30 қазан, бейсенбі
Неге қол жеткізсек, сол бағыттан ауытқымай өмір сүре берейік (Філіп. 3:16).
Мақсатыңызға жетпегеніңіз үшін Ехоба сізді еш жазғырмайды (Қор. 2-х. 8:12). Сәтсіздіктерден сабақ алыңыз. Киелі кітапта: “Құдай әділетсіз емес. Ол атқарған... еңбектеріңді ұмытпайды”,— делінген (Евр. 6:10). Ендеше, бұны сіз де ұмытпаңыз. Осыған дейін қанша мақсатқа жеткеніңізді ойлаңызшы. Мысалы, Ехобамен достастыңыз, басқа адамдарға ол туралы айттыңыз және шомылдыру рәсімінен өттіңіз. Сол мақсаттарға ұмтылып, түбінде қол жеткізгеніңіздей, қазіргі мақсатыңызға да біртіндеп жақындай бересіз. Ехобаның көмегімен сіз де өз мақсатыңызға қол жеткізе аласыз. Мақсатыңызға жету жолында Ехобаның сізді қалай қолдап, батасын беріп жатқанын көріп, қуана біліңіз (Қор. 2-х. 4:7). Алған бетіңізден еш қайтпаңыз. Түбінде сізді бұдан да зор баталар күтіп тұр! (Ғал. 6:9). w23.05 31-б., 16—18 абз.
31 қазан, жұма
Әкемнің өзі сендерді жақсы көреді, өйткені сендер мені жақсы көресіңдер әрі Құдайдың өкілі ретінде келгеніме сенесіңдер (Жох. 16:27).
Ехоба өзін жақсы көретін адамдарына риза екенін білдіргенді ұнатады. Киелі кітапта ол Исаға риза екенін, оны жақсы көретінін ашық айтқан екі жағдай жазылған (Мат. 3:17; 17:5). Ехобаның сізге де риза екенін естігіңіз келе ме? Төрт Ізгі хабардағы Исаның сөздерін оқысаңыз, сіз де бейнелі мағынада Ехобаның даусын ести аласыз. Өйткені Иса Әкесіне ұқсайды, ол да тура сонікіндей қасиеттер танытады. Ендеше, Киелі кітап беттерінде Иса кемелсіздіктеріне қарамастан адал болып жүрген ізбасарларына риза екенін білдіріп жатса, тура сол сөздерді Ехоба маған айтып жатыр деп қабылдаңыз (Жох. 15:9, 15). Қиындыққа кезіккеніміз Құдайдың ықыласынан айырылып қалдық дегенді білдірмейді. Біз, қайта, ондай кездері Ехобаны қатты сүйетінімізді және оған сенім артатынымызды дәлелдей аламыз (Жақ. 1:12). w24.03 28-б., 10, 11-абз.
1 қараша, сенбі
Балалар мен сәбилердің аузымен өзіңді дәріптеттің (Мат. 21:16).
Балаларыңыз болса, оларға жасына лайықты түсініктеме дайындауға көмектесіңіз. Кейде қауымда некедегі қиындықтар мен моральдық мәселелер сияқты күрделі тақырыптар талқыланады. Сондайда балалар жауап бере алатын бір-екі ғана абзац болуы мүмкін. Оларға қол көтерген сайын сұрай бермейтінін ескертіп, себебін түсіндіріп қойыңыз. Сонда балаларыңыздан емес, басқалардан сұрап жатса, олардың көңілі түспейді (Тім. 1-х. 6:18). Ехобаны мадақтайтын және бауырластарымызға жігер беретін түсініктемені барлығымыз дайындай аламыз (Нақ. с. 25:11). Кейде түсініктемеде басымыздан өткен жағдайды қысқаша айтып берерміз. Бірақ өзіміз жайлы тым көп айтып кетуден аулақ болғанымыз жөн (Нақ. с. 27:2; Қор. 2-х. 10:18). Қайта, Ехобаға, оның Сөзіне және тұтас халқына назар аударуға асық болайық (Аян 4:11). w23.04 24-б., 17, 18-абз.