27-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ехобадан не үшін қорқуымыз керек?
“Ехобадан қорқатындар оның досы аталады” (ЗӘБ. 25:14).
8-ӘН Ехоба — біздің қорғанымыз
АҢДАТПАa
1, 2. Зәбүр 25:14-ке сай, Ехобамен жақын дос болу үшін не қажет?
ҚАЛАЙ ойлайсыз, біреумен жақын достығымызды сақтап қалу үшін қандай қасиеттер керек? Бәлкім, бір-бірімізді жақсы көріп, қолдап-демеп отыруымыз керек дерсіз. Бірақ достықты сақтау үшін қорқыныш керек деп ешкім айтпайтын шығар. Алайда осы мақаланың негізгі тармағы Ехоба Құдаймен жақын дос болу үшін, одан “қорқуымыз” керек дейді (Зәбүр 25:14 оқыңыз).
2 Ехобаға қанша жылдан бері ғибадат етпейік, бәрімізге де одан қорқу қасиетін дамыта беру керек. Ал Құдайдан қорқу деген нені білдіреді? Ехобадан қорқуды қалай үйрене аламыз? Сарай басқарушысы Абадиядан, бас діни қызметкер Еходайдан және Жоғас патшадан қандай сабақ аламыз?
ҚҰДАЙДАН ҚОРҚУ ДЕГЕН НЕ?
3. Біз қай кезде қорқыныш сезінеміз және оның қандай пайдасы бар?
3 Қорқыныш сезімі, әдетте, қандай да бір қауіпті байқағанда пайда болады. Мұндай қорқыныштың бір пайдасы — бізді ақымақтық жасаудан сақтайды. Мысалы, жардан құлап кетемін деп қорықсақ, оған мүлдем жақындамай, алшақ жүреміз. Ал жарақат алудан қорықсақ, қауіпті жағдайларды айналып өтеміз. Досымыздан айырылып қалғымыз келмесе, оған ауыр сөз айтудан, көңіліне тиетін әрекеттен аулақ боламыз.
4. Шайтан біздің Ехобадан қалай қорыққанымызды қалайды?
4 Ал Шайтан адамдардың Құдайдан осындай орынды себеппен емес, үрейлене, жан ұшыра қорыққанын қалайды. Сол үшін ол Елифаздың айтқан ойын насихаттап, Ехобаны тым талапшыл, қаһарлы және жазалаушы Құдай етіп көрсетуде (Әйүп 4:18, 19). Ол біздің Ехобадан үрейленгеніміз сонша — оған қызмет етпей қойғанымызды көксейді. Бұдан аулақ болу үшін, Құдайдан дұрыс себеппен қорқуды үйренуіміз керек.
5. Құдайдан қорқу деген не?
5 Ехобадан дұрыс себеппен қорқатын адам оны сүйеді әрі онымен қарым-қатынасына сызат түсіретін кез келген әрекеттен аулақ жүреді. Иса Құдайдан дәл осылай қорыққан (Евр. 5:7). Онікі үрей емес, қастерлі сезім болған (Ишая 11:2, 3). Өйткені ол Ехобаны қатты жақсы көрген және әрқашан тілін алып жүргісі келген (Жох. 14:21, 31). Иса сияқты біз де Ехобаны терең құрметтеп, қастерлейміз. Өйткені оның тұла бойы сүйіспеншілікке тұнып тұрған, дана, әділ де құдіретті Құдай екенін таныдық. Сондай-ақ оның бізді қатты жақсы көретінін, сондықтан әрекетіміз оған әсер ететінін де білдік: оған құлақ ассақ, сүйіндіреміз, тілазар болсақ, күйіндіреміз (Зәб. 78:41; Нақ. с. 27:11).
ҚҰДАЙДАН ҚОРҚУДЫ ҚАЛАЙ ҮЙРЕНЕМІЗ?
6. Құдайдан қорқуды үйренудің бір жолы қандай? (Зәбүр 34:11)
6 Құдайдан қорқу — туа бітетін қасиет емес. Оны өзіміз бойымызда жетілдіруіміз қажет (Зәбүр 34:11 оқыңыз). Бұл үшін Ехобаның жаратылыстарын мұқият бақыласақ болады. Жаратылыстарына қарап, оның құдіретіне, даналығы мен асқан сүйіспеншілігіне көз жеткізген сайын, Ехобаға деген құрметіміз бен сүйіспеншілігіміз тереңдей түседі (Рим. 1:20). Адриана есімді бауырлас былай дейді: “Жаратылыстарына қарағанда, Ехоба неткен дана Құдай деп таңғаламын! Шынында да, маған не жақсы, не жаман екенін одан артық ешкім білмейді”. Осылай ой жүгірте келе ол: “Ендеше, қалайша мен өмір берген Ехоба Құдайымды ренжітіп, достығымызға сызат түсірмекпін?”— деп түйіндеді. Олай болса, сіз де осы аптада уақыт бөліп, Ехобаның бір жаратылысына мән беріп ойланып көріңіз. Бұл Ехобаға деген сүйіспеншілігіңізді тереңдетіп, құрметіңізді өсіреді (Зәб. 111:2, 3).
7. Бойымызда Ехобадан қорқыныш дамытуға дұға қалай көмектеседі?
7 Бойымызда Ехобадан қорқыныш дамытудың тағы бір жолы — ұдайы дұға ету. Оған жиі-жиі дұға еткен сайын, оның шынайы, тірі тұлға екенін сезіне түсеміз. Мысалы, одан қиындыққа төзуге күш сұрасақ, құдіреті шексіз екенін еске аламыз. Біз үшін Ұлын қиғанына ризашылық білдіргенде, бізге деген ыстық сүйіспеншілігін ойға аламыз. Қандай да бір мәселе бойынша ақыл сұрап жалбарынсақ, оның асқан кемеңгер, дана Құдай екенін еске аламыз. Осындай дұғалардан соң Ехобаны одан сайын қастерлей түсеміз және арадағы достығымызды еш бұзбауға белді бекем буамыз.
8. Ехобадан қорқу қасиетін жоғалтпау үшін, не істесек болады?
8 Құдайдан қорқу қасиетін жоғалтпау үшін, Қиелі кітапты сабақ алу мақсатымен зерттеуіміз қажет. Ондағы үлгілердің жақсысынан үйреніп, жаманынан жирене білуіміз керек. Ендеше, қазір Ехобаға адал қызмет еткен екі кісінің, яғни Ахаб патшаның сарай басқарушысы болған Абадия мен бас діни қызметкер Еходайдың үлгісін қарастырайық. Ал сосын, Ехобаны алғашында қастерлеп, кейін тастап кеткен Жоғас патшадан сабақ аламыз.
ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚҚАН АБАДИЯ СИЯҚТЫ БАТЫЛ БОЛЫҢЫЗ
9. Ехобадан қорыққанның арқасында Абадия қандай адам болды? (Патшалар 1-жазба 18:3, 12)
9 Киелі кітапта айтылғандай, “Абадияb Ехобаны барынша қастерлейтін адам” болған (Патшалар 1-жазба 18:3, 12 оқыңыз). Құдайдан қорыққанның арқасында ол адал да сенімді болған, өйткені патша оған сарай басқарушысы болуды сеніп тапсырған (Нехемия 7:2 салыстырыңыз). Құдайдан қорыққаны оны ерекше батыл да етті. Батылдық керек болған себебі — ол өте қиын заманда Ехобаға ғибадат етіп жүрді. Ол “жасаған зұлымдығы өзіне дейінгілердің бәрінен асып түскен” Ахаб патшаның тұсында өмір сүрген (Пат. 1-ж. 16:30). Ал оның Бағалға табынатын әйелі Езабел Ехобаны жек көргені сонша — он рулы солтүстік патшалықтан таза ғибадатты жойып жібергісі келді, тіпті Құдайдың көп пайғамбарын мерт қылды (Пат. 1-ж. 18:4).
10. Абадия қалай асқан батылдық танытты?
10 Абадия асқан батылдық танытқан бір оқиғаны қарастырайық. Езабел Ехобаның пайғамбарларының көзін құртамын деп қыр соңдарына түскенде, Абадия “100 пайғамбарды елу-елуден үңгірлерге жасырып, нан-сумен қамтамасыз етіп тұрды” (Пат. 1-ж. 18:13, 14). Езабел мұны біліп қойса, оны ойланбастан өлімге кесер еді. Ет пен сүйектен жаралғандықтан, Абадия да қорыққан шығар, өлгісі келмеген болар. Сонда ол осындай ерлікке қалай барды? Өйткені Ехобаны және оның қызметшілерін өз өмірінен артық сүйді.
Ісімізге тыйым салынса да, ер бауырлас батылдық танытып, бауырластарына рухани ас-су жеткізіп жүр (11-абзацты қараңыз)d
11. Бүгінде бауырластар Абадияға қай жағынан еліктеп жүр? (Суретті де қараңыз.)
11 Бүгінде ісімізге тыйым салынған елде тұратын Ехобаның қызметшілері де Абадияға ұқсайды. Олар билік өкілдерін құрметтейді, әрине. Бірақ “Құдайдікін Құдайға” береді, яғни оған қалтқысыз берілгендік танытады (Мат. 22:21). Ехобадан қорыққандықтан, олар бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнады (Ел. іс. 5:29). Мысалы, ізгі хабарды уағыздауды жалғастыра береді және жиналыстарды өткізудің жасырын түріне көшеді (Мат. 10:16, 28). Сондай-ақ бауырластарын қажетті рухани ас-сумен қамдап отыруға тырысады. Африкада тұратын Генри бауырластың елінде Куәгерлердің ісіне уақытша тыйым салынады. Сол кезде ол бауырластарына жасырын түрде әдебиеттер жеткізуге атсалысады. “Мен, негізі, өте ұяң, жасқаншақ адаммын. Сондықтан мені батыл еткен Ехобаға деген терең қастерлі сезімім деп сеніммен айта аламын”,— дейді Генри. Сіз де бойыңызда Ехобадан қастерлі қорқыныш дамытсаңыз, Генри сияқты батыл бола аласыз.
ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚҚАН ЕХОДАЙ СИЯҚТЫ АДАЛ БОЛЫҢЫЗ
12. Бас діни қызметкер Еходай мен әйелі Ехошабат қай жағдайда Ехобаға адалдық сақтады?
12 Бас діни қызметкер Еходай Ехобадан қорыққандықтан, оған адал болған және таза ғибадатты асқақтатуға атсалысқан. Оның кезінде Езабелдің қызы Аталия Яһуда патшалығының тағын заңсыз жолмен тартып алған болатын. Ол өте жауыз, безбүйрек әйел болған. Жұрт одан қатты қорқатын. Аталия билікті көксегені сонша — патша тұқымын, тіпті өз немерелері болса да, түгел қырып тастаудан тайынбады (Шеж. 2-ж. 22:10, 11). Бірақ Еходайдың әйелі Ехошабат патшаның Жоғас деген бір ұлын аман алып қалады. Екеуі Жоғасты тығып ұстап, бағып-қағады. Осылай олар Дәуіттен тарайтын патшалар әулетін құтқарып қалады. Бас діни қызметкер Еходай Ехобаға осылай адалдық сақтады және Аталиядан еш сескенбей әрекет етті (Нақ. с. 29:25).
13. Жоғас жеті жаста болғанда, Еходай адалдығын тағы қалай көрсетті?
13 Жоғас жетіге келгенде, Еходай Ехобаға деген адалдығын тағы дәлелдеді. Ол тақтың заңды мұрагері Жоғасты патша етудің жоспарын құрды. Бірақ, бір қауіптісі, жоспар жүзеге аспай қалса, Еходай өмірімен қош айтыспақ еді. Қуанышқа орай, Ехоба оның жоспарына батасын төкті. Басшылар мен леуіліктердің қолдауымен ол Жоғасты патша тағына отырғызды, ал Аталияны өлімге кесті (Шеж. 2-ж. 23:1—5, 11, 12, 15; 24:1). Бұдан кейін Еходай “патша мен халыққа Ехобамен келісім жасатты. Олар әрқашан Ехобаның халқы болуды уәде етті” (Пат. 2-ж. 11:17). “Сонымен қатар Еходай қандай да бір себеппен арамдалып қалған адам Ехобаның үйіне кірмеу үшін, оның қақпаларына күзетшілер қойды” (Шеж. 2-ж. 23:19).
14. Ехобаны құрметтегені үшін Еходай қандай құрметке бөленді?
14 Ехоба: “Мені құрметтейтіндерді мен де құрметтеймін”,— деген. Адал қызметшісі Еходайды да ол зор құрметке бөледі (Сам. 1-ж. 2:30). Мысалы, Еходайдың жасаған игі істерінің бәрін бізге тәлім болсын деп жазып қалдырды (Рим. 15:4). Ал көз жұмғанында, Ехоба оны ілуде бір болатын мәртебеге бөледі: “Исраил халқына және шынайы Құдай мен оның үйіне қатысты жасаған ізгілігі үшін, Еходайдың сүйегі Дәуіттің қаласындағы патшалар қабірінің біріне қойылды” (Шеж. 2-ж. 24:15, 16).
Біз де Ехобаны бас діни қызметкер Еходай сияқты қастерлеп, бауырластарға адал көмекші болуға талпынайық (15-абзацты қараңыз)e
15. Еходайдың оқиғасынан не үйренеміз? (Суретті де қараңыз.)
15 Еходайдың оқиғасы бауырластардың бәріне Ехобадан қорқыныш дамытуға көмектеседі. Мысалы, ақсақалдар Еходай сияқты сергек болып, Құдайдың отарын адалдықпен қорғауды үйренеді (Ел. іс. 20:28). Ал үлкен жастағы бауырластар Ехобадан қорқып, адалдық сақтап жүрсе, Ехоба оларды өз ниетін жүзеге асыру үшін қолданады. Ол “қартайды екен” деп қызметшілерін есептен шығарып тастамайды. Жастар, сендер Ехобаның Еходайды құрметке бөлегенінен не үйренесіңдер? Қауымдағы қарияларды, әсіресе ұзақ жылдан бері адал қызмет етіп жүргендерін ардақтап, қадірлей біліңдер (Нақ. с. 16:31). Еходайға тірек болған басшылар мен леуіліктерден болса бәріміз сабақ ала аламыз, яғни арамызда “басшылықты қолға алғандарға” адалдықпен мойынсұнамыз (Евр. 13:17).
ЖОҒАСТЫҢ ІСІНЕН ЖИРЕНЕЙІК
16. Жоғас патшаның рухани босаңдығы неден байқалды?
16 Еходай Жоғас патшаға жақсы ықпал етті (Пат. 2-ж. 12:2). Жас кезінде Жоғас Ехобаға ұнамдыны істеуге ниетті еді. Бірақ Еходай қайтыс болған соң, ол жолдан тайған бекзадаларға еріп кетті. Соның кесірінен өзі де, қол астындағы халық та “қасиетті бағаналар мен пұттарға табына бастады” (Шеж. 2-ж. 24:4, 17, 18). Бұған қатты жүрегі ауырған “Ехоба оларды өзіне қайтару үшін пайғамбарларын жібергенмен,.. олар құлақ асудан бас тартты”. Олар тіпті Еходайдың ұлы Зәкәрияныc да — Ехобаның пайғамбары әрі діни қызметкер болса да, тіпті Жоғас патшаның немере бауыры болса да — тыңдамады. Бұдан да сорақысы, Жоғас патша Зәкәрияны өлтіртіп, кезінде өзінің өмірін сақтап қалған отбасының жақсылығын мүлдем ұмытты (Шеж. 2-ж. 22:11; 24:19—22).
17. Жоғаспен ақырында не болды?
17 Ехоба: “Мені менсінбейтіндер жұрттың бәріне жексұрын болады”,— деген болатын (Сам. 1-ж. 2:30). Жоғас патша Ехобадан қорықпай кеткендіктен, арты жаман болды. Сирияның аз ғана әскері Жоғастың қалың әскерін ойран етіп, ал өзін қатты жаралайды. Ал кейінірек, кезінде Зәкәрияның қанын төккені үшін, бұл зұлым патшаны өз қызметшілері өлтіріп кетеді. Ал оның денесі “патшалар қабіріне” қойылуға лайықсыз деп табылады (Шеж. 2-ж. 24:23—25).
18. Еремия 17:7, 8-ге сай, Жоғастың қателігін қайталамау үшін не істеуіміз керек?
18 Жоғастан қандай сабақ аламыз? Ол тіреуішке байланып тұрған, тамыры қып-қысқа ағаш сияқты болды. Оған тірек болған Еходай көз жұмғаннан кейін жолдантаюшылардың ықпалы желдей соғып еді, ол бірден құлап түсті. Біздің де бауырластарымыздың не мәсіхші отбасымыздың ықпалымен ғана Құдайдан қорқып жүргеніміз жарамайды. Жеке зерттеу, ой жүгірту және дұға етумен Құдайдан қорқынышымыз бен шын берілгендігімізді бекемдей беруіміз керек. Сонда тамырымыз терең жайылып, рухани мықты боламыз (Еремия 17:7, 8 оқыңыз; Қол. 2:6, 7).
19. Ехоба бізден не талап етеді?
19 Ехоба бізден көп нәрсе талап етпейді. Оның бізден не күтетіні Уағыздаушы 12:13-те былай деп түйінделген: “Құдайдан қорқып, бұйрықтарын орында, себебі адам баласының бар парызы — осы”. Бойымызда осындай қорқыныш болса, алдағы кез келген сынақтан Абадия мен Еходай сияқты сүрінбей өтіп, нық тұрамыз. Сонда Ехобамен достығымызды еш нәрсе бұза алмайды.
3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің
a Жазбалардағы “қорқу” сөзінің мағынасы кең. Мәнмәтінге қарай ол үрейленуді, құрметтеуді я қастерлеуді білдіреді. Бұл мақалада біз көктегі Әкемізге батыл да адал қызмет етуге қозғау болатын қорқынышты дамыту жайлы айтамыз.
b Бұл — бірнеше ғасырдан кейін өмір сүрген әрі өзінің атымен аталатын кітапты жазған Абадия пайғамбар емес.
c Матай 23:35-те Зәкәрия Барақияның ұлы екені айтылған. Киелі кітаптағы кейбір адамдардікіндей, Еходайдың да екі есімі болған деген тұжырым бар (Мат. 9:9 бен Мар. 2:14-ті салыстырыңыз). Немесе Барақия Зәкәрияның атасы я арғы аталарының бірі болған болуы мүмкін.
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бұл суретте ер бауырлас ісімізге тыйым салынған кезде рухани ас үлестіріп жүр.
e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қыз бауырлас жасы үлкен әйел бауырластан телефонмен уағыздауды үйреніп жатыр. Жасы үлкен ер бауырлас көпшілік алдында батыл уағыздауымен үлгі көрсетіп тұр. Тәжірибесі мол ер бауырлас Патшалық сарайында жөндеу жұмыстарын жасауды үйретіп жатыр.