49-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Ехоба дұғаларыма жауап бере ме?
“Сендер мені шақырасыңдар, маған келіп, дұға етесіңдер, сонда тыңдайтын боламын” (ЕРМ. 29:12).
41-ӘН Ести көр мені деп өтінем
АҢДАТПАa
1, 2. Неге Ехоба дұғаларымызға жауап бермей жатқандай көрінуі мүмкін?
“ЕХОБАДАН зор қуаныш тап, Сонда ол жүрек қалауыңды орындайды” (Зәб. 37:4). Неткен тамаша сөздер! Бірақ бұл Ехобадан не сұрасақ та, сұрағанымызды бірден аламыз дегенді білдіре ме? Бұл сұрақтың жауабын білгеніміз өте маңызды. Неліктен? Мына бір жағдайларды қарастырып кетейікші. Бір салтбасты қыз бауырлас Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқиыншы деп сұрайды, бірақ еш шақырылмайды. Ал жас ер бауырлас қауымда көбірек қызмет ете алу үшін ауыр сырқатымнан арылайыншы деп дұға етеді, бірақ айықпайды. Мәсіхші ата-ана баламыз шындық жолында қалсыншы деп қанша сұраса да, ол Ехобаға қызмет етпеймін деп шешеді.
2 Бәлкім, сіз де Ехобадан сұрағаныңызды ала алмаған шығарсыз. Сондайда сізге “Ехоба басқалардың дұғасына жауап береді, бірақ менікіне жауап бермейді” деген ой келген болар. “Мен бір нәрсені дұрыс жасамадым ба екен” деп те ойлауыңыз мүмкін. Джанисb бауырласымыз тура осылай сезінген. Олар күйеуі екеуі Бетелде қатты қызмет еткілері келетінін айтып, Ехобаға дұға етеді. “Бізді әне-міне шақырып қалатынына сенімді боп жүрдім”,— дейді ол. Арада айлар, тіпті жылдар өтсе де, оларды Бетелге шақырмады. Джанис сол кезде қалай сезінгенін айтып былай деді: “Неге бұлай болғанын түсіне алмай қойдым. “Ехобаны ренжітіп қойдым ба екен? Бетел туралы қаншама рет дұға еттім ғой, ол неге жауап бермейді?” деп дал болдым”.
3. Қандай сұрақтарды талқылаймыз?
3 Кейде Ехоба менің дұғаларымды тыңдай ма өзі деп күмәндануымыз мүмкін. Ехобаның ежелдегі адал қызметшілерінің де осындай сезімдері болған (Әйүп 30:20; Зәб. 22:2; Абқ. 1:2). Бірақ Ехоба сіздің дұғаларыңызды ден қойып тыңдайды. Бұған неге сенімді бола аласыз? (Зәб. 65:2). Бұл үшін алдымен мына жайттарды анықтап алайық: 1) Ехобадан не күтуімізге болады? 2) Ехоба бізден не күтеді? 3) Неге өтініштерімізді өзгерту керек болуы мүмкін?
ЕХОБАДАН НЕ КҮТУІМІЗГЕ БОЛАДЫ?
4. Еремия 29:12-де Ехоба не деп уәде еткен?
4 Ехоба дұғамызды тыңдайтынын уәде еткен (Еремия 29:12 оқыңыз). Көктегі Әкеміз адал қызметшілерін сүйеді, сондықтан олардың дұғаларына әрқашан да құлақ түреді (Зәб. 10:17; 37:28). Бірақ бұл сұрағанымыздың бәрін орындай береді деген сөз емес. Кейбір өтінішіміздің жауабын біз тек жаңа дүниеде аламыз, соған дейін күтуге тура келеді.
5. Ехоба дұғаларымызды тыңдағанда нені ескереді? Түсіндіріңіз.
5 Дұғаларымызды тыңдағанда, Ехоба өз ниетін ойда ұстайды (Ишая 55:8, 9). Ехоба бүкіл жер бетін оны Билеуші ретінде мойындап, бір кісідей бағынатын адамдарға толтыруды қалайды. Ал Шайтан адамзат бақытты болу үшін өзі би, өзі қожа болу керек дейді (Мұс. 1-ж. 3:1—5). Оның өтірікші екенін дәлелдеу үшін Ехоба адамдарға өз-өздеріне билік етуге жол берді. Көріп отырғанымыздай, адамның адамға билік етуі көп қасірет әкелді (Уағ. 8:9). Бірақ Ехоба адамзаттың қиыншылықтарын дәл қазір шешіп бермейді. Әйтпесе, кейбіреулер адамдар жақсы билік етіп жатыр, дүниенің проблемаларын шешу қолдарынан келеді деп тұжырымдауы мүмкін.
6. Ехоба әрқашан да әділ әрі сүйіспеншілікпен жауап беретініне неліктен сенімді болуымыз керек?
6 Ехоба бірдей өтініштерге әртүрлі жауап беруі мүмкін. Мысалы, Езекия патша науқастанып, хал үстінде жатқанда, Ехобадан жалбарынып көмек сұрайды. Ехоба оның өтінішін орындап, сауықтырады (Пат. 2-ж. 20:1—6). Ал елші Пауыл “тәніме қадалып тұратын тікенді” алып тасташы деп жалынғанда (бұл денсаулық мәселесі болуы мүмкін), Ехоба оны бұл қиындықтан құтқармады (Қор. 2-х. 12:7—9). Елші Петір мен Жақыпты алсақ, Ирод патша екеуін де өлтіремін деп шешіп қойған еді. Сол кезде қауым жаппай Петір үшін дұға етті, олар Жақып үшін де дұға айтқан болса керек. Бірақ Жақып өлімге кесілді де, Петір ғажайып түрде аман қалды (Ел. іс. 12:1—11). Біз “Ехоба неге Петірді құтқарып қалды да, Жақыпты құтқармады?” деп ойлауымыз мүмкін. Бұның себебі Киелі кітапта айтылмағанc. Бірақ біз Ехобаның “еш әділетсіздік жасамайтынына” кәміл сенімдіміз (Мұс. 5-ж. 32:4). Сондай-ақ оның Петірге де, Жақыпқа да разы болғанын білеміз (Аян 21:14). Кейде Ехоба бізге де өзіміз күткендей жауап бермеуі мүмкін. Бірақ қалай жауап берсе де, біз оны еш дауға салмаймыз. Себебі оның әрқашан дұғаларымызға сүйіспеншілікпен әрі әділ жауап беретініне нық сенімдіміз (Әйүп 33:13).
7. Неден аулақ болғанымыз жөн және неге?
7 Өзіміздің жағдайымызды басқалардікімен салыстырудан аулақ болған жақсы. Мәселен, біз Ехобадан нақты бір көмегін сұрап дұға айтамыз, бірақ ол өтінішіміз орындалмайтын шығар. Ал кейін қарасақ, тура солай дұға еткен басқа бір бауырластың өтінішіне Ехоба жауап берген сыңайлы болады. Аннаның басынан осындай жағдай өткен. Ол Ехобадан күйеуім Мэтью қатерлі ісіктен айығып кетсінші деп сұрап жүреді. Тура сол арада ол қарт екі әйел бауырластың да қатерлі ісікке шалдыққанын естіп, олар үшін де ыстық дұға етеді. Сөйтіп, бұл екі бауырласымыз жазылып кетеді де, Аннаның күйеуі, өкінішке қарай, қайтыс болады. Сонда Анна: “Бұл екі бауырлас Ехобаның арқасында айығып кетті ме? Онда неге ол күйеуім үшін айтқан дұғама жауап беріп, оны сауықтырмады?”— деп ойлады. Әрине, бұл екі әйел бауырластың не себепті сауығып кеткенін біз білмейміз. Бірақ бір білеріміз, Ехоба болашақта бүкіл қайғы-қасіретімізді біржола жояды, әрі ол дүниеден өткен достарын қайта тірілтуге асық (Әйүп 14:15).
8. а) Ишая 43:2-де айтылғандай, Ехоба бізді қалай демейді? ә) Ауыр қиындықтар кезінде дұғаның қандай көмегі бар? (“Дұға қиындыққа мойымауға көмектеседі” деген бейнероликті көріңіз.)
8 Ехоба үнемі бізді қолдап-демейді. Мейірімі мол Әкеміз Ехоба біздің қасірет шегіп, қиналғанымызды қаламайды (Ишая 63:9). Бірақ ол қиындықтың бәрін жолымыздан алып тастамайды. Десе де ол осындай бейнелі өзен мен жалыннан “өтуге” көмектесемін деп уәде еткен (Ишая 43:2 оқыңыз). Ол ешқандай сынақтың бізді одан ажыратуына жол бермейді. Сондай-ақ ауыртпалығымызды көтеруге көмектесу үшін бізге киелі рухын береді (Лұқа 11:13; Філіп. 4:13). Ендеше, Ехоба әрдайым бізге табанды болуға әрі адалдық сақтауға қажеттінің бәрін беретініне нық сенімді болайықd.
ЕХОБА БІЗДЕН НЕ КҮТЕДІ?
9. Жақып 1:6, 7-де айтылғандай, Ехобаның көмектесетініне неліктен сенім артуымыз керек?
9 Ехоба біздің оған сенім артқанымызды қалайды (Евр. 11:6). Кейде басымызға түскен қиындықтар бағынбас биік белестей көрінеді. Сондайда Ехобаның бізге қол ұшын созатынына күмәндана бастауымыз мүмкін. Бірақ Киелі кітапта біз Құдайдың күшімен “дуалға да шыға алатынымыз” айтылған (Зәб. 18:29). Сондықтан Ехобаның дұғамызға жауап беріп, көмектесетініне еш күмәнданбай, оған толық сеніммен дұға етуіміз қажет (Жақып 1:6, 7 оқыңыз).
10. Қалай біз дұғамызға сай әрекет ете аламыз? Мысал келтіріңіз.
10 Ехоба бізден дұғамызға сай әрекет етуді күтеді. Бір ер бауырлас аймақтық конгреске бару үшін бастығымнан сұрануға көмектесші деп дұға етеді делік. Ехоба оған қалай жауап беруі мүмкін? Ол бауырласымызға бастығымен сөйлесуге батылдық бере алады. Бірақ ол өзі де дұғасына сай әрекет етіп, бастығынан сұрануы қажет. Оған тіпті бастығының алдына бір емес, бірнеше рет кіру керек болар. Сол күндерге басқа жұмысшымен ауысуды да ұсынып көретін шығар. Тіпті болмай жатса, жалақы төленбейтін демалыс алайыншы деп өтіне алады.
11. Неге біз қайта-қайта дұға ете беруіміз керек?
11 Ехоба мазалайтын мәселеміз жайлы қайта-қайта дұға еткенімізді қалайды (Сал. 1-х. 5:17). Исаның сөздерінен біздің өтінішіміз сұраған бойда орындала қоймайтынын түсінеміз (Лұқа 11:9). Олай болса, еш мойымай, Ехобаға бар ынты-шынтыңызбен дұға етіп, қайта-қайта сұраңыз (Лұқа 18:1—7). Сонда сіздің сұрап жатқаныңыз әншейін өткінші қалау емес екенін көрсетесіз. Сондай-ақ Ехобаның сізге көмектесе алатынына сенетініңіз де көрінеді.
НЕГЕ ӨТІНІШТЕРІМІЗДІ ӨЗГЕРТУ КЕРЕК БОЛУЫ МҮМКІН?
12. а) Дұғамызды қандай сұрақпен тексерсек болады және неге? ә) Дұғамыздан Ехобаға деген құрмет сезілу үшін не істесек болады? (“Ехобаға айтатын өтініштерімнен құрмет сезіле ме?” деген қоршауды қараңыз.)
12 Дұғамызға жауап алмай жатсақ, өзімізді үш сұрақпен тексере аламыз. Біріншіден, “Менің осылай деп сұрағаным дұрыс па?” деп ойлансақ болады. Әдетте біз өзіме не керек екенін жақсы білемін деп ойлаймыз. Бірақ бізге ең дұрысы не екенін Ехоба жақсырақ біледі. Мысалы, біз “мына мәселе былай шешілсінші” деп сұрауымыз мүмкін. Бірақ оның одан да керемет шешімі бар шығар. Ал кейде біздің өтінішіміз Ехобаның еркіне сай келмеуі мүмкін (Жох. 1-х. 5:14). Бірінші абзацта айтылып кеткен ата-ананы алсақ, олар Ехобадан баламыз шындықта қалсыншы деп сұрайды. Бір қарағанда, бұл орынды өтініш сияқты. Бірақ Ехоба ешкімді өзіне қызмет етуге мәжбүрлемейді ғой. Ол біздің де, балаларымыздың да оған өз еркімен ғибадат еткенін қалайды (Мұс. 5-ж. 10:12, 13; 30:19, 20). Сондықтан ата-ананың Ехобаға “баламыз сені сүйіп, сенің досың болғысы келуі үшін оның жүрегіне жол таба алайықшы” деп сұрағаны дұрысырақ болады (Нақ. с. 22:6; Ефес. 6:4).
13. Еврейлерге 4:16-ға сай, Ехоба бізге қашан көмектеседі? Түсіндіріңіз.
13 Екінші сұрақ: “Қазір Ехобаның бұл өтінішіме жауап беретін уақыты ма?” Біз дұғамыздың жауабын бірден алғымыз келетін шығар. Алайда біздің өтінішімізді орындайтын ең дұрыс уақытты Ехоба біледі (Еврейлерге 4:16 оқыңыз). Жауабын бірден алмағанда, Ехоба бізге “жоқ” деп жатқандай болар. Бірақ ол “қазір емес” деп жатқан болуы мүмкін. Мысалы, ауруынан айығуды сұраған ер бауырласты еске алайықшы. Ехоба оны керемет түрде айықтырып жіберсе, Шайтан оны Ехоба сауықтырып жібергені үшін ғана қызмет етіп жүр деп айыптар еді (Әйүп 1:9—11; 2:4). Оның үстіне, Ехоба бүкіл ауру-сырқауды жоқ қылатын уақытты белгілеп қойған (Ишая 33:24; Аян 21:3, 4). Демек, сол кезге дейін біз ғажайып түрде құлантаза жазылып кетеміз деп күтпейміз. Сондықтан әлгі ер бауырлас Ехобадан “осы дертіме төзу үшін жантыныштығы мен күш бере көрші, саған әрі қарай да адал қызмет ете алайыншы” деп сұраса болады (Зәб. 29:11).
14. Джанистің оқиғасынан не түйдіңіз?
14 Бетелде қызмет етуді сұрап дұға еткен Джанис бауырласты еске алайық. Бес жыл дегенде ғана ол Ехобаның оған қалай жауап бергенін түсінген екен. “Ехоба сол аралықта мені көп нәрсеге үйретіп, түзетті. Мен оған көбірек сенім артуым керектігін, жеке зерттеу жағынан жақсаруым керектігін түсіндім. Менің қуанышым сыртқы жағдайларға тәуелді болмау керектігін де ұқтым”,— дейді ол. Кейінірек Джанис пен күйеуі аудандық қызметке тағайындалды. Джанис былай дейді: “Қазір ойласам, мен күткендей болмаса да, Ехоба дұғамды жауапсыз қалдырмапты. Оның жауабы қаншалықты керемет болғанын мен кейіннен барып түсіндім. Осы уақытқа дейін мен оның сүйіспеншілігі мен мейірімділігіне бөленгеніме шексіз ризамын”.
Ехоба дұғаңызға жауап бермей жатқандай көрінсе, басқа нәрсе жайлы дұға айтып көріңіз (15-абзацты қараңыз)f
15. Неліктен нақты бір өтінішпен шектелмегеніміз жақсы? (Суретті де қараңыз.)
15 Үшінші сұрағымыз: “Мен басқа нәрсе сұрауым керек шығар?” Дұғада өтінішімізді нақты білдіргеніміз жақсы, әрине. Бірақ кейде Ехобаның бізге қатысты еркін түсініп алу үшін нақты бір өтінішпен шектеліп қалмаған да дұрыс. Осыған қатысты Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп туралы дұға етіп жүрген салтбасты қыз бауырластың мысалын қарастырайық. Оның осы мектепке барғысы келетінінің себебі — қажеттілік көбірек жерде қызмет ету. Мектеп жайлы дұға ете жүріп, ол Ехобадан қызмет аясын кеңейтудің басқа да жолдарын көрсетші деп дұға айта алады (Ел. іс. 16:9, 10). Кейін сол дұғасына сай әрекет етіп, аудандық бақылаушыдан жақын маңдағы қай қауымға ізашарлар қажет екенін сұраса болады. Немесе филиалға хат жазып, қай жақта қажеттілік бар екенін біле аладыe.
16. Біз не нәрсеге сенімдіміз?
16 Сонымен, бұл мақаладан не түйдік? Ехоба дұғаларымызға сүйіспеншілікпен әрі әділетті түрде жауап беретініне нық сенімді болайық (Зәб. 4:3; Ишая 30:18). Ол кейде біз ойлағандай жауап бермеуі мүмкін. Бірақ ол ешқашан дұғамызды елеусіз қалдырмайды. Ол бізді қатты жақсы көреді әрі ешқашан тастамайды (Зәб. 9:10). Сондықтан оған “әрдайым сенім артып”, дұғада жүрек сырларымызды ақтара берейік (Зәб. 62:8).
43-ӘН Ризашылық дұғасы
a Бұл мақалада Ехоба дұғаларымызға сүйіспеншілікпен әрі әділетті түрде жауап беретініне неге сенімді бола алатынымызды білеміз.
b Кейбір есімдер өзгертілген.
c 2022 жылғы “Күзет мұнарасының” ақпан айындағы санынан “Ехоба үнемі дұрыс әрекет ететініне сенесіз бе?” деген мақаланың 3—6 абзацтарын қараңыз.
d Ауыр сынақтарға төзуге Ехоба қалай көмектесетіні жайлы білу үшін jw.org сайтынан “Дұға қиындыққа мойымауға көмектеседі” деген бейнероликті көріңіз.
e Басқа филиалға қарасты аумақта қызмет еткіңіз келсе, “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” кітабының 10-тарау, 6—9 абзацтарын қараңыз.
f СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Екі қыз бауырлас Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепке өтініш толтырмас бұрын дұға етеді. Олардың біреуі шақырылып, екіншісі шақырылмайды. Шақырылмаған қыз бауырлас қатты көңілін түсірмей, қызмет аясын кеңейтудің басқа да жолдарын іздеп, тағы да дұға етеді. Кейін қай жерде қажеттілік бар екенін білу үшін филиалға хат жазады.