Ехоба асқан мейірімді
“Тәңір... асқан мейірімді” (ЗАБУР 144:8).
1. Құдай сүйіспеншілігінің аясы қаншалықты кең?
“ҚҰДАЙ — сүйіспеншілік” (1 Жохан 4:8). Бұл жүрек жылытар сөздер Ехобаның сүйіспеншілікпен билік ететінін көрсетеді. Құдайдың тіпті өзіне бойсұнбайтын адамдарға күн шуағы мен жауын-шашынның игілігін көрсетіп жатқаны да ғажап емес пе!? (Матай 5:44, 45). Құдай бүкіл адамзатты сүйгендіктен, тіпті өзінің жауларына өкініп, теріс жолдан қайтып, мәңгі өмірге ие болуға мүмкіндік беріп отыр (Жохан 3:16). Алайда жақында Ехоба әділдік орнаған жаңа дүниеде өзін жақсы көретін адамдар мәңгі өмір сүре алулары үшін зұлымдықтан қайтпағандарды жояды (Забур 36:9—11, 29; 2 Петір 3:13).
2. Өзіне бағышталған қызметшілеріне Ехоба сүйіспеншілігінің қандай ерекше қырын көрсетеді?
2 Ехобаның шынайы қызметшілеріне деген сүйіспеншілігі терең әрі берік. Оның бұндай сүйіспеншілігі еврей тілінен “мейірімділік” не “айнымас сүйіспеншілік” деп аударуға болатын сөздерден көрінеді. Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіт Құдайдың мейірімділігін аса бағалаған. Өз өмірінде болған жағдайлардың және Құдайдың адамдарға жасаған жақсылығының үстінен ой жүргіткеннің арқасында Дәуіт сеніммен: “Тәңір... асқан мейірімді [немесе, “айнымас сүйіспеншілік көрсетеді”]”,— деп жырлай алды (Забур 144:8).
Құдайға адал адамдарды тану
3, 4. а) Забур 144-жыр Құдайға адал адамдарды тануға қалай көмектеседі? ә) Құдайға адал адамдар оны қалай ‘дәріптейді’?
3 Ехоба Құдай жайлы Самуил пайғамбардың анасы Ханна: “Құдай Өзіне арналғанды [“адалдарды”, ЖД] күзетед”,— деген (1 Патшалықтар 2:9). Бұл “адалдар” кімдер? Жауабын Дәуіт патшаның сөздерінен табамыз. Ехобаның керемет қасиеттерін өлеңмен мадақтағаннан кейін, ол былай деді: “Қасиеттілерің [“адал адамдарың”, ЖД] Сені дәріптесін” (Забур 144:10). Адамдар Құдайды ол жайлы ізгі сөздер айту арқылы дәріптей алады.
4 Ехобаға адал адамдарды ол туралы ізгі сөздер айтқандарынан тануға болады. Қауым кездесулерінде не басқа жерлерде жиналғанда сөйлесетін ортақ тақырыптары қандай? Әрине, Ехобаның Патшалығы! Құдайдың адал қызметшілері де: “Сенің патшалығыңның даңқын уағыздасын, Сенің құдіретті күшіңді жарияласын”,— деп жырлаған Дәуіттікіндей сезімде (Забур 144:11).
5. Ехоба адал адамдардың өзі жайлы игі сөздер айтып жатқанына көңіл қоятынын қайдан білеміз?
5 Ехоба адал адамдардың өзін мадақтап жатқанына көңіл қояды ма? Әрине, ол олардың не айтып жатқанын мұқият тыңдайды. Қазіргі кездегі шынайы ғибадатқа қатысты пайғамбарлықта Малахи былай деп жазған: “Ехобадан қорқатындар бір-бірімен, әрқайсысы серігімен сөйлесіп жатқанда, Ехоба зейін қойды, әрі естіді. Оның алдында Ехобадан қорқатын және оның есімі жайлы ойланатындар үшін естелік кітабы жазыла бастады” (Малахи 3:16, ЖД). Адал қызметшілерінің өзі жайлы ізгі сөздер айтып жатқанына Ехоба қатты риза болады, әрі оларды ұмытпайды.
6. Құдайдың адал қызметшілерін қандай іс-әрекеттерінен тануға болады?
6 Ехобаның адал қызметшілерін батылдықпен әңгіме бастап, шынайы Құдайға ғибадат етпейтін адамдарға уағыздауынан да тануға болады. Олар ‘адам баласына... [Құдайдың] құдіретін және патшалығының салтанатты ұлылығын білдіртеді’ (Забур 144:12). Бөтен адамдарға Ехобаның патшалық билігі жайлы айтудың жолын іздестіруге және ыңғайлы мүмкіндіктерді қолдануға тырысасың ба? Құдайдың патшалығы — жақында құрып кететін адамзат үкіметі сияқты емес, мәңгі тұратын патшалық (1 Тімотеге 1:17). Адамдар шұғыл түрде Ехобаның мәңгі патшалық ететіні жайлы біліп, соның жағына шығулары керек. “Патшалығың Сенің — барлық ғасырдың патшалығы,— деп жырлады Дәуіт,— билігің Сенің барлық ұрпаққа жүреді” (Забур 144:13).
7, 8. 1914 жылы қандай оқиға болды және қазір Құдайдың Ұлы Иса Мәсіхтің Патшалығы арқылы билік етіп жатқаны неден көрінеді?
7 1914 жылдан бері Ехобаның патшалығын жариялауға тағы бір себеп бар. Сол жылы Құдай Мәсіхтің көктегі Патшалығын орнатты, яғни Дәуіттің Ұрпағы Иса Мәсіхті патша етіп таққа отырғызды. Осылайша, Ехоба Дәуіттің патшалығын нығайтып, мәңгілікке орнатамын деген уәдесін орындады (2 Патшалықтар 7:12, 13; Лұқа 1:32, 33).
8 Ехобаның қазіргі кезде Ұлы Иса Мәсіхтің Патшалығы арқылы билік етіп отырғаны Исаның таққа келіп отырғандығының белгісі орындалып жатқанынан көрінеді. Бұл белгінің ең көзге түсетін бөлігі — Құдайдың барлық адал қызметшілері атқарып жатқан іс. Иса алдын ала бұл іс жайлы былай деген: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (Матай 24:3, ЖД; 4—14). Құдайдың адал қызметшілері бұл алдын ала айтып кеткен сөздерді құлшына орындап жатқандықтан, қазіргі күні олардың қатарында атсалысып жатқан ерлер мен әйелдер, балалардың саны алты миллионнан асты. Жақында Ехобаның Патшалығына қарсыласқандардың күні бітеді (Аян 11:15, 18).
Ехобаның билігі бізге игілік әкеледі
9, 10. Ехоба мен адам басшыларының арасында қандай айырмашылық бар?
9 Егер Құдайға бағышталған мәсіхші болсақ, біз бүкіл Әлемнің Әміршісі Ехобамен қарым-қатынасымыздың көп игілігін көреміз (Забур 70:5; 115:3). Мысалы үшін, Құдайдан қорқып, әділ өмір сүргендіктен, оған ұнамды және жақын қарым-қатынаста боламыз (Елшілердің істері 10:34, 35; Жақып 4:8). Бұған қарама-қайшы адамзат әкімдері жиі әскери басшылар, бай бизнес адамдары, спорт және өнер адамдары сияқты атақтылардың арасынан көрініп жатады. Оңтүстік Африкада шығатын “Соуэтан” газетінде лауазымды бір мемлекет қызметкері өз еліндегі кедей аудандар жайлы былай деді: “Біздей адамдардың көбісінің ол аудандарға барғысы келмейтінін түсінемін. Біз бұндай жағдайдың бар екенін жай ғана ұмытқымыз келеді. Бұл ар-ұжданды мазалайды және қымбат [көлік] мініп жүргеніміз үшін ыңғайсызданамыз”.
10 Әрине, кейбір басшылар өз елінің азаматтарының қамын шын ниетпен ойлайды. Алайда олардың ең жанашыр дегендерінің өзі азаматтарының әрқайсысымен жеке таныс емес. Бізде мынандай сұрақ туады: “Қол астындағыларының барлығының қамын ойлайтыны сонша, біреуінің басына қиын жағдай туа қалса, сол замат көмекке келе алатын басшы бар ма?” Иә, бар. Ол жайлы Дәуіт былай деп жазды: “Тәңір жығылып бара жатқандардың бәрін сүйемелдеп, құлағандардың бәрін тұрғызады” (Забур 144:14).
11. Құдайдың адал қызметшілері қандай қиыншылықтарға кезігіп жүр және оларға қандай көмек көрсетілуде?
11 Ехоба Құдайдың адал қызметшілері көптеген сынақ пен қайғылы жағдайларға кезігіп жатады. Бұған себеп — кемелсіздіктері мен Шайтан билік етіп жатқан дүниеде өмір сүріп жатқандықтары (1 Жохан 5:19; Забур 33:20). Мәсіхшілер қудалануда. Ал кейбіреулері созылмалы аурудың не жақынын жоғалтудың азабын көруде. Кейде Ехобаның адал қызметшілері қателіктерінің әсерінен ‘құлайды’. Алайда олар қандай қиындыққа тап болса да, Ехоба әрқайсысына жұбаныш беріп, рухани нығайтуға барлық уақытта дайын. Патша Иса Мәсіх те өз азаматтарына осындай сүйіспеншілікпен қамқорлық жасайды (Забур 71:12—14).
Дер кезінде ас-су беріп тойдырады
12, 13. Ехоба “бар тіршілік иесін” қажеттіліктерімен қаншалықты қамтамасыз етеді?
12 Ехоба асқан мейірімді болғандықтан, өзінің қызметшілеріне не керектің бәрін беріп отырады. Соның ішіне тойып жейтін нәрлі тағам да кіреді. Осыған байланысты Дәуіт патша: “Барлығы үміт артып Саған қарайды, Сен оларға уақтылы азық-ауқат бересің. Алақаныңды ашып, бар тіршілік иесін қалағанынша тойдырасың”,— деп жазды (Забур 144:15, 16). Тіпті қиын-қыстау кездерде де, Ехоба оқиғалар барысына әсер етіп, өзінің адал адамдарына ‘күнделікті нанды’ жеткізіп отырады (Лұқа 11:3; 12:29, 30).
13 Дәуіт Құдайдың “бар тіршілік иесін” тойдыратынын айтқан. Бұл жан-жануарларға да қатысты. Егер жерде және теңіздерде өсімдіктер мол болмағанда, теңіз және дала жан-жануарлары мен құстар үшін қажетті ауа да, азық-ауқат та болмас еді (Забур 103:14). Алайда Ехоба олардың барлық қажеттіліктерінің қанағаттандырылып отыруын қадағалайды.
14, 15. Құдай бүгінгі күні рухани ас-суды қалай жеткізіп отыр?
14 Алайда адамдардың рухани қажеттіліктері бар. Ехобаның адал қызметшілерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандырып отырған жолы қандай керемет! Иса өлерінен аз уақыт бұрын ‘адал да саналы қызметші’ шәкірттеріне рухани “ас-суларын уақтылы” беріп тұратынын уәде еткен болатын (Матай 24:45). Бүгінгі күні ол тап майланған 144000 қызметшілердің жердегі тамтығынан тұрады. Ехоба солар арқылы рухани ас-сумен молынан қамтамасыз етіп отыр.
15 Мысалы, Ехоба халқының көпшілігі өз тілінде Киелі кітаптың жаңа да тура аудармасының игілігін көріп жүр. “Киелі жазбалар — Жаңа дүние аудармасы” — Құдайдың керемет сыйы! Бұған қоса 300-ден аса тілде Киелі кітапты зерттеуге арналған миллиондаған әдебиеттер басылып шығуда. Осы рухани ас-судың бәрі — жер жүзіндегі Құдайдың шынайы қызметшілеріне беріп отырған батасы. Бұның бәрі үшін кімге ризашылық білдіруіміз керек? Ехоба Құдайға. Асқан мейірімді Құдайымыз қызметші табы бізге “уақтылы азық-ауқат” бере алу үшін жағдай жасап отыр. Осылайша, ‘бар тіршілік иесі қалағанынша тойынып’, қазіргі рухани жұмақтың рақатын көруде. Сонымен қатар Ехобаның қызметшілері жақында жердің тура мағынадағы жұмаққа айналғанын көру үмітіне ие болғандарына да өте қуанышты! (Лұқа 23:42, 43, ЖД).
16, 17. а) Рухани ас-судың уақтылы беріліп жатқаны қандай мысалдардан көрінеді? ә) Забурдың 144-жыры Шайтан көтерген даулы мәселеге қатысты Құдайдың адал қызметшілерінің сезімін қалай білдіреді?
16 Рухани ас-судың уақтылы жеткізіліп отырғанының керемет мысалын қарастырайықшы. 1939 жылы Еуропада Екінші Дүниежүзілік соғыс басталды. Сол жылы “Күзет мұнарасының” 1 қараша айындағы санында “Бейтараптық” атты мақала жарияланды. Осы анық айтылған мәліметтің арқасында дүние жүзіндегі Ехоба Куәгерлері қақтығысқан халықтардың әрекеттеріне қатыспай, қатаң бейтараптық сақтау керек екенін ұқты. Бұл алты жыл соғысқан екі жақтың да ашуына тиіп, қатты қиындықтар тудырды. Алайда Құдайдың адал қызметшілері тиым салу мен қудалауға қарамай, Патшалық туралы хабарды уағыздай берді. Содан Құдай оларға батасын беріп, 1 939—1946 жылдары 157 пайызды құраған керемет өсім болды. Оның үстіне, соғыс жылдарындағы олардың адалдық көрсеткен үлгілері әлі күнге дейін адамдарға ақиқат дінді ажырата білуге көмектесіп келеді (Ишая 2:2—4).
17 Ехоба қамтамасыз етіп отырған рухани ас-су уақтылы ғана болып қоймай, қажеттілікті толық қанағаттандырады. Халықтардың Екінші дүниежүзілік соғысы қызу жүріп жатқан кезде, Ехоба өз халқының жеке бастарының амандықтарынан әлдеқайда маңызды нәрсеге баса көңіл бөлуіне көмектесті. Ехоба оларға өзінің билік ету құқына қатысты бүкіл әлемді қамтыған ең маңызды даулы мәселені ұғынуға көмектесті. Әрбір Ехоба Куәгері өзінің адалдығымен Ехобаның бүкіләлемдік билігін ақтап, Ібілістің өтірікші екенін дәлелдеуге шамалы болса да, үлестерін қосып жатқанын білу қандай ғанибет! (Нақыл сөздер 27:11). Шайтан Ехоба мен оның билік жүргізу әдісіне жала жапса, оған қарама-қайшы Ехобаның адал қызметшілері барша халыққа “Тәңір Өзінің барлық жолында әділетті, барлық ісінде игілікті”,— деп жар салуда (Забур 144:17).
18. Жақында болған қандай мысал Ехобаның рухани ас-сумен уақтылы тойдырып отырғанын растады?
18 Ехобаның рухани ас-суды уақтылы беріп, тойдырып отырғанының тағы бір дәлелі — “Ехобаға жақында” кітабы. Оның шыққаны жөнінде 2002 мен 2003 жылдары дүние жүзі бойынша болып өткен “Патшалықты құлшыныспен жариялаушылар” атты жүздеген облыстық конгрестерде хабарланған болатын. “Адал да саналы қызметші” дайындаған және Ехоба Куәгерлері басып шығарған бұл кітапта Ехобаның керемет қасиеттеріне, оның ішінде Забур 144-те айтылған қасиеттеріне, көңіл аударылады. Бұл тамаша кітаптың Ехобаның адал қызметшілерінің Құдайларына жақындай түсулеріне көмектесері сөзсіз.
Ехобаға жақындайтын уақыт
19. Қандай шешуші кезең жақындап келеді және ол кезден қалай аман өте аламыз?
19 Ехобаның билігіне қатысты даулы мәселенің шешуші кезеңі жақындап келеді. Езекиел кітабының 38-тарауындағы пайғамбарлық бойынша, жақында Шайтан “Магог жерінен шыққан Гог” ретінде өз рөлін атқарады. Демек, ол Ехоба халқына тап береді. Адал адамдарды Құдайға деген адалдықтарынан айыруға барынша тырысып бағады. Сол уақыт Ехобаның халқы үшін дауыс көтеріп, жалынып-жалбарына дұға етуді бұрын-соңды қажет етпеген уақыт болады. Олардың Құдайды қастерлегендері мен оған деген сүйіспеншіліктері бекер болып шыға ма? Жоқ, өйткені Забур 144-жырда былай делінеді: “Тәңір өзін шақырғандардың, шындықпен шақырғандардың барлығына жақын. Өзінен қорқатындардың тілегін орындайды, олардың зарын естіп, құтқарады. Тәңір Өзін сүйетіндердің бәрін аман сақтап, ал әділетсіздердің бәрін жояды” (Забур 144:18—20).
20. Забур 144:18—20 сөздер жақында қалай орындалады?
20 Ехоба зұлымдарды жойғанда, оның жақын екендігін сезінгеніміз және құтқарушы құдіретін көргеніміз қандай жан тебірентерлік болады десеңші! Сол шешуші кезеңде, ал ол кез өте жақын, Ехоба өзін ‘шындықпен шақырғандарды’ ғана естиді. Екі жүзділерге, болса да, құлақ аспайды. Құдай сөзінде зұлымдардың ақырғы мезетте Құдай есімін шықырғандары бекер болатыны анық айтылады (Нақыл сөздер 1:28, 29; Миха 3:4; Лұқа 13:24, 25).
21. Ехобаға адал адамдар оны есімімен атауды ұнататынын қалай көрсетеді?
21 Қазір Ехобадан қорқатындарға оны ‘шындықпен шақыратын’ кез. Бұндай қажеттілік бұрын-соңды болмаған. Құдайға адал адамдар дұға айтқанда, қауым кездесулерінде түсініктеме бергенде оны есімімен атауға қуанышты. Олар өзара әңгімелескенде де, оның есімін қолданады. Жұртқа уағыздағанда Ехобаның есімін батылдықпен жариялайды (Римдіктерге 10:10, 13—15).
22. Неліктен осы дүниеге тән бейімділіктер мен құмарлықтардан сақтану маңызды?
22 Егер Ехобамен тығыз қарым-қатынастың қуанышын көре бергіміз келсе, дүниеқоңыздық немесе көңіл көтерудің лайықсыз түрлері, ашу сақтау және көмекке мұқтаждарға немқұрайды қарау деген сияқты рухани зиян бейімділіктерден сақтануымыз керек (1 Жохан 2:15—17; 3:15—17). Бұндай бейімділіктерден арылмасақ, ауыр күнә жасап қойып, ақыр соңында Ехобаның ықыласынан айырылып қалуымыз мүмкін (1 Жохан 2:1, 2; 3:6). Ехобаға адал болып қалсақ қана, ол бізге асқан мейірімін не айнымас сүйіспеншілігін көрсете беретінін үнемі есте ұстағанымыз абзал (2 Патшалықтар 22:26, ЖД).
23. Ехобаның адал адамдарын қандай керемет болашақ күтіп тұр?
23 Олай болса, Ехобаның адал қызметшілерінің бәрін күтіп тұрған тамаша болашақтан көз алмайық. Сонда бізде “күн сайын” және “мәңгі бақи” Ехобаны басқа қызметшілерімен бірге дәріптеуге, мадақтауға керемет мүмкіндік болады (Забур 144:1, 2). Әрі қарай да ‘Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілік өмірге жеткізуін аңсап күте’ берейік (Яһуда 20, 21). Көктегі Әкеміздің ғажап қасиеттерінің, оның ішінде өзін сүйгендерге көрсетіп отырған асқан мейірімінің, игілігін көре отырып, 144-жырының соңында айтқан Дәуіттің мына сөздеріне қосылып: “Аузым Тәңірге мақтау айтады; барлық адам Оның киелі есімін мәңгі бақи дәріптей берсін”,— деген сезімде болайық.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Забур 144-жыр Құдайға адал адамдарды тануға қалай көмектеседі?
• Ехоба қалай ‘бар тіршілік иесін қалағанынша тойдырады’?
• Біз неге Ехобаға жақындауымыз керек?
[15-беттегі сурет]
Ехобаның қызметшілері Құдайдың салтанатты патшалығы жайлы білуге бөтен адамдарға батылдықпен көмектесуде
[Түпдерек]
Animals: Parque de la Naturaleza de Cabárceno
[16-беттегі суреттер]
Ехоба “бар тіршілік иесін” тойдырады