Науқас досыңызға қалай көмектесе аласыз?
ҚАТТЫ науқастанып қалған досыңызға не айтарыңызды білмей, қипақтаған кезіңіз болған ба? Мұндай қиындықты жеңе алатыныңызға күмәнданбаңыз. Әрине, бұл жерде нақты былай істе дейтіндей басшылықтың болуы мүмкін емес. Өйткені әр жердің мәдениеті әртүрлі және барлық адамдардың болмысы да бірдей емес. Сол себепті бір науқас адамға жағымды болған нәрсенің екіншісіне еш көмегі болмауы мүмкін. Сондай-ақ адамның жағдайы мен көңіл күйі де өзгеріп тұратынын ескерген жөн.
Сондықтан сіз үшін ең маңыздысы — өзіңізді оның орнына қойып көруге тырысып, оның сізден нені күтетінін және қандай мұқтаждығы бар екенін анықтап алғаныңыз. Мұны қалай істеуге болады? Қазір Киелі кітапқа негізделген біраз принциптерді қарастырайық.
Мұқият тыңдай біліңіз
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПРИНЦИПТЕР:
“Әркім тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, әрі ашулануға баяу болсын” (ЖАҚЫП 1:19).
“Бәрінің өз уақыты бар... үндемей құтылу уақыты мен ойыңдағыны ашып айту мезгілі” (ЕККЛЕСИАСТ 3:1, 7).
◼ Ауырып жатқан досыңызға барғанда, мұқият және жанашырлықпен тыңдаңыз. Кеңес беруге асықпаңыз және үнемі қандай да бір шешім айтуым керек деп ойламаңыз. Олай істеймін деп оның жанына бататын бірдеңе айтып қалуыңыз мүмкін. Науқас досыңыз міндетті түрде сізден жауап күтпейді, оған сезімін түсінетін және бар ынтасымен тыңдайтын адам керек.
Досыңызға сезімдерімен еркін бөлісуге мүмкіндік беріңіз. Жұбатпақ ниетпен оның сөзін бөліп, жаттанды сөздерді айтудан аулақ болыңыз. Олай ететін болсаңыз, ол өзінің жағдайы сіз үшін маңызды емес деп ойлап қалуы ықтимал. “Мен менингит ауруына шалдығып, ақырында көрмей қалдым,— дейді Эмилиоa.— Кейде көңілім түсіп кетеді. Сонда достарым мені жұбатқылары келіп: Проблемасы бар жалғыз сен ғана емессің. Жағдайы сенен де нашарлар бар— дейді. Олардың проблемамды кішірейтіп көрсеткісі келгендерінің мен үшін еш пайдасы жоқ екенін түсінбейді. Керісініше, бұл сөздер еңсемді одан бетер түсіреді”.
Досыңызға өзін сынап-мінейді деп қорықпастан, сезімдерімен ашық бөлісуге мүмкіндік беріңіз. Егер қандай да бір үрей барын айтса, жай ғана қорқудың қажеті жоқ деген сияқты сөздер айтпастан, сезімдерін түсінуге тырысыңыз. “Жағдайымды уайымдайтынымды айтып, көз жасыма ерік бергенім Құдайға деген сенімімді жоғалтқанымды білдірмейді”,— дейді қатерлі ісікпен күресіп жүрген Елиана. Досыңыздың қандай күйде болуы керек екенін өзіңіз шешпей, өз-өзімен болуына жол беріңіз. Оның әдетте ондай емес екенін, қазір сіздің бірауыз сөзіңіздің өзі көңіліне тиіп қалуы ықтимал екенін түсінуге тырысыңыз. Шыдамдылық танытыңыз. Тіпті бір нәрсені қайта-қайта тыңдауға тура келсе де, оның сөздеріне құлақ түруге дайын болыңыз (Патшалықтар 3-жазба 19:9, 10, 13, 14). Тап қазір оған керегі сіздің мұқият тыңдағаныңыз болуы әбден мүмкін.
Жанашыр және мұқият болыңыз
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПРИНЦИПТЕР:
“Қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақ болыңдар!” (РИМДІКТЕРГЕ 12:15).
“Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер!” (МАТАЙ 7:12).
◼ Өзіңізді досыңыздың орнына қойып көріңіз. Ол ота жасатуға дайындалып, ем қабылдап немесе талдаманың нәтижесін күтіп жүрген болса, өзін қоярға жер таппай, әр нәрсені бір көңіліне ала беретін шығар. Оның көңіліне қарап, бейімделуге тырысыңыз. Мұндай кезде, әсіресе жеке басына қатысты, көп сұрақтар қоймаған дұрыс.
“Сырқат адам өзінің ауруы туралы айтқысы келсе, өз қарқынымен сөйлеуге мүмкіндік беріңіз,— дейді дәрігер психолог Анна Каталифос.— Сөйлескісі келген тақырыпқа әңгімелесіңіз. Ал сөйлесуге зауқы соқпай тұрса, достық пейілмен қолын ұстап, үндемей отырғаныңыздың өзі оның жанына жай беруі мүмкін. Немесе оған көңіліндегісін айтып, жылап алатын адам қажет шығар”.
Досыңыздың кейбір жайттарды құпия ұстағысы келуі мүмкін екенін түсінуіңіз қажет. Екі рет қатерлі ісікке шалдығып, аман қалған Розанна Калик былай дейді: “Науқас адамға көмектесу барысында білген мәліметтің бәрін бірдей өзгелерге айтуға болмайды. Өзі өтінбесе, ешкімге тіс жармаңыз. Нені айтып, нені айтпау керек екенін науқас адамның өзінен сұрағаныңыз жөн”. Сондай-ақ қатерлі ісікке шалдығып, аман қалған Эдсон былай деп бөлісті: “Досым мен туралы қатерлі ісікке шалдықты және көп кешікпей қайтыс болады деген өсек таратты. Менде, шынында да, қатерлі ісік бар-тын және мен жақында ғана ота жасатқанмын. Дегенмен, биопсияның нәтижесін күтіп жүргенмін. Сөйтіп ісік таралмаған болып шықты. Алайда досымның сөздерінің кесірі тимей қоймады. Өзгелердің орынсыз сұрақтары мен сөздері әйелімнің еңсесін түсіріп бітті”.
Егер досыңыз емдеудің қандай да бір түрін қабылдауды шешіп жатса, өз пікіріңізді айтуға асықпаңыз. Қатерлі ісікке шалдыққан, бірақ аман қалған жазушы Лори Хоуп былай дейді: “Қатерлі ісікке шалдыққан немесе одан аман қалған адамға сол ауру жайлы қандай да бір мәлімет немесе жаңалықтар айтпай жатып, бұл оған қажет пе, жоқ па, сол жайлы ойланған дұрыс. Олай болмаған жағдайда сіздің жақсы ниетпен жасаған ісіңіз оның жанына батуы ықтимал. Және бұл туралы сіз білмей де қалуыңыз мүмкін”. Науқастанып қалған адамның бәрі бірдей емшаралардың түр-түрі жайында көп мәлімет алғысы келе бермейді.
Оның ең жақын досы болсаңыз да, қасында көп отырып алмаңыз. Әрине, жанында болғаныңыз өте маңызды, бірақ оның сізбен сөйлескісі келмей тұруы мүмкін. Ол шаршап отырған шығар немесе сөйлеуге не тіпті ұзақ тыңдауға шамасы жоқ болар. Екінші жағынан, “асығып тұр едім” деген сияқты сөздерден аулақ болыңыз. Досыңыз оның қамын ойлап, қамқорлық көрсетуіңізге лайық.
Қамқорлық көрсетуге байсалды және парасатты болу жатады. Мысалы, науқас адамға ас дайындамас не гүл сыйламас бұрын, оның қандай да бір затқа аллергиясы бар-жоғын білген дұрыс. Егер өзіңіз суық тиіп ауырып тұрған болсаңыз, айыққанша оған бармағаныңыз жөн болар.
Жігер беріңіз
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПРИНЦИПТЕР:
“Дана тілімен жан жарасын сауықтырар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 12:18).
“Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 4:6).
◼ Науқас досыңызға оң көзбен қарайтыныңыз сөздеріңіз бен әрекеттеріңізден көрінеді. Оған бұрынғыдай қараңыз. Оның ауруы қарым-қатынастарыңызға әсер етуіне жол бермеңіз. Егер досыңызға әлсіз әрі дәрменсіз адам ретінде қарайтын болсаңыз, нәтижесінде ол өзін, шын мәнінде, солай сезіне бастауы мүмкін. Сирек кездесетін туа біткен сүйек ауруы бар Роберта былай дейді: “Маған кәдімгі адам ретінде қараңдар. Мүгедек болсам да, өз ойым мен қалауларым бар. Маған аянышпен қараудың қажеті жоқ. Менімен кемтар адаммен сөйлескендей сөйлеспеңдер!”
Не айтатыныңыз ғана емес, қалай айтатыныңыз да маңызды. Қандай дауыспен сөйлейтініңіз науқас досыңызға әсер етпей қоймайды. Қатерлі ісікпен ауыратыны анықталған соң, көп кешікпей Эрнестоға шетелдегі досы телефон соғып: “Сенің қатерлі ісікпен ауыратыныңа сене алмаймын!”— дейді. “Досым “сен”, “қатерлі ісік” деген сөздерді ерекше екпінмен айтқаны сонша, біреу жүрегіме пышақ сұғып алғандай болды”,— дейді Эрнесто.
Жазушы Лори Хоуп былай дейді: “Жағдайың қалай?” деген сұрақтың өзі науқас адамға әртүрлі әсер етеді. Мұны қалай сұрағаныңызға, ым-ишаратыңызға, науқас адаммен қарым-қатынасыңызға, қаншалықты жақын екендігіңізге және қандай жағдайда сұрағаныңызға байланысты мұндай сұрақ адамға жұбаныш сыйлауы, жанына батуы немесе басылып қалған қорқынышты оятуы мүмкін”.
Ауырып қалған досыңыз өзін түсіне білгеніңізді және құрметтеп, қамқорлық көрсеткеніңізді қаласа керек. Сондықтан оны сіз үшін қаншалықты бағалы екендігіне және оған көмектескіңіз келетініне сендіріңіз. Ми қатерлі ісігіне шалдыққан Розмари былай дейді: “Достарымның мені жақсы көретіндерін және қандай жағдай болмасын арқа сүйеуіме болатынын айтқандары жігер береді” (Нақыл сөздер 15:23; 25:11).
Барынша көмектесіңіз
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПРИНЦИП:
“Сөз жүзінде емес, іс жүзінде шынайы сүйіспеншілік білдірейік” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 3:18).
◼ Ауруы анықталып, емделуге көшкенде досыңыздың қажеттіліктері өзгеруі ықтимал. Алайда ол барлық уақытта көмекке мұқтаж болады. Жалпы “бірдеме керек болса хабарлас” деудің орнына, іс жүзінде көмек беріңіз. Тамақ дайындау, үйді тазалау, кір жуу, үтіктеу, бұйымтайлармен жүгіру, азық-түлік сатып әкелу және науқасты емханаға апару сияқты істер досыңыздың қамын ойлайтыныңызды көрсетудің кейбір жолдары ғана. Сенімді болуға әрі уақтылы келіп тұруға тырысыңыз. Сөзіңізде тұрып, берген уәделеріңізді әрдайым орындаңыз (Матай 5:37).
Жазушы Розанна Калик былай дейді: “Досыңыздың сау кезі мен қазіргі өмірінің арасындағы көпір іспетті үлкенді-кішілі істеріңіздің пайдасы зор болады”. Екі рет қатерлі ісікке шалдығып аман қалған Сильвия мұнымен келіседі. Ол былай деп бөлісті: “Достарымның кезектесіп сәулемен емдеуге көлікпен апарып тұрғаны маған жан тыныштығы мен жұбаныш сыйлады. Жолда біз әр қилы тақырыптарға әңгімелесетінбіз және қайтарда үнемі кафеге аялдайтынбыз. Бұл маған өзімді кәдімгі адам ретінде сезінуге көмектесті”.
Досыма не керек екенін нақты білемін деп ойламаңыз. “Сұраңыз, сұраңыз және сұраңыз,— дейді Калик.— Көмектесемін деп оның бар өмірін бақылауға алудан сақ болыңыз. Олай ететін болсаңыз, ол өзін түкке тұрғысыз сезінуі мүмкін. Егер әлдекім маған ештеңе істетпейтін болса, ештеңе істей алмайсың дегені болар еді. Мен өзімді қандай да бір жағдайдың құрбаны емес, бірдеңе істеуге қабілетті сезінгім келеді. Қолымнан келетін нәрсені өзім істеуіме мүмкіндік беріңдерші!”.
Досыңыз өзін жұмысқа жарамды сезінгісі келеді. ЖИТС-пен ауыратын Адилсон былай дейді: “Ауырған кезде өзгелердің сені түкке жарамсыз, кемтар санағанын қаламайсың. Тіпті болар-болмас нәрсе болса да, өз қолыңмен бір нәрсе жасағың келеді. Әлі де бір нәрсе істей алатыныңды білгенің жақсы. Ол өмір сүруге деген талпыныс береді. Мен басқалардың өзіме шешім қабылдауға мүмкіндік беріп, шешіміме құрметпен қарағандарын қалаймын. Ауруға шалдыққанымыз енді әке, ана ретіндегі немесе басқа да міндеттерімізді атқара алмаймыз дегенді білдірмейді”.
Үнемі байланыста болыңыз
КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПРИНЦИП:
“Шынайы дос әрдайым жақсы көрер, қиыншылықта бауырыңдай көмектесер” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 17:17).
◼ Егер алыста тұрғандықтан немесе басқа да себептермен досыңыздың жанында бола алмасаңыз, телефон соғуға, хат жазуға не электронды пошта арқылы хабарласуға болады. Хатта не жайында жазған дұрыс? Психолог Алан Д. Уолфелт былай дейді: “Екеуіңіздің бастарыңыздан өткен қызықты оқиғаны есіне түсіріңіз. Жақында тағы хат жазатыныңызды айтыңыз да, берген уәдеңізді орындаңыз”.
Дұрыс емес нәрсе айтып не істеп қоям ба деп қорыққандықтан, досыңызға бармай қоймаңыз. Көбінесе ол үшін ең маңыздысы — жанынан табылғаныңыз. Лори Хоуп өз кітабында былай дейді: “Бәріміз де байқамай өзгелерге ерсі көрінетін бірдеңе айтып не істеп қойып жатамыз. Шындығында бұл проблема емес. Қателік жасап қоямын деп ойлап, өзіңізді қажет ететін адамнан аулақ жүрсеңіз, сол проблема”.
Қатты науқастанып қалған досыңыз сізді бұрын-соңды болмағандай қажет етуі мүмкін. Осындайда “шынайы дос” бола біліңіз. Сіздің көмектесуге тырысқаныңыз оны ауыруынан айықтырмайды әрине, бірақ жаныңызға жақын адамға қиыншылыққа төзе білуге көмектеседі.
[Сілтеме]
a Кейбір есімдер өзгертілген.