Дана бол және Құдайдан қорық!
‘Даналықтың бастауы — Тәңір Иені Терең қастерлеу’ (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 9:10).
1. Неге көп адамдарға Құдайдан қорқу деген ұғымды түсіну қиын?
БІР КЕЗДЕРІ әлдекімді Құдайдан қорқатын адам деп сипаттау мақтау сөз боп есептелген. Бүгінде көп адамдар үшін Құдайдан қорқу деген түсінік — бұрынғыдан қалған әрі қазір қызықты көрінетін, бірақ түсінуге қиын ұғым. Олар: “Егер Құдай сүйіспеншілік болса, неге одан қорқуым керек?”— деп сұрауы мүмкін. Олардың ойынша, қорқу — жағымсыз, тіпті үрей туғызатын сезім. Алайда Құдай алдындағы нағыз қорқыныштың мағынасы әлдеқайда кең, әрі қазір өзіміз көретіндей, бұл — жай сезім ғана емес.
2, 3. Құдай алдындағы нағыз қорқынышқа не жатады?
2 Киелі кітапта Құдайдан қорқу жағымды түсінік ретінде қолданылады (Ишая 11:3). Бұл — Құдайды айрықша қастерлеп, терең құрметтеу, оған ұнамсыз болуды барынша қаламау (Забур 113:19). Оған Құдайдың құлықтылық нормаларын қабыл алып, оларды берік ұстану, сондай-ақ Құдайдың жақсы я жаман дегендерін ескеріп өмір сүруді қалау да жатады. Бір анықтамалықта айтылғандай, осындай жағымды қорқыныш “даналықпен жүріп-тұруға әрі зұлымдықтың кез келген түрінен аулақ болуға жетелейтін Құдайға деген басты көзқарасты” білдіреді. Ендеше, Құдай Сөзі орынды түрде былай дейді: ‘Даналықтың бастауы — Тәңір Иені Терең қастерлеу’ (Нақыл сөздер 9:10).
3 Шындығында да, Құдай алдындағы қорқыныш адам өмірінің көп қырын қамтиды. Ол тек даналықпен ғана емес, қуаныш, тыныштық, өркендеу, ұзақ ғұмыр кешу, сенім арту, үміт және сенімділікпен де байланысты (Забур 2:11; Нақыл сөздер 1:7; 10:27; 14:26; 22:4; 23:17, 18; Елшілердің істері 9:31). Сондай-ақ ол сеніммен және сүйіспеншілікпен тығыз байланысты. Негізінде, Құдай алдындағы қорқыныш Онымен және маңайымыздағылармен қарым-қатынасымызға қатысы бар нәрсенің бәрін қамтиды (Заңды қайталау 10:12; Әйүп 6:14; Еврейлерге 11:7). Сонымен қатар оған көктегі Әкеміздің қамымызды ойлайтынына және қателіктерімізді кешіруге дайын екеніне кәміл сену де жатады (Забур 129:4). Тек күнәсына өкінбеген адамның ғана Құдайдан зәре-құты қалмай қорқуына себеп барa (Еврейлерге 10:26—31).
Ехобадан қорқуды үйрену
4. ‘Ехобадан қорқуды үйренуге’ бізге не көмектеседі?
4 Дана шешімдер қабылдау мен Құдайдың баталарына ие болу үшін Құдайдан қорқу аса маңызды болатын болса, қалай лайықты түрде ‘Ехобадан қорқуды үйрене’ аламыз? (Заңды қайталау 17:19, ЖД) Жазбалардағы Құдайдан қорқатын көптеген ерлер мен әйелдердің мысалдары “бізге тәлім болсын” деп жазылған (Римдіктерге 15:4). Құдайдан қорқу деген шын мәнінде нені білдіретінін түсіну үшін, қазір сол мысалдардың біреуі, яғни ежелгі Исраил патшасы Дәуіттің мысалы, жайлы ой жүгіртіп көрейік.
5. Қой баққаны Дәуітке Ехобадан қорқуды үйренуіне қалай көмектесті?
5 Ехоба Исраилдің алғашқы патшасы Саулдан бас тартады, өйткені ол Құдайдан емес, адамдардан қорыққан еді (Патшалықтар 1-жазба 15:24—26). Ал Дәуіттің өмірі және Ехобамен тығыз қарым-қатынасы оны нағыз Құдайдан қорқатын адам етіп көрсетеді. Дәуіт қаршадайынан көбінесе әкесінің қойын бағып жүретін (Патшалықтар 1-жазба 16:11). Оның жұлдызды аспан астында қой бағумен өткізген түндері Құдай алдындағы қорқынышты түсінуіне көмектескен болса керек. Дәуіт ұлан-ғайыр ғаламның тек кішкене бөлігін ғана көрсе де, дұрыс түйін жасаған болатын: Құдай құрметтеуімізге және бас июімізге лайық. Ол кейінірек былай деп жазды: “Сенің қолыңнан шыққан аспаныңа, Өзің орнатқан ай мен жұлдыздарға Назар аударған әрбір уақытымда Мынадай сұрақтар туады ойымда: Өзің ескеретіндей адам сонша кім, Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?” (Забур 8:4, 5)
6. Ехобаның ұлылығын түсінгені Дәуіттің бойында қандай сезім тудырды?
6 Дәуіттің орасан зор жұлдызды аспанмен салыстырғанда өзінің құртымдай екенін көріп әсерленгені орынды да. Бұл білімі оны шошытпастан, қайта, Ехобаны мадақтап, “Құдайдың салтанатты ұлылығын Аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін Ауа кеңістігі де көрсетеді”,— деп айтуға талпындырды (Забур 18:2). Құдайды осылай қастерлегені Дәуітті Оған жақындата түсті, сондай-ақ Құдайдың кемелді жолдарын білуге және оларды ұстануға деген ықыласын оятты. Ол Ехобаға: “Сен ұлықсың және кереметтерді туғызасың, — Сен, Құдай, Сен жалғызсың. Жаратушы, мені Өзіңнің жолыңа қарай баста, сонда Сенің ақиқат [жолыңмен] жүретін болам; Өзіңнің атыңның жауапкершілігімен менің жүрегімді нығайт [“жүрегімде сенің есіміңе деген қорқыныш ұялата гөр”, ЖД]”,— деп жырлағанда, не сезінгенін көз алдыңа елестетіп көрші! (Забур 85:10, 11)
7. Дәуіттің Құдайдан қорыққаны Ғолиятпен шайқасқа шығуына қалай көмектесті?
7 Філістірлер Исраил еліне басып кіргенде, олардың Ғолият атты бойы үш метрдей жауынгері исраилдіктерді қорлап, шындап келгенде, мынадай сөздерді айтып тұр еді: “Менімен жекпе-жекке шығатын араларыңнан біреуді шығарыңдар! Егер ол жеңсе, біз сендерге қызмет етеміз” (Патшалықтар 1-жазба 17:4—10). Саул мен оның бүкіл жасағының зәре-құты қалмайды, ал Дәуітте болса мұндай сезім атымен болмады. Мейлі қанша күшті болып тұрса да, адамнан емес, тек Ехобадан ғана қорқу керектігін ол білген. Дәуіт Ғолиятқа: ‘Мен саған Әлем Иесінің атымен... келе жатырмын! Мына жиналған әскер де Жаратқан Иенің құтқару үшін семсер мен сүңгіні керек қылмайтынына көз жеткізетін болады! Себебі бұл соғысты Жаратқан Иенің Өзі жүргізеді’,— дейді. Сөйтіп, Ехобаның көмегінің арқасында қолындағы сақпаны және бір кесек тасымен-ақ Дәуіт дәу алыпты сұлатып салады (Патшалықтар 1-жазба 17:45—47).
8. Киелі кітаптағы Құдайдан қорқатын адамдардың мысалынан не нәрсеге үйренеміз?
8 Біздің де Дәуіттікінен кем түспейтін кедергілеріміз не жауларымыз бар шығар. Мұндай жағдайда не істеуімізге болады? Оларды Дәуіт пен ежелгі басқа да адал адамдар сияқты Құдайдан қорқа отырып жеңе аламыз. Құдай алдындағы қорқыныш адам алдындағы қорқыныштан асып түседі. Құдайдың адал қызметшісі Нехемия қарсыластарынан қысым көріп жатқан исраилдіктерді: “Олардан қорықпаңдар; ұлы да қаһарлы Жаратқан Иені есте ұстаңдар”,— деп шақырған (Нехемия 4:14). Ехобаның қолдауымен Дәуіт те, Нехемия мен Құдайдың басқа да адал қызметшілері өздеріне берілген тапсырманы ойдағыдай атқарған. Құдайдан қорқатын болсақ, біз де солай ете аламыз.
Құдайдан қорқа отырып, қиындықтарға төтеп беру
9. Қандай жағдайларда Дәуіт Құдайдан қорқатынын көрсетті?
9 Дәуіт Ғолияттың көзін құртқан соң, Ехоба оны көп жеңістерге жеткізеді. Алайда бойын қызғаныш билеген Саул Дәуітті бірнеше рет — алдымен қызбалықпен, сосын айлакерлікпен, ал соңында жасағын жіберіп — өлтіруге әрекеттенеді. Ехоба Дәуітті патша боласың деп сендірген болса да, оған біраз жылдар бойы қашып жүруге, соғысуға және Ехобаның патша ететін уақытын күтуге тура келді. Осы жағдайдың барлығында да Дәуіт шын Құдайдан қорқатынын көрсетті (Патшалықтар 1-жазба 18:9, 11, 17; 24:3).
10. Басына қауіп төнгенде, Дәуіт Құдайдан қорқатынын қалай көрсетті?
10 Бірде Дәуіт бас сауғалап, Ғолияттың отаны болып табылатын філістір еліндегі Ғат қаласының патшасы Анхұсқа барады (Патшалықтар 1-жазба 21:10—15). Уәзірлері патшаға Дәуітті өздерінің жауы деп жеткізеді. Осы қауіпті жағдайда Дәуіт не істеді екен? Ол дұға етіп, көңіліндегісін Ехобаға ақтарды (Забур 55:2—5, 12—14). Қашып кету үшін есуас болғансып әрекет етуге тура келсе де, Дәуіт шын мәнінде бұл әрекетіне батасын беріп, өзін құтқарған Ехоба екенін білген. Дәуіттің жан-тәнімен Ехобаға арқа сүйеп, әрі оған сенімді болғаны нағыз Құдайдан қорқатын адам болғанын көрсетеді (Забур 33:5—7, 10—12).
11. Дәуіттің жағдайындағыдай, сынақтарға кезіккенде, Құдайдан қорқатынымызды қалай көрсете аламыз?
11 Дәуіт іспетті біз де Құдайдан қорқатынымызды оның қиындықтарды жеңуге көмектесем деген уәдесіне сенім арту арқылы көрсетеміз. Дәуіт: “Өз жолыңды Жаратушыға тапсыр да Соған үміт арт, сонда Ол ойға алғаныңды орындайды да”,— деген (Забур 36:5). Бұл бар қиыншылықтарымызды Құдайға тапсырып қойып, қолымыздан келгенді істемей, Құдай біз үшін әрекет етеді деп күтіп отыруды білдірмейді. Дәуіт Құдайға дұға етіп алып, кейін қол қусырып отырған жоқ. Ол Ехобаның берген тәндік және ақыл-ой қабілеттерін қолданып, қиыншылықтан шығудың амалын жасады. Дегенмен Дәуіт адамның әрекетінің құр өзі табысты бола алмайтынын білген. Біздің жағдайымызда да осылай болу керек. Қолымыздан келгеннің бәрін істеп, ал қалғанын Ехобаға тапсыруымыз керек. Шынында да, Ехобаға арқа сүйегеннен басқа ештеңе істей алмайтын кез жиі болып тұрады. Міне, тап осындай шақтар жеке басымыз Ехобадан қорқатынымызды көрсететін сәттер болып табылады. Біз Дәуіттің жүректен шыққан мына сөздерінен жұбаныш ала аламыз: “Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа одан қорқатындар ие” (Забур 25:14, ЖД; [24:14]).
12. Неге дұғаларымызға аса мән беруіміз керек және қандай көзқарастан аулақ болуымыз қажет?
12 Сондықтан дұғаларымызға аса мән беріп және Құдаймен қарым-қатынасымызды маңызды санауымыз керек. Ехобаға дұға еткенде, ‘Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіспіз’ (Еврейлерге 11:6; Жақып 1:5—8). Ал ол бізге көмектескенде, елші Пауыл кеңес бергендей, ‘ризашылық білдіруіміз’ керек (Қолостықтарға 3:15, 17). Біздер бір тәжірибелі майланған мәсіхші сипаттаған адамдарға еш ұқсамауымыз керек. Ол былай деген: “Олар Құдайды көктегі даяшы ретінде көреді. Бірдеңе қажет бола қалса, қолымен белгі беріп, жандарына жетіп келгенін қалайды. Сөйтіп, қалағандарын алған соң, көзін жоғалтса екен дейді”. Мұндай көзқарас адамның Құдай алдындағы қорқынышы жоқ екенін көрсетеді.
Құдай алдындағы қорқыныш жоғалғанда
13. Дәуіт қай кезде Құдай Заңына құрмет көрсетпеді?
13 Қиындыққа ұшыраған сәттерде Ехобаның көмегін көргені Дәуіттің Құдай алдындағы қорқынышын күшейтті және оған деген сенімділігін нығайтты (Забур 30:23—25). Алайда елеулі үш жағдайда Дәуіт Құдай алдындағы қорқынышын жоғалтып алды, әрі бұның салдары өте қайғылы болды. Біріншісі — Ехобаның келісім сандығын Иерусалимге Құдай заңы бойынша леуіліктердің иықтарына салмай, арбаға салғызып әкелгені. Арбаны бастап алып келе жатқан Ұза оны құлап кетпесін деп ұстай алғанда, “еркінсіп” әрекет еткені үшін өліп кетеді. Иә, Ұза ауыр күнә жасады, десе де мұның осындай қайғылы жайтқа әкеп соғуы, негізінен, Дәуіттің Құдай заңына тиісті құрмет көрсетпегендігінен еді. Демек, Құдайдан қорқу деген Оның орнатқан тәртібіне сай әрекет етуді білдіреді (Патшалықтар 2-жазба 6:2—9; Руларды санау 4:15; 7:9).
14. Дәуіттің Исраилді санақтан өткізгені неге әкеп соқты?
14 Кейінірек Дәуіт Шайтанның түртуімен Исраилдің соғысқа қатысатын ер адамдарын санақтан өткізген болатын (Шежірелер 1-жазба 21:1). Бұл әрекетімен ол Құдай алдындағы қорқынышын жоғалтқанын көрсетті, нәтижесінде 70 000 исраилдік қаза тапты. Дәуіт Ехобаның алдында күнәсына өкінгенімен, өзі де, айналасындағылар да қатты қасірет шегеді (Патшалықтар 2-жазба 24:1—16).
15. Дәуіттің азғындық жасауына не себеп болды?
15 Тағы бір жолы Құдай алдындағы қорқынышын уақытша жоғалтып алғанында, Дәуіт Ұрияның әйелі Барсабиямен азғындық жасайды. Ол азғындықтың, тіпті өзгенің жұбайын қалаудың өзі дұрыс еместігін білетін (Мысырдан шығу 20:14, 17). Күнә Дәуіттің шомылып жатқан Барсабияға көзі түсуінен басталады. Құдайдың алдындағы орынды қорқыныш оны әйелден көзін алып кетіп және ойын басқа нәрсеге бұруға талпындыру керек еді. Мұның орнына, құмарлығы ақыр соңында Құдай алдындағы қорқынышынан асып түскенге дейін, Дәуіт әйелге қарап тұра бергені анық (Матай 5:28; Патшалықтар 2-жазба 11:1—4). Дәуіт өмірінің әрбір саласына Ехобаның көңіл қоятынын ұмытып кетті (Забур 138:1—7).
16. Дәуіт жасаған күнәсінің қандай зардабын тартты?
16 Дәуіт Барсабиямен жақындасқаннан кейін, дүниеге бала келеді. Осыдан кейін көп ұзамай, Ехоба Натан пайғамбарды Дәуіттің күнәсін әшкерелеу үшін жібереді. Ақыл-есін жиған соң, Дәуіт қайтадан Құдайдан қорқып, күнәсына өкінеді. Ол Ехобадан өзін тастап кетпеуді немесе киелі рухын алып қоймауды жалынып сұрайды (Забур 50:9, 13). Ехоба Дәуітті кешіріп, жазасын жеңілдетті, бірақ оны жасаған ісінің барлық жаман салдарынан қорғаған жоқ. Дәуіттің ұлы шетінейді және содан бастап үйі жан азабы мен қайғыдан арылмайды. Құдай алдындағы қорқынышты жоғалтудың зардабы қандай ауыр болады десеңші! (Патшалықтар 2-жазба 12:10—14; 13:10—14; 15:14)
17. Күнәкар істер қалай жан азабын тарттыратындығының мысалын келтіріңдер.
17 Бүгінгі күні де құлықтылық мәселелерде Құдайдан қорықпаудың салдары ауыр әрі ұзаққа созылуы мүмкін. Бір жас әйелдің шетелде жұмыс істеп жүрген мәсіхші күйеуі көзіне шөп салғанын білгенде, сезімі қалай жараланғанын елестетіп көрші. Бір жағынан, төбеден жай түскендей күйде, ал екінші жағынан, қайғыдан қан жұтқан ол қолымен бетін басып, өкіріп қоя берді. Күйеуіне жұбайының сеніміне қайта кіру мен қайтадан құрметіне ие болу үшін қанша уақыт қажет десеңші! Мұндай қайғылы жайттардан Құдай алдында нағыз қорқыныш болғанда ғана аулақ болуға болады (Қорынттықтарға 1-хат 6:18).
Құдайдан қорқу бізді күнәдан сақтайды
18. Шайтанның мақсаты мен әрекет ету тәсілі қандай?
18 Шайтан осы дүниедегі құлықтылық құндылықтарды тез құлдыратуда, ол әсіресе шынайы мәсіхшілерді аздыруды қалайды. Бұған қол жеткізу үшін ол тікелей жүрегіміз бен санамызға апаратын сезім мүшелерімізді, соның ішінде әсіресе көзіміз бен құлағымызды, қолданады (Ефестіктерге 4:17—19). Ойламаған жерден әдепсіз суреттерді, сөздерді және азғын адамдарды көріп қалсаң, не істейсің?
19. Құдай алдындағы қорқыныш бір мәсіхшіге азғырылуға беріліп қалмауына қалай көмектескен?
19 Мысалға Андреніb алайық. Ол — мәсіхші ақсақал, әке және Еуропада дәрігер болып қызмет істейді. Ол ауруханада түнгі ауысымдағы міндетін атқарып жатқанда, әріптес әйелдері жыныстық қатынасқа баруға шақырған сөздері бар, жүректің суреті салынған қағаздарды жастығына қайта-қайта түйреп кетеді. Андре олардың ұсыныстарынан үзілді-кесілді бас тартады. Сонымен қатар жаман ортадан аулақ болу үшін басқа жерден жұмыс табады. Құдайдан қорыққаны өте дана әрекет болып, баталар әкелді. Бүгінде Андре өз еліндегі Ехоба Куәгерлерінің филиалында жарты күндік қызмет атқаруда.
20, 21. а) Құдайдан қорқу күнәдан аулақ жүруімізге қалай көмектеседі? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
20 Ойынан жаман нәрселер шықпай қойса, түбінде адам тіпті Құдаймен құнды қарым-қатынасын алуға құқығы жоқ қандай да бір нәрсеге айырбастап жіберуден де тайынбайтын күйге жетуі мүмкін (Жақып 1:14, 15). Ал егер Ехобадан қорқатын болсақ, құлықтылық нормаларымызды төмендетіп жіберуі мүмкін адамдардан, орындардан, істер мен көңіл көтеру түрлерінен бойымызды аулақ ұстайтын, тіпті кетіп қалатын, боламыз (Нақыл сөздер 22:3). Бұл үшін қаншалықты ыңғайсыз сезінуге немесе қандай да бір нәрседен бас тартуға тура келсе де, Құдайдың ықыласына ие болумен салыстырғанда, бұлар түк те емес (Матай 5:29, 30). Құдайдан қорқу деген ешқашан әдейілеп азғын нәрселерге, соның ішінде порнографияның кез келген түріне ұрынбай, қайта, ‘бос нәрселерге назарымызды түсірмеуді’ де білдіреді. Осылай еткен жағдайда, Ехоба ‘жанымызды аман сақтайтынына’ әрі шынымен мұқтаж болған нәрселерімізбен қамтамасыз ететініне сенім арта аламыз (Забур 119:37, ЖД [118:37]; 83:12).
21 Расында да, Құдайдан шын жүректен қорқып әрекет ету әрқашан даналыққа жатады. Бұл сондай-ақ шынайы бақыттың қайнар көзі болып табылады (Забур 33:10). Бұл жөнінде келесі мақалада нақтырақ айтылады.
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған 1998 жылғы 8 қаңтардағы “Ояныңдар” журналының “Киелі кітаптың көзқарасы: Сүйіспеншіліктің Құдайынан қорқу керек пе?” атты мақаласын қараңдар.
b Есімі өзгертілген.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Құдай алдындағы қорқыныш мәсіхшілерге тән қандай қасиеттерді қамтиды?
• Қалай Құдай алдындағы қорқыныш адам алдындағы қорқынышты сейілтеді?
• Дұғаға дұрыс көзқараспен қарайтынымызды қалай көрсете аламыз?
• Құдайдан қорқу қалай бізді күнәдан сақтайды?
[25-беттегі сурет]
Дәуіт Құдайдан қорқуды Ехобаның қолынан шыққан істерін бақылай отырып үйренді