қолданылады. Кейбір Киелі кітапты зерттеушілер Құдайдың есімі Яһве түрінде қолданылған деп айтады.
Ғаламдағы ең ұлы Тұлғаның есімі туралы пікірлер не себепті әр қилы болды екен? Бұл проблема көп ғасыр бұрын бастау алған. Ол кезде ырымшыл еврейлер Құдайдың есімін атаудан бас тартып, Жазбаларды оқып отырған кезде, Құдайдың есімі кезіккен жердің барлығында “Әлемнің Әміршісі” дегенді білдіретін еврей сөзін қолдана бастаған болатын. Киелі кітап жазылған көне еврей тілінде дауысты дыбыстар жоқ болғандықтан, ежелгі уақытта Мұса, Дәуіт және өзгелердің Құдайдың есімін құрайтын әріптерді қалай оқығанын тура анықтау мүмкін емес. Алайда “Ехоба” деген түрі ғасырлар бойы қолданылып келеді және оның баламалары бүгінгі күні көптеген тілдерде кеңінен тараған (Мысырдан шығу 6:3, ЖД; Ишая 26:4, ЖД).
Ежелгі еврейлердің Құдайдың есімін қалай атағанын сеніммен айта алмасақ та, оның мағынасы біз үшін құпия емес. Құдайдың есімі “ол болдырады” дегенді білдіреді. Осылайша Ехоба өзін ниеттері мен уәделерін әрдайым орындайтын Құдай ретінде суреттейді. Осындай күші бар шынайы Құдай ғана бұл есімге ие болуға құқылы (Ишая 55:11).
Ехоба деген есімнің Құдіретті Құдайды өзге құдайлардан ерекшелендіретіндігі күмәнсіз. Сол себепті бұл есім Киелі кітапта соншама көп кездеседі. Көптеген аудармашылар Құдайдың есімін қолданбағанымен Забур 83:18-де (ЖД): “Тек сен, кімнің ғана есімі Ехоба, бүкіл жер бетіндегілерден Ең Жоғарғы” деп анық айтылған. Жерде қызмет еткен кезінде, Иса Мәсіх шәкірттерін былай деп үйреткен болатын: “Сонымен Құдайға мына іспетті мінажат етіп сиыныңдар: Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін” (Матай 6:9). Сол себепті біз дұға еткенде Құдайдың есімін атауымыз, ол туралы өзгелерге айтуымыз және олардың алдында оны мадақтауымыз керек.
Иса Құдай ма?
Ехобаның өзі Ұлының кім екенін анық көрсетіп отыр. Матай жазған ізгі хабарда Иса шомылдыру рәсімінен өткен кезде, “Көктен: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!” — деген дауыс естілді” деп жазылған (Матай 3:16, 17). Иә, Иса Мәсіх — Құдайдың Ұлы.
Алайда кей діндар адамдар Исаны Құдай дейді. Өзгелері болса, Құдай — Үшбірлік дейді. Бұл ілімге сәйкес, “Әке Құдай, Ұлы Құдай және Киелі рух Құдай, алайда үш Құдай емес, бір-ақ Құдай бар”. Бұл үшеуі “бірдей мәңгілік және бір-бірімен тең” деп есептеледі (“Католик Энциклопедиясы”). Мұндай пікірлер дұрыс па?
Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Жазбаларда Ехобаға қатысты былай деп айтылған: “Мәңгі тірі болатын Құдайсың Сен!” (Забур 89:3). Ол — басталмаған және ешқашан аяқталмайтын “мәңгілік Патша” (1 Тімотеге 1:17). Ал Иса болса, “барлық жаратылыс атаулының тұңғышы”, “Құдай жаратқандардың алғашқысы” (Қолостықтарға 1:13—15, ЖД; Аян 3:14, ЖД). Өзінің Әкесі ретінде Құдай туралы Иса былай деген болатын: “Әкем Менен ұлы” (Жохан 14:28). Сондай-ақ, Иса өзі де, періштелер де білмейтін, тек Құдай ғана білетін нәрселер бар деп түсіндірген болатын (Марқа 13:32). Сонымен қатар Иса өзінің Әкесіне былай деп дұға еткен болатын: “Менің емес, Сенің еркің болсын!” (Лұқа 22:42). Ол өзінен әлдеқайда жоғары Тұлғаға дұға етпегенде, кімге дұға етуі мүмкін? Ол Тұлға — Исаның өзі емес, оны өлімнен қайта тірілткен Құдай еді (Елшілердің істері 2:32).
Осылайша, Киелі кітап Ехоба Құдіретті Құдай екенін, ал Иса Оның Ұлы екенін көрсетеді. Бұл екеуі Иса жерге келмес бұрын да, жерде қызмет еткен кезінде де тең болған емес; қайта тіріліп, көкке оралған соң да Иса өзінің Әкесіне тең болған жоқ (1 Қорынттықтарға 11:3; 15:28). Көріп отырғанымыздай, Үшбірлікті құрайтын үшінші кескін, яғни киелі рух — тұлға емес. Ол — Құдайдың өз еркін орындау үшін қолданатын күші. Олай болса, Үшбірлік Киелі кітапқа негізделген ілім емесa. “Тәңір, біздің Құдай, жалғыз бір Құдай”,— дейді Киелі кітап (Заңды қайталау 6:4, СА).
Құдаймен жақынырақ танысыңыз
Құдайды сүйіп, ол талап ететіндей шын берілгендік таныту үшін, оның шын мәнінде кім екенін білуіміз керек. Құдаймен қалай жақынырақ танысуымызға болады? “Тәңірдің көзге көрінбейтін қасиеттері — Оның мәңгілік кұдіреті мен құдайлық болмысы дүние жаратылғаннан бері айқын: бұларды Оның жаратқан нәрселерінен байқап, түсінуге болады”,— дейді Киелі кітап (Римдіктерге 1:20). Құдаймен жақынырақ танысудың бір жолы — оның жаратылыстарын бақылап, ризашылықпен олардың үстінен ой жүгірту.
Алайда, жаратылыстардан Құдай туралы білуіміз керек нәрселердің барлығын білу мүмкін емес. Мысалы, Құдайдың шын мәнінде теңдессіз есімі бар рухани Тұлға екенін білу үшін Киелі кітапқа үңілуіміз керек. Киелі кітапты зерттеу — Құдаймен жақынырақ танысудың ең керемет жолы болып табылады. Жазбалар арқылы Ехоба өзінің қандай Құдай екені туралы әлдеқайда көп айтады. Сондай-ақ өзінің ниетін ашады және бізді Өз жолына үйретеді (Амос 3:7; 2 Тімотеге 3:16, 17). Құдай Өзінің баталарына ие болу үшін ‘шындықты біліп алғанымызды қалайтындықтан’, қандай бақыттымыз десеңізші! (1 Тімотеге 2:4). Сол себепті Ехоба туралы мүмкіндігінше көп білуге бар күшімізді салғаймыз.
[Сілтеме]
a Бұл тақырып туралы толық мәлімет алу үшін, Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Үшбірлікке сену керек пе?” деп аталатын брошюраны қараңыз.
[5-беттегі суреттер]
Құдай өзінің киелі рухын жерді жарату үшін және адамдарға Киелі кітапты жаздыру үшін қолданды
[5-беттегі сурет]
Көктен келген дауыс былай деді: “Бұл Менің... Ұлым”
[7-беттегі сурет]
Иса Құдайға, өзінен әлдеқайда жоғары Тұлғаға, дұға етті
[7-беттегі сурет]
Иса өзгелерге Құдайдың есімін жариялады
[7-беттегі суреттер]
Біз Құдаймен жақынырақ таныса аламыз