Мұсаның 1-жазбасы
44 Кейінірек Жүсіп үй басқарушысына: “Бұл адамдардың қаптарына көтергенінше астық толтыр да, әрқайсысының ақшасын қабының аузына салып қой+. 2 Ал кенжелерінің қабына ақшамен қоса менің күміс тостағанымды сал”,— деді. Ол бәрін Жүсіп айтқандай істеді.
3 Ертеңіне таң бозара бере оларды жүк тиелген есектерімен бірге жолға шығарып салды. 4 Олар қаладан ұзап шықпай тұрып, Жүсіп үй басқарушысына былай деді: “Тұр да, әлгілердің соңынан қу! Қуып жеткенде, оларға: —Неге сендер жақсылыққа жамандықпен қайтардыңдар? 5 Не үшін қожайынымның сусын ішетін тостағанын ұрлап әкеттіңдер? Қожайыным онымен бал ашады. Сендердің бұл істерің жаман болды,— деп айт”.
6 Үй басқарушысы оларды қуып жетіп, осы сөздерді жеткізді. 7 Сонда олар: “Қожайынымыз неге бұлай дейді? Құлдарыңыз мұндай жамандық жасаудан аулақ. 8 Біз тіпті қабымыздан табылған ақшаны сонау Қанахан жерінен қайта әкелдік қой+. Ендеше қалайша біз қожайынымыздың үйінен күміс не алтын ұрлаймыз? 9 Күміс тостаған қайсысымыздан табылса, сол өлім құшсын, ал қалғанымыз қожайынымызға құл болайық”,— деді. 10 Үй басқарушысы: “Жарайды, айтқандарыңдай болсын. Тостаған кімнен табылса, сол маған құл болады, ал қалғандарың айыпсыз боласыңдар”,— деді. 11 Сол кезде олар тездетіп қаптарын жерге түсіріп, әркім өз қабының аузын ашты. 12 Үй басқарушысы үлкенінен бастап кішісіне дейін — бәрінің қаптарын тінтіп шықты. Тостаған Бенияминнің қабынан табылды+.
13 Сонда олар киімдерінің өңірін айыра жыртты. Жүктерін есектеріне артып, қалаға қайта оралды. 14 Яһуда+ бауырларымен бірге Жүсіптің үйіне келгенде, ол әлі сонда еді. Олар оның алдына келіп жығылды+. 15 Жүсіп: “Бұл не істегендерің? Мендей адамның бал ашып, бәрін анықтай алатынын білмеп пе едіңдер?”— деді+. 16 Сонда Яһуда: “Қожайынымызға не айта аламыз? Мұны қалай түсіндіруді де білмей тұрмыз. Өзіміздің адал екенімізді қалай дәлелдесек екен? Құдай құлдарыңыздың кінәсін әшкерелеп отыр+. Енді біз де, қабынан тостаған табылған адам да сіздің құлыңызбыз”,— деді. 17 Алайда Жүсіп: “Жоқ, мен олай етпеймін! Тостаған кімнен табылса, сол ғана маған құл болады+. Ал қалғандарың әкелеріңе тыныштықпен қайта беріңдер”,— деп жауап қатты.
18 Сонда Яһуда Жүсіптің қасына келіп, былай деді: “Қожайын, өтінемін, бірауыз сөз айтуға рұқсат етіңіз, құлыңызға ашулана көрмеңіз, өйткені сіз перғауынға парапар адамсыз+. 19 Өткен жолы қожайыным құлдарынан: —Әкелерің, басқа да бауырларың бар ма?— деп сұраған. 20 Сонда біз: —Егде тартқан әкеміз және оның қартайған шағында көрген кенже ұлы бар+. Бірақ оның бір анадан туған ағасы қайтыс болып, жалғыз қалды+. Әкесі оны қатты жақсы көреді,— деп жауап берген едік. 21 Ал сіз: —Оны маған алып келіңдер, өз көзіммен көрейін+,— деген болатынсыз. 22 Бірақ біз қожайынымызға: —Бала әкесін қалдырып кете алмайды. Ол қасынан кетсе, әкесі өліп қалады+,— дегенде, 23 сіз құлдарыңызға: —Кенже інілерің сендермен келмесе, көзіме қайта көрінбеңдер,— деп бұйырдыңыз+.
24 Біз сіздің құлыңызға, әкемізге, барып, қожайынымыздың сөздерін жеткіздік. 25 Кейінірек әкеміз: —Тағы да барып, біраз азық сатып әкеліңдер,— дегенде+, 26 біз: —Ол жаққа бара алмаймыз. Кенже інімізді бізбен жіберсеңіз ғана барамыз, өйткені онсыз ол кісінің жүзін көре алмаймыз+,— дедік. 27 Сонда сіздің құлыңыз, менің әкем: —Сендер әйелімнің маған екі ұл туып бергенін жақсы білесіңдер+. 28 Біреуінен айырылғанда: “Ол жыртқыш аңға жем болыпты-ау+!”— дедім. Содан бері оны көрген емеспін. 29 Егер мына ұлымды да алып кетіп, ол бір пәлеге ұшыраса, шашым ағарған шағымда мені қайғыға батырып, көрге*+ тығасыңдар,— деп көнбеген+.
30 Қожайын, әкеме жанындай жақсы көретін осы баласын алып қайтпасам, 31 оның қасымызда жоқ екенін көрсе, әкем сол сәтте өледі. Сонда біз, сіздің құлдарыңыз, ақ шашты әкемізді қайғыға батырып, көрге* кіргіземіз. 32 Баланың қауіпсіздігіне басыммен жауап беретінімді айтып, құлыңыз өз әкесіне: —Егер оны сізге қайтып әкелмесем, өмір бойы алдыңызда кінәлі болып өтейін,— деген болатын+. 33 Сондықтан баланың орнына қожайыныма мен құл болайын, ал оны ағаларымен үйіне қайтара көріңіз. 34 Әкемнің алдына баласыз қалай бармақпын? Әкемнің басына түскен қасіретті көруге қалай дәтім шыдамақ?!”