31-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
“Берік болыңдар, мызғымай тұрыңдар”
“Сүйікті бауырластарым, берік болыңдар, мызғымай тұрыңдар” (ҚОР. 1-х. 15:58).
122-ӘН Берік те мығым бол!
АҢДАТПАa
1, 2. Қай мағынада мәсіхші зәулім ғимаратқа ұқсайды? (Қорынттықтарға 1-хат 15:58)
1970 жылдардың аяғына таман Жапонияның Токио қаласында аспанмен таласқан 60 қабатты ғимарат бой көтере бастады. Сол кезде жұрт жер сілкінісі жиі болатын қалада бұндай зәулім үй қалай тұрмақ деп ойлады. Сөйтсе, инженерлер бұл ғимаратты берік қылып, сөйте тұра дүмпулерде қирап кетпей, иілетіндей етіп жасаған екен. Мәсіхшілер де қандай да бір мағынада осы ғимаратқа ұқсайды.
2 Себебі олар берік әрі иліккіш болып, осы екі қасиеттің ортасын таба білу керек. Мәселен, мәсіхші Құдайдың заң-талаптарын орындауға келгенде берік тұруы қажет (Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқыңыз). Ол “мойынсұнуға дайын” әрі өз ұстанымынан еш аттамайды. Бірақ орынды болса не жағдай талап етіп тұрса, “иліккіш” те бола біледі (Жақ. 3:17). Осындай мәсіхші тым қатал да, тым жұмсақ та емес. Бұл мақалада осы екі қасиеттің біріншісіне тоқтап, қандай нәрседе мызғымай тұруымыз керектігін қарастырамыз. Сондай-ақ Шайтан бізді қандай бес жолмен шайқалтқысы келетінін және оған қалай төтеп бере алатынымызды білеміз.
НЕ НӘРСЕДЕ БЕРІК БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК?
3. Ең жоғарғы Заң шығарушымыз Елшілердің істері 15:28, 29-да қандай заңдар берген?
3 Ең жоғарғы Заң шығарушымыз Ехоба өзінің халқына әрдайым анық та қанық заңдар беріп отырған (Ишая 33:22). Мысалы, І ғасырда басқарушы кеңес мәсіхшілерге қандай үш мәселеде мызғымай тұру керектігін айтқан: 1) пұтқа табынудан аулақ болып, жалғыз Ехобаға ғибадат ету, 2) қанның қасиеттілігін құрметтеу, 3) Киелі кітаптағы жоғары моральдық нормаларды ұстану (Елшілердің істері 15:28, 29 оқыңыз). Бүгінде мәсіхшілер осы үш салада қалай беріктік танытып жүр?
4. Ехобаға қалтқысыз берілу деген не? (Аян 4:11)
4 Біз пұттарға табынбаймыз, жалғыз Ехобаға ғибадат етеміз. Ехоба Исраил халқынан оған қалтқысыз берілуді талап еткен (Мұс. 5-ж. 5:6—10). Кейін Ібіліс азғырғанда, Иса да жалғыз Ехобаға табыну керектігін шегелеп айтқан (Мат. 4:8—10). Сондықтан біз пұтқа жататын бейне не мүсіндерге бас имейміз. Бұған қоса, діни жетекшілерді, үкімет басыларын, спорт пен өнер жұлдыздары сияқты адамдарды құдайдай көріп, пір тұтпаймыз. Біз “бәрін жаратқан” Ехобаға ғана ғибадат етіп, тек соған ғана берілгенбіз (Аян 4:11 оқыңыз).
5. Не үшін біз Ехобаның өмір мен қанды қасиетті тұтыңдар деген заңын ұстанамыз?
5 Біз Ехобаның өмір мен қанды қасиетті тұтыңдар деген заңын ұстанамыз. Не үшін? Өйткені Ехоба қан өмірді білдіретінін айтқан, ал өмір — оның бізге тарту еткен баға жетпес сыйы (Мұс. 3-ж. 17:14). Ол адамдарға алғаш рет ет жеуге рұқсат бергенде, оны қанымен жеуге тыйым салған (Мұс. 1-ж. 9:4). Кейінірек Исраил халқына Мұса Заңын бергенде де осыны бұйырды (Мұс. 3-ж. 17:10). Ал I ғасырда Ехоба басқарушы кеңес арқылы мәсіхшілердің бәрінен “қаннан... аулақ болуды” талап етті (Ел. іс. 15:28, 29). Бүгінде біз ем-шара қабылдау мәселесінде осы заңды берік ұстанамызb.
6. Ехобаның жоғары моральдық нормаларымен өмір сүруге біз қалай күш саламыз?
6 Ехобаның жоғары моральдық нормаларын берік ұстанамыз (Евр. 13:4). Елші Пауыл дене мүшелеріңді “өлтіріңдер” дегенде, жаман құмарлықтардан арылу үшін қатаң шара қолдануды айтқан. Сондықтан біз жыныстық азғындыққа апаратын нәрселерді көрмейміз де, істемейміз де (Қол. 3:5; Әйүп 31:1). Ал бізді азғыратын жағдаймен бетпе-бет келгенде, Ехобамен достығымызды бұзатын ой мен істен бірден бас тартамыз.
7. Біз не істеуге бекінуіміз қажет және неге?
7 Ехоба біздің оған “шын жүректен мойынсұнғанымызды” қалайды (Рим. 6:17). Біз оның мына заңына бағынамын, ал мына заңы маған қажет емес деп таңдай алмаймыз, оның қай заңын ұстансақ та, өзіміздің пайдамыз үшін (Ишая 48:17, 18; Қор. 1-х. 6:9, 10). Біз Ехобаға ұнамды болу үшін бар күшімізді саламыз. Өйткені зәбүр жыршысы сияқты біз де “жарлықтарына мойынсұнуға жүрегімізді бейімдейміз, әрқашан, ақырына дейін, солай етуге бел буамыз” (Зәб. 119:112). Бірақ Шайтан біздің босаңсып, осы шешімімізден тайып кеткенімізді қалайды. Бұл үшін ол қандай айла-амал қолданады?
БЕРІКТІГІМІЗДЕН ТАЙДЫРУ ҮШІН ШАЙТАН НЕ ІСТЕЙДІ?
8. Беріктігімізден тайдыру үшін Шайтан бізді қалай қудалайды?
8 Қудалау. Ібіліс күш көрсету арқылы немесе қорқытып, эмоциялық қысым жасау арқылы беріктігімізді сындырғысы келеді. Ол бізді тірідей “жалмап” қойсам екен дейді, яғни Ехобамен достығымызды үзгісі келеді (Пет. 1-х. 5:8). I ғасырдағы мәсіхшілер беріктігінен таймай қойғанда, Шайтан оларға қоқан-лоқы көрсетіп, ұрып-соғып, тіпті кейбірін өлтірткен (Ел. іс. 5:27, 28, 40; 7:54—60). Ол Құдайдың халқын әлі де қудалап келеді. Мысалы, Ресей мен басқа елдерде бауырластар үкімет пен өзге де қарсыластардың тарапынан жауыздық пен қорлық көріп жатыр.
9. Шайтанның зымияндығынан абай болу керектігіне мысал келтіріңіз.
9 Алдап түсіру. Шайтан ашық шабуылдан бөлек, “зымиян іс-әрекеттерге” де барады (Ефес. 6:11). Мәселен, Роберт деген ер бауырлас күрделі ота жасату керек болып, ауруханаға жатады. Ол дәрігерлерге қайткен күнде де оған қан құймауды ескертіп қояды. Ота жасайтын дәрігер бұған келіседі. Бірақ отадан бір күн бұрын Роберттің жақындары ауруханадан кетіп қалғанда, оған анестезиолог кіріп-шығады. Қасында жақындары жоқта ойынан айнып қалар деген пиғылмен болса керек, ол: “Әрине, қан қажет болмайды деп үміттенеміз, бірақ жағдай қиындап жатса, қанды қасымызда дайын ұстап тұрамыз”,— дейді. Сонда Роберт бауырласымыз берік шешімінен айнымай: “Мен өліп кетсем де қан құйдырмаймын”,— дейді.
10. Адамдардың көзқарасы несімен қауіпті? (Қорынттықтарға 1-хат 3:19, 20)
10 Адамдардың көзқарасы. Айналамыздағы адамдардың ой-пікіріне еріп кетсек, Ехобаны да, оның нормаларын да елемей кетеміз (Қорынттықтарға 1-хат 3:19, 20 оқыңыз). Өйткені “осы дүниенің даналығы” ең бірінші тәндік қалауыңды ойлауға шақырады. Кезінде Пергам мен Тиатира қалаларында пұтқа табыну, азғын өмір сүру кәдімгі нәрсе саналатын. Бұл жаман көзқарас қауымдағы бірен-саран мәсіхшіге де сіңген болатын. Жыныстық азғындыққа төзіп жүргендері үшін осы екі қауымды Иса қатаң ескерткен (Аян 2:14, 20). Бүгінде де осы әлем бұрыс көзқарасын бізге жан-жақтан тықпыштайды. Мысалы, ойымыздан айнып, Құдай заңдарынан аттай салуымыз үшін, жақындарымыз я таныстарымыз жанды жерімізге басып, сезімдерімізге әсер еткілері келер. Олар өз қалауыңды орындағанда тұрған ештеңе жоқ, ал Киелі кітаптың моральдық нормалары қазіргі заманға сай келмейді деуі мүмкін.
11. Біз неден аулақ болуымыз керек?
11 Ал кейде біз өзімізше пайымдап, Ехобаның берген нұсқауларын аз көруіміз мүмкін. Сөйтіп, “жазылғандарды ғана ұстанған” жеткіліксіз деп, қосымша ереже орнатқымыз келер (Қор. 1-х. 4:6). Алайда Исаның заманындағы діни жетекшілер осы үшін күнәға батқанын ұмытпайық. Олар Мұса Заңының үстіне өз заңдарын қосып, қарапайым халықтың иығына ауыр жүк артқан (Мат. 23:4). Ехоба бізге Сөзі мен ұйымы арқылы жеткілікті түрде анық та қанық нұсқаулар беріп жатыр, оған ештеңені алып-қосудың қажеті жоқ (Нақ. с. 3:5—7). Ендеше, Құдай Сөзінде жазылғандарды ғана ұстанайық, бауырластарға жеке мәселелерге қатысты ереже орнатпайық.
12. Шайтан “бос, алдамшы ойларды” қалай таратады?
12 Жалған ақпараттар. Шайтан “бос, алдамшы ойларымен” және “осы дүниенің қағидаларына негізделген ілімдерімен” адамдарды жікке бөліп, адастырады (Қол. 2:8). Мысалы, І ғасырда адамның ойынан шыққан пәлсапа, Жазбаларға негізделмеген иудаизм ілімдері мен “мәсіхшілер Мұса Заңын ұстану керек” деген ілімдер кең тараған. Бұндай өтіріктер адамдарды адастырып, шынайы даналықтың көзі Ехобадан алып кететін. Ал қазіргі күні Шайтан БАҚ пен әлеуметтік желілерді қолданып, билік иелеріне қарсы қауесет сөздерді және саяси жетекшілерден шыққан өтірік жаңалықтарды таратады. Бұған COVID-19 пандемиясында әбден көзіміз жеттіc. Жұрт жалған ақпаратқа еріп, уайым кешіп, абыржып жатқанда, біз ұйымның берген тура басшылығына бағынып, сабыр сақтадық (Мат. 24:45).
13. Алаңдататын жайттардан неге сақ болуымыз керек?
13 Алаңдататын жайттар. Мызғымай тұру үшін “ненің маңыздырақ екенін” ұмытпауымыз керек (Філіп. 1:9, 10). Өйткені бұл дүниеде тым көп уақытымызды алып, көңілімізді жаулап алатын нәрселер көп. Мысалы, ішіп-жеу, демалу, жұмыс істеу сияқты күнделікті нәрселер басты орынға шығып, маңыздырақ істерден алаңдатып жіберуі мүмкін (Лұқа 21:34, 35). Бұған қоса, әлеуметтік не саяси дау-дамайлар жайлы жаңалықтар күнде қарша борап жатыр. Осындай айтыс-тартыстарға көңіліміз ауып кетпесін, әйтпесе, іштей біреудің жағына шығып кетуіміз мүмкін. Жоғарыда айтылып кеткен бес тәсіл арқылы Шайтан бізді шайқалтып, дұрыс жолдан тайдырғысы келеді. Ал енді оған қалай қарсы тұрып, берік болып қала алатынымызды қарастырайық.
БЕРІК БОЛЫП ҚАЛУҒА НЕ КӨМЕКТЕСЕДІ?
Мызғымай тұру үшін: бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен кезіңіз жайлы ойланыңыз; Құдай Сөзін зерттеп, ой жүгіртіңіз; мызғымас жүрекке ие болыңыз және Ехобаға сенім артыңыз (14—18 абзацтарды қараңыз)
14. Әрдайым Ехобаға мойынсұнып, оның жағында берік тұруға не көмектеседі?
14 Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен кезіңіз жайлы ойланыңыз. Сіз бұл қадамды не үшін жасадыңыз? Өйткені әрдайым Ехобаға мойынсұнамын деп шештіңіз. Шындықты тапқаныңызға көз жеткізген кезіңізді еске түсіріңізші. Ехоба жайлы білім алған сайын, оны әкеңіздей жақсы көріп, құрметтей түстіңіз. Бірте-бірте сеніміңіз өсіп, кейін күнәларыңызға өкіндіңіз. Жаман әдеттерді тастап, Құдайдың еркіне сай өмір сүруге бекіндіңіз. Ал Құдай сізді кешіргенін білгенде, көңіліңіз жай тапты (Зәб. 32:1, 2). Сөйтіп, қауым кездесулеріне баратын болдыңыз және білген керемет шындықтарды басқаларға айта бастадыңыз. Осылай Ехобаға бағышталған, шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші болып, өмірге апаратын жолда келе жатсыз әрі бұл жолдан еш таймауға бекінгенсіз (Мат. 7:13, 14).
15. Киелі кітапты зерттеп, ой жүгірту неліктен пайдалы?
15 Құдай Сөзін зерттеп, ой жүгіртіңіз. Тамыры терең жайылған ағаш мызғымай тұратындай, Ехобаға деген сеніміміз күшті болса, біз де берік тұра аламыз. Ағаш өскен сайын тамыры тереңдеп, кеңінен жайыла береді. Сол сияқты, Құдай Сөзін зерттеп, ой жүгірткен сайын, сеніміміз нығайып, Құдайдың жолы ең дұрыс жол екеніне көзіміз жете түседі (Қол. 2:6, 7). Бұл үшін ежелдегі қызметшілері Ехобаның басшылығының, ақыл-кеңесінің, қорғанышының қандай пайдасын көргені жайлы ойлансаңыз болады. Мысалы, Езекиелдің аянда ғибадатхананы көрген кезін алайықшы. Періште ғибадатхананың егжей-тегжейлі өлшемін алып жатқанда, ол мұқият бақылап тұрған. Бұл аян Езекиелдің сенімін нығайтып тастады. Бүгінде біз де бұл аяннан Ехобаның таза ғибадатқа қатысты нормаларын қалай ұстану керектігін үйренемізd (Езек. 40:1—4; 43:10—12). Құдай Сөзіндегі терең ойларды зерттеп, ойлануға уақыт бөлсек, біз де мұның мол пайдасын көреміз.
16. Мызғымас жүректің арқасында Роберт не істеді? (Зәбүр 112:7)
16 Мызғымас жүрекке ие болыңыз. Дәуіт “жүрегім мызғымас берік, уа, Құдайым” дегенде, Ехобаға деген сүйіспеншілігін ешкім де, ештеңе де суыта алмайтынын көрсеткен (Зәб. 57:7). Біз де жүрегімізді мызғымас еткіміз келсе, Ехобаға толықтай сенім артуымыз керек (Зәбүр 112:7 оқыңыз). Алдында айтылып кеткен Роберт бауырласқа оралайықшы. Мызғымас жүректің арқасында ол не істеді? Анестезиолог келіп, қажет болып жатса, қанды дайын ұстап тұратынын айтқанда, Роберт: “Қандай жағдай болмасын, қан құймаймыз деп кепілдік бере алмасаңыз, онда мен қазір-ақ кетемін”,— деп кесіп айтады. Ол кейіннен бұл жайында былай деді: “Мен бір сәтке де ойланып жатпадым, кейін не боларын да мүлдем уайымдамадым”.
Сеніміміздің іргесін мықты етіп қаласақ, қандай сынақ болса да, берік тұрамыз (17-абзацты қараңыз)
17. Роберттің оқиғасынан не үйренеміз? (Суретті де қараңыз.)
17 Роберттің мызғымай тұруының себебі — ол ауруханаға түспей жатып-ақ берік шешім қабылдап қойған. Ол бұндай шешімге қалай келді? Біріншіден, Ехобаны қуантқысы келді. Екіншіден, Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерден өмір мен қанның қасиеттілігі жайлы жақсылап зерттеді. Үшіншіден, Ехобаның тілін алғаны қысқа уақытқа ғана емес, баянды игілік әкелетініне кәміл сенді. Кез келген сынақта мызғымай тұратын жүрекке біз де ие бола аламыз.
Барақ пен оның жауынгерлері Сисараның әскерін қайсарлықпен қуды (18-абзацты қараңыз)
18. Ехобаға сенім артуға қатысты Барақ биден не үйренеміз? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)
18 Ехобаға сенім артыңыз. Ехобаға сенім артып, нұсқауына мойынсұнғанның арқасында Барақ би жеңіске жеткен. Бүкіл Исраилде бір тал найза да, қалқан да жоқ заманда Ехоба оған қанахандықтардың мұздай қаруланған әскеріне қарсы аттануды бұйырады (Би. 5:8). Дебора пайғамбар Бараққа қанахандықтардың қолбасшысы Сисараның 900 соғыс арбасымен жазық жерде шайқасуды айтады. Тегіс жерде соғыс арбалары жүйткіп, жауларының күші басым түсетінін білсе де, Барақ Ехобаға мойынсұнады. Сөйтіп, ол сарбаздарымен Табор тауынан түсе бергенде, Ехоба көктен нөсер құйдырып, жер ми батпаққа айналады. Сисараның арбалары батпақтан шыға алмай қалады да, Ехоба Барақты жеңіске жеткізеді (Би. 4:1—7, 10, 13—16). Біз де жеңіске жету үшін Ехобадан және оның өкілдерінен келетін нұсқауларға сенім артуымыз керек (Мұс. 5-ж. 31:6).
БЕРІКТІКТЕН ТАЙМАУҒА БЕКІНІҢІЗ
19. Сіз неліктен ақырына дейін берік тұрғыңыз келеді?
19 Біз осы дүниенің ақырына дейін берік тұру үшін күресе беруіміз керек (Тім. 1-х. 6:11, 12; Пет. 2-х. 3:17). Қуғын-сүргін, алдап-арбау, адами көзқарастар, жалған ақпараттар мен алаңдататын нәрселер беріктігімізді шайқалтып жүрмесін (Ефес. 4:14). Қайта, Ехобаға берілгендігімізден еш айнымайық және оның заң-талаптарына мызғымай мойынсұнайық. Мызғымай тұрумен қатар, бізге иліккіш те бола білу керек. Келесі мақалада Ехоба мен Иса осы қасиетті қалай танытатынын қарастырамыз.
129-ӘН Табанды боламыз
a Адамдар ненің жақсы, ненің жаман екенін өздері шеше алады деген пікірді Шайтан Адам мен Хауаның кезінен бері насихаттап келеді. Ол біздің де осылай ойлап, Ехобаның заңдары мен ұйымның нұсқауларына атүсті қарағанымызды қалайды. Ендеше, осы мақаланы қарастыра отырып, мына дүниенің тәуелсіздік рухына қарсы тұра білейік және Ехобаның жағында берік тұруды үйренейік.
b Құдайдың қанға қатысты көзқарасын құрметтеуге не жататынын “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 39-сабағынан біліңіз.
c jw.org сайтынан “Жалған ақпараттан сақ болыңыз” деген мақаланы қараңыз.
d Көбірек мәліметті “Ехоба таза ғибадатты қалпына келтірді!” кітабының 13, 14-тарауларынан біле аласыз.