25-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Күйзелісті Ехобамен бірге еңсеріңіз
“Сарыуайым жүректі күйзелтеді” (НАҚ. С. 12:25).
30-ӘН Ехоба, Құдайымсың, адал Досым
АҢДАТПАa
1. Исаның ескертуіне неліктен ден қоюымыз керек?
СОҢҒЫ күндер жайында пайғамбарлық айтқан соң Иса: “Өздеріңе сақ болыңдар! ..күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алмасын”,— деді (Лұқа 21:34). Бұл ескертуге ден қойғанымыз өте маңызды. Өйткені жұрттың басына түсіп жатқан қиындықтарға біз де кезігіп жүрміз.
2. Бауырластар қандай қиындықтарға кезігуде?
2 Құтыңды қашырып, жан азабына түсіретін қиындықтар кейде үсті-үстіне келуі мүмкін. Мысалы, Джонb есімді Куәгерді алайық. Оны 19 жыл отасқан жұбайы тастап кетеді. Онсыз да шашыранды склерозбен ауыратын Джонға бұл қатты соққы болып тиді. Бұдан кейін оның екі қызы Ехобаға қызмет етуді доғарды. Боб пен Линда деген ерлі-зайыпты өзгеше жағдайға тап болды. Екеуі де жұмыссыз, кейін тіпті үйсіз қалды. Артынша Линданың айықпас жүрек ауруы мен артриттің ауыр түріне шалдыққаны айқын болды.
3. Філіпіліктерге 4:6, 7-ге сай, біз не нәрсеге сенімдіміз?
3 Күйзелістің жанымызға қандай жара салатынын Жаратушымыз, қамқор Әкеміз Ехоба жақсы түсінеді. Ол күйзелісті еңсере алуымыз үшін бізге көмектескісі келеді (Філіпіліктерге 4:6, 7 оқыңыз). Жазбаларда өмірлерінде көп қиындық көрген Құдай қызметшілерінің мысалдары бар. Онда Ехобаның оларға қалай қол ұшын бергені де баяндалады. Қазір солардың бірнешеуін қарастырайық.
“БІЗДІКІНДЕЙ СЕЗІМІ БАР” ПАЙҒАМБАР
4. Ілияс қандай қиындықтарға кезікті? Ол Ехобаның тарапынан не сезінді?
4 Ілияс пайғамбар аласапыран кезеңде өмір сүрген әрі ауыр қиындықтарға кезіккен. Жолдан тайған Ахаб патша Бағалға табынатын Езабел деген зұлым әйелге үйленеді. Екеуі елді жалған ғибадатқа белшесінен батырып, Ехобаның көптеген пайғамбарын өлтіреді. Бірақ Ілияс олардың қолынан қашып құтылады. Ол Ехобаға арқа сүйей отырып, қаһарлы аштық кезеңінен де аман қалады (Пат. 1-ж. 17:2—4, 14—16). Ілияс Бағалдың қызметшілерімен, пайғамбарларымен бетпе-бет келгенде де Ехобаға сенім артты. Ол исраилдіктерді Ехобаға бет бұруға шақырды (Пат. 1-ж. 18:21—24, 36—38). Өмірінің сол бір қилы шақтарында Ілияс Ехобаның көмегін талай рет сезінді.
Ехоба Ілиясқа періштесін жіберіп, күш жинауға көмектесті (5, 6-абзацты қараңыз)c
5, 6. Патшалар 1-жазба 19:1—4 тармақтарды ескерсек, Ілияс қандай сезімдерді бастан өткерген? Ехоба Ілиясты жақсы көретінін қалай көрсетті?
5 Патшалар 1-жазба 19:1—4 оқыңыз. Езабел патшайым қоқан-лоқы көрсеткенде, Ілияс қатты қорқып, Бер-Шебаға қарай қашып кетеді. Түңілгені сонша — өзіне өлім тілейді. Оның өмірден осыншалық баз кешкені қалай? “Ілияс пайғамбар біздікіндей сезімі бар” кемелсіз адам болған (Жақ. 5:17). Ол қатты шаршап, стрестен әбден қажыса керек. “Таза ғибадатты өркендетемін деген бар еңбегім далаға кетті, исраилдіктер еш түзелмеді, Ехобаға қызмет ететіндерден жалғыз мен-ақ қалдым” деп те уайымдаса керек (Пат. 1-ж. 18:3, 4, 13; 19:10, 14). Сенімін серік еткен адал пайғамбардың осындай күй кешкені бізді таңғалдырар, бірақ Ехоба оның сезімдерін жақсы түсінді.
6 Ішіндегісін ақтарып салған пайғамбарын Ехоба еш жазғырмады. Қайта, оған күш жинап, әлденіп алуға көмектесті (Пат. 1-ж. 19:5—7). Сосын құдіретін паш етіп, жұмсақ түрде оның ойын түзетті. Сондай-ақ Исраилде Бағалға табынбаған әлі 7000 адам бар екенін айтты (Пат. 1-ж. 19:11—18). Ехоба Ілиясты жақсы көретінін осындай жолдармен көрсетті.
ЕХОБАНЫҢ БҮГІНГІ КӨМЕГІ
7. Ехобаның Ілиясқа көмектескенінен не білеміз?
7 Күйзеліске душар еткізетін жағдайлар сізде де бар шығар. Ехоба кезінде Ілиястың сезімдерін түсінгені жанымызға жылу береді. Жан азабына түскенімізде, Ехоба бізді де жақсы түсінеді. Ол шама-шарқымызды, не ойлап, не сезінетінімізді біледі (Зәб. 103:14; 139:3, 4). Ехобаға Ілияс сияқты сенім артсақ, ол бізге стреспен күресуге көмек береді (Зәб. 55:22).
8. Ехоба сізге стреспен күресуге қалай көмектеседі?
8 Стресс санамызды бұрыс ойларға бұрып, еңсемізді езетін шығар. Мұндайда Ехобаның көмегіне жүгініңіз. Ол сізге қалай көмектеседі? Ехоба бар уайымыңызды оған айтып, шер тарқатуға шақырады. Зар жылап көмекке шақырғаныңызда жауап береді (Зәб. 5:3; Пет. 1-х. 5:7). Сондықтан мазаңызды алған жайттар туралы дұға айтуды доғармаңыз. Ехоба Ілияспен сөйлескендей сөйлеспесе де, сізге Сөзі арқылы және ұйымы арқылы тіл қатады. Қалай дейсіз ғой? Киелі кітаптан оқыған тармақтар жаныңызға жұбаныш беріп, үміт сыйлайды. Ал бауырластар сізге тіреу болып, қолдау көрсетеді (Рим. 15:4; Евр. 10:24, 25).
9. Адал досымыз бізге қалай көмектеседі?
9 Ехоба Ілиясқа міндетін Елішеге тапсыруды айтқанда, оны қамқор доспен қамтамасыз етті. Ілияс қамыққанда, Еліше оның жанынан табылып, демеу болғанында күмән жоқ. Сол сияқты адал досымызға ішіміздегі шерімізді тарқатсақ, ол ыңқыл-күрсінісімізден жеңілдеуге көмектеседі (Пат. 2-ж. 2:2; Нақ. с. 17:17). Мұндай досыңыз болмаса, Ехобаға дұға етіп, демеу болатын толысқан мәсіхшіні табуға көмектесуін сұраңыз.
10. Ілиястың бастан өткергені бізге қандай үміт береді? Ишая 40:28, 29-дағы уәде бізге қалай көмектеседі?
10 Ехоба Ілиясқа күйзелісті еңсеруге және жылдар бойы адалдық сақтауға көмектесті. Ілиястың мысалы бізге де үміт береді. Біз физикалық және эмоциялық күшімізді тауысатын ауыр қиындықтардан өтуіміз мүмкін. Бірақ сондай кездері Ехобаға сенім артсақ, ол бізге әрі қарай да қызмет ете беруге қажетті қуат дарытады (Ишая 40:28, 29 оқыңыз).
ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТҚАН ҮШ ЖАН
11—13. Жанкүйзелісі Құдайдың ежелдегі үш қызметшісін қандай күйге түсірді?
11 Киелі кітапта ауыр күйзеліске шалдыққан басқа адамдар туралы да айтылады. Мысалы, Ханна “бедеу” деген жаманаттан қатты жапа шеккен. Бұл аздай, күндесі жығылғанға жұдырық болып оны мазақ ететін (Сам. 1-ж. 1:2, 6). Ханнаның жаны қиналғаны сонша — етегі жасқа толып, нәр татпайтын (Сам. 1-ж. 1:7, 10).
12 Дәуіт патшаның да сарыуайымнан сарғайған кездері болған. Оның басынан өткерген қиыншылықтары жайлы ойлап көріңізші. Өмірде көп қателік жібергендіктен, оны ар-ұяты мазалап, еңсесін басқан (Зәб. 40:12). Бұған қоса, сүйікті ұлы Абессалом оған қарсы шығып, ақырында қаза болды (Сам. 2-ж. 15:13, 14; 18:33). Сондай-ақ ең жақын достарының бірі оны сатып кетті (Сам. 2-ж. 16:23—17:2; Зәб. 55:12—14). Дәуіт өзінің жаралы сезімдерін, сондай-ақ Ехобаға деген мызғымас сенімін көп жырмен жеткізді (Зәб. 38:5—10; 94:17—19).
Зәбүр жыршысы көзқарасын қалай түзеді? (13—15 абзацтарды қараңыз)d
13 Ал бір зәбүр жыршысы зұлым адамдардың өміріне қызыға қарай бастайды. Ол леуілік Асаптың ұрпағы болса керек. Бұл жыршы “Құдайдың айбынды ғибадатханасында” қызмет еткен. Ол бірде қатты күйзеліп, өміріне наразы болып, өзін бақытсыз сезінеді. Тіпті Құдайдың беріп жатқан баталарына да көңілі толмайды (Зәб. 73:2—5, 7, 12—14, 16, 17, 21).
14, 15. Ехобадан көмек сұраған үш адамнан не үйренеміз?
14 Осы адал адамдардың үшеуі де Ехобаның көмегіне жүгінген. Олар жан-тәндерімен дұға айтып, уайымдарын Құдайға артқан. Күйзеліп жүргендерінің себебін емін-еркін жеткізген. Сондай-ақ Ехобаға ғибадат ететін орынға барып, оған сиынуды доғармаған (Сам. 1-ж. 1:9, 10; Зәб. 55:22; 73:17; 122:1).
15 Ехоба осы қызметшілеріне жанашырлықпен жауап берді. Ханна жантыныштығына ие болды (Сам. 1-ж. 1:18). Дәуіт болса: “Әділ жан қиындыққа көп кезігеді, Бірақ Ехоба соның бәрінен азат етеді”,— деп жырлады (Зәбүр 34:19). Ал зәбүр жыршысын Ехоба сүйіспеншілікпен түзетіп, “оң қолынан ұстап жетеледі”. Ол: “Құдайға жақын болғаным қандай игі!.. Мен Әлемнің Әміршісі Ехобаны паналадым”,— деп жырлады (Зәб. 73:23, 24, 28). Бұдан не үйренеміз? Кейде біз де қиындықтан еңсемізді көтере алмай, стреске түсеміз. Бірақ Ехоба қызметшілеріне қалай көмектескені жайында ойлансақ, оған дұға айтып арқа сүйесек және оның еркін әрі қарай да орындай берсек, күйзелісті жеңе аламыз (Зәб. 143:1, 4—8).
ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТЫП, ЖЕҢІСКЕ ЖЕТІҢІЗ!
Алғашында әйел бауырласымыз оқшауланып жүрді, бірақ өзгелерге көңіл бөле бастағанда, жағдайы оңалды (16, 17-абзацты қараңыз)
16, 17. а) Өзгелерден неге оқшауланбауымыз керек? ә) Күш-қуатты қайдан алсақ болады?
16 Жоғарыда айтылған Құдайдың үш қызметшісінен бір маңызды сабақ аламыз: біз Ехоба мен оның халқынан бөлектенбеуіміз керек (Нақ. с. 18:1). Күйеуі тастап кетіп, жан азабын тартқан Нэнси былай дейді: “Бірталай уақыт ешкімді көргім де, сөйлескім де келмеді. Бірақ оқшауланған сайын қайғы-мұңға бата бердім”. Қиналып жүрген өзге адамдарға көмектесудің жолын іздей бастағанда, Нэнсидің жағдайы оңала түсті. “Қиыншылықтары жайында айтып жатқанда, мен оларды мұқият тыңдадым. Өзгеге көбірек жанашырлық танытқан сайын, өзімді азырақ аяйтын болдым”,— дейді Нэнси.
17 Қауым кездесулері бізге күш беріп, бойымызға қуат бітіреді. Ол жерде біз Ехобаға “көмекшіміз әрі жұбатушымыз” болуға мүмкіндік береміз (Зәб. 86:17). Кездесулерде Ехоба бізді киелі рухы, Сөзі және халқы арқылы қолдап-қуаттайды. Онда біз “өзара жігерленеміз” (Рим. 1:11, 12). София есімді бауырласымыз былай дейді: “Ехоба мен бауырластардың арқасында құламай берік тұрдым. Әсіресе қауым кездесулеріміз көп көмегін тигізді. Бір байқағаным, қызмет пен қауымда көп еңбектенсем, уайыммен және стреспен жақсырақ күреседі екенмін”.
18. Түңілген кезімізде Ехоба қалай көмектеседі?
18 Жігеріміз құм болғанда мынаны ұмытпайық: Ехоба болашақта уайым мен стрестен толық арылтуды уәде етеді. Тіпті қазірдің өзінде оларды еңсеруге көмектеседі. Түңілу мен үмітсіздік сезімдерін жеңуіміз үшін, ол бойымызда “ықылас оятып, күш береді” (Філіп. 2:13).
19. Римдіктерге 8:37—39 тармақтарда қандай уәде жазылған?
19 Римдіктерге 8:37—39 оқыңыз. Елші Пауыл Құдайдың сүйіспеншілігінен бізді еш нәрсе айыра алмайтынын сеніммен айтқан. Ал күйзеліспен күресіп жүрген бауырластарға қалай көмектесе аламыз? Келесі мақалада бауырластарға Ехоба сияқты жанашырлық танытып, қолдау көрсетудің жолдарын қарастырамыз.
44-ӘН Жаны күйзелгеннің дұғасы
a Шектен тыс не созылмалы стрестің адамға физикалық және эмоциялық зияны көп. Мұндайда Ехоба бізге қалай көмектеседі? Мұны Ілияс пайғамбардың мысалынан көреміз. Сондай-ақ басқа да Киелі кітап кейіпкерлерінің үлгісін қарастыра отырып, жанымыз күйзелгенде Ехобаның көмегін алу үшін не істеу керектігін білеміз.
b Бұл мақаладағы есімдер өзгертілген.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ехобаның періштесі Ілиясты ақырын ғана оятып, нан мен су берді.
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Зәбүр жыршысы, Асаптың ұрпағы болса керек, жыр жазып, леуілік бауырларымен бірге ән шырқап отыр.