Сүйіспеншілік азайған дүниеде достықты сақтайық
“Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді сүйіңдер!” (ЖОХ. 15:17).
1. Неге I ғасырдағы мәсіхшілер достық қарым-қатынас сақтаулары қажет еді?
ИСА өлер алдындағы түні адал шәкірттерін бір-бірімен дос болып қалуға талпындырды. Осының алдында ол араларындағы сүйіспеншілік өзінің шәкірттері екендігінің белгісі болатынын айтқан (Жох. 13:35). Алдағы сынақтарға төзіп, Иса тапсырғалы жатқан істі аяғына дейін атқару үшін, елшілер бір-бірімен тығыз достық қарым-қатынас сақтаулары қажет еді. Шынында да, I ғасырдағы мәсіхшілер Құдайға және бір-біріне деген адалдықтарымен танымал болған.
2. а) Біз не істеуге бел будық және неге? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
2 Бүгінде I ғасырдағы мәсіхшілерге еліктейтін адамдардан құралған дүниежүзілік ұйымның мүшесі болу неткен ғанибет! Біз Исаның бір-біріңе шынайы сүйіспеншілік көрсетіңдер деген өсиетін орындауға бел буғанбыз. Бірақ адамдардың көбісі осы соңғы дәуірде адалдық пен бауырмалдықтан жұрдай (Тім. 2-х. 3:1—3). Олар достыққа атүсті қарайды әрі қарым-қатынастарында өз пайдаларын көздейді. Біз шынайы мәсіхші болып қала беруіміз үшін, мұндай ниеттен аулақ болуымыз керек. Сондықтан келесі сұрақтарды қарастырайық: Шынайы достық неге негізделеді? Жақсы дос болу үшін не істеу қажет? Достықты қай жағдайда үзуге тура келеді? Достықты қалай сақтауға болады?
Шынайы достықтың негізі
3, 4. Ең мықты достық қарым-қатынас неге негізделеді және неліктен бұлай деуге болады?
3 Ең мықты достық қарым-қатынастың негізі — Ехобаға деген сүйіспеншілік. Сүлеймен патша былай деп жазған: “Әлдекімнің күші бір адамнан басым болып жатса, екеуі оған қарсы тұра алады. Үш қабаттап ширатылған жіп тез үзіле қоймайды” (Екк. 4:12 ЖД). Достықтағы үшінші жіп Ехоба болса, мұндай қарым-қатынас берік әрі баянды болады.
4 Рас, Құдайды сүймейтіндер де жақын дос бола алады. Бірақ Ехобаны сүйетіндердің арасындағы достық мызғымайды. Түсініспеушілік туындағанда шынайы достар мәселені Ехобаға ұнайтындай жолмен шешеді. Шынайы мәсіхшілердің арасына іріткі салуға тырысқан Құдайдың жаулары олардың ынтымағы берік екенін байқаған. Бүкіл тарих бойындағы Ехобаның қызметшілері сатқындық жасаудан гөрі, бір-бірі үшін өмірін қиюға дайын екенін дәлелдеген (Жоханның 1-хаты 3:16 оқы).
5. Неліктен Рут пен Нағиманың қарым-қатынастары берік болған?
5 Ең зор қуаныш әкелетін достық тек қана Ехобаны сүйетін адамдардың арасында болатыны шүбәсіз. Рут пен Нағиманың мысалын қарастырайық. Бұл екі әйелдің достығы Киелі кітапта баяндалғандардың ең кереметтерінің бірі деуге болады. Неліктен олардың достығы соншама берік болды? Мұны Руттың келесі сөздерінен көреміз: “Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады!.. Егер мен бұл дүниеден кеткенше сізден ажырасам, мені Жаратқан Ие жазалаған үстіне жазалай түссін!” (Рут 1:16, 17). Рут пен Нағиманың Құдайды қатты жақсы көргендері, әрі бұл сүйіспеншіліктің қарым-қатынастарына әсер етуіне жол бергендері анық. Нәтижесінде екеуі де Ехобаның мол батасын көрді.
Жақсы дос болу үшін не істеу қажет?
6—8. а) Достық қарым-қатынасты нығайту үшін не қажет? ә) Дос болу үшін өзің не істей аласың?
6 Рут пен Нағиманың мысалынан нағыз достық өздігінен пайда болмайтынын көреміз. Бұл үшін екі жақ та Ехобаны жақсы көру керек. Ал достық қарым-қатынасты нығайтуда көп еңбек ету мен өз мүддемізден бас тартуға дайын болу қажет. Тіпті Ехобаға қызмет ететін мәсіхші отбасының мүшелері бір-біріне жақын дос болғылары келсе, күш салулары қажет. Олай болса, жақсы дос болу үшін сен не істей аласың?
7 Өзің әрекет ет. Елші Пауыл Римдегі қауымға жазған хатында достарын ‘қонақжайлылық танытуға’ талпындырды (Рим. 12:13). Демек, достық қарым-қатынас дамыту үшін кез келген мүмкіндігін қолданып, қонақжайлылық таныту қажет. Басқа адам біздің орнымызға қонақжай бола алмайды (Нақыл сөздер 3:27 оқы). Қонақжай болудың бір жолы — әртүрлі бауырласты бір кесе шайға шақыру. Сен қауымыңдағы бауырластарды жүйелі түрде қонаққа шақыруды әдетке айналдыра аласың ба?
8 Достық қарым-қатынас дамытуда өзің жасауың керек тағы бір қадам — әртүрлі бауырластарды қызметке шақыру. Қызметтегі серігің үй иесімен сөйлескенде, сен оның шын көңілден айтып жатқан сөзінен Ехобаға деген сүйіспеншілігін байқайсың, сонда оны жақын тарта түсесің.
9, 10. Пауыл қандай үлгі қалдырды және біз оған қалай еліктей аламыз?
9 Пейіліңді кең жай (Қорынттықтарға 2-хат 6:12, 13 оқы). Саған қауымыңнан дос таба алмайтындай болып көрінген бе? Онда ойлап көрші: дос бола алатын адамдардың аясын шектеп қойған жоқсың ба? Елші Пауыл пейілді кең жаюдың жақсы үлгісін көрсетті. Кезінде оның яһуди емес адамдармен жақын дос болу ойына кіріп те шықпаған еді. Бірақ кейіннен ол ‘басқа халықтарға жіберілген елші’ болды (Рим. 11:13).
10 Сондай-ақ Пауыл өзі қатарлы адамдармен ғана достаспаған. Мысалы, ол жасы кіші әрі басқа ортада өскен Тімотемен жақын дос болған. Бүгінде де көптеген жастар қауымдағы жасы үлкен бауырластармен достығын жоғары бағалайды. “Менің елуден асқан бір жақын досым бар,— дейді жиырма жастағы Ванесса. — Құрдастарыммен сөйлесетін кез келген тақырыпта онымен де еркін сөйлесе аламын. Ол менің қамымды қатты ойлайды”. Мұндай достық қалай қалыптасады? “Дос қашан табылар екен деп күтіп отырмай, оны өзім іздедім”,— дейді Ванесса. Жасы өзіңнен үлкен не кіші бауырластармен достасуды қалайсың ба? Ехоба әрбір жасаған қадамыңды міндетті түрде жарылқайды.
11. Жонатан мен Дәуіттен қандай үлгі аламыз?
11 Адал бол. “Шынайы дос әрдайым жақсы көрер, Қиыншылықта бауырыңдай көмектесер”,— деп жазды Сүлеймен (Нақ. с. 17:17). Бұл сөздерді жазғанда ол әкесі Дәуіт пен Жонатанның арасындағы достықты ойында тұтса керек (Пат. 1-ж. 18:1). Саул патша өзінен кейін Исраилдың тағына Жонатанның отырғанын қалаған. Бірақ Жонатан бұл мәртебе Ехобаның еркіне сай Дәуітке тиесілі екенін мойындады. Ол Дәуітке, Саул сияқты, қызғанышпен қарамады. Халық Дәуітті мадақтағанда іші күйген жоқ және Саул таратқан лақап сөзге еріп кетпеді (Пат. 1-ж. 20:24—34). Біз Жонатан сияқтымыз ба? Досымызға қызметте қандай да бір мәртебе берілсе, қуанамыз ба? Қиналып жүрген шағында жұбатып, қолдау көрсетеміз бе? Біреудің оны қаралағанын естісек, сене саламыз ба? Әлде, досымызды адалдықпен қорғаймыз ба?
Достықты үзуге тура келетін жағдай
12—14. Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдар қандай қиындыққа кезігуі мүмкін және біз оларға қалай көмектесе аламыз?
12 Киелі кітапты зерттеп жүрген адам өмірінде өзгерістер жасай бастағанда, достарымен қарым-қатынасында қиындыққа кезігуі мүмкін. Оның жақсы араласатын, бірақ Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүрмейтін дос-жарандары бар болар. Олармен бұрын жиі бас қосып тұрған шығар. Ал қазір олардың іс-әрекеттері өзіне кері әсер етуі мүмкін екенін түсініп, араласуын азайту қажет деп ұйғарар (Қор. 1-х. 15:33). Бірақ мұны ол достарына жасалған сатқындық деп ойлауы мүмкін.
13 Осындай қиындыққа кезігіп жүрген Киелі кітап зерттеушісі болсаң, мынаны есте ұста: нағыз достар өміріңнің жақсы жаққа өзгеріп жатқанына қуанады. Бәлкім, олардың да Ехоба туралы білгісі келіп қалар. Ал жалған достар ‘азғын өмір салттарына қосылмағаныңа таңғалып, налып, сені жамандайды’ (Пет. 1-х. 4:3, 4). Шын мәнінде, адалдық сақтамаған — сен емес, олар.
14 Киелі кітапты зерттеп жүрген адам Құдайды сүймейтін достарымен қарым-қатынасын үзген жағдайда, қауымдағылар олардың орнын толтыра алады (Ғал. 6:10). Сен кездесулерге келіп тұратын Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдармен таныссың ба? Олардың қауымнан дос табуларына қандай да бір септігіңді тигізе аласың ба?
15, 16. а) Досымыз Ехобаға қызмет етуін тоқтатса, қалай әрекет етуіміз керек? ә) Құдайға деген сүйіспеншілігімізді қалай дәлелдейміз?
15 Егер қауымдағы досың Ехобадан бас тартып, қауымнан шығарылған болса ше? Бұл жаныңа қатты батуы мүмкін. Жақын досы Ехобаға қызмет етуді тоқтатқанда қандай сезімде болғаны жайлы бір қыз бауырлас былай дейді: “Көңілім қатты құлазыды. Досым шындықта нық тұр деп ойлаушы едім, олай болмай шықты. Ол отбасына жағу үшін ғана Ехобаға қызмет етті ме деп қалдым. Содан өзімнің Ехобаға дұрыс ниетпен қызмет етіп жүрген-жүрмегенімді тексере бастадым”. Бұл бауырлас қиындығымен қалай күресті? Ол былай дейді: “Бар ауыртпалығымды Ехобаға арттым. Оны қауымда достар бергені үшін ғана емес, бойындағы қасиеттері үшін сүйетінімді көрсетуге бел будым”.
16 Бұл дүниемен дос болуды қалайтындарға жақын жүрсек, Құдаймен дос болып қала алмаймыз. Шәкірт Жақып былай деп жазды: “Осы күнәкар дүниемен достасу Құдайға қастық екенін білмейтін бе едіңдер? Осы дүниемен дос болғысы келген әркім Құдайдың жауына айналады” (Жақ. 4:4). Құдайға адал болғымыз келсе, мұндай доспен қарым-қатынасты үзіп, жағымсыз сезімдермен күресте Құдайдың көмегіне сенім артамыз. Осылайша Оған деген сүйіспеншілігімізді дәлелдейміз (Забур 17:26 оқыa). Әлгі қыз бауырлас: “Ехобаны да, өзімізді де сүюге ешкімді мәжбүрлей алмайтынымызға көзім жетті. Мұны адам өз қалауымен шешуі керек”,— деген тұжырымға келді. Қауымдағы бауырластармен жақсы достық қарым-қатынас сақтау үшін не істеуге болады?
Достық қарым-қатынасты сақтау
17. Нағыз достар бір-бірімен қалай сөйлеседі?
17 Жақсы пікір алысу достардың қарым-қатынасын жандандыра түседі. Киелі кітаптан Рут пен Нағима, Дәуіт пен Жонатан, Пауыл мен Тімоте жайлы оқығанда, олардың бір-бірімен еркін әрі құрметпен сөйлескенін байқайсың. Пауыл адамдармен қалай сөйлесуіміз керек екеніне назар аударып: “Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын”,— деді. Бұл кеңесті ол “қауымнан тыс адамдармен” сөйлесуге қатысты берді (Қол. 4:5, 6). Құдайға қызмет етпейтін адамдар құрметпен сөйлесуге лайық болса, қауымдағы достарымыз әлдеқайда лайық емес пе?!
18, 19. Мәсіхші достың кеңесіне қалай қарауымыз керек және Ефестегі ақсақалдар қандай үлгі қалдырды?
18 Жақсы достар бір-бірінің ой-пікірін бағалайды, сондықтан сөйлескенде екеуіне де жұмсақтық пен шыншылдық қажет. Дана патша Сүлеймен: “Жұпар мен иісмай жүректі қуантар, Адал кеңесімен дос ұнамды болар”,— деп жазған (Нақ. с. 27:9). Досың берген кеңеске осылай қарайсың ба? (Забур 140:5 оқыb). Қандай да бір ісің оны мазалайтынын айтса, қалай қабылдайсың? Мұны сүйіспеншілігінің дәлелі деп түсінесің бе, әлде ренжисің бе?
19 Елші Пауыл Ефестегі қауым ақсақалдарымен жақын дос болған. Олардың кейбіреулерін алғаш сенген кездерінен бері білсе керек. Алайда соңғы рет кездескенде, оларға ашық әрі нақты кеңес берді. Мұны олар қалай қабыл алды? Пауылға достары ренжіген жоқ, қайта, қамдарын ойлағаны үшін оған ризашылық білдірді. Тіпті қайтып көріспейтін болған соң, онымен жылап қоштасты (Ел. іс. 20:17, 29, 30, 36—38).
20. Досын сүйетін адам қалай әрекет етеді?
20 Жақсы достар кеңес алып қана қоймайды, кеңес береді де. Әрине, біз өз ‘міндеттерімізге’ не жататынын ажырата білуіміз керек (Сал. 1-х. 4:11). Сондай-ақ ‘әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп беретінімізді’ мойындауға тиіспіз (Рим. 14:12). Алайда досын сүйетін адам қажет кезде Ехобаның нормаларын мейірімділікпен досының есіне салып отырады (Қор. 1-х. 7:39). Мысалы, салтбасты досыңның Ехобаға сенбейтін адамға көңілі кеткенін байқасаң, не істейсің? Қарым-қатынасты бұзып аламын деп қорқып, көріп тұрған қауіпті ескертуден тартынасың ба? Ескерткен күнде де, досың сөзіңді елемесе ше? Жақсы дос шалыс қадам басқан жолдасына көмектесу үшін қамқор бағушылардан жәрдем іздейді. Бұл үшін батылдық қажет. Қайткен күнде де, Ехобаға деген сүйіспеншілікке негізделген достыққа оңалмас залал келмейтінін ұмытпа.
21. Бәріміз не істеуге бейімбіз, бірақ қауымдағы достармен қарым-қатынасымызды нығайту неліктен маңызды?
21 Қолостықтарға 3:13, 14 оқы. Кейде достарымыздың бізге ‘кінә тағуына’ өзіміз түрткі болатын шығармыз немесе олардың қандай да бір ісі не сөзі қитығымызға тиер. “Бәріміз де көп қате жібереміз”,— деп жазды Жақып (Жақ. 3:2). Алайда шынайы достық бір-біріне қарсы күнә жасамағандықтан емес, толық кешіре білгендіктен пайда болады. Ашық пікір алысып, кешіруге дайын болу арқылы достықты нығайту өте маңызды. Осындай жолмен сүйіспеншілік таныту достарды “толықтай біріктіреді”.
[Сілтемелер]
a Забур 17:26: “Ием, рақымды жанға рақым танытасың, Адал жанға адалдықпен қарайсың”.
b Забур 140:5: “Жазаласын мені әділетті жан, Бұл нағыз мейірімділік болмақ маған, Сөгіс берсін маған ізгілікті жан, Бұл иісмайдай болмақ басыма жаққан, Мен еш бас тартпаймын да сол жазадан, Ал сұмдардың ісіне қарсы сиынамын Саған”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Жақсы дос болу үшін не істеу қажет?
• Қай жағдайда достықты үзуге тура келеді?
• Достық қарым-қатынасты берік сақтау үшін не істеу керек?
[18-беттегі сурет]
Рут пен Нағиманың достығы неліктен берік болды?
[19-беттегі сурет]
Қонақжайлылық танытып жүрсің бе?