Иса Мәсіх — ең ұлы Миссионер
‘Мен содан келдім, Мені Сол жіберді’ (ЖОХ. 7:29).
1, 2. Миссионер деген нені білдіреді және кімді ең ұлы Миссионер дей аламыз?
“МИССИОНЕР” деген сөзді естігенде ойыңа бірден кім келеді? Кейбіреулер басқа елге барып, оның саясаты мен экономикалық істеріне араласатын мәсіхшілер әлемінің өкілін ойлайды. Алайда Ехоба куәгері болғандықтан, сенің ойыңа жердің түкпір-түкпіріне уағыздау үшін Басқарушы кеңес тағайындайтын миссионерлер келетін шығар (Мат. 24:14). Бұл миссионерлер адамдарға Ехоба Құдайға жақындап, онымен тығыз қарым-қатынас дамытуға көмектесіп, уақыттары мен күш-жігерлерін аянбай жұмсауда (Жақ. 4:8).
2 “Миссионер” деген сөз қазақ тіліндегі Киелі кітапта кездеспейді. Алайда Ефестіктерге 4:11-де “Ізгі хабарды таратушы” деп аударылған грек сөзі “миссионер” деп те аударылады. Ехоба — ең ұлы Ізгі хабар таратушы. Бірақ оны ең ұлы Миссионер деуге болмайды, себебі оны ешкім де жұмсай алмайды. Иса Мәсіх өзінің көктегі Әкесі жайлы: “Мен ...Содан келдім, Мені Сол жіберді”,— деген (Жох. 7:29). Ехоба адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз рухани ұлын жерге жіберген (Жох. 3:16). Исаны ең ұлы әрі басты Миссионер деуге болады, себебі оның жерге жіберілуінің бір мақсаты “шындықты ашық жариялау” болған (Жох. 18:37). Ол Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау ісін нәтижелі атқарды және оның қызметінің пайдасын біз әлі күнге дейін көріп жатырмыз. Мысалы, біз оның тәлім беру әдісін, миссионер ретінде тағайындалмасақ та, қызметімізде қолдана аламыз.
3. Қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 Иса Патшалықтың жариялаушысы болғандықтан, біз келесі сұрақтарды қарастырғымыз келеді: Иса жердегі қызметі кезінде қандай жайттарды бастан кешті? Оның тәлім беру жолының тиімді болу себебі не? Неліктен оның қызметі нәтижелі болды?
Жаңа ортада танытқан дайындық рухы
4-6. Иса жерге келгенде қандай өзгерістерді бастан кешті?
4 Патшалықтың жариялаушыларына қажеттілік бар аймақтарға көшіп барған бүгіндегі миссионерлер мен басқа мәсіхшілерге үйреншікті тұрмыс деңгейінен төмен жағдайларға бейімделу керек болуы мүмкін. Алайда Исаның жерде қызмет еткен кезі мен Ехоба мен оның адал періштелерінің ортасында болған кезінің арасындағы айырмашылықты тіпті елестете де алмаймыз (Әйүп 1:6; 2:1). Азып-тозған күнәкар адамзаттың арасындағы өмір бұрынғы өмірінен мүлдем өзгеше еді! (Мар. 7:20—23). Тіпті жақын шәкірттерінің арасындағы бақталастықты көріп, оларға көмек беруіне тура келді (Лұқа 20:46; 22:24). Иса кез келген жағдайда кемелді түрде әрекет еткен.
5 Иса адам тілінде сөйлеу қабілетіне ғажайып түрде ие болған жоқ. Ол оны балалық шағынан бастап үйренді. Бұл періштелерге бұйрық беруден өзгеше жағдай еді. Жерде Иса “адам тілдерінің”, кем дегенде, біреуін қолданған. Бұл тіл ‘періште тілдерінен’ мүлдем өзгеше болған (Қор. 1-х. 13:1). Алайда бұрын-соңды өмір сүрген ешбір адам Иса сияқты ұнамды сөздермен сөйлеген емес (Лұқа 4:22).
6 Құдай Ұлы жерге келгенде басынан кешкен тағы бір үлкен өзгерісті қарастырып көрейік. Ол Адам атадан күнәны мұра етпесе де, адам болды, яғни болашақ “бауырластарына”, немесе майланған мәсіхшілерге, ұқсас болды (Еврейлерге 2:17, 18 оқы). Иса бас періште Михайл болған кезінде періштелерге билік жүргізсе де, жердегі өмірінің соңғы түні Әкесінен ‘он екі әскери бөлімнен астам періштелерін’ жіберуін сұраған жоқ (Мат. 26:53; Яһуда 9). Ол жерде көптеген кереметтер жасаған, алайда сол істерін көктегі құдіретімен істей алатын істерімен салыстырғанда болмашы ғана еді.
7. Яһудилер Таурат заңына қалай қараған?
7 Иса адам болып өмір сүрмей тұрған кезінде “Сөз” болған. Сол кезде ол Құдайдың Өкілі ретінде исраилдіктерді шөл даладан алып шыққан болу керек (Жох. 1:1; Мыс. ш. 23:20—23). Алайда исраилдіктер ‘періштелердің қызметі арқылы Таурат заңын қабылдағанмен, оны ұстанбады’ (Ел. іс. 7:53; Евр. 2:2, 3). Ал бірінші ғасырда өмір сүрген яһуди дінбасылары болса Таурат заңының мәнін ұқпады. Мысал ретінде Демалыс күнге қатысты заңды қарастыруға болады (Марқа 3:4—6 оқы). Дін мұғалімдері мен парызшылдар ‘Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмеген’ (Мат. 23:23). Сонда да Иса берілмей, қажымай шындықты уағыздай берді.
8. Неге Иса бізге көмектесе алады?
8 Исада дайындық рухы болған. Оның адамдарға деген сүйіспеншілігі мен оларға көмектесу ықыласы күшті еді. Ол ізгі хабарды уағыздауда құлшынысын жоғалтпаған. Жер бетінде Ехобаға адал қызмет еткендіктен, Иса “Өзіне мойынсұнғандардың барлығы үшін мәңгілік құтқарылуға жол ашты”. Тіпті “азап шегіп ауыр сынаққа төзген Ол сынақтан өтіп жатқан бізге де көмектесе алады” (Евр. 2:18; 5:8, 9).
Тәлімгер ретінде жақсы дайындықтан өткен
9, 10. Иса жерге келмес бұрын, қандай дайындықтан өтті?
9 Бүгінде Басқарушы кеңес миссионер ретінде тағайындалатын мәсіхшілер үшін дайындықтан өткізу шараларын қарастырған. Иса Мәсіх дайындықтан өткен бе? Әрине, өткен. Бірақ ол Мәсіх болып тағайындалу үшін раббылар дайындайтын мектепте оқымаған, тіпті дін басыларынан да тәлім алмаған (Жохан 7:15. Ел. іс. 22:3 салыстыр). Онда Иса тәлім беру шеберлігіне қайдан үйренді?
10 Исаны анасы Мәриям мен өгей әкесі Жүсіп көп нәрсеге үйреткен еді. Алайда қызмет ету үшін ең маңызды дайындықты Ехобаның өзінен алды. Бұл туралы Иса былай деді: “Мен өздігімнен айтқан жоқпын, нені және қалай айтуға тиісті екенімді Мені жіберген Әкем Маған тапсырды” (Жох. 12:49). Бұдан Ұлының адамдарды не нәрсеге үйретуі керек екеніне қатысты нақты нұсқау алғанын байқаймыз. Жерге келмей тұрып ол ұзақ уақыт бойы Әкесін тыңдап, білім алған. Осыдан артық қандай дайындық болуы мүмкін.
11. Иса Әкесінің адамдарға деген көзқарасын қаншалықты танытқан?
11 Жаратылған кезінен бастап-ақ Ұлы Әкесімен тығыз қарым-қатынаста болған. Иса жерге адам болып келмес бұрын, Әкесінің істеген ісін бақылап, оның адамдарға деген көзқарасын түсіне білген. Сондықтан Әкесінің адамдарға деген зор сүйіспеншілігін таныта білгені сонша — даналықтың бейнесі болған Ұлы: “Өз қуанышымды адамзатпен бөлістім”,— дей алған (Нақ. с. 8:22, 31, Тт).
12, 13. а) Иса Әкесінің ісін бақылау арқылы не нәрсеге үйренді? ә) Иса үйренгендерін қалай қолданды?
12 Әкесінің күрделі мәселені қалай шешіп жатқанын бақылаудың арқасында да Ұлы көп нәрсеге үйрене алды. Мысалы, қыңыр исраилдіктермен болған жағдайда Ехобаның қалай әрекет еткенін қарастырайықшы. Нехемия 9:28-де былай делінген: “Тыныштанған кезде, қайтадан Сенің алдыңда жамандық жасай бастады, сөйтіп Сен оларды дұшпандарының қолына бердің, сөйтіп [жаулары] оларды биледі. Бірақ олар қайтадан Саған жалынышты үн қатқанда, Сен оларды көкте тұрып тыңдап алдың да, Өзіңнің ұлы мейірімді жүрегіңмен, оларды көп мәрте құтқарып отырдың”. Иса Ехобамен еңбектеніп әрі оның істерін көріп, тағайындалған аумағындағы адамдарға жанашыр болуды үйренді (Жох. 5:19).
13 Иса үйренген жанашырлығын өзінің шәкірттеріне танытты. Өлетін түні қатты жақсы көрген елшілерінің бәрі де ‘Оны тастап, қаша жөнелген’ болатын (Мат. 26:56; Жох. 13:1). Ал елші Петір болса Мәсіхтен үш рет танып шыға келді. Сонда да Иса олардан теріс айналып кетпеді. Ол Петірге: “Мен сенімің таусылмасын деп сен үшін мінажат еттім. Сен Құдай жолына қайтқаннан кейін бауырластарыңның сенімін нығайтатын бол”,— деді (Лұқа 22:32). Осының арқасында рухани Исраил халқы ‘елшілер мен пайғамбарлардан’ бастау алды және Жаңа Иерусалимнің іргетасына Иса Мәсіхтің, яғни Тоқтының, он екі елшісінің есімдері жазылды. Осы күнде майланған мәсіхшілер мен олардың ‘басқа қойлардан’ тұратын адал серіктері Патшалықты уағыздайтын ұйым ретінде өркендеуде. Бұл — Құдайдың құдіретті қол астындағы және оның сүйікті Ұлының басшылығына мойынсұнатын ұйым (Ефес. 2:20; Жох. 10:16; Аян 21:14).
Иса қалай тәлім берді?
14, 15. Исаның тәлім беру жолының дін мұғалімдері мен парызшылдардікінен қандай айырмашылығы бар?
14 Иса үйренгендерін ізбасарларына тәлім бергенде қалай қолданды? Иса мен яһудилердің дін басыларының қалай үйреткенін салыстырсақ, оның тәлім беру жолының олардікінен әлдеқайда артық екені байқалады. Дін мұғалімдері мен парызшылдар ‘өз дәстүрлеріне бола Құдайдың бұйрығын жоққа шығарды’. Ал Иса болса ешқашан өзінікін айтқан емес; Ол Құдайдың сөзін, немесе хабарын, ғана айтқан (Мат. 15:6; Жох. 14:10). Біз де солай етуіміз керек.
15 Исаның тәлімін дін басыларынан мүлдем өзгеше еткен тағы бір жайт бар. Ол дін мұғалімдері мен парызшылдарға қатыстырып былай деген болатын: “Олардың айтқандарын түгелдей орындаңдар, бірақ істегендеріндей істемеңдер! Себебі сол айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды” (Мат. 23:3). Иса үйретіп жатқандарын өзі де орындайтын болған. Мұны дәлелдейтін бір мысалды қарастырып көрейік.
16. Неге Иса Матай 6:19—21 дейінгі тармақтарда айтқан өсиетіне сай өмір сүрген дей аламыз?
16 Иса шәкірттеріне: “Өздеріңе байлықты көкте жинаңдар”,— деп өсиет етті (Матай 6:19—21 оқы). Исаның өзі осы сөздерге сай өмір сүрді ме? Иә, өмір сүрді, тіпті өзі жайлы: “Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деген (Лұқа 9:58). Иса қарапайым өмір кешті. Бар уақыты мен күшін ол Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауға жұмсады және уайымсыз өмір кешудің не екенін көрсетті. Ол жердегі байлықты жинап уайымға салынудан гөрі ‘не күйе жемейтін, не тот та баспайын, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейтін’ көктегі байлықты жинаудың әлдеқайда артық екенін де көрсетті. Исаның байлықты көкте жинаңдар деген өсиетін орындап жүрсіңдер ме?
Исаның тартымды қасиеттері
17. Қандай қасиеттер Исаны ізгі хабардың ең шебер уағыздаушысы етті?
17 Иса қандай қасиеттерінің арқасында ізгі хабардың ең шебер уағыздаушысы болды? Олардың бірі — оның көмектесіп жатқан адамдарға деген көзқарасы. Сондай-ақ ол өз бойынан Ехобаның кішіпейілділік, сүйіспеншілік және жанашырлық деген қасиеттерін таныта алды. Осы қасиеттердің оны қалай тартымды еткеніне көңіл аудар.
18. Неліктен Иса кішіпейіл болған дей аламыз?
18 Тағайындалған міндетін атқару үшін жерге келген Иса ‘құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, Адам секілді дүниеге келіп, Кәдімгі адамға ұқсас’ болды (Філіп. 2:7). Бұл кішіпейілділіктің белгісі еді. Оның үстіне, Иса ешқашан адамдарға жоғарыдан қарамаған. “Мен көктен келген адаммын, сондықтан не айтсам, соны істейсіңдер” дейтіндей ой қалып танытқан емес. Иса шын Мәсіх болса да, жалған мәсіхтерге ұқсап, жұрт алдында өз-өзін жарнамалаған емес. Қайта адамдардан өзінің кім екенін немесе қандай керемет істегенін жұртқа жаймауды сұраған (Мат. 12:15—21). Ол адамдардың өз көздерімен көрген-білгендерінен тұжырым жасап, өз еріктерімен соңынан ергенін қалады. Сондай-ақ Исаның шәкірттеріне көктегі кемелді періштелерге қойылғандай талап қоймағаны олар үшін зор бата болған еді.
19, 20. Сүйіспеншілік пен жанашырлық Исаға қалай әсер етті?
19 Иса Мәсіхтің танытқан тағы бір қасиеті — сүйіспеншілік. Бұл Әкесінің ең басты қасиеті (Жох. 1-х. 4:8). Иса тыңдаушыларына сүйіспеншілікпен тәлім берді. Мысалы үшін оның дәулетті бір жас жігітке қалай қарағанын қарастыруға болады (Марқа 10:17—22 оқы). Иса оған сүйіспеншіліпен қарап, көмек бергісі келеді. Бірақ жас жігіт Исаның соңынан еру үшін дәулетінен бас тартқысы келмейді.
20 Исаны тартымды еткен тағы бір қасиет жанашырлық еді. Оның тәлімін алып жатқан адамдар кемелсіз болғандықтан, түрлі ауыртпалық көріп жүрген болатын. Бұны білген Иса тәлім бергенде жанашырлық пен аяушылық танытты. Бірде Иса мен оның елшілері тамақтануға мұршалары келмей, елге тәлім беріп қатты шаршайды. Алайда қасына жиналған тобырды көргенде, Иса не істеді? Оларға жаны ашыды. “Себебі олар бағушысы жоқ қойлар сияқты еді. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді.” (Мар. 6:34). Тағайындалған аумағындағы адамдардың аянышты жағдайын көрген Иса жанын аямай тәлім берді және кереметтер жасады. Оның керемет қасиеттері мен сөздерінен әсер алған кейбіреулер оған шәкірт болып, соңынан ерді.
21. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
21 Келесі мақаладан Исаның жердегі қызметін қарастырып, үлгі ететін жайттар өте көп екенін көреміз. Ең ұлы Миссионер Иса Мәсіхтен тағы қандай үлгі ала аламыз?
Қалай жауап берер едіңдер?
• Жерге келмес бұрын Иса қандай дайындықтан өтті?
• Исаның тәлім беру жолы неге дін мұғалімдері мен парызшылдардікінен әлдеқайда артық деуге болады?
• Қандай қасиеттер Исаны тартымды етті?
[15-беттегі сурет]
Иса жиналған халыққа қалай тәлім берді?