Ехобаның ұлылығына ақыл жетпес
“Тәңір ұлы да мәртебелі, ал ұлылығына Оның ақыл жетпес” (ЗАБУР 144:3).
1, 2. Дәуіт қандай адам болған, әрі Құдайдың алдында өзі жайлы қандай көзқараста болған?
ЗАБУР жүз қырық төртінші жырдың жазушысы — ежелде өмір сүрген белгілі адам. Ол бозбала шағында қару-жарақ асынған алып адамға қарсы шығып, оны өлтірген. Кейін жауынгер патша болып, жаумен шайқаста сан рет жеңіске жеткен. Ол — Дәуіт есімді Исраил елінің екінші патшасы. Оның атағы өлген соң да өшпеген, тіпті қазіргі кезде миллиондаған адам оның өмірінде болған кейбір жайттарды біледі.
2 Дәуіт қаншама жеңіске жетсе де, өзі жайлы кішіпейіл көзқараста болған. Ехобаға бағыштап: “Сенің қолыңнан шыққан аспаныңа, Өзің орнатқан ай мен жұлдыздарға назар аударған әрбір уақытымда мынадай сұрақтар туады ойымда: Өзің ескеретіндей адам сонша кім, Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?” — деп жырлаған (Забур 8:4, 5). Ол өзін жоғары санамай, қайта жауларынан құтқарған Ехоба екенін мойындап, оған былай деген: “Құтқаратын қалқаныңды беретін сенсің, сенің кішіпейілділігің менің мәртебемді көтереді” (2 Патшалықтар 22:1, 2, 36, ЖД). Ехоба күнәкарларға мейіріммен қарап, кішіпейілділік танытады. Дәуіт Құдайдың мейіріміне ризашылық білдірген.
‘Патшам менің, Сені дәріптеймін’
3. а) Дәуіт кімді Исраилдің патшасы деп санаған? ә) Ехобаны ол қаншалықты мадақтағысы келген?
3 Дәуіт Құдай тағайындаған патша болса да, Исраилдің нағыз Патшасы Ехоба деп білген. Сондықтан ол: “Патшалық Сенікі, Тәңірім, Сен Әмірші ретінде бәрінен жоғарысың”,— деп айтқан (1 Шежірелер 29:11). Дәуіт Құдайды Билеуші ретінде құрмет тұтқан, сондықтан: “Құдайым менің, Патшам менің, Сені даңқтап, мәңгі-бақи есіміңді дәріптейтін боламын. Күн сайын Сені дәріптеп, мәңгі-бақи есіміңді мадақтайтын боламын”,— деген (Забур 144:1, 2). Дәуіт Ехобаны күн сайын, тіпті мәңгілік бойы мадақтауды қалаған.
4. Забурдың 144-жыры қандай жаланың бетін ашады?
4 Забурдың 144-жыры — Құдай жаратылыстарына бостандық бермей, өзімшілдікпен үстемдік етіп отыр деген Шайтанның айыбына қарсы күшті дәлел (Жаратылыс 3:1—5). Сондай-ақ бұл жыр Шайтанның адамдар Құдайға сүйгендіктен емес, өз пайдасын көздегендіктен қызмет етеді деген жаласының да бетін ашады (Әйүп 1:9—11; 2:4, 5). Бүгін шынайы мәсіхшілер де Ібілістің жалған айыбына Дәуіт сияқты жауап беруде. Олар Патшалық басқарған дүниедегі мәңгілік өмірге деген үміттерін жоғары бағалайды, себебі Ехобаны мәңгілік бойы мадақтағысы келеді. Қазірдің өзінде Ехобаны өмірлерін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен миллиондаған адамдар мадақтап жүр. Бұны Исаның төлем құрбандығына деген сенімдерін көрсету арқылы және Ехобаны сүйгендіктен, оған бойсұна қызмет ету арқылы істеп жүр (Римдіктерге 5:8; 1 Жохан 5:3).
5, 6. Ехобаны дәріптейтін әрі мадақтайтын қандай мүмкіндіктер бар?
5 Бізде, оның қызметшілерінде, Құдайымыз Ехобаны дәріптеп, мадақтауға көптеген мүмкіндіктер бар екенін ойлап көрейікші. Мысалы, Құдай Сөзі Киелі кітаптан оқығанымыз бізге қатты әсер еткенде, дұға айтып мадақтай аламыз. Тағы Құдайдың өз халқына көрсеткен ізгілігі жүректі толқытқанда, немесе қандай да бір керемет жаратылысы қайран қалдырғанда ризашылығымызды білдіріп, мадақтай аламыз. Қауым кездесулерінде не басқа жерлерде бауырластарымызбен бірге Ехоба Құдайдың ниетін талқылау арқылы да оны дәріптейміз. Құдай Патшалығының мүддесі үшін істеген кез келген ‘игі істеріміз’ Ехобаға мадақ әкеледі (Матай 5:16).
6 Бұндай игі істерге соңғы кезде экономикасы төмен елдерде Ехоба халқының көптеген ғибадат орындарын салғанын мысал ретінде келтіруге болады. Құрылыс жұмыстарының көбісі басқа елдердегі бауырластардың қаржылай берген көмектерінің арқасында жүзеге асты. Кейбір мәсіхшілер өз еріктерімен сондай жерлерге барып, Патшалық Сарайларын салуға қатысты. Ал игі істердің ең маңыздысы — Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау арқылы Ехобаны мадақтау (Матай 24:14). Дәуіт Забур 144-жырдың кейінгі тармақтарында Құдайдың патшалық билігін дәріптеген (Забур 144:11, 12). Құдайдың сүйіспеншілікке негізделген басшылығына сен де Дәуіт сияқты ризашылық білдіресің бе? Оның Патшалығы туралы хабарды басқаларға үнемі айтып жүрсің бе?
Құдай ұлылығының мысалдары
7. Ехобаның ұлылығын мадақтаудың басты себебін айтшы.
7 Забур 144:3 Ехобаны мадақтаудың басты себебін көрсетеді. Дәуіт былай деген: “Тәңір ұлы да мәртебелі, ұлылығына Оның ақыл жетпес”. Ехобаның ұлылығында шек жоқ. Оны толық зерттеу, түсіну, өлшеу адам баласының қолынан келмейді. Дегенмен, Ехобаның шексіз ұлылығының мысалдарын қарастыру біз үшін пайдалы болары сөзсіз.
8. Ехобаның ұлылығы мен құдіретін Ғалам қалай паш етеді?
8 Қала жарығынан тысқары жерде, түнгі ашық аспанды тамашалаған кезіңді еске түсірші. Төңкерілген қара аспанда жарқыраған соншама жұлдыздарды көріп таңданбадың ба?! Көңілің толқып, осы аспан денелерін жаратқан Ехобаның ұлылығын мадақтамадың ба?! Алайда сен көрген жұлдыздар — галактикамыздағы сансыз жұлдыздардың бір шөкімі ғана. Ал галактикалардың өзі жүздеген миллиардтан асады, олардың тек үшеуін ғана телескопсыз көре аламыз. Расында да, ұшы-қиыры жоқ Ғаламдағы сансыз жұлдыздар мен галактикалар — Ехобаның жарататын құдіреті мен зерттеп бітпес ұлылығының дәлелі (Ишая 40:26).
9, 10. а) Иса Мәсіхке қатысты Ехобаның ұлылығының қандай қырлары көрінді? ә) Исаның қайта тірілгені біздің сенімімізге қалай әсер ету керек?
9 Ехобаның ұлылығының Иса Мәсіхке қатысты жайттарда көрінген басқа қырларын қарастырып көрейікші. Оның ұлылығы өзінің Ұлын жаратып, оны өлшемсіз ұзақ уақыт ‘шебер жұмысшысы’ ретінде қолданғанынан көрінді (Нақыл сөздер 8:22—31, ЖД). Сүйіспеншілігінің ұлылығы жалғыз Ұлын адамзат күнәсі үшін төлем құрбандығы етіп бергенде паш етілді (Матай 20:28; Жохан 3:16; 1 Жохан 2:1, 2). Ехобаның адам түсінуі қиын тағы бір ісі — Исаны қайта тірілтіп, оған ғажап та өлмес рухани дене беруі (1 Петір 3:18).
10 Исаны қайта тірілтуінен Ехобаның ақыл жетпес ұлылығының көптеген әсерлі қырлары көрінді. Құдай Исаның көрінетін және көрінбейтін жаратылыстарға қатысты ісін қайта есіне салғанында күмән жоқ (Қолостықтарға 1:15, 16). Бұл өзге рухани жаратылыстарды, Ғаламды, Жерді, жердегі сан-алуан тіршілікті жарату ісі еді. Бұдан басқа Ехоба Ұлының есіне жерге адам болып келмей тұрғанда, көктегі және жердегі өмірінде көрген-білгенімен қоса, кемелді адам болып басынан кешкен бар жайды салды. Иә, Ехобаның адам ақылы жетпес ұлылығы Исаны қайта тірілтуінен айқын көрінді. Оның үстіне, осы ұлы ісі басқа да өлген адамдардың өмірге қайта келетінінің кепілі болып табылады. Бұл Құдай өзінің кемелді жадында өмірлері сақталған миллиондаған адамды қайта тірілтетініне деген сенімімізді күшейту керек (Жохан 5:28, 29; Елшілердің істері 17:31).
Керемет әрі құдіретті істер
11. Б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамында Ехоба қандай ұлы ісін бастады?
11 Исаның қайта тірілуінен кейін де, Ехоба көптеген ұлы да керемет істерін жасады (Забур 39:6). Б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамында Ехоба Исаның киелі рухпен майланған шәкірттерінен құралған жаңа халық — ‘рухани Исраил халқын’ — жаратты (Ғалаттықтарға 6:16). Бұл жаңа пайда болған халық күшті қарқынмен өсіп, сол кезде белгілі болған әлемге дейін тарады. Исаның елшілері өлген соң, христиан әлемінің пайда болуына жеткізген жолдан таюшылыққа қарамай, Ехоба өз ниетінің орындалатынына кепілдік беретін керемет істерін жалғастыра берді.
12. Киелі кітаптың жер бетіндегі барлық негізгі тілдерге аударылғаны ненің дәлелі?
12 Мысалы, Киелі кітап толығымен бүгінгі күнге дейін сақталып, жер бетіндегі барлық негізгі тілдерге аударылды. Киелі кітап жиі қиын әрі Шайтанның өкілдерінің тарапынан өлім қаупі төнген жағдайларда аударылды. Ұлылығы шексіз Ехоба Құдайдың еркі болмағанда, Киелі кітап 2000-нан астам тілге аударылмаған болар еді деп, сенімді айта аламыз!
13. 1914 жылдан бері Ехобаның ұлылығы Патшалығына қатысты істерінен қалай көрінді?
13 Ехобаның ұлылығы Патшалығына қатысты істерінен де көрінді. Мысалы, 1914 жылы өз Ұлы Иса Мәсіхті Патша етіп, көкте таққа отырғызды. Содан көп ұзамай, Иса Шайтан мен оның жын-перілеріне қарсы әрекет етуге кірісті. Сөйтіп оларды көктен қуып, жердің төңірегіне лақтырды. Қазір олар түпсіз тұңғиыққа тасталғанша сол жерде (Аян 12:9—12; 20:1—3). Содан бері Исаның майланған ізбасарларын қудалау күшейе түсті. Алайда Иса патшалыққа келген уақыттан бері, Ехоба оларға қолдау көрсетіп келеді (Матай 24:3, ЖД; Аян 12:17).
14. 1919 жылы Ехоба қандай керемет іс істеді және соның арқасында не жүзеге асты?
14 1919 жылы Ехоба ұлылығын паш еткен тағы бір керемет іс істеді. Ол рухани әрекетсіз күйде қалған Исаның майланған ізбасарларын қайтадан жандандырды (Аян 11:3—11). Содан кейінгі жылдары майланғандар көктегі Патшалықтың орнағаны туралы ізгі хабарды құлшына жариялаумен болды. Соның арқасында басқа майланғандар жиналды, өйткені олардың толық саны 144 000 болу керек еді (Аян 14:1—3). Сонымен қатар Ехоба Исаның майланған ізбасарларын қолданып, ‘жаңа жердің’, яғни әділ адамзат қоғамының, негізін қалады (Аян 21:1). Алайда адал майланғандардың бәрі көкке кеткен соң, ‘жаңа жердің’ жағдайы қандай болады?
15. Майланған мәсіхшілер қандай істі бастады және оның нәтижесі қандай болды?
15 Осы журналдың 1935 жылы 1 тамыз бен 15 тамыз айларындағы санында Аян кітабының 7-ші тарауындағы ‘өте үлкен тобырдың’ кімдер екенін ашатын мақалалар жарық көрді. Майланған мәсіхшілер осы бірсенімдегілерді әрбір ұлттың, халықтың, тілдің арасынан құлшыныспен іздеп тауып, оларды бірге ғибадат ету үшін қатарына қосты. Бұл ‘өте үлкен тобыр’ ‘ауыр азаптан’ аман өтіп, ‘жаңа жердің’ тұрғылықты мүшелері ретінде Жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүреді (Аян 7:9—14). Майланған мәсіхшілер бастаған Патшалықты уағыздау мен шәкірт дайындау ісінің арқасында қазір алты миллионнан астам адам жерде мәңгі өмір сүру үмітіне ие болды. Шайтан мен оның дүниесі қарсылық көрсетсе де, осындай өсім үшін мадаққа кім лайық? (1 Жохан 5:19). Бұл тек Ехобаның қолынан келеді; ол киелі рухын қолданып, осының бәрін жүзеге асырды (Ишая 60:22; Зәкәрия 4:6).
Ехобаның салтанатты ұлылығының даңқы
16. Неге адам Ехобаның ‘салтанатты ұлылығының даңқын’ тура мағынада көре алмайды?
16 Ехобаның “құдіретін” көрсететін істері мен ‘ғажап істерінің’ ешқайсысы ешқашан ұмытылмайды. Дәуіт: “Бір ұрпақ бір ұрпаққа айтып, Сенің істеріңді дәріптейді, Сенің құдіретіңді жариялайды. Ал мен Сенің салтанатты ұлылығыңның даңқы мен Сенің ғажап істерің жайлы ой жүгіртемін. Сенің қорқынышты істеріңнің құдіреті жайлы айтады, мен де Сенің ұлылығыңды жариялаймын”,— деп жырлады (Забур 144:4—6). Алайда “Құдайдың Өзі — Рух” болғандықтан адамға көрінбейтін болса, Дәуіт Ехобаның салтанатты ұлылығын қаншалықты біле алған? (Жохан 1:18; 4:24).
17, 18. Ехобаның ‘салтанатты ұлылығының даңқын’ қастерлей түсуге Дәуіттің қандай мүмкіндіктері болды?
17 Дәуіт Ехобаны көзімен көрмесе де, оның салтанатты ұлылығын қастерлей түсуге мүмкіндіктері болды. Мысалы, ол Жазбалардан зұлым дүниені Топан сумен жойғаны сияқты Құдайдың құдіретті істері жайлы оқи алған. Сондай-ақ Дәуіт Құдайдың Исраил халқын Мысырдан алып шыққанда, мысырлықтардың жалған құдайларының қалай масқара болғанын да білген болуы әбден мүмкін. Бұндай жайттар Ехобаның даңқы мен ұлылығын паш етеді.
18 Дәуіт Құдайдың салтанатты ұлылығын Жазбаларды оқудың ғана емес, оның үстінен ой жүгіртудің де арқасында қастерлей түскені сөзсіз. Мысалы, ол Ехоба Исраил халқына Заң бергенде болған жағдай туралы ой жүгірткен болуы мүмкін. Сол жерде күн күркіреп, найзағай ойнап, тау басын қалың бұлт басып, ғаламат қатты керней даусы естілді. Синай тауынан түтін шығып, бүкіл тау қатты шайқалды. Тау беткейінде жиналған исраилдіктер Ехобаның періште арқылы тау басындағы от пен бұлт арасынан дауыстап айтқан “он сөзді” өз құлақтарымен естіді (Заңды қайталау 4:32—36; 5:22—24; 10:4; Мысырдан шығу 19:16—20; Елшілердің істері 7:38, 53). Ехобаның ұлылығының қандай көрінісі десейші! Құдай сөзін жақсы көріп, оның үстінен ой жүгіртетіндерге Ехобаның ‘салтанатты ұлылығының даңқы’ әсер етпей қоймайды. Қазіргі күні бізде Ехобаның даңқын көрсетіп, күшті әсер қалдыратын түрлі аяндар жазылған толық Киелі кітап бар (Езекиел 1:26—28; Даниял 7:9, 10; Аян 4-тарау).
19. Ехобаның ұлылығын қастерлей түсуімізге не талпындырады?
19 Дәуіт үшін Құдайдың Исраилге берген заңдарын мұқият қарастыру да, Құдайдың салтанатты ұлылығының даңқынан әсер алудың мүмкіндігі болды (Заңды қайталау 17:18—20; Забур 18:8—12). Ехобаның заңына бойсұну Исраилдің мәртебесін көтеріп, өзгелерден бөлек халық етті (Заңды қайталау 4:6—8). Дәуіт сияқты Жазбаларды күнделікті оқығанымыз, терең ой жүгірткеніміз, мұқият қарастырғанымыз бізді де Ехобаның ұлылығын қастерлей түсуге талпындырады.
Құдайдың қасиеттері қандай ұлы!
20, 21. а) Забур 144:7—9 тармақтарда Ехобаның ұлылығы қандай қасиеттерімен байланыстырылады? ә) Құдайды сүйетіндердің бәріне бұл қасиеттер қалай әсер етеді?
20 Жоғарыда қарастырған Забур 144-жырдың алғашқы алты тармағынан Ехобаның ақыл жетпес, шексіз ұлылығын паш ететін істері үшін мадақтаудың салмақты себептерін білдік. Ал 7—9 дейінгі тармақтардан Құдайдың ұлылығын оның қасиеттері дәріптейтінін көреміз. Дәуіт былай деп жырлады: “Сенің зор ізгілігіңді еске түсіріп жариялап, шындығыңды жырлайтын болады. Тәңір жомарт та рақымды, аса шыдамды да асқан мейірімді. Тәңір бәріне шапағатын түсіреді, жомарттығы да барлық ісінен көрінеді”.
21 Бұл жерде Дәуіт алдымен Ехобаның ізгілігі мен шындығына, немесе әділдігіне, көңіл бөлді. Бұл — Шайтан Ібіліс күмән келтірген қасиеттер. Құдайды сүйетін және оның билігіне бойсұнатындардың бәріне оның осы қасиеттері қалай әсер етеді? Ехобаның ізгілігі мен әділ билік етуі қызметшілерін қуанышқа бөлейтіні соншалық, олар Құдайды мадақтамай тұра алмайды. Оның үстіне, Ехоба ізгілігін “бәріне” көрсетеді. Әлі де кеш болмай тұрғанда, басқа да көп адамдар өкініп, шынайы Құдайға ғибадат ететін болады деп үміттенеміз (Елшілердің істері 14:15—17).
22. Ехоба қызметшілеріне қалай қарайды?
22 Дәуіт сондай-ақ Құдайдың өзі “Мұсаның алдынан өтіп бара жатып: — Жаратқан Ие! Жаратқан Ие! Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады” деп жариялаған қасиеттерін бағалаған (Мысырдан шығу 34:6). Сондықтан Дәуіт: “Тәңір жомарт та рақымды, аса шыдамды да асқан мейірімді”,— деп жырлай алды. Ехоба адам ақылы жетпес ұлы болғанына қарамай, жердегі қызметшілеріне мейіріммен қарайды. Ол өте рақымды, Исаның төлем құрбандығын негіз ете отырып, өкінген күнәкарларды кешіруге дайын. Сондай-ақ ол аса шыдамды немесе қаһарлануға асықпайды, өйткені қызметшілеріне әділ жаңа дүниеге кіруге кедергі жасайтын әлсіздіктерін жеңуге мүмкіндік беріп отыр (2 Петір 3:9, 13, 14).
23. Келесі мақалада қандай керемет қасиетті қарастырамыз?
23 Дәуіт Құдайдың “мейірімділігін” мадақтады. Шын мәнінде, Забур 144-жырдың қалған тармақтары Ехоба өзінің осы қасиетін қалай көрсететін және адал қызметшілері оған қалай қарайтынын ашады. Бұны келесі мақалада қарастырамыз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехобаны “күн сайын” мадақтаудың қандай мүмкіндіктері бар?
• Ехобаның ұлылығына адам ақылы жетпейтіні қандай мысалдардан көрінеді?
• Ехобаның салтанатты ұлылығының даңқын қастерлей түсуге не көмектеседі?
[8-беттегі сурет]
Ғаламдағы галактикалар — Ехобаның ұлылығының дәлелі
[Түпдерек]
Courtesy of Anglo-Australian Observatory, photograph by David Malin
[10-беттегі сурет]
Қалай Ехобаның ұлылығы Иса Мәсіхке қатысты істерінде көрінді?