Ехобаны Әке деп санайсың ба?
ШӘКІРТТЕРІНІҢ бірі Исаға: “Мырза,.. мінажат етуді... бізге үйретіңізші”,— дегенде, ол былай деп жауап берді: “Сендер Құдайға сиынғанда мына іспетті мінажат етіңдер: Көктегі Әкеміз! Сенің киелі есімің қастерлене берсін” (Лұқа 11:1, 2). Иса Ехобаны Құдіреті шексіз Құдай, Ұлы Ұстаз, Жаратқан Ие, Мәңгілік Патша деген лауазымдармен атауына болар еді (Жар. 49:25; Ишая 30:20; 40:28; Тім. 1-х. 1:17). Бірақ бұлардың орнына ол Ехобаны “Әке” деп атады. Неге? Сірә, кішкентай баланың сүюші әкесіне жақын болғанындай, Иса біздің де әлемдегі басты Тұлғаға осылай жақын болғанымызды қалады.
Десе де кейбір адамдар үшін Құдайды Әке ретінде қабылдау қиынға соғады. Атсукоa есімді мәсіхші былай дейді: “Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін бірнеше жыл бойы Ехобаға жақындауға және оған Әке деп дұға айтуға қиналдым”. Мұның себебін ол былай деп түсіндіреді: “Мен туған әкемнің әкелік жылулығын ешқашан сезініп көрмегем”.
Осы соңғы қиын-қыстау күндері әкенің қамқорлығын сезініп жүрген адам некен-саяқ (Тім. 2-х. 3:1, 2). Сондықтан Атсуконың сезімдері адамдарға бейтаныс емес. Қуанышымызға орай, Ехобаны сүюші Әкеміз деп санауға бізде берік негіз бар.
Ехоба — сүйіспеншілікке толы Қамқоршы
Ехобаны Әке деп санау үшін оны жақыннан тануымыз қажет. Иса былай деген: “Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де Оның жалғыз рухани Ұлы — Мен ғана білемін. Әкемді кімдерге білдіргім келсе, солар Оны жақыннан таниды” (Мат. 11:27). Ехобаны Әкеміз ретінде танудың ең керемет жолы — Исаның ол жайлы неге үйреткеніне ден қою. Олай болса, Әкеміз жайлы Иса неге үйретті?
Өміріне бастау берген Ехоба екенін мойындап, Иса: “Мен Ол арқылы өмір сүремін”,— деді (Жох. 6:57). Біз де өміріміз үшін Әкемізге борыштармыз (Заб. 35:10; Ел. іс. 17:28). Басқаларға өмір сыйлауға Ехобаны не талпындырды? Әрине, сүйіспеншілік! Осындай керемет сыйы үшін біз де көктегі Әкемізді сүюіміз керек емес пе?!
Құдай адамзатты қатты сүйетінін өзінің Ұлын құрбандыққа беру арқылы көрсетті. Осының арқасында күнәкар адамдар Иса арқылы Ехобамен тығыз қарым-қатынаста бола алады (Рим. 5:12; Жох. 1-х. 4:9, 10). Көктегі Әкеміз сөзінде тұратындықтан, өзін сүйіп, мойынсұнатындардың бәрі уақыты келгенде, “Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына” жететініне сенімді бола аламыз (Рим. 8:21).
Біз сәулесіне жылыну үшін күннің көзін қажет етеміз. Бірақ күн сәулесін төгуін сұрап, Әкеге дұға етпейміз ғой. Сонда да көктегі Әкеміз әрқашан “күн сәулесін” төгіп отырады (Мат. 5:45). Бұған қоса, Әкеміз өзіміз сұрамай тұрып-ақ, бізге не керек екенін білетін теңдесі жоқ Қамқоршымыз болып табылады. Сол себепті өзінің жаратылыстарының қамын ойлайтынын ризашылықпен бақылау үшін уақыт бөліп, ой жүгіртуіміз керек емес пе? (Мат. 6:8, 26).
Біздің Әкеміз — рақымды Қорғаушы
Ишая пайғамбардың мына сөздері Құдайдың ежелгі халқына сенімділік ұялатқан: “Таулар қозғалып, төбелер шайқалар, бірақ Менің сүйіспеншілігім сенен айнымас, сенімен татулық келісімім де шайқалмас!”,— дейді саған рақымын төккен Жаратқан Ие” (Ишая 54:10). Исаның жердегі өмірінің соңғы түнінде айтқан дұғасы Ехобаның шын мәнінде рақымды Қорғаушы екеніне көзімізді жеткізе түседі. Шәкірттері туралы ол Әкесіне былай деп дұға етті: “Саған бара жатырмын. Бірақ олар жерде қалады. Киелі Әке, Маған берген құдіретіңмен шәкірттерімді қорғай гөр!” (Жох. 17:11, 14). Расында да, Ехоба Исаның ізбасарларына қарайлап, қорғап отырды.
Құдай бізді Шайтанның қастық іс-әрекеттерінен “адал да ақылды құлдың” уақтылы беріп жатқан рухани ас-суы арқылы қорғайды (Мат. 24:45 ЖД). Бойымызға қуат беретін осындай ас-су Құдай берген рухани қару-жарақты асынуға көмектеседі. Мысалы, “қалқан” іспетті сенім арқылы Шайтанның “барлық “отты жебелерін” өшіріп тастай” аламыз (Ефес. 6:11, 16). Осы сенім рухани күйімізге зиян келтіретін нәрселерден қорғайды, сондай-ақ ол Әкеміздің қорғаушы күшіне арқа сүйейтінімізді көрсетеді.
Жерде болған кезінде Исаның қалай жүріп-тұрғанын мұқият зерттеу арқылы Көктегі Әкеміздің мейірімділігі жайында көбірек біле аламыз. Марқа 10:13—16 тармақтардағы сөздерге көңіл бөлейікші. Мұнда Исаның шәкірттеріне: “Балалардың Маған келуіне жол беріңдер”,— деген сөздері бар. Өзін қоршап алған кішкентай балаларды Иса құшақтап, үстеріне қолын қойып батасын бергенде, олардың көздері жайнап, жүздеріне күлкі ұялаған болу керек! Иса: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— деп айтқан. Бұдан шынайы Құдай да біздің өзіне келгенімізді қалайтынын білеміз (Жох. 14:9).
Ехоба — шексіз сүйіспеншіліктің Иесі. Ол — біздің өзіне жақын болғанымызды қалайтын теңдесі жоқ Қамқоршымыз әрі Қорғаушымыз (Жақ. 4:8). Иә, Ехоба ең жақсы Әке екені сөзсіз!
Біз үшін пайдасы зор!
Ехобаға сүйіспеншілікке толы әрі рақымды Әкеміз ретінде арқа сүйесек, мұның зор пайдасын көреміз (Нақ. с. 3:5, 6). Иса Әкесіне толықтай арқа сүйеудің игілігін көрген. Ол шәкірттеріне: “Мен жалғыз емеспін, Өзімді жіберген Әкеммен біргемін”,— деген (Жох. 8:16). Иса әрдайым Ехобаның өзін қолдайтынына сенімді болған. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өткен кезде, Әкесі: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!”,— деп айтуымен Исаны өзінің сүйіспеншілігіне сендірді (Мат. 3:15—17). Жан тәсілім етер алдында да Иса: “Әке, Сенің қолыңа рухымды тапсырамын!”,— деп дауыстады (Лұқа 23:46). Иә, оның Әкесіне деген сенімі әрқашан берік болған.
Бізге де қатысты осылай деуге болады. Ехоба бізге жар болса, неден қорқуымыз керек?! (Заб. 117:6). Жоғарыда айтылып кеткен Атсуко бұрын қиындықтарға кезіккенде, өз күшіне арқа сүйейтін. Кейін ол Исаның өмірі мен қызметі жайлы, әсіресе оның көктегі Әкесімен қарым-қатынасы туралы, зерттеп, мынадай қорытындыға келеді: “Әкенің қамқорлығы мен оған арқа сүйеудің шын мәнінде не екенін түсіндім. Осының арқасында мен нағыз тыныштық пен қуаныш сезіндім. Расында да, әр нәрсеге бола уайымға салына беруге ешқандай себеп жоқ екен”.
Ехобаны Әке деп санаудың тағы қандай пайдасы бар? Әдетте балалар ата-анасын жақсы көреді және олардың көңілінен шыққысы келеді. Құдай Ұлы да Әкесін сүйгендіктен, “әрқашан Оған ұнайтынын” істеген (Жох. 8:29). Сол сияқты, көктегі Әкемізге деген сүйіспеншілік бізді де даналықпен әрекет етуге әрі ел алдында оны дәріптеуге талпындырады (Мат. 11:25; Жох. 5:19).
Әкеміз бізді оң қолымыздан ұстап жетелейді
Көктегі Әкеміз бізге “көмекші” (ЖД) ретінде киелі рухты берді. Иса киелі рухтың бізді “бар шындыққа” жетелейтінін айтты (Жох. 14:15—17; 16:12, 13). Киелі рух Әкеміздің қандай екенін жақсырақ білуге әрі жау бекіністері іспетті жаңсақ пікірлерді, бұрмаланған көзқарасты жоққа шығаруға көмектеседі. Осылайша күллі ой-пікірді Мәсіхке бағындырамыз (Қор. 2-х. 10:4, 5). Олай болса, “Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын” сыйлайтынына күмәнданбай, уәде еткен көмекшісін сұрап, Ехобаға дұға етейік (Лұқа 11:13). Сондай-ақ Ехобаға одан сайын жақындауға киелі рух көмектессін деп дұға ету орынды болып табылады.
Кішкентай бала әкесінің қолынан ұстап келе жатқанда, өзін қауіпсіз сезінеді әрі еш нәрседен қорықпайды. Шынында да, Ехобаны Әкеміз деп санайтын болсақ, жұбаныш беретін мына сөздерге толықтай сенім артамыз: “Мен, сиынатын Құдай Иең, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін. Қорықпа, Мен сені қолдап қорғаймын!” (Ишая 41:13). Біздің Құдаймен бірге мәңгілік жүруге керемет мүмкіндігіміз бар (Миха 6:8). Ехобаға Әке деп қарап, оның еркін орындай берсек, сүйіспеншілігіне бөленеміз және қуаныш пен қауіпсіздікті сезінетін боламыз.
[Сілтеме]
a Есімі өзгертілген.