4 | Киелі кітаптағы құнды кеңестер
КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДЫҢ АЙТАРЫ: “Киелі жазбалардың бәрі... тиімді” (ТІМӨТЕГЕ 2-ХАТ 3:16).
Сөздердің мәні
Киелі жазбалар медицина жөнінде кітап болмаса да, онда өте тиімді және пайдалы кеңестер бар. Сол кеңестер психикалық денсаулықпен қиындығы бар адамдарға зор көмек бола алады. Солардың кейбірін көрейік.
Пайдасы
“Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет” (МАТАЙ 9:12).
Кейде бізге медициналық көмек қажет болуы мүмкін. Психикалық денсаулығында кінәраты бар көп адам өз аурулары жайлы сенімді ақпарат жинап, дәрігердің көмегінің арқасында жағдайларын біршама түзеткен.
“Денені шынықтырудың біраз пайдасы бар” (ТІМӨТЕГЕ 1-ХАТ 4:8, “Жаңа өмір” баспасы).
Тәндік денсаулықты жақсарту үшін, уақытыңыз бен күшіңізді аямайтын болсаңыз, бұл сіздің психикалық денсаулығыңызға көп жақсы әсерін тигізеді. Мысалы, үзбей дене жаттығуларын жасаңыз, пайдалы тамақ жеңіз және жеткілікті демалыңыз.
“Қуанышты жүрек жақсы шипа болар, Күйреген рух сүйекті қуратар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 17:22).
Рухты көтеретін үзінділерді оқып және сіз үшін қолжетімді мақсаттарға ұмтылсаңыз, өзіңізді әлдеқайда бақытты сезінесіз. Қазір өміріңіздегі жақсы жайттарға назар аударып, ал болашақта бәрі одан да керемет болатынына сенім артсаңыз, жан дүниеңізді ойрандатқан дертпен күресуге күш болады.
“Қарапайымдарға даналық тән” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 11:2).
Сіз қалаған нәрсеңізді өз бетінше жасай алмай қалуыңыз мүмкін. Сондайда басқалардың көмегін қуана қабылдаңыз. Туыстарыңыз бен достарыңыз сөзсіз сізге көмектескісі келеді. Бірақ қалай көмектесерін кейде білмей жатады. Мүмкін, оларға әсіресе қандай көмекке мұқтаж екеніңізді айтып қоярсыз. Алайда олар сіз үшін бәрін істеп береді деп күтпеңіз және қандай көмек көрсетсе де, әрдайым риза болыңыз.
Игілігін көргендер
“Мен өз-өзіме ұқсамай бара жатқанымды түсіндім. Сөйтіп, дәрігерге бардым. Ол соның себебін тауып берді. Сонда менімен не болып жатқанын түсіндім және денсаулығымды күту үшін не ішіп, не істеуім керектігін білдім” (Никольa, биполярлы бұзылысы бар әйел).
“Біз әйелім екеуіміз күнде таңертең Киелі кітап оқимыз. Соның арқасында күніміз жақсы көңіл күймен, жағымды ойлармен басталады. Ал көңілімді мұң басқан күндері оқыған тармақтың әйтеуір біреуі жаныма дәру болады” (Питер, депрессияға шалдыққан).
“Мен ауруым жайлы ешкімге айтпайтынмын, өйткені қатты қысылатынмын. Бірақ бір досыма айтқан кезде, ол мені мұқият тыңдап, жан дүниемді түсінді. Сол досымның арқасында жалғыз емес екенімді түсініп, анағұрлым жақсы болып қалдым” (Джи Ю, шектен тыс тамақтанумен ауырады).
“Киелі кітап маған орнымен жұмыс істеп, орнымен демалуға көмектеседі. Ондағы дана кеңестер маған аурумен күресуге жәрдем береді” (Тимофей, обсессивті-компульсивті бұзылысы бар).
a Кейбір есімдер өзгертілген.