Маңайымыздағы адамды сүю деген не?
“Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” (МАТАЙ 22:39)
1. Құдайды сүйетінімізді қалай көрсетеміз?
ЕХОБА қызметшілерінен нені талап етеді? Иса бір-екі ауыз қарапайым да салмақты сөздермен мұның жауабын айтты. Ең ұлы өсиет, оның айтуынша, Ехобаны шын жүрегімізбен, бүкіл жан дүниемізбен, барлық ақыл-ойымызбен және бар күшімізбен сүю (Матай 22:37; Марқа 12:30). Алдыңғы мақаладан көргеніміздей, Құдайды сүюге оған мойынсұну мен өсиеттерін орындау жатады. Осылай ететін болсақ, оның көрсеткен сүйіспеншілігіне лебіз білдіреміз. Құдайды сүйетіндер үшін оның еркін орындау — ауыртпалық емес, қайта, қуаныш (Забур 39:9; Жоханның 1-хаты 5:2, 3).
2, 3. Неге маңайымыздағы адамды сүю жайлы өсиетке көңіл қоюымыз қажет және қандай сұрақтар туындайды?
2 Екінші ұлы өсиет алдыңғысымен байланысты. Ол туралы Иса: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!”— деді (Матай 22:39). Қазір осы өсиетке көңіл қоямыз, әрі бұған келелі себеп те бар. Біздің уақытымыз өзімшіл әрі жалған сүйіспеншілікпен ерекшеленеді. Рухтың жетелеуімен елші Пауыл “соңғы дәуірді” сипаттағанда, адамдардың бір-бірін емес, тек өз басын, ақша мен ләззат-ермекті жақсы көретінін жазған. Сонымен қатар адамдарда “бауырмалдық” болмайды (Тімотеге 2-хат 3:1, 2, 3, ЖД; 4). Ал Иса Мәсіх: “Көбі... өзара опасыздық жасап, бір-бірін жек көреді... көпшіліктің сүйіспеншілігі суып кетеді”,— деп алдын ала айтқан (Матай 24:10, 12).
3 Алайда, байқасаңдар, Иса әрбір адамның сүйіспеншілігі суып кетеді деп айтпаған. Ехоба талап ететін және өзі соған лайық болып табылатын сүйіспеншіліктің түрін танытатын адамдар әрқашан болып келген және бола да бермек. Ехобаны шынымен сүйетіндер басқаларға да оның көзқарасымен қарауға тырысады. Олай болса, сүюіміз керек маңайымыздағылар кімдер? Оларға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсетуіміз керек? Жазбалар осы маңызды сұрақтарға жауап алуымызға көмектеседі.
“Маңайымдағы адам” кім болғаны?
4. Леуіліктер кітабының 19-тарауына сай, яһудилер кімдерге сүйіспеншілік көрсетулері керек еді?
4 Иса парызшылға екінші ең ұлы өсиет маңайдағы адамды өзіндей сүю керек екенін айтқанда, Исраилге берілген заңға сілтеп тұрған еді. Бұл заң Леуіліктер 19:18-де жазылған. Сол тарауда яһудилерге маңайындағылар деп исраилдіктерден басқаларды есептеу керектігі айтылған. 34-тармақта былай делінген: “Сендерге келіп қоныс тепкен келімсектер сендер үшін өздеріңнің тұрғылықты жұрттарың секілді болсын; оларды да өздеріңдей құрметте [“сүй”, ЖД]; себебі, сендер де Мысыр жерінде кірме болғансыңдар”. Осылайша, олар яһуди еместерге, әсіресе яһуди дінін қабылдағандарға, сүйіспеншілік көрсетулері керек еді.
5. Иса маңайдағы адамды сүю дегенді қалай түсінген?
5 Алайда Исаның күніндегі яһуди басшыларының бұл жөніндегі пікірлері басқа болды. Кейбіреулері “дос” және ‘маңайдағы адам’ деген сөздер тек яһудилерге қатысты айтылған деп үйретті. Ал яһуди еместерді жек көру керек еді. Мұндай ұстаздардың ойынша, Құдайға сенетіндер құдайсыздарды жек көруге тиіс. Бір анықтамалықта айтылғандай, “мұндай ортада жеккөрушілікті жою мүмкін емес еді, қайта, барынша өрши түсетін”.
6. Маңайдағы адамды сүю туралы айтқанда, Иса қандай екі ой айтты?
6 Таудағы уағызында Иса осы мәселеге тоқтап, кімдерге сүйіспеншілік таныту керектігіне баса назар аударды. Ол: — Сендер “Маңайыңдағы кісіні жақсы көріп, жауыңды жек көр!” дегенді де естідіңдер. Ал Мен сендерге айтамын: жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді қудалағандар үшін Тәңір Иеге сиынып мінажат етіңдер! Осылайша көктегі Әкелеріңнің рухани балалары боласыңдар: Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады,— деді (Матай 5:43—45). Бұл жерде Иса екі ой айтты. Біріншісі, Ехоба жақсыларға да, жамандарға да жомарттық танытып, қайырымдылық көрсетеді. Екіншісі, біз Ехобаға еліктеуіміз керек.
7. Қайырымды самариялық туралы астарлы әңгімеден не нәрсеге үйренеміз?
7 Басқа бір жолы Таурат заңын үйретуші бір ғұлама Исадан: — Сонда “маңайымдағы адам” кім болғаны?— деп сұрады. Иса бұл сұраққа жауап беру үшін, қарақшылар қолға түсіріп, киімдерін сыпырып алып кеткен жолаушыны, яһудиді, кездестірген самариялық жайлы астарлы әңгіме айтып береді. Яһудилер, жалпы алғанда, самариялықтарды жек көргенімен, әлгі самариялық кісі жолаушының жараларын таңып, оның айығуына қолғабыс ететін қонақ үйге алып барады. Бұдан не нәрсеге үйренеміз? Маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілігіміз өз нәсіліміз, ұлтымыз не дініміздегі адамдармен ғана шектелмеуі керек (Лұқа 10:25, 29, 30, 33—37).
Маңайымыздағы адамды сүю деген нені білдіреді?
8. Сүйіспеншілікті қалай көрсету керектігі жайлы Леуіліктер кітабының 19-тарауында не айтылған?
8 Маңайымыздағы адамды сүю, Құдайды сүю сияқты, жай ғана сезім емес, ол да іспен көрсетіледі. Бұны көру үшін Құдай халқын маңайындағыларды өздеріндей сүюге шақыратын Леуіліктер кітабының 19-тарауында жазылған өсиеттің мәнмәтінін қарастырған абзал. Ол жерден исраилдіктер жарлы-жақыбайлар мен келімсектерге масақ теруге мүмкіндік берулері керектігін оқимыз. Ұрлауға, өтірік айтуға яки алдап соғуға еш болмайтын. Сот мәселесінде исраилдіктер алалаушылық танытпаулары керек еді. Қажет болғанда бауырласын әшкере еткенімен, оларға: “Жүрек әмірі бойынша өз бауырыңмен жауласпа”,— деп арнайы айтылған болатын. Осы және басқа да өсиеттердің тоқетері мына сөздермен айтылған: “Жақыныңды өзіңді өзің қастерлегендей сүйе біл” (Леуіліктер 19:9—11, 15, 17, 18).
9. Неге Ехоба исраилдіктерге өздерін басқа халықтардан бөлек ұстауды бұйырды?
9 Исраилдіктер басқаларды сүюлері керек болғанымен, жалған тәңірге табынушылардан өздерін бөлек ұстаулары керек еді. Ехоба оларға жаман ортаның қауіптері мен оның неге апарып соғатынын ескертті. Мысалы, исраилдіктер қуып жіберулері керек халықтарға қатысты Ехоба былай деп бұйырды: “Олармен қан араластырып, туысқан болма: өз қызыңды олардың ұлына берме және олардың қызын өз ұлыңа әйелдікке алма; Өйткені, олар басқа құдайларға табынту үшін сенің ұлдарыңды Менен теріс айналдырады, және сонда сендерге Жаратушы Иенің қаһары түседі” (Заңды қайталау 7:3, 4).
10. Неден сақтануымыз керек?
10 Сол сияқты мәсіхшілер де сенімдерін әлсіретуі мүмкін адамдармен жақын қарым-қатынаста болудан сақтанады (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Киелі кітап бізге: ‘Сенбейтіндермен [мәсіхшілер қауымының бөлігі болып табылмайтындармен] қоян-қолтық бірге жүрмеңдер’,— деп ескертеді (Қорынттықтарға 2-хат 6:14). Сонымен қатар мәсіхшілерге ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрған’ адаммен ғана неке құруға кеңес беріледі (Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Десе де Ехобаға сенбейтіндерді ешқашан жек көрмеуіміз керек. Мәсіх күнәкарлар үшін жанын қиған. Бір кездері жиіркенішті істермен айналысқандардың көбісі өз жолдарын түзетіп, Құдаймен татуласты (Римдіктерге 5:8; Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11).
11. Ехобаға қызмет етпейтіндерді сүйетінімізді көрсетудің ең жақсы жолы қандай және неліктен бұлай деуге болады?
11 Құдайға қызмет етпейтіндерге сүйіспеншілік танытудың ең жақсы жолы Ехобаның өзіне еліктеу болып табылады. Ол зұлымдықты жек көретін Құдай болса да, барлық адамға сүйіспеншілікке толы мейірімділігін жаман жолдарынан қайтып, мәңгілік өмірге ие болуларына мүмкіндік беруімен көрсетеді (Езекиел 18:23). Ехоба ‘барлық адамдардың күнәларына өкінгенін қалайды’ (Петірдің 2-хаты 3:9). Сонымен қатар “Ол барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (Тімотеге 1-хат 2:4). Міне, сол себепті де Иса ізбасарларына ‘күллі халықтарға барып’, оларға тәлім беріп, шәкірт етуді тапсырған (Матай 28:19, 20). Осы іске атсалысуымызбен Құдайды да, маңайымыздағыларды да, соның ішінде тіпті жауларымызды да, сүйетінімізді көрсетеміз.
Мәсіхші бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз
12. Елші Жохан бауырластарды сүю жайлы не деп жазды?
12 Елші Пауыл: “Мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!”— деп жазды (Ғалаттықтарға 6:10). Мәсіхші болғандықтан сенімі бір бауырластарға, яғни рухани бауырластарға, сүйіспеншілік көрсетуге міндеттіміз. Мұндай сүйіспеншілік қаншалықты маңызды? Ол жайында елші Жохан пәрменді ой айтып, былай деп жазды: “Бауырласын жек көрген әркім — кісі өлтіруші! Біреу: “Құдайды сүйемін”,— дей тұра, бауырласын жек көрсе, оның өтірікші болғаны. Себебі көз алдындағы бауырласын сүймейтін кісі көзге көрінбейтін Құдайды қалай сүйе алады?” (Жоханның 1-хаты 3:15; 4:20) Шындығында да, бұл — өте күшті сөздер. Иса Мәсіх “кісі өлтіруші” және “өтірікші” деген сөздерді Шайтан Ібіліске қолданған (Жохан 8:44). Бұл сөздердің бізге қолданылғанын ешқашан қаламас едік, солай емес пе?!
13. Бір сенімдегілерге деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?
13 Шынайы мәсіхшілерге ‘бір-бірін сүюді Құдайдың Өзі үйретті’ (Салониқалықтарға 1-хат 4:9). Біз ‘сөз жүзінде емес, іс жүзінде шынайы сүйіспеншілік білдіруіміз’ керек (Жоханның 1-хаты 3:18). Сүйіспеншілігіміз екі жүзді болмай, ‘адал болу керек’ (Римдіктерге 12:9). Ол бізді қызғаншақ, мақтаншақ, паң не өзімшіл емес, қайта, мейірімді, жанашыр, кешірімшіл және асқан шыдамды болуға талпындырады (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5; Ефестіктерге 4:32). Сондай-ақ ‘бір-бірімізге сүйіспеншілікпен қызмет етуге’ қозғау салады (Ғалаттықтарға 5:13). Иса шәкірттеріне оларды өзі қалай сүйген болса, бір-бірін солай сүю керектігін айтқан (Жохан 13:34). Сондықтан мәсіхші, қажет болғанда, бауырластары үшін тіпті өмірін қиюға дайын болу керек.
14. Отбасында сүйіспеншілікті қалай таныта аламыз?
14 Сүйіспеншілікті әсіресе мәсіхшілер отбасында, атап айтқанда ерлі-зайыптылар арасында, таныту керек. Олардың бір-біріне өте жақын болғаны сонша — елші Пауыл: “Жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті”,— деп жазды. Сосын: “Әйелін сүйген өзін де сүйеді”,— деп қосты (Ефестіктерге 5:28). Пауыл осы кеңесті бес тармақтан соң тағы қайталағанын байқаймыз. Әйелін сүйетін күйеу Малахидің күніндегі жұбайларына опасыздық жасаған исраилдіктер сияқты болмайды (Малахи 2:14). Ол әйелін аялап, бағалайды, әрі Мәсіх қауымды қалай сүйсе, солай сүйеді. Сүйіспеншілік әйелді де күйеуін құрметтеуге талпындырады (Ефестіктерге 5:25, 29—33).
15. Бауырластар арасындағы сүйіспеншілік кейбіреулерді қандай лебіз айтуға және не істеуге талпындырды?
15 Осындай сүйіспеншілік шынайы мәсіхшілерді анықтауға болатын белгі екені анық. Иса: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген (Жохан 13:35). Бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз адамдарды өзіміз сүйетін әрі құрмет тұтатын Құдайға жақындатады. Мысалы, Мозамбиктегі бір Куәгер отбасы жайында мынадай оқиға айтылды: “Біз мұндай нәрсені бұрын-соңды көрген емеспіз: түстен кейін аласапыран дауыл басталып, соңы қатты нөсер мен бұршаққа ұласты. Қатты соққан жел қамыстан жасалған үйімізді қиратып, шатырдың қаңылтырларын ұшырып әкетті. Сонда көрші қауымдардағы бауырластар келіп, үйді қайта тұрғызуға көмектесті. Оларды көріп аң-таң болған көршілеріміз: “Сендердің діндерің өте жақсы екен. Біз шіркеуімізден ешқашан мұндай көмек алған емеспіз”,— деді. Біз Киелі кітапты ашып, Жохан 13:34, 35-ті оқып бердік. Қазір көршілеріміздің біразы Киелі кітапты зерттеп жатыр”.
Жеке адамдарға деген сүйіспеншілік
16. Адамдарды топ ретінде және жеке-жеке жақсы көрудің қандай айырмашылығы бар?
16 Маңайымыздағылардың бәрін бірге алғанда, яғни топ ретінде, жақсы көру қиын емес. Алайда жеке адамдарды сүюге қатысты әңгіме басқаша болуы мүмкін. Мысалы, кейбіреулердің сүйіспеншілігі кейбір қайырымдылық ұйымдарына садақа берумен ғана шектеледі. Шынында да, маңайымыздағы адамды сүйемін деп айту бізді жақтыра бермейтін жұмыстағы әріптесімізді, жағымсыз көршімізді не көңілімізді қалдырған досымызды сүюден әлдеқайда жеңіл.
17, 18. Иса жеке адамдарға сүйіспеншілігін қалай көрсетті және мұны қандай ниетпен істеді?
17 Жеке адамдарды жақсы көруді Құдайдың қасиеттерін кемелді түрде танытқан Исадан үйрене аламыз. Ол жер бетіне бүкіл адамзаттың күнәсін мойнына алуға келгенімен, әрбір адамға жеке — мысалы, ауру әйелге, алапеспен ауырған адамға, балаға — сүйіспеншілігін көрсетті (Матай 9:20—22; Марқа 1:40—42; 7:26, 29, 30; Жохан 1:29). Біз де маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілігімізді күнделікті кездестіретін әрбір адаммен дұрыс қарым-қатынаста болуымызбен көрсетеміз.
18 Алайда маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік Құдайға деген сүйіспеншілікпен тығыз байланысты екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Иса кедей-кепшіктерге көмектесіп, ауруларды сауықтырып, ашыққандарды тамақтандырғанымен, оның осының бәрін істеудегі және қауым жұртқа тәлім берудегі ниеті адамдарды Құдаймен татуластыру еді (Қорынттықтарға 2-хат 5:19). Ол сүйікті Әкесінің өкілі әрі бейнесі екенін бір сәт те ойынан шығармай, бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеді (Қорынттықтарға 1-хат 10:31). Исаның үлгісіне еліктей отырып, біз де маңайымыздағыларды шын жүректен сүйетінімізді, сөйте тұра, осы зұлым дүниенің бөлігі болмайтынымызды көрсете аламыз.
Қалай маңайымыздағы адамды өзімізді сүйгендей сүйе аламыз?
19, 20. Маңайымыздағы адамды өзімізді сүйгендей сүю деген нені білдіреді?
19 Иса: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!”— деген. Өз қамымызды ойлау мен өз-өзімізді байсалды көзқарас сақтап сыйлау — кәдімгі нәрсе. Егер бұлай етпесек, онда біз үшін Исаның өсиетінің онша мәні болмас еді. Өзімізді жақсы көруді елші Пауылдың Тімотеге 2-хат 3:2-де айтқан өзімшіл сүйіспеншілігімен шатастырмау керек. Бұл — адамның өз-өзін парасаттылықпен сыйлауы. Бір Киелі кітап зерттеушісі мұны ‘адамның “мен әулиемін” немесе “оңбаған адаммын” демей, таразының басын тең ұстап өзін жақсы көруі’ деп сипаттайды.
20 Басқаларды өзіміздей сүю олар бізге қалай қарасын десек, өзіміз де оларға солай қарауды білдіреді. Иса: “Барлық істе де басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер”,— деген (Матай 7:12). Байқасаңдар, Иса басқалар бұрын бізге не істегені жайлы ойланып, кейін есесін қайтар деп тұрған жоқ. Қайта, өзімізге адамдардың қалай қарағанын қалар едік, осы жайында ойланып, кейін солай әрекет етуіміз керек. Сондай-ақ Иса бұл жерде тек достар және бауырластар туралы айтпағанын да байқаңдаршы. Ол “басқалар” деген сөзді барлық адамдарға, яғни кездестірген әрбір адамға, қатысты солай әрекет етуіміз керектігін көрсету үшін қолданған болса керек.
21. Адамдарды жақсы көруімізбен нені көрсетеміз?
21 Маңайымыздағыларды сүйгеніміз жаманшылық жасаудан сақтайды. Елші Пауыл былай деп жазды: “Неке адалдығын бұзба, кісі өлтірме, ұрлық жасама, сұқтанба” және тағы басқа бұйрықтар Таурат заңында былай деп тұжырымдалған: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы кісіні де солай сүй”. Сүйіспеншілікке кенелген адам маңайындағыларға жамандық істемейді” (Римдіктерге 13:9, 10). Сүйіспеншілік бізді өзгелерге жақсылық жасаудың жолын іздеуге талпындырады. Маңайымыздағыларды жақсы көруімізбен адам баласын өзіне ұқсас етіп жаратқан Ехоба Құдайды сүйетінімізді де көрсетеміз (Жаратылыс 1:26).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Кімдерге сүйіспеншілік көрсетуіміз керек және неліктен?
• Ехобаға қызмет етпейтін адамдарға сүйіспеншілігімізді қалай көрсете аламыз?
• Киелі кітапта бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз қалай сипатталады?
• Маңайымыздағыларды өзімізді сүйгендей сүю деген нені білдіреді?
[26-беттегі сурет]
“Маңайымдағы адам” кім болғаны?
[27-беттегі сурет]
Иса әрбір адамды жеке сүйген