Неге Мәсіхтің жолымен жүруіміз керек?
“Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі... Менің жолыммен жүрсін!” (ЛҰҚА 9:23).
1, 2. Мәсіхтің жолымен жүру керек екенімізді қарастыру неге маңызды?
ЕХОБА сендерді, жаңадан келгендер мен жастар, өзіне ғибадат ету үшін жиналған адамдардың арасынан көргеніне қуанышты! Сендер Киелі кітапты зерттеп, мәсіхшілердің қауым кездесулеріне үнемі келіп, Құдай Сөзіндегі өмірлік маңызы бар шындықпен танысып, білімдеріңді арттырып жатырсыңдар. Сондықтан Исаның келесі шақыруын қабыл алуларың қажет: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге күн сайын дайын болып Менің жолыммен жүрсін!” (Лұқа 9:23). Исаның айтуынша, сендер өз еріктерің бойынша өмір сүруді қойып, оның ізбасары болуды қалауларың керек. Бұл үшін неге Мәсіхтің жолымен жүруіміз керек екенін қарастыру маңызды (Мат. 16:13—16).
2 Иса Мәсіхтің ізбасары болған біздер жайлы не деуге болады? Пауыл бізді ‘осы жолмен алға баса беруге’ шақырады (Сал. 1-х. 4:1, 2). Құдайға шынайы ғибадат етуді қашан бастасақ та, Мәсіхтің жолымен жүру керектігінің себептері жайлы ой жүгірткеніміз Пауылдың шақыруын қабыл алып, күн сайын алға баса беруге көмектеседі. Қазір Мәсіхтің жолымен жүруіміз керектігінің бес себебін қарастырамыз.
Ехобаға жақындай түсеміз
3. Ехоба жайлы білудің қандай екі жолы бар?
3 Пауыл Ареопагтың ортасында тұрып, жиналған афинылықтарға былай деген: “[Құдай] адамдардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойған. Құдай бұны адамдар Өзін іздесін, мүмкін, қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алсын деп істеді. Ол әрқайсымыздан алыс емес” (Ел. іс. 17:22, 26, 27). Біз Құдайды іздеп, оны жақыннан тани аламыз. Мысалы, Құдайдың қасиеттері мен қабілеттерін жаратылыс паш етеді. Сол жайлы ризашылықпен ой жүгіртіп, Жаратушымен жақынырақ танысуға болады (Рим. 1:20). Сондай-ақ Ехоба өзі жайлы көп жайтты Киелі кітап арқылы да ашады (Тім. 2-х. 3:16, 17). ‘Істерінің байыбына ой жүгірткен’ және ‘ұлы істері жөнінде ойланып-толғанған’ сайын, Ехобаны жақсырақ біле түсеміз (Заб. 76:13).
4. Мәсіхтің жолымен жүру Ехобаға жақындай түсуге қалай көмектеседі?
4 Ехобаға жақындай түсудің ең жақсы жолы — Мәсіхтің жолымен жүру. “Әлем жаратылмай тұрғанда” Исаның Әкесінің жанында қандай ұлылыққа кенелгені жайлы ойлап көрші (Жох. 17:5). Ол — “Құдай жаратылысының Бастауы” (Аян 3:14 сілт.). “Жаратылыс атаулының алғашқысы” болғандықтан, ол Әкесі Ехобамен бірге көкте миллиардтаған жыл өмір сүрді. Адам болып жерге келмес бұрын, Иса Әкесінің қасында уақытты босқа өткізбеді. Ол Құдаймен бірге еңбектеніп, оған серік болды, соның арқасында әлемдегі ең жақын қарым-қатынас дамыды. Иса Әкесінің істерін, сезімдері мен қасиеттерін жай бақылап қоймай, білгендерін бойына сіңіріп, үнемі солай әрекет ететін болды. Сондықтан мойынсұнғыш Ұл Әкесіне қатты ұқсады, тіпті Киелі кітапта ол “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі” делінген (Қол. 1:15 сілт.). Мәсіхтің жолын ұстанған сайын біз Ехобаға жақындай түсеміз.
Ехобаға барынша еліктейміз
5. Ехобаға барынша еліктеуге не көмектеседі және неге?
5 Біз Құдайға “рухани жағынан ұқсас” болып жаратылғандықтан, оның қасиеттерін таныта аламыз (Жар. 1:26). Елші Пауыл мәсіхшілерді ‘сүйікті рухани балалары ретінде Құдайдан үлгі алуға’ талпындырды (Ефес. 5:1). Мәсіхтің жолымен жүргеніміз көктегі Әкемізге еліктеуге көмектеседі. Себебі Исадан артық ешкім де Құдайдың ой қалпын, сезімдері мен қасиеттерін танытқан да, түсіндірген де емес. Жерде болған кезінде Иса Ехобаның есімін паш еткен, әрі оның қандай Тұлға екенін де көрсеткен (Матай 11:27 оқы). Мұны ол сөзімен, ісімен, тәлімі және үлгісімен көрсетті.
6. Исаның тәлімдерінен Ехоба жайлы не білеміз?
6 Иса Құдайдың бізден не талап ететінін және өзіне ғибадат ететіндерге қалай қарайтынын түсіндірді (Мат. 22:36—40; Лұқа 12:6, 7; 15:4—7). Мысалы, ол “Неке адалдығын бұзба” деп Он өсиеттің бірін айтқаннан кейін, адамның жүрегі күнә жасамас бұрын бұзыла бастағаны Құдайға аян екенін түсіндіріп: “Кім бір әйелге құмарта қараса, оның өз жүрегінде сол әйелмен неке адалдығын бұзғаны”,— деді (Мыс. ш. 20:14; Мат. 5:27, 28). Парызшылдардың Құдай заңына қосқан “Маңайыңдағы кісіні жақсы көріп, жауыңды жек көр!” деген түсіндірмесін айтқан соң, Ехобаның көзқарасы басқаша екенін білдіріп: “Жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Тәңір Иеге сиынып мінажат етіңдер!”— деді (Мат. 5:43, 44; Мыс. ш. 23:4; Леуі. 19:18). Құдайдың қалай ойлайтынын, не сезінетінін және бізден не талап ететінін білгеніміз оған барынша еліктеуімізге көмектеседі.
7, 8. Исаның үлгісінен Ехоба жайлы не білеміз?
7 Сондай-ақ Иса Әкесінің қандай екенін өз үлгісімен көрсетті. Ізгі хабарды оқып отырып, Исаның мұқтаждар мен қасірет шеккендерге жаны ашығанын, балалардың өзіне келуіне тыйым салған шәкірттеріне наразы болғанын көріп, Әкесінде де осындай сезімдер бар екенін білеміз (Мар. 1:40—42; 10:13, 14; Жох. 11:32—35). Исаның іс-әрекеті Құдайдың басты қасиеттерін паш етеді. Жасаған кереметтерінен Мәсіхтің зор күшке ие болғанын білеміз. Алайда бұл күшті Иса өз пайдасына немесе басқаларға зиян тигізу үшін қолданбаған (Лұқа 4:1—4). Ғибадатханадан ашкөз саудагерлерді қуып шығарғанынан оның әділетті екені көрінеді (Мар. 11:15—17; Жох. 2:13—16). Адамдардың жүрегіне жеткізіп тәлім бергені мен дана сөз айтқаны оның “Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор” екенін дәлелдейді (Мат. 12:42). Оның басқалар үшін жанын қиғаны ‘ең зор сүйіспеншілік’ болып табылады (Жох. 15:13).
8 Ұлы сөзімен де, ісімен де Әкесі Ехобаның болмысын кемелді түрде көрсеткені соншалық: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— дей алды (Жохан 14:9—11 оқы). Мәсіхтің жолымен жүру Ехобаға еліктеумен барабар.
Иса — Ехобаның Майланғаны
9. Иса қашан және қалай Құдайдың Майланғаны болды?
9 Б. з. 29 жылының күзінде отыз жастағы Иса шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияға келгенде, қандай жайттың орын алғанын қарастырайық. “Иса рәсімнен өтісімен дереу судан шықты. Сол сәтте көк ашылып, Иса Өзіне көгершін сияқты төмендеп келіп, қонған Құдай Рухын көрді”. Сонда Ехобаның өзі Исаның Мәсіх, яғни өзінің Майланғаны, болғанын көрсетіп: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!”— деді (Мат. 3:13—17). Бұл Мәсіхтің жолымен жүру керектігінің келелі себебі емес пе?!
10, 11. а) “Мәсіх” деген лауазым қандай жолдармен қолданылған? ә) Неге Иса Мәсіхтің жолымен жүруге тиіспіз?
10 Киелі кітаптан “Мәсіх” деген лауазымның “Иса Мәсіх”, “Мәсіх Иса” және “Мәсіх” деген сияқты қолданыстарын көруге болады. Алғаш рет Исаның өзі лауазымды есімнен кейін қолданып, өзін Иса Мәсіх деп атаған. Әкесіне айтқан дұғасында ол былай деген: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану” (Жох. 17:3). Лауазымның есімнен кейін айтылуы Исаны Құдай жібергеніне және Оның Майланғаны екеніне назар аударады. Ал лауазым есімге дейін аталып, “Мәсіх Иса” делінгенде, оның өзіне емес, дәрежесіне мән беріледі (Қор. 2-х. 4:5). “Мәсіх” деп есімсіз қолданылғаны Исаның Майланған ретіндегі дәрежесіне баса назар аударудың тағы бір жолы болып табылады (Ел. іс. 5:42).
11 “Мәсіх” деген лауазым қалай қолданылса да, бұл маңызды бір шындыққа ерекше көңіл бөледі. Құдайдың Ұлы жерге адам болып келгенімен, қарапайым адам емес еді, сондай-ақ Әкесінің еркін жарияласа да, жай пайғамбар болған жоқ. Ол Ехобаның Майланғаны болды. Олай болса, біз соның жолымен жүруге тиіспіз.
Иса — құтқарылудың жалғыз жолы
12. Елші Томаға біз үшін де маңызы бар қандай сөз айтылды?
12 Исаның өлерінен бірнеше сағат бұрын айтқан сөздерінен оның жолымен жүру керектігінің тағы бір себебін білеміз. Көкке барып, орын дайындайтыны жайлы айтқанда, Тома Исаға сұрақ қояды. Сонда ол былай жауап берді: “Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды” (Жох. 14:1—6). Осылайша Иса адал он бір елшісіне көктен орын беретінін уәде етті. Бірақ оның сөздері мәңгі өмір сүруге үміті барлар үшін де маңызды (Аян 7:9, 10; 21:1—4). Неге бұлай дейміз?
13. Иса қай мағынада “жол” болып табылады?
13 Иса Мәсіх — “жол”. Бұл Иса арқылы ғана Құдайға жақындай аламыз дегенді білдіреді. Мысалы, Құдайға Иса арқылы дұға етсек қана Оның еркіне сай сұрағанымыздың бәрін аламыз (Жох. 15:16). Сондай-ақ Иса тағы бір мағынада жол болып табылады. Күнә адамзатты Құдайдан аластатты (Ишая 59:2). Ал Иса ‘көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанын қиды’ (Мат. 20:28). Нәтижесінде ‘Исаның төгілген қаны бізді барлық күнәларымыздан тазартты’ (Жох. 1-х. 1:7). Осылайша Ұлы бізге Құдаймен татуласуға жол ашты (Рим. 5:8—10). Исаға сеніп, мойынсұну арқылы ғана біз Құдайға жақындай аламыз (Жох. 3:36).
14. Иса неліктен “шындық” болып табылады?
14 Иса — “шындық”. Өйткені ол әрқашан шындықты айтып, соған сай өмір сүрді. Оның үстіне, Мәсіхке қатысты жазылған қыруар пайғамбарлық өмірінде түгел орындалды. Елші Пауыл: “Барлық уәделері Мәсіх арқылы жүзеге асып, “иәға” айналады”,— деп жазды (Қор. 2-х. 1:20). Тіпті Мұса заңында айтылған “жарылқаудың күңгірт жобасы” Иса Мәсіхтің өмірінде іске асып, шындыққа айналды (Евр. 10:1; Қол. 2:17). Пайғамбарлықтың бәрі Исаға нұсқап, оның Ехобаның ниетіндегі басты рөлін түсінуге көмектесті (Аян 19:10). Құдайдың адамзатқа қатысты ниеті орындалғанда, оның игілігін көру үшін Мәсіхтің жолымен жүруіміз керек.
15. Қай мағынада Иса “өмір” болып табылады?
15 Иса — “өмір”, өйткені адамзат үшін қанын төкті. Соның арқасында Құдай “Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы” адамдарға мәңгілік өмір сыйын береді (Рим. 6:23). Иса өлген адамдар үшін де — “өмір” (Жох. 5:28, 29). Оның үстіне, Мыңжылдық билігі кезінде ол Бас діни қызметкер болып, жердегі азаматтарын күнә мен өлімнен мәңгілікке азат етеді (Евр. 9:11, 12, 28).
16. Исаның жолымен жүру керектігінің қандай себебі бар?
16 Исаның Томаға берген жауабының біз үшін де зор мәні бар. Иса — жол, шындық және өмір. Ол — адамзатты құтқару үшін Құдай жерге жіберген тұлға (Жох. 3:17). Құдайға бізді жақындататын одан басқа ешкім жоқ. Киелі кітапта: “Исадан басқа ешкім де бізді құтқара алмайды! Аспан астында бізді құтқаратын басқа ешкімнің есімі адамдарға бұйырмаған!”— деп анық айтылған (Ел. іс. 4:12). Олай болса, өткен өміріміз қандай болмасын, Исаға сеніп, оның жолымен жүргеніміз дұрыс, әрі бұл жол өмірге жеткізеді (Жох. 20:31).
Бізге Мәсіхті тыңдау бұйырылған
17. Құдайдың Ұлын тыңдау неге маңызды?
17 Бірде Петір, Жохан және Жақып Исаның өзгеріске түскенінің куәсі болады. Сол жолы олар көктен: “Бұл — Менің таңдап алған рухани Ұлым. Оны тыңдаңдар!”— деген дауысты естіді (Лұқа 9:28, 29, 35). Біздің де Мәсіхті тыңда деген бұйрыққа мойынсұнғанымыз маңызды (Елшілердің істері 3:22, 23 оқы).
18. Иса Мәсіхті қалай тыңдай аламыз?
18 Исаны тыңдау үшін бар назарымызды оның үлгісіне аудару қажет (Евр. 12:2, 3). Демек, “Мәсіх туралы естігенімізге мықтап ден қоюымыз керек”. Бұл үшін Иса туралы Киелі кітапта, “адал да ақылды құлдың” әдебиеттерінде жазылғандарды оқимыз және қауым кездесулерінде айтылғандарды тыңдаймыз (Евр. 2:1; Мат. 24:45 ЖД). Біз Исаның отары болғандықтан, оның даусын естіп, соңынан еріп жүрейік (Жох. 10:27).
19. Мәсіхтің жолымен жүруге не көмектеседі?
19 Қандай жағдайға тап болсақ та, Исаның жолымен жүре аламыз ба? ‘Дұрыс ілімнің үлгісін Иса Мәсіхке деген сеніммен және сүйіспеншілікпен берік ұстанатын’ болсақ, жүре аламыз (Тім. 2-х. 1:13).
Не білдіңдер?
• Неліктен Мәсіхтің жолымен жүргеніміз бізді Құдайға жақындатады дей аламыз?
• Неге Исаға еліктегеніміз Құдайға еліктеумен барабар?
• Қай мағынада Иса — жол, шындық және өмір?
• Неліктен Ехобаның Майланғанын тыңдауымыз керек?
[29-беттегі сурет]
Исаның тәлімдерінен Ехобаның адам ақылынан асқан ой қалпын білеміз
[30-беттегі сурет]
Ехобаның Майланғаны көрсеткен жолдан таймайық
[32-беттегі сурет]
Ехоба көктен: ‘Бұл — Менің рухани Ұлым. Оны тыңдаңдар!’— деп дауыстады