Қасиетті атаулыға деген көзқарасың Ехобаныкіндей ме?
‘Абай болыңдар, ешқайсыларың да азғын өмір сүрмеңдер! Яки қасиетті атаулыға немқұрайды қарамаңдар!’ (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 12:15, 16)
1. Ехобаның қызметшілері қандай көзқарасты қабылдамайды?
МЫНА дүниеде барған сайын қасиетті атаулыға деген немқұрайдылық белең алып барады. Француз әлуметтанушысы Эдгар Морен: “Мораль деген ұғымның барлық негіздері — Құдай, табиғат, отан, тарих, парасаттылық — өзіне тән талас тудырмайтын қасиетінен айырылған... Адамдар құндылықтың не екенін өздері шешіп, өздері таңдайды”,— деген. Бұл ‘осы дүниелік рухтың’ немесе “Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың” көрінісі (Қорынттықтарға 1-хат 2:12; Ефестіктерге 2:2). Ехобаға бағышталған әрі оның бүкіләлемдік билігіне қуана-қуана мойынсұнатындар мұндай көзқарасты қабылдамайды (Римдіктерге 12:1, 2). Қайта, олар Ехобаға ғибадат етуде қасиеттіліктің, немесе киеліліктің, маңызды орын алатынын мойындайды. Біздің өмірімізде қандай нәрселер қасиетті болу керек? Осы мақалада Құдайдың қызметшілерінің барлығы үшін қасиетті болып есептелетін бес нәрсені қарастырамыз. Ал келесі мақалада кездесулеріміздің қасиеттілігіне көңіл бөлінеді. Бірақ “киелі” деген сөз өзі шындығында нені білдіреді?
2, 3. а) Жазбаларда Ехобаның киелілігіне қалай ерекше көңіл бөлінеді? ә) Қалай біз Ехобаның есімін киелі тұтамыз?
2 Көне еврей тіліндегі “киелі” деген сөздің астарында бөліну деген ой бар. Ғибадатқа байланысты “киелі” сөзі кәдімгі қолданыстан бөлінген немесе қасиетті деп қарастыру мағынасын білдіреді. Ехоба — осы сөздің толық мағынасында киелі. Киелі кітапта оның ‘Ең киелі Тұлға’ екендігі айтылған (Нақыл сөздер 9:10; 30:3, ЖД). Ежелгі Исраилде бас діни қызметкер сәлдесінің маңдайшасына “Киелілік Ехобаға тиесілі” деген бедерлі жазуы бар тақташа тағып жүретін (Мысырдан шығу 28:36, ЖД; 37). Жазбаларда Ехобаның көктегі тағының айналасындағы керубтер мен серафимдердің зор дауыспен: “Әлемнің Иесі киелі, киелі, киелі”,— деп жар салып жатқандары суреттеледі (Ишая 6:2, 3, сілтемені қара; Аян 4:6—8). Бұл сөздің үш рет қайталануы Ехобаның аса жоғары дәрежеде киелі, таза және кіршіксіз екендігіне ерекше көңіл бөледі. Оның киелі атаулының Қайнар көзі екендігінде сөз жоқ.
3 Ехобаның есімі — қасиетті, немесе киелі. Забур жыршысы: “Сенің ұлы да қорқынышты атыңды олар марапаттай берсін: ол қасиетті!”— деп дауыстаған (Забур 98:3). Иса былай дұға етуді үйреткен: “Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін” (Матай 6:9). Исаны өмірге әкелген анасы Мәриям: “Жан дүнием Иемді мадақтайды, Есімі киелі Құдіретті Құдай Маған керемет ұлы істер жасайды!”— деген мадақ сөздер айтқан (Лұқа 1:46, 49). Ехобаның қызметшілері ретінде біз оның есімін киелі тұтамыз, әрі оған кір келтіруі мүмкін нәрселердің бәрінен аулақ жүреміз. Бұған қоса, біздің қасиеттілікке деген көзқарасымыз Ехобаныкіндей, сондықтан ол қасиетті деп қарастыратын нәрсені біз де солай қарастырамыз (Амос 5:14, 15).
Исаны барынша құрметтеудің себептері
4. Неге Киелі кітапта Иса “Құдайдың Киелісі” деп аталады?
4 Киелі Құдай Ехобаның жалғыз ұлы ретінде Иса киелі болып жаратылған (Жохан 1:14; Қолостықтарға 1:15; Еврейлерге 1:1—3). Сондықтан ол “Құдайдың Киелісі” деп аталады (Жохан 6:69, сілтемені қара). Өмірі жер бетіне ауыстырылып, Мәриямның құрсағына салынғанда, Иса киелілігінен айырылған жоқ, өйткені бұл киелі рухтың құдіретімен жасалды. Құдайдың періштесі Мәриямға: ‘Сенің үстіңе Киелі Рух келіп, көлеңкесін түсіреді. Сен табатын Киелі Бала “Құдайдың рухани Ұлы” деп аталмақ’,— деді (Лұқа 1:35). Иерусалимдегі мәсіхшілер Ехобаға дұға еткенде, екі рет ‘қасиетті Қызметшің Иса’ деген сөздерді қолданған (Елшілердің істері 4:27, 30).
5. Жер бетіне келгенде, Иса қандай қасиетті тапсырманы орындады және неге оның қанына ‘баға жетпейді’?
5 Жер бетіне келгенде, Исаның қасиетті тапсырмасы болған. Б. з. 29 жылы шомылдыру рәсімінен өткенде, Иса Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасында Бас діни қызметкер болу үшін майланды (Лұқа 3:21, 22; Еврейлерге 7:26; 8:1, 2). Сондай-ақ ол өмірін құрбандық ретінде беріп, жанын қию керек еді. Күнәкарлар аман қалу үшін оның төгілген қаны төлем болу керек-тін (Матай 20:28; Еврейлерге 9:14). Сондықтан біз Исаның төгілген қанын қасиетті, “баға жетпес” деп қарастырамыз (Петірдің 1-хаты 1:19).
6. Біздің Мәсіх Исаға деген көзқарасымыз қандай және неге?
6 Патшамыз әрі Бас діни қызметкер Мәсіх Исаны барынша құрметтеуіміз керектігін көрсетіп Пауыл былай деген: “Құдай Оны [Өз Ұлын] көкке көтеріп, Мәртебесін бәрінен де биіктетіп, Оған бүкіл есімдерден жоғары Атақты сыйлады: Исаның Атағын естіп, Көктегі, жердегі және жер астындағылардың Бәрі де Оның алдында тізе бүгіп, Барлық тіл атаулы Иса Мәсіхті Жаратқан Ие [“Иеміз”, ЖД] деп ашық мойындап, Құдай Әкенің даңқын арттыруға тиіс” (Філіпіліктерге 2:9—11). Тәлімгеріміз әрі мәсіхшілер қауымының Басы тақта отырған Патша Мәсіх Исаға қуана мойынсұну арқылы қасиетті атаулыға деген көзқарасымыздың Ехобаныкіндей екендігін көрсетеміз (Матай 23:10; Қолостықтарға 1:18).
7. Мәсіхке мойынсұнатынымызды қалай көрсетуімізге болады?
7 Мәсіхке мойынсұнуға бүгінде өзі басқарып отырған істе басшылық ету тапсырылғандарға лайықты құрмет көрсету де кіреді. Басқарушы кеңесті құрайтын рухпен майланғандардың, сондай-ақ олар филиалдарда, облыстық не аудандық істе және қауымдарда қызмет ету үшін тағайындаған бақылаушылардың жауапкершіліктері қасиетті деп қарастырылу керек. Сондықтан біз оларға мойынсұнуға және осы құрылымды барынша құрметтеуге тиіспіз (Еврейлерге 13:7, 17).
Қасиетті халық
8, 9. а) Қалайша исраилдіктер қасиетті халық болған? ә) Ехоба қасиеттілік принципін исраилдіктердің көңілдеріне қалай ұялатқан?
8 Ехоба Исраил халқымен келісім жасасқан. Осының арқасында сол жаңа халық ерекше дәрежеге ие болды: олар қасиетті атанды, немесе бөлініп алынды. Ехобаның өзі оларға: “Менің алдымда қасиетті болыңдар, өйткені, Мен киелі Жаратушымын, сөйтіп, сендер тек Менікі ғана болуларың үшін сендерді басқа халықтардан бөліп алдым”,— деген (Леуіліктер 19:2; 20:26).
9 Ехоба Исраил халқы құралған кезден-ақ қасиеттілік принципін олардың көңілдеріне ұялатқан. Олар Он өсиет берілген тауға тіпті қол тигізбеулері керек-тін, өйтпеген жағдайда өлім құшар еді. Ол кезде Синай тауы қандай да бір мағынада қасиетті деп есептелген (Мысырдан шығу 19:12, 23). Діни қызметкерлік, киелі шатыр және ондағы мүлік те киелі тұтылу керек еді (Мысырдан шығу 30:26—30). Ал мәсіхшілер қауымындағы жағдай қандай?
10, 11. Неге майланғандардан тұратын мәсіхшілер қауымын қасиетті деуге болады және бұл “басқа қойларға” қалай әсер етеді?
10 Майланғандардан тұратын мәсіхшілер қауымы Ехобаның көз алдында қасиетті (Қорынттықтарға 1-хат 1:2). Тарих бойында өмір сүрген майланған мәсіхшілердің бәрі киелі үйге теңеледі, бірақ олар Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасын құрамайды. Ехоба сол үйде киелі рухы арқылы мекендейді. Елші Пауыл былай деген: “Ол арқылы бүкіл рухани құрылыс (сенушілердің бәрі) біріктіріліп, Жаратқан Иеге бағышталған киелі үй болу үшін өсіп жатыр. Сөйтіп сендер Иса Мәсіхтің арқасында “Құдай тұратын мекен” ретінде бірге қаланасыңдар, Құдай мұны Киелі Рухы арқылы мекендейді” (Ефестіктерге 2:21, 22; Петірдің 1-хаты 2:5, 9).
11 Бұдан кейін Пауыл майланған мәсіхшілерге: ‘Әлде сендер өздеріңнің “Құдайдың рухани үйі” екендіктеріңді және Құдайдың Рухы өздеріңде тұратынын білмейсіңдер ме? Құдайдың “рухани үйі” — Оның қасиетті меншігі. Ал осы “рухани үй” — сендерсіңдер!’— деп жазды (Қорынттықтарға 1-хат 3:16, 17). Ехоба киелі рухы арқылы майланғандардың ‘орталарында тұрып, араларында жүреді’ (Қорынттықтарға 2-хат 6:16). Ол өзінің адал “құлына” басшылық беруді доғармайды (Матай 24:45—47, ЖД). Ал “басқа қойлар” майланғандар табымен қызметтес болу мәртебесін жоғары бағалайды (Жохан 10:16; Матай 25:37—40).
Мәсіхшілердің өміріндегі қасиетті нәрселер
12. Біздің өмірімізде не нәрселер қасиетті және неге?
12 Майланғандар мен олардың серіктерінің өміріндегі көп нәрсенің қасиетті тұтылатынына таң қалудың қажеті жоқ. Біздің Ехобамен қарым-қатынасымыз қасиетті (Шежірелер 1-жазба 28:9; Забур 35:8). Мұны қатты бағалайтынымыз соншалық — еш нәрсенің де, ешкімнің де оған нұқсан келтіруіне жол бермейміз (Шежірелер 2-жазба 15:2; Жақып 4:7, 8). Ехобамен әрқашан тығыз қарым-қатынаста болу үшін дұғаның маңызы зор. Даниял пайғамбар дұғаны аса қасиетті деп есептеген, сондықтан өміріне қатер төнгеніне қарамастан, дағдысы бойынша Ехобаға дұға етуден таймаған (Даниял 6:7—11). “Күллі қасиеттілердің”, немесе майланған мәсіхшілердің, айтқан дұғалары ғибадат еткенде қолданылған хош иісті заттарға теңеледі (Аян 8:3, сілтемені қара; Леуіліктер 16:12, 13). Осындай бейненің қолданылуы дұғаның қасиеттілігіне ерекше назар аударады. Әлемнің Әміршісімен тілдесу неткен мәртебе! Олай болса, дұғаның өміріміздегі қасиетті нәрсе екендігіне таңқалудың қажеті жоқ!
13. Қандай күш киелі және қалай біз оның әрекет етуіне жол беруіміз керек?
13 Майланған мәсіхшілер мен олардың серіктері қасиетті деп қарастыратын бір күш бар, бұл — киелі рух. Аталмыш рух — Ехобаның әрекет етуші күші. Ол үнемі киелі Құдайдың еркіне сай әрекет ететін болғандықтан, лайықты түрде киелі рух немесе “қасиеттілік Рухы” деп аталады (Жохан 14:26; Римдіктерге 1:4, сілтемені қара). Ізгі хабарды уағыздаулары үшін Ехоба қызметшілеріне киелі рухы арқылы күш беріп отырады (Елшілердің істері 1:8; 4:31). Ол киелі рухын ‘ескі күнәкар болмысының еркі бойынша’ емес, ‘Киелі Рухпен өмір сүріп’, “Өзіне бой ұсынғандарға сыйға береді” (Елшілердің істері 5:32; Ғалаттықтарға 5:16, 25; Римдіктерге 8:5—8). Осы құдіретті күш мәсіхшілерге рухтың “игілікті жемісін”, яғни керемет қасиеттер, дамытуға және ‘жүріс-тұрыстарының Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуына’ көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Петірдің 2-хаты 3:11). Егер киелі рухты қасиетті деп қарастыратын болсақ, оны ренжітуі, немесе оның әрекет етуіне кедергі болуы, мүмкін кез келген іс-әрекеттен аулақ боламыз (Ефестіктерге 4:30).
14. Майланғандар қандай мәртебені қасиетті деп қарастырады және басқа қойлар бұған қалай атсалысуда?
14 Біз киелі Құдай Ехобаның есімімен аталу және оның Куәгерлері болу мәртебесін де қасиетті деп білеміз (Ишая 43:10—12, 15). Ехоба майланған мәсіхшілерді “Жаңа келісімге сай қызмет етуге қабілетті қылды” (Қорынттықтарға 2-хат 3:5, 6). Оларға ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды’ уағыздау және ‘күллі ұлттарға барып, оларды шәкірт ету’ ісі тапсырылды (Матай 24:14; 28:19, 20). Олар осы тапсырманы адалдықпен орындап жүр, әрі қой іспеттес миллиондаған адам өз лебіздерін білдіріп, былайша айтқанда: “Біз сенімен бірге барамыз, өйткені біз Құдай сендер жағында екенін естідік”,— деуде (Зәкәрия 8:23). Сол адамдар рухани мағынада Құдайдың майланған қызметшілерінің ‘егіншілері’ мен ‘жүзімшілері’ ретінде қуана қызмет етуде. Осылайша басқа қойлар майланғандардың өз тапсырмаларын дүниежүзілік деңгейде орындауына зор көмек көрсетуде (Ишая 61:5, 6).
15. Елші Пауыл қандай істі қасиетті деп есептеген және неге біз де сондай көзқарастамыз?
15 Елші Пауыл өзінің ел алдындағы қызметін қасиетті, не киелі, деп есептеген. Ол өзінің ‘Құдайдың ізгі хабарын жариялауды қасиетті қызмет ретінде атқаратын Мәсіх Исаның басқа ұлттарға жіберген қызметшісі’ екенін айтқан (Римдіктерге 15:16, ЖД). Қорынттағы мәсіхшілерге жазған хатында Пауыл қызметін ‘қазынаға’ теңеген (Қорынттықтарға 2-хат 4:1, 7). Ел алдындағы қызметіміз арқылы біз Құдайдың киелі сөздерін жария етеміз (Петірдің 1-хаты 4:11). Сондықтан, мейлі, майланған не басқа қойлардың мүшесі болайық, куәлік ету ісіне атсалысу мәртебесін қасиетті деп қарастырамыз.
“Құдайдан қорқып, киелілікті жетілдіру”
16. ‘Қасиетті атаулыға немқұрайды қарап’ кетуден аулақ болуымызға не көмектеседі?
16 Елші Пауыл бауырластарына ‘қасиетті атаулыға немқұрайды қарап’ кетпеуді ескерткен. Ол ‘әлдебір ащы [немесе улы] тамыр өсіп шығып, залалын тигізбеу және онымен көпшілік арамдалып қалмау’ үшін барынша абай болып, ‘қасиетті өмір кешуге ұмтылуға’ шақырған (Еврейлерге 12:14; 15, Тт; 16). Ащы, не улы, тамыр деген тіркес қауым істерінің қалай атқарылып жатқанын сынап-мінейтін бірен-саран мәсіхшілерге қатысты айтылған. Мысалы, олар жар төсегін былғамауға немесе өнегелік тазалыққа деген Ехобаның көзқарасымен келіспейтін шығар (Салониқалықтарға 1-хат 4:3—7; Еврейлерге 13:4). Немесе ‘шындық жолынан адасқан’ жолдан таюшылардың сөздерін, яғни ‘қасиеттіні арамдайтын бос әңгімелерді’ (ЖД), қолдайтын болар (Тімотеге 2-хат 2:16—18).
17. Киелілікке деген көзқарастары Ехобаныкіндей болу үшін неге майланғандар үнемі күш салып отырулары керек?
17 Майланған бауырластарына Пауыл: ‘Сүйіктілерім, Құдайдан қорқып, киелілікті жетілдіру арқылы, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрселерден өзімізді тазартайық’,— деп жазды (Қорынттықтарға 2-хат 7:1, ЖД). Бұл сөздерден мынаны байқауға болады: ‘көкке шақырылғандар’ ретінде майланған мәсіхшілер өмірлерінің әр саласында киелілікке деген көзқарастары Ехобаныкіндей екендігін дәлелдеу үшін үнемі күш салып отырлары керек (Еврейлерге 3:1, ЖД). Сол сияқты елші Петір де рухтан туылған бауырластарын: “Құдайдың рухани балалары ретінде Оған бағыныңдар; бұрын Оның шынайы хабарын білмей, өмірлерің жаман істерге жетелейтін құштарлықтың билігінде болып келді. Бұған енді жол бермеңдер! Қайта, өздеріңді шақырған Құдайдың қасиетті болғаны сияқты, сендер де бүкіл іс-әрекеттеріңде қасиетті болыңдар!”— деп шақырған (Петірдің 1-хаты 1:14, 15).
18, 19. а) “Өте үлкен тобырдың” мүшелері қасиетті атаулыға деген көзқарастарының Ехобаныкіндей екенін қалай көрсетеді? ә) Келесі мақалада өмірімізде қасиетті болып есептелетін қандай сала қарастырылады?
18 “Ауыр азаптан” аман қалатын “өте үлкен тобырдың” мүшелері жөнінде не деуге болады? Олар да қасиетті атаулыға деген көзқарастарының Ехобаныкіндей екенін дәлелдеуге тиіс. Аян кітабында олар Ехобаның рухани ғибадатханасының жердегі ауласында (ЖД) “қасиетті қызметтерін” атқарып жүргендер ретінде суреттелген. Олар Мәсіхтің төлем құрбандығына сеніп, бейнелі түрде ‘шапандарын Тоқтының төгілген қанымен “жуып” аппақ қылғандар’ (Аян 7:9, 14, 15). Бұл оларға Ехобаның алдында таза болуларына мүмкіндік береді, әрі ‘Құдайдан қорқып, киелілікті жетілдіру арқылы, тәндері мен рухтарын арамдайтын барлық нәрселерден өздерін тазарту’ міндетін жүктейді.
19 Майланған мәсіхшілер мен олардың серіктерінің өміріндегі маңызды нәрселердің бірі — Ехобаға ғибадат ету және оның Сөзін зерттеу үшін кездесулерге үзбей бару. Ехоба өз халқының бас қосатын кездесулерін қасиетті деп есептейді. Қасиетті атаулыға қатысты осы бір салада көзқарасымыздың неге Ехобаныкіндей болу керектігі және мұндай көзқарасты қалай дамытуға болатыны келесі мақалада талқыланады.
Қайталау
• Ехобаның қызметшілері осы дүниеге тән қандай көзқарасты қабылдамайды?
• Неге Ехоба қасиетті атаулының Қайнар көзі?
• Мәсіхтің киелілігін құрметтейтінімізді қалай көрсетеміз?
• Өмірімізде не нәрселерді қасиетті деп қарастыруымыз керек?
[23-беттегі сурет]
Ежелгі Исраилде діни қызметкерлік, киелі шатыр және ондағы мүлік те киелі тұтылу керек еді
[24-беттегі сурет]
Жер бетіндегі майланған мәсіхшілер киелі үйді құрайды
[25-беттегі суреттер]
Дұға және ел алдындағы қызметіміз — қасиетті артықшылықтарымыз