Жастар, “құтқарылуға ұмтыла беріңдер”
“Әрі қарай да мойынсұнғыш болып, қалтырай қорқып, құтқарылуға ұмтыла беріңдер” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 2:12).
1. Шомылдыру рәсімінен өту неге өте маңызды шешім? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
ЖЫЛ САЙЫН мыңдаған Киелі кітап зерттеушісі шомылдыру рәсімінен өтеді. Олардың арасында көптеген жасөспірімдер мен одан да кішілері бар. Кейбірі шындықты бала кезінен біледі. Сен де солардың қатарынан болсаң, өте дұрыс шешім қабылдадың. Әрбір мәсіхші шомылдыру рәсімінен өтуі тиіс. Шомылдыру рәсімі — құтқарылып, мәңгі өмір сүру үшін қажет қадам (Матай 28:19, 20; Петірдің 1-хаты 3:21).
2. Ехобаға бағышталудан неге қорықпағаның жөн?
2 Шомылдыру рәсімінен өткен соң, Ехоба сені көптеген жаңа жолдармен жарылқай бастады. Бұған қоса, жаңа жауапкершіліктерің де пайда болды. Бұл қандай жауапкершіліктер? Шомылдыру рәсімінен өткен күні баяндама айтқан бауырлас: “Иса Мәсіхтің құрбандығының негізінде өз күнәларыңа өкініп, Ехобаның еркін орындау үшін оған бағышталдың ба?”— деп сұрағанда, сен “иә” деп жауап бердің. Сен Ехобаны жақсы көруді және оған қызмет етуді өміріңде ең басты орынға қоюды уәде еттің. Осындай маңызды уәде бергеніңе өкінесің бе? Өкінбейтінің сөзсіз! Өміріңді Ехобаның қолына табыстағаның үшін ешқашан өкінбейтін боласың. Ехобаны танымайтын адамдар Шайтанның қол астында жүр. Олардың да, сенің де жағдайың Ібілісті еш қызықтырмайды. Керісінше, егер сен Ехобадан теріс айналып, оның жағына шықсаң әрі нәтижесінде мәңгі өмір сүру үмітінен айырылсаң, ол қатты қуанады.
3. Өміріңді Ехобаға бағыштағаның үшін ол сені қалай жарылқап жатыр?
3 Өміріңді Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткелі бері ол сені қалай жарылқап келе жатқанын ойлашы. Сен өміріңді Ехобаға тапсырғандықтан, сенімділікпен былай деп айта аласың: “Ехоба менің жағымда; мен еш қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?!” (Зәбүр 118:6). Құдайдың жағында болып, ол сені мақтан ететінін сезінуден артық құрмет жоқ!
ЖЕКЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІҢ
4, 5. а) Неге Ехобаға бағышталу әркімнің өз жауапкершілігінде деп айта аламыз? ә) Кез келген жастағы мәсіхшілердің қандай сынақтары бар?
4 Сенің Ехобамен қарым-қатынасың ата-анаңнан мұра болып қалатын қандай да бір мүлік не жер телімі сияқты емес. Әлі ата-анаңмен бірге тұратын болсаң да, Ехобамен қарым-қатынас дамыту — жеке жауапкершілігің. Неге мұны ұмытпағанымыз жөн? Ешқайсысымыз да ертеңгі күні сеніміміз нақты қалай сыналатынын білмейміз. Мәселен, сен жасөспірім шаққа өтпей тұрып шомылдыру рәсімінен өткен боларсың. Ал жеткіншектік кезеңге өткенде, бұрын болмаған сезімдерді кешіп, жаңа қиындықтарың пайда болады. Бір жасөспірім қыз былай дейді: “Әдетте кішкентай бала сыныптастарыммен туған күн тортын жей алмаймын деп, Ехоба куәгері болғанына көңілі түспейді. Ал біраз жылдан соң есейіп, жыныстық құмарлығы күшейгенде, ол Ехобаның заңдарына бағыну ең дұрыс шешім екеніне толықтай сенімді болуы керек”.
5 Бұрын кезікпеген қиындықтарды бастан кешіретін жастар ғана емес. Ересек жаста шомылдыру рәсімінен өткен адамның да сенімі өзі күтпеген жолдармен сыналуы мүмкін. Бұл сынақтар некеде, денсаулық мәселесімен не жұмыста туындауы ықтимал. Қанша жаста болмайық, әртүрлі жағдайларда Ехобаға адалдық сақтап қалуымыз керек (Жақып 1:12—14).
6. а) Ехобаға ешқандай шартсыз уәде бергенің нені білдіреді? ә) Філіпіліктерге 4:11—13 тармақтардан неге үйрене аласың?
6 Адалдық сақтау үшін, Ехобаға берген уәдеңнің ешқандай шартсыз берілгенін әрқашан есте ұста. Бұл сенің қандай жағдай болмасын, тіпті ата-анаң не достарың қызмет етпей қойса да, Құдай Тағалаға қызмет етуді доғармаймын деп оған сөз бергеніңді білдіреді (Зәбүр 27:10). Барлық жағдайда Ехобаға дұға етіп, берген уәдеңде тұруыңа көмек сұра (Філіпіліктерге 4:11—13 оқы).
7. “Қалтырай қорқып, құтқарылуға ұмтылу” деген нені білдіреді?
7 Ехоба сенімен дос болғысы келеді. Бірақ бұл достықты берік сақтау үшін және құтқарылуға ұмтылу үшін күш салу қажет. Осыған қатысты Філіпіліктерге 2:12-де: “Әрі қарай да... қалтырай қорқып, құтқарылуға ұмтыла беріңдер”,— делінген. Бұл сөздер қалай Ехобамен тығыз қарым-қатынасты сақтап, оған кез келген жағдайда адал болып қала алатынымызды жақсылап ойлану керектігін білдіреді. Ешқайсысымыз бұл маған қиын емес деп сенімділікпен айта алмаймыз. Құдайға көп жыл бойы қызмет етсе де, кейбірі адалдықтан тайып кеткенін ұмытпа. Құтқарылуға ұмтылу үшін сен қандай қадамдар жасауың керек?
КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕУ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ
8. Жеке зерттеуге не кіреді және ол неге маңызды?
8 Ехобамен достасу үшін біз оны тыңдауымыз және оған сөйлеуіміз керек. Ехобаны тыңдаудың ең басты жолы — Киелі кітапты оқып-зерттеу. Бұған Құдай Сөзін және Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді оқып, ой жүгірту жатады. Бірақ Киелі кітапты зерттеу мектептегідей емтихан тапсыру үшін мәліметті жаттап алу сияқты емес. Қайта, бұл ізденіс жасап, Ехоба туралы жаңа нәрселерді ашатын қызықты саяхат секілді. Сонда сен Ехобаға жақындай түсесің, ал ол саған жақындайды (Жақып 4:8).
Ехобамен қаншалықты жақсы пікір алысасың? (8—11 абзацтарды қара)
9. Жеке зерттеуде саған қандай құралдар көмектеседі?
9 Жеке зерттеуде сен Ехобаның ұйымы шығарып жатқан көптеген құралдарды қолдансаң болады. Мысалы, jw.org сайтының “Жасөспірімдер” деген санатындағы “Жұмыс дәптері” деп аталатын топтаманы алайық. Бұл топтама саған Киелі кітаптағы оқиғалардан білгеніңді іс жүзінде қолдануға көмектеседі. Сондай-ақ сайтта “Киелі кітап неге үйретеді?” деп аталатын ізденіс құралдары бар. Олар саған сеніміңді нығайтуға және нанымдарыңды өзгелерге түсіндіріп беруге көмектеседі. 2017 жылғы “Күзет мұнарасының” № 1 санының 3—7 беттерінен және 2009 жылдың сәуірінде шыққан “Ояныңдар!” журналының (ор.) “Жастардың сауалдары. Киелі кітапты қызығып оқу үшін не істеуге болады?” деген мақаласынан жеке зерттеуге қатысты басқа да жақсы кеңестер таба аласың. Құтқарылуға ұмтылу үшін зерттеу мен ой жүгіртудің маңызы зор (Зәбүр 119:105 оқы).
ДҰҒАНЫҢ МАҢЫЗЫ ӨТЕ ЗОР
10. Неге шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші дұға етуі қажет?
10 Киелі кітапты зерттегенде, біз Ехобаны тыңдаймыз. Ал дұға еткенде, өзіміз оған сөйлейміз. Біз дұғаға әншейін бір үйреншікті әдет не сәттілік үшін айтылатын тілек сияқты қарамауымыз керек. Дұға Жаратушымызбен шынымен сөйлесуді білдіреді. Ехоба сенің не айтатыныңды естігісі келеді! Бұл керемет емес пе?! (Філіпіліктерге 4:6 оқы). Сондықтан қандай да бір себеппен уайымға берілсең, Киелі кітап “бар ауыртпалығыңды Ехобаға артуға” шақырады (Зәбүр 55:22). Миллиондаған бауырлас бұл кеңестің пайдасын көрген. Сен де оның пайдасын көре аласың!
11. Неге Ехобаға әрдайым алғыс білдіруің керек?
11 Алайда біз Ехобадан көмек алғымыз келгендіктен ғана дұға етпеуіміз керек. Киелі кітапта: “Әрдайым алғыс білдіріңдер”,— делінген (Қолостықтарға 3:15). Кейде қиындықтарымыз жайлы ойлап уайымға батып кететініміз сонша, өзімізде бар игіліктерді елемей кетеміз. Сондықтан Ехобаға кем дегенде қандай үш нәрсе үшін ризамын деп күн сайын ойланып, сосын солар үшін оған алғысыңды білдір. 12 жасында шомылдыру рәсімінен өткен Абигел есімді жасөспірім қыз былай дейді: “Меніңше, Ехоба — рақмет айтуымызға әлемдегі ең лайық Тұлға. Біз оған мүмкіндік туған кездің бәрінде беріп жатқан сыйлары үшін алғыс айтуымыз керек”. Абигел бір кездері естіген мына сұрақ жайлы ойланып тұрады екен: “Бүгін Ехобаға не нәрселер үшін алғыс білдірсем, ертесіне солар ғана қалатын болса, менде не қалар еді?”
ӨЗ БАСЫҢНАН ӨТКІЗУДІҢ ПАЙДАСЫ
12, 13. Өз өміріңде Ехобаның ізгілігін қалай көрдің? Ехобаның өзіңе қалай көмектескені жайлы ойлағаның неге маңызды?
12 Ехоба Дәуіт патшаға көптеген қиын жағдайларға төзуге көмектесті. Соған өз өмірінде көзі жетіп ол былай деді: “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер; Одан пана тапқандар бақытты” (Зәбүр 34:8). Бұл тармақ Ехобаның ізгілігін өз өмірімізде көруіміз керектігіне нұсқайды. Сен Киелі кітап пен әдебиеттерді оқығанда әрі қауым кездесулеріне қатысқанда, Құдайдың басқаларға адал болып қалуға қалай көмектескенін білесің. Бірақ Ехобамен қарым-қатынасың нығайған сайын, Ехобаның саған қалай көмектесіп жатқанын көре білуің қажет. Өз өміріңде Ехобаның ізгі екенін қалай көрдің?
Ехобаның ұйымындағы өз орныңды әрдайым жоғары бағала
13 Әр мәсіхші Ехобаның ізгілігін өз өмірінде бір ерекше жолмен көрген: Ехоба әрқайсысымызды өзіне және Ұлына жақындатып тартты. Иса: “Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады”,— деген (Жохан 6:44). Ехоба сені өзіне жақындатып тартты деп ойлайсың ба? Әлде “Ехоба әке-шешемді өзіне жақындатты, ал мен жай ғана соларға еріп жүрмін” дейсің бе? Бірақ Ехобаға өзіңді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткеніңде, сен онымен жеке өзіңнің қарым-қатынасың бар екенін көрсеттің. Киелі кітапта: “Кім Құдайды сүйсе, Құдай сол адамды біледі”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 8:3). Ендеше, Ехобаның ұйымындағы орныңды әрдайым жоғары бағала.
14, 15. Уағыз ісі сеніміңді қатайтуға қалай көмектеседі?
14 Сондай-ақ Ехоба саған қызметте не мектепте сенімің жайлы батылдықпен айтуға көмектескенде, оның ізгілігін сезінесің. Сыныптастарыңа уағыздау оңайға соқпайтын шығар. Олар мұны қалай қабылдайтынын ойлап уайымдайтын шығарсың. Әсіресе көпшіліктің алдында тұрып нанымдарыңды түсіндіру қорқынышты болар. Бұл орайда саған не көмек болмақ?
15 Сеніп жүрген нәрселеріңе неліктен сенетінің жайлы ойла. jw.org сайтындағы ізденіс құралдары сенің тіліңде болса, оларды қолдануға тырыс. Бұл ізденіс құралдары не нәрсеге сенетініңді, оларға неліктен сенетініңді және нанымдарыңды басқаларға қалай түсіндіруге болатыны жайлы ойлануға көмектеседі. Шынымен көз жеткізсең әрі жақсылап дайындалып алсаң, Ехоба жайлы куәлік беруге ықыласты боласың (Еремия 20:8, 9).
16. Нанымдарың жайлы батыл айтуға саған не көмектесе алады?
16 Жақсылап дайындалған күннің өзінде, сенімің жайлы сөз бастауға жүрексінуің мүмкін. 13 жасында шомылдыру рәсімінен өткен 18 жасар бір қыз бауырласымыз былай деп бөліседі: “Не нәрсеге сенетінімді беске білсем де, кейде ойымдағыны жеткізуге қиналып қаламын”. Сондықтан ол шындықты еркін және табиғи мәнерде жеткізуге тырысады екен. Ол былай дейді: “Сыныптастарым не істеп жүргендері жайлы еш қысылмастан айтады. Мен де солай етуім керек. Сол үшін мен сөз арасында бір нәрселерді әңгіме қыламын, мысалы: “Өткенде Киелі кітаптан тәлім бергенде мынандай оқиға болды...”— деймін. Сосын айтқым келген тақырыпқа көшемін. Тікелей Киелі кітап туралы айтпасам да, жиі сыныптастарым Киелі кітаптан қалай тәлім беретінім жайлы білгісі келеді. Кейде олар сұрақтар да қояды. Осы тәсілді көбірек қолданған сайын, сөз бастау мен үшін оңай бола түседі. Артынан өзімді сондай бақытты сезінемін!”
17. Сенімің жайлы айтуға саған тағы не көмектесе алады?
17 Адамдар олардың қамын ойлап тұрғаныңды және құрметтейтініңді сезсе, саған және нанымдарыңа құрметпен қарауы оңайырақ болады. Кішкентай кезінде шомылдыру рәсімінен өткен 17 жасар Оливия былай дейді: “Әңгіме барысында Киелі кітап жайлы сөз қозғасам, адамдар мені дінге тым беріліп кеткен деп ойлайды деп қорқатынмын”. Кейін ол жағдайға басқаша қарай бастады. Ол қорқыныштың ойын тұсаулап алуына жол бермеді, қайта былай деп ойлады: “Көп жастар Ехоба куәгерлері туралы ештеңе де білмейді. Олар көріп жүрген Куәгерлер біздер ғана. Сондықтан уағызымызды қалай қабылдайтыны өзімізді қалай ұстайтынымызға байланысты. Ұялшақ болсақ, сеніміміз жайлы айтуға қиналсақ немесе сөйлегенде қысылып-қымтырылып тұрсақ, олар не ойлайды? Куәгер болғанымызды мақтан етпейміз деп ойлап қалуы мүмкін. Тіпті сенімсіз болып тұрғанымызды көріп, дөрекі жауап беруі де ықтимал. Ал керісінше, не нәрсеге сенетінімізді емін-еркін әрі сенімділікпен айтсақ, осылайша бұл жайлы айту біз үшін қалыпты жайт екенін көрсетсек, олар бізге құрметпен қарай бастауы әбден мүмкін”.
ҚҰТҚАРЫЛУҒА ҰМТЫЛА БЕР
18. Құтқарылуға ұмтылу үшін не істегенің жөн?
18 Осы мақалада сен үшін құтқарылуға ұмтылудың үлкен жауапкершілік екенін білдік. Құтқарылуға ұмтылу үшін Құдай Сөзін оқығаның, оқығандарың жайлы ой жүгірткенің, Ехобаға дұға еткенің және оның жеке саған түрлі жолмен көмектесіп келгені жайлы терең ойланғаның жөн. Осылай еткеннің арқасында Ехобаның Досың екеніне сенімді бола түсесің. Сонда сенімің жайлы басқаларға айтуға ықыласты боласың (Зәбүр 73:28 оқы).
19. Құтқарылуға ұмтылу неге бар күшімізді салуға тұрарлық?
19 Иса: “Кім менің соңымнан ергісі келсе, өзінен бас тартып, азап бағанасын алып, ұдайы соңымнан еріп жүрсін”,— деген (Матай 16:24). Исаның соңынан еру үшін әр мәсіхші өзін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтуі тиіс. Десе де бұл қадам бүгіндегі тамаша өмірдің басы ғана және ол болашақта Құдайдың жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүруімізге жол ашады. Ендеше құтқарылуға ұмтыла беру үшін барынша тырмысып-тырысайық!