47-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз жалындай берсін!
“Әрі қарай да бір-бірімізді сүйейік, себебі сүйіспеншілік Құдайдан” (ЖОХ. 1-Х. 4:7).
109-ӘН Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер
АҢДАТПАa
1, 2. а) Неге Пауыл “ең бастысы — сүйіспеншілік” деді? ә) Біз қандай сұрақтарды талқылаймыз?
ПАУЫЛ сенім, үміт, сүйіспеншілік жайлы айта келе, “бұлардың ең бастысы — сүйіспеншілік”,— деп түйіндеді (Қор. 1-х. 13:13). Ол неге олай деді? Өйткені болашақта жаңа дүние орнаған кезде бізге Құдайдың уәделеріне сенудің қажеті болмайды, үмітіміз де орындалып қояды. Ал сүйіспеншілікті әрі қарай да таныта береміз. Ехоба мен адамдарға деген сүйіспеншілігіміз мәңгі бақи тек күшейе береді.
2 Сүйіспеншілік таныту әрқашан маңызды болып қалатындықтан, осыған қатысты үш сұрақты қарастырайық. Біріншіден, біз не үшін бір-бірімізді сүюіміз керек? Екіншіден, бір-бірімізді сүйетінімізді қалай көрсете аламыз? Үшіншіден, арамыздағы сүйіспеншілік суып кетпес үшін не істесек болады?
НЕ ҮШІН БІР-БІРІМІЗДІ СҮЮІМІЗ КЕРЕК?
3. Бір-бірімізді сүюдің қандай себептері бар?
3 Біз неге бір-бірімізді сүюіміз керек? Оның бір себебі, шынайы мәсіхшілерді осы қасиет айрықшалайды. Иса елшілеріне: “Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жох. 13:35). Оның үстіне, сүйіспеншілік — бірлігіміздің ұйытқысы. Пауыл айтқандай, сүйіспеншілік “адамдарды толықтай біріктіреді” (Қол. 3:14). Одан бөлек, сүйіспеншілік танытуымыздың тағы да бір келелі себебі бар. Елші Жохан: “Құдайды сүйетін адам бауырласын да сүюі керек”,— деп жазған (Жох. 1-х. 4:21). Демек, бір-бірімізді сүйгеніміз — Құдайды сүйгеніміз.
4, 5. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміздің Ехобаға деген сүйіспеншілігімізбен қандай байланысы бар? Мысал келтіріңіз.
4 Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бен бауырластарға деген сүйіспеншілігіміздің қандай байланысы бар? Бұны жүрек пен дененің басқа мүшелерінің арасындағы байланысқа теңеуге болады. Дәрігер білегіміздегі тамырды басып, жүректің қалай жұмыс істеп тұрғанын біле алады. Бұл мысалдан не түйеміз?
5 Дәрігер тамырдың соғысынан жүректің күйін біле алатынындай, бауырластарға деген сүйіспеншілігімізден Ехобаға деген сүйіспеншілігіміздің деңгейін көруге болады. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз бұрынғыдай емес екенін байқасақ, бұл Ехобаға деген сүйіспеншілігіміздің сөніп бара жатқанының белгісі болуы мүмкін. Ал егер бауырластарға үнемі сүйіспеншілік танытып жүрген болсақ, бұл Ехобаны қатты жақсы көретініміздің белгісі.
6. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз суып бара жатса, бұған неге бейжай қарамау керек? (Жоханның 1-хаты 4:7—9, 11)
6 Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміздің әлсіреп бара жатқанын байқасақ, бұған бейжай қарауға болмайды. Өйткені бұл Ехобамен қарым-қатынасымызға қауіп төніп тұрғанын аңғартады. Елші Жохан: “Көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзімен көрмеген Құдайды сүйе алмайды”,— деп нақты ескерткен (Жох. 1-х. 4:20). Бұдан түйеріміз, “бір-бірімізді сүйсек” қана Ехобаға ұнамды бола аламыз (Жоханның 1-хаты 4:7—9, 11 оқыңыз).
БІР-БІРІМІЗДІ СҮЙЕТІНІМІЗДІ ҚАЛАЙ КӨРСЕТЕ АЛАМЫЗ?
7, 8. Бір-бірімізді сүйетінімізді көрсетудің қандай жолдары бар?
7 Құдай Сөзінде “бір-біріңді сүйіңдер” деп қайта-қайта айтылған (Жох. 15:12, 17; Рим. 13:8; Сал. 1-х. 4:9; Пет. 1-х. 1:22; Жох. 1-х. 4:11). Бірақ сүйіспеншілік көзге көрінбейтін іштегі сезім ғой. Оны қалай біз сыртқа көрсете аламыз? Сөзімізбен және ісімізбен.
8 Бауырластарды жақсы көретінімізді көрсетудің жолдары көп. Солардың кейбірі мыналар: “Бір-біріңе шындықты айтыңдар” (Зәк. 8:16). “Өзара татулық сақтаңдар” (Мар. 9:50). “Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер” (Рим. 12:10). “Бір-біріңді. . . қабылдаңдар” (Рим. 15:7). “Бір-біріңді. . . кешіріңдер” (Қол. 3:13). “Біріңнің ауыртпалығыңды екіншің көтерісіңдер” (Ғал. 6:2). “Бір-біріңді әрдайым. . . жұбатыңдар” (Сал. 1-х. 4:18). “Бір-біріңді. . . нығайтып жүріңдер” (Сал. 1-х. 5:11). “Бір-бірің үшін дұға етіңдер” (Жақ. 5:16).
Қиындық көріп жүрген бауырласымызға қалай көмектесе аламыз? (7—9 абзацтарды қараңыз)
9. Неліктен өзгелерді жұбату сүйіспеншілік танытудың маңызды қыры болып табылады? (Суретті де қараңыз.)
9 Аталып кеткен жолдардың ішінен “бір-біріңді. . . әрдайым жұбатыңдар” дегенін қарастырып кетейік. Неліктен өзгелерді жұбату — сүйіспеншілік танытудың маңызды қыры? Киелі кітапты түсіндіретін бір еңбекте айтылғандай, “жұбату” деп аударылған түпнұсқадағы сөз “ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан адамның қасында болып, жігер беруді” білдіреді. Демек, күйзеліп жүрген бауырласымызды жұбатқанда біз оған еңсесін тіктеп, әрі қарай Ехобаға қызмет ете беруге көмектесеміз. Қажет кезде бауырласымыздың жанынан табылып, көңілін ауласақ, оны сүйетінімізді көрсетеміз (Қор. 2-х. 7:6, 7, 13).
10. Жанашырлық пен жұбатудың қандай байланысы бар?
10 Жанашырлық пен жұбату бір-бірімен тікелей байланысты. Өйткені жанашыр адам басқалардың ауыртпалығын жеңілдетіп, жұбатуға асығады. Демек, адамды жұбату үшін алдымен бізде соған қозғау салатын жанашырлық сезімі болу керек. Ехобаның қасиетін сипаттай отырып, Пауыл осы байланысты анық көрсеткен. Ол Ехобаны “қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі” деген (Қор. 2-х. 1:3). Пауыл осындағы “қайырымы мол” деген тіркесті өзгелерге деген жанашырлық сезімін сипаттау үшін қолданған, әрі бұл сөз Ехобаның адамдарға қатты жаны ашитынын көрсетеді. Осы жанашырлығы оған “қиындық көрген кезіміздің бәрінде” бізді жұбатуға қозғау салады (Қор. 2-х. 1:4). Қайнар бұлақтың суы адамның шөлін қандырып, сергітетініндей, Ехоба да рухы күйреген адамды сергітіп, жұбатады. Олай болса, қалай біз Ехобаға еліктеп, жанашырлық сезініп, өзгелерді жұбата аламыз? Бұл үшін бойымызда өзгелерді жұбатуға талпындыратын қасиеттерді жетілдірсек болады. Мысалы, қандай?
11. Қолостықтарға 3:12 мен Петірдің 1-хаты 3:8-ге сай, өзгелерді сүйіп, оларды жұбату үшін бізге тағы қандай қасиеттер қажет?
11 “Бір-бірімізді әрдайым. . . жұбатып”, сүйіспеншілік таныта беру үшін бізге не қажет? Қайғыға ортақтас, бауырластарды сүйетін, мейірімді болуымыз керек (Қолостықтарға 3:12; Петірдің 1-хаты 3:8 оқыңыз). Егер жанашырлық және онымен байланысты қасиеттер бойымызда жетіліп, болмысымызға тән болып кетсе, адам қиналғанда қарап тұра алмаймыз, оны жұбатуға асығамыз. Өйткені Иса айтқандай, “адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар. Жақсы адам жүрегіндегі жақсы қазынадан жақсы нәрсе. . . алып шығады.” (Мат. 12:34, 35). Расымен де, бауырластарды қажет кездерінде жұбату — оларға сүйіспеншілік танытудың маңызды жолы.
АРАМЫЗДАҒЫ СҮЙІСПЕНШІЛІК СУЫП КЕТПЕС ҮШІН НЕ ІСТЕСЕК БОЛАДЫ?
12. а) Біз не нәрсеге жол бермеуіміз керек? ә) Біз қандай сұрақты қарастырамыз?
12 Бәріміз де “әрі қарай да бір-бірімізді сүйе” бергіміз келеді (Жох. 1-х. 4:7). Бірақ Исаның “көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді” деп айтқанын да ұмытпауымыз керек (Мат. 24:12). Әрине, Иса шәкірттерінің көпшілігі сүйіспеншілік танытпай кетеді дегісі келмеген. Десе де біз сүйіспеншіліктен жұрдай осы дүниенің рухын жұқтырып алудан сақ болуымыз керек. Ендеше бауырластарға деген сүйіспеншілігіміздің күйін қалай тексерсек болады? Қазір осы маңызды сұрақты қарастырайық.
13. Бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді қалай тексерсек болады?
13 Сүйіспеншілігіміздің қандай күйде екенін тексерудің бір жолы — әртүрлі жағдайларда қалай әрекет ететінімізге мән беру (Қор. 2-х. 8:8). Мысалы, қандай жағдайларда? Петір: “Бәрінен бұрын, бір-біріңді барынша сүйіңдер, өйткені сүйіспеншілік көптеген күнәні жабады”,— деген (Пет. 1-х. 4:8). Демек, өзгелер қателескенде не бізді ренжіткенде не істейтінімізге қарап, сүйіспеншілігіміздің күйін білсек болады.
14. Петірдің 1-хаты 4:8-ге сай, біз бауырластарды қалай сүюіміз керек? Мысал келтіріңіз.
14 Петір айтқан сөздерді талдап көрейік. 8-тармақтың бірінші жартысында біз бауырластарды жай емес, “барынша сүюіміз” керектігі айтылған. Ал тармақтың екінші жартысында біз бауырластарды осылай сүйсек, олардың көптеген күнәларын жаба алатынымыз айтылған. Мынадай мысал келтірсек болады: сырықтары мен дақтары көп үстелді елестетейікші. Сол үстелдің үстіне дастарқанды барынша жазып, жайып қойсақ, ол үстелдің бір-екі ғана емес, көптеген кем-кетігін жауып қалады. Сол сияқты бауырластарды “барынша сүйетін” болсақ, олардың бір-екі ғана емес, “көптеген күнәсін жабамыз”, яғни кешіреміз.
15. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз күшті болса, не істей аламыз? (Қолостықтарға 3:13)
15 Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз оларды кешіру қиын кездері де кешіре алатындай күшті болу керек (Қолостықтарға 3:13 оқыңыз). Бауырластарымызды кешіру қолымыздан келіп жатса, сүйіспеншілігіміздің берік екенін және Ехобаға ұнамды болғымыз келетінін көрсетеміз. Өзгелердің бізге ұнамайтын қылықтары мен қателіктеріне кешіріммен қарауға тағы не көмектеседі?
Тек жақсы суреттерді сақтап, басқаларын өшіріп тастайтынымыздай, бауырластармен болған жақсы естеліктерді ғана есте сақтап, жаманын ұмытқымыз келеді (16, 17-абзацты қараңыз)
16, 17. Өзгелердің қателіктеріне назар аудармауға не көмектеседі? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)
16 Бауырластардың жаман емес, жақсы жақтарына мән беріңіз. Мысалы, достарыңызбен отырысқа жиналдыңыз делік. Көңілді уақыт өткізіп, отырыстың соңында барлығымен бірге суретке түсесіз. Бір сурет болмаса, басқасы жақсы шығар деп, тағы екі рет басасыз. Сөйтіп, түсіріп алған үш суретке қарасаңыз, біреуінде бір ер бауырластың қабағы түйіліп қалыпты. Ол суретті не істейсіз? Барлықтары күліп, әдемі түскен тағы екі сурет бар болғандықтан, оны өшіріп тастайсыз.
17 Суреттерді есімізде қалған сәттермен салыстыруға болады. Әдетте есімізде бауырластармен өткізген жақсы сәттер қалады. Бірақ бір жағдайда бір бауырлас сіздің көңіліңізге тиетін нәрсе айтып не істеп қойды делік. Сіз сол жағдайды есте сақтап қаласыз ба? Жаман шыққан суретті өшіріп тастағандай, ондай естелікті де неге жадымыздан өшіріп тастамасқа? (Нақ. с. 19:11; Ефес. 4:32). Ол бауырлас туралы жақсы естеліктеріңіз көп болғандықтан, сол бір болмашы қателігін ұмыта салуға болады. Біз бауырластарымызбен өткізген тек жағымды сәттерді ғана есте сақтап, бағалағымыз келеді.
НЕГЕ ӘСІРЕСЕ ҚАЗІР СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАНЫТУ ҚАЖЕТ?
18. Осы мақалада сүйіспеншілік жайлы қандай ойларды талқыладық?
18 Сонымен, неге бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді суытпай, жалындата беруіміз керек? Өйткені бауырластарды сүйсек, Ехобаны сүйетінімізді көрсетеміз. Ал бауырластарымызды жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз? Оның бір жолы — бір-бірімізді әрдайым жұбату. Бұл үшін бізге жанашырлық қасиеті керек. Сүйіспеншілігімізді қалай мықты күйде сақтай аламыз? Қиын болса да, өзгелердің қателіктерін кешіру арқылы.
19. Неге бүгінде бір-бірімізге сүйіспеншілік таныту өте маңызды?
19 Неге бүгінде бір-бірімізге сүйіспеншілік таныту әсіресе маңызды? Петірдің сөзіне назар аударайықшы. Ол: “Барлық нәрсенің соңы таяп қалды. Сондықтан. . . бір-біріңді барынша сүйіңдер”,— деген. Осы зұлым дүниенің соңы таяп келе жатқандықтан, алда не болуы мүмкін? Иса ізбасарларына: “Менің атыма бола сендерді жек көретін болады”,— деген (Мат. 24:9). Осы дүниенің жеккөрушілігіне төтеп беру үшін өзара бірлігімізді сақтауымыз керек. Сонда сүйіспеншіліктің арқасында бауырластармен “толықтай біріккендіктен”, Шайтан арамызға іріткі сала алмайды (Қол. 3:14; Філіп. 2:1, 2).
130-ӘН Кешірімді болайық
a Қазір бауырластарға сүйіспеншілік таныту әсіресе маңызды. Не себепті және бауырластарды сүйетінімізді қалай көрсетсек болады?