Ұлы Әкесінің болмысын танытуға ықыласты
“Әкенің кім екенін Ұлынан және Ұлы ашқысы келген адамнан басқа ешкім білмейді” (ЛҰҚА 10:22).
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?
Неге Құдайды Иса сияқты ешкім білдіре алмас еді?
Иса Әкенің болмысын өзгелерге қалай танытты?
Исаға еліктеп, Әкені өзгелерге қалай таныта аламыз?
1, 2. Көпшілікті қандай сұрақ тығырыққа тірейді және неге?
“ҚҰДАЙ деген кім?” Бұл сұрақ көп адамды тығырыққа тірейді. Кейбіреулер Құдай күнәкарларды тозақ отында қинайды деп ойлайды. Сөйте тұра “Алла аса мейірімді де қайырымды” дейді. Ал басқалары болса, мысалы эволюция теориясын қолдайтындар, “Құдай жоқ, ал жаратылыс атаулы кездейсоқтықтың нәтижесінде пайда болған” дегенге сенеді. Алайда тіпті Чарлз Дарвиннің өзі Құдайдың бар екенін жоққа шығармаған. Ол тек адамзат Құдайды толық түсінуге дәрменсіз деп есептеген.
2 Не нәрсеге сенсе де, көпшіліктің Құдайға қатысты сұрақтары таусылған емес. Алайда қанағаттанарлық жауап алмаған соң, көбісі Құдайды іздеуді доғарады. Расында да, Шайтан “олардың саналарын соқыр қылып қойған” (Қор. 2-х. 4:4). Сондықтан көптеген адамның әлемнің Жаратушысы жайлы шындықты білмейтіні таңғалдырмайды (Ишая 45:18).
3. а) Жаратушыны бізге кім таныта алады? ә) Біз қандай сұрақтарды талқылаймыз?
3 Адамдардың Құдай жайлы шындықты білгендері аса маңызды. Неге? Өйткені тек “Ехобаны атын атап көмекке шақырған әркім құтқарылады” (Рим. 10:13). “Құдайдың атын атап көмекке шақыру” дегеніміз оның кім екенін білуді де білдіреді. Иса Мәсіх өз шәкірттеріне осы аса маңызды шындықты үйретіп, Әкесінің болмысын ашқан (Лұқа 10:22 оқы). Неге Әкені Иса сияқты ешкім таныта алмайды? Иса Ехобаның болмысын қалай танытты және біз оған қалай еліктей аламыз? Осы сұрақтарды талқылап көрейік.
НЕГЕ ӘКЕНІ ИСА СИЯҚТЫ ЕШКІМ ТАНЫТА АЛМАЙДЫ?
4, 5. Неге Құдайды Иса сияқты ешкім таныта алмас еді?
4 Әкені Исадан артық ешкім таныта алмас еді. Неліктен? Өйткені басқа тіршілік атаулы әлі жаратылмай тұрғанда, “жалғыз ұл” Иса көкте өмір сүрген періште болатын (Жох. 1:14; 3:18). Басқа бірде-бір жан жоқ кезде Ұлы Әкесінің қуанышы болды. Сол себепті Құдайдың қандай екенін жақын біле алды. Әкесі мен Ұлы сан мың жылдар бойы араласқандықтан, екеуінің арасында ерекше тығыз қарым-қатынас дамыды (Жох. 5:20; 14:31). Иса Әкесін қаншалықты жақсы тани алған десеңші! (Қолостықтарға 1:15—17 оқы).
5 Әкесі Ұлын “Сөзі”, яғни өкілі, етіп тағайындады (Аян 19:13). Сол себепті Құдайды Иса сияқты ешкім таныта алмайды. Інжіл жазушысы Жохан “Сөздің”, яғни Исаның, “Әкесінің төсінде” екенін жазды (Жох. 1:1, 18). Бұл жерде Жохан сол заманда дастарқан басындағы дәстүрді меңзеген болса керек. Екі қонақ бір-біріне өте жақын жантайып жататындықтан, еркін әңгіме-дүкен құра алатын. Сол сияқты Иса “Әкесінің төсінде”, яғни жанында болғандықтан, онымен жақын араласа алатын.
6, 7. Ехоба мен Исаның қарым-қатынастары қалай нығая түсті?
6 Ұлы “күнде [Құдайды] қуантатын” (Нақыл сөздер 8:22, 23, 30, 31 оқы). Олар бірге еңбектеніп жатқанда, Ұлы Әкесінің қасиеттеріне еліктеуге тырысты. Ал өзге саналы жаратылыстар пайда болғанда, оларға деген Ехобаның аяулы сезімін көріп, Ұлы оны одан сайын құрметтеп, жақсы көріп кетті.
7 Шайтан Ехобаның билік ету құқығын дауға салғанда, Ұлы Әкесінің осы шиеленіскен жағдайда сүйіспеншілікті, әділдікті, даналық пен күшті қалай танытқанын көрді. Бұл оған, өз кезегінде, жердегі қызметі барысында кезіккен қиындықтарға төзуге дайын болуға көмектесті (Жох. 5:19).
8. Інжілдегі оқиғалар Әкенің қасиеттерін тануға қалай көмектеседі?
8 Ехобамен етене жақын болғандықтан, ешкім де Әкені Исадан артық білдіре алмас еді. Сондықтан Әкені тану үшін жалғыз Ұлының тәлімдері мен әрекеттерін қарастырғанымыз абзал. Мысалы, “сүйіспеншілік” деген сөздің астарында жатқан сезімді түсіну үшін оның түсіндірме сөздіктегі анықтамасын оқығанымыз жеткіліксіз болар еді ғой. Ал Исаның қызмет кезінде өзгелерге қалай қамқорлық танытқаны жайлы Інжілден оқитын болсақ, “Құдай — сүйіспеншілік” деген сөздердің мағынасын жақсырақ түсіне аламыз (Жох. 1-х. 4:8, 16). Иса шәкірттеріне танытқан Құдайдың басқа да қасиеттері жайлы солай деуге болады.
ИСА ӘКЕНІ ӨЗГЕЛЕРГЕ ҚАЛАЙ КӨРСЕТТІ?
9. а) Иса қандай екі жолмен Құдайды танытты? ә) Иса Ехобаны таныту үшін қандай мысал келтірді?
9 Иса шәкірттеріне және болашақ ізбасарларына Әкесінің қандай екенін қалай көрсетті? Тәлімі және іс-әрекеттері арқылы. Алдымен, Исаның тәлімдеріне тоқталайық. Исаның өз шәкірттеріне үйреткендері бізге Әкенің ойларын, сезімдерін және іс-әрекеттерін түсінуге көмектеседі. Мысалы, Иса Әкесін қамқор қой бағушыға теңеген. Иса айтқандай, бағушы жоғалған бір қойын тапқанда, “адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі сол қойына көбірек қуанады”. Иса бұл мысалмен не айтқысы келді? Ол былай деп түсіндірді: “Сол сияқты, көктегі Әкем де осы кішкенелердің бірде-біреуінің құрып кеткенін қаламайды” (Мат. 18:12—14). Осы мысалдан Ехоба жайлы не білеміз? Егер де сен кей кездері өзіңді елеусіз немесе ұмыт қалғандай сезінсең, көктегі Әкең сені қамқорлап, еш ұмытпайтынын есте ұста. Оның көз алдында сен де осы “кішкенелердің” бірісің.
10. Иса Ехобаны іс-әрекеттері арқылы қалай көрсетті?
10 Екіншіден, Иса Ехобаны іс-әрекеттерімен танытты. Мысалы, елші Філіп Исадан: “Ием, Әкені көрсетші”,— дегенде, Иса: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деп нақты айтты (Жох. 14:8, 9). Қазір Иса Ехобаның қасиеттерін қалай танытқанын көрейік. Бірде алапес адам өзін сауықтыруды жалбарына сұрағанда, Иса оған қолын тигізіп: “Қалаймын, айығып тазар!”— деді. Сонда ол кісі Исада Ехоба дарытқан күштің бар екенін айқын көрді (Лұқа 5:12, 13). Сондай-ақ Елазар қайтыс болған кезде шәкірттері Исаның “іштей күңіреніп, толқып кеткенін” және “көзіне жас алғанын” көргенде, Әкенің жанашырлығын сезінген болу керек. Иса Елазарды қайта тірілтетінін білсе де, оның отбасы және достарымен бірге қайғырды (Жох. 11:32—35, 40—43). Киелі кітапта Әкесінің мейірімділігін Иса қалай танытқанын көрсететін көптеген оқиғалар бар. Солардың ішінде сенің жүрегіңе әсіресе жылы тиетін оқиғаның барына сенімдіміз.
11. а) Иса ғибадатхананы тазартқанда, Әкесі жайлы нені айқын етті? ә) Осы оқиға бізге не себепті жұбаныш бола алады?
11 Исаның ғибадатхананы тазартқандағы оқиғадан қандай ой түйе аламыз? Қазір осы жағдайды көз алдымызға елестетіп көрейік: Иса кендірден қамшы жасап, қой, сиырларымен қоса сатушылардың бәрін ғибадатханадан қуып жатыр. Содан кейін ол ақша айырбастаушылардың тиындарын шашып, үстелдерін аударып тастады (Жох. 2:13—17). Бұл әрекетін көрген шәкірттері Дәуіт патшаның: “Сенің үйіңнің қамын жеп азапқа түсем”,— деген пайғамбарлық сөзін естеріне түсірді (Заб. 68:10). Батыл әрекетімен Иса шынайы ғибадатты қорғауға ықыласты екенін көрсетті. Осы үзіндіден Ехобаның қандай екенін көре алдың ба? Бұл оқиға құдіреті шексіз Құдайдың жер бетін зұлымдардан тазартуға зор ықыласы бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар Исаның заңсыздыққа деген жеккөрінішінен Әкенің күнәға белшесінен батқан дүниеге қалай қарайтынын көреміз. Әділетсіздіктің құрбаны болған кезде осы жайт бізге жұбаныш бере алады емес пе?!
12, 13. Исаның шәкірттеріне қалай қарағанынан Ехоба туралы не білеміз?
12 Ал енді Иса өз шәкірттеріне қалай қарағанын көрейік. Олар араларында кімнің ұлы екені туралы қайта-қайта дауласа беретін (Мар. 9:33—35; 10:43; Лұқа 9:46). Ехобаның қасында ұзақ уақыт болған Иса Әкесінің менмендікке қалай қарайтынын жақсы білген (Пат. 2-ж. 22:28; Заб. 137:6). Бұған қоса Иса мұндай бейімділікті Шайтан Ібілістің бойынан көрген. Шайтанның көксегені — атақ-даңқ пен өз қара басының қамы. Сондықтан шәкірттерінің де осыған бола дауласқаны Исаның жанын қалай ауыртты десеңші! Бұл жайт тіпті Исаның өзі таңдаған елшілердің арасында орын алған. Олар өзімшілдік рух танытуды Исаның жердегі соңғы күніне дейін тоқтатқан жоқ (Лұқа 22:24—27). Десе де Иса күндердің күнінде шәкірттері өзі сияқты кішіпейіл болуды үйренеді деген үмітпен оларды мейірімділік таныта отырып түзете берді (Філіп. 2:5—8).
13 Иса шәкірттерін шыдамдылықпен түзеткенде, сен Ехобаның болмысын көре алдың ба? Қызметшілері жиі сүрініп жатса да, Әкесі оларды тастамайды. Құдайдың қасиеттерін білгеніміз бізді өз қателіктерімізге өкініп, Ехобадан кешірім сұрауға талпындырады емес пе?!
ИСА ЕХОБАНЫ ТАНЫТУҒА ЫҚЫЛАСТЫ БОЛҒАН
14. Иса Ехобаны танытуға ықыласты екенін қалай көрсетті?
14 Көптеген басшылар адамдарды өз уысында ұстау үшін олардан қажетті мәліметті жасырады. Ал Иса болса, керісінше, Әкесі жайлы білімді жасырмай, оның қандай екенін ашты (Матай 11:27 оқы). Сондай-ақ Иса шәкірттеріне “шынайы Құдайды танып-білу үшін сана берді” (Жох. 1-х. 5:20). Бұл нені білдіреді? Иса шәкірттерінің көздерін ашып, Әкесі жайлы тәлімдерін жақсы түсінуге қабілет берді. Ол тозақ оты сияқты ақылға қонымсыз ілімдерді үйретпеген.
15. Неге Иса шәкірттеріне бар білгенін бірден ашпады?
15 Иса Әкесі жайлы бар білгенін бірден ашқан ба? Жоқ, бұл тұста ол даналық танытқан (Жохан 16:12 оқы). Неге? Өйткені сол кезде шәкірттері “түсіне алмайтын” еді. Иса “көмекші”, яғни киелі рух, келген кезде олар “шындықты толық түсінетінін” айтқан (Жох. 16:7, 13). Парасатты ата-аналар балаларына барлық нәрсені бірден түсіндірмей, есейгенін күтетіні сияқты, Иса да шәкірттерінің рухани толысып, Әкесі жайлы көбірек түсіне алатын уақытты күтті. Ол шәкірттерінің қабілеттері шектеулі екенін елеп-ескерген.
ИСАҒА ЕЛІКТЕП, ӨЗГЕЛЕРГЕ ЕХОБАНЫ ТАНЫТ
16, 17. Өзгелерге Әкеміз туралы тәлім беруге неліктен даярмыз?
16 Біреумен жақын танысып, оның керемет қасиеттері бар екенін көрсең, басқаларға сол адам туралы айтқың келмес пе еді?! Иса жерде болғанда, басқаларға Әкесі жайлы айтқан (Жох. 17:25, 26). Ал біз Ехобаны өзгелерге таныта аламыз ба?
17 Осы мақаладан көргеніміздей, Исаның Әкесі жайлы теңдесіз білімі болған. Сөйтсе де ол кішірейіп, білімін басқалармен бөлісуге ықыласты болды әрі шәкірттеріне Әкесінің қасиеттерін түсінуге қабілет берді. Исаның көмегімен біз Ехобаны көпшілік білмейтін қырларынан білеміз. Иса тәлімі мен әрекеттері арқылы Әкенің қандай екенін көрсетуге ықыласты болғанына алғысымыз шексіз. Біз тіпті Әкені білетінімізге орынды түрде мақтана аламыз (Ерм. 9:24; Қор. 1-х. 1:31). Оның үстіне, біз Ехобаға жақындау үшін күш салып келеміз, сондықтан онымен қарым-қатынасымыз жақсы (Жақ. 4:8). Иә, біз өзгелерге Әкеміз туралы тәлім беруге даярмыз деуге барлық негіз бар. Ал мұны қалай істей аламыз?
18, 19. Біз Әкемізді өзгелерге қалай таныта аламыз? Түсіндір.
18 Біз де Исаның сөзі мен ісіне еліктеп, өзгелерге Әкені таныта аламыз. Қызметте кездестіретін адамдардың көбісі Құдайдың қандай екенін білмейтінін ұмытпайық. Олардың Құдайға қатысты көзқарасы жалған ілімдерге негізделген. Олармен сөйлескенде, Киелі жазбаларды қолданып, Құдайдың есімі, адамзатқа қатысты ниеті және қасиеттері жайлы айтайық. Сондай-ақ Киелі кітаптағы кейбір оқиғалар Құдайды жаңа қырынан тануға көмектеседі. Осы туралы қауымдағы бауырластармен бөлісетін болсақ, олар да жігерленіп қалады.
19 Әкені Иса сияқты іс-әрекеттерімізбен де танытайық. Адамдар іс-әрекеттерімізден Мәсіхтің сүйіспеншілігін байқаса, Ехоба мен Иса туралы білуге ықыластары оянуы мүмкін (Ефес. 5:1, 2). Елші Пауыл бізге: “Мен Мәсіхке еліктегендей, сендер де маған еліктеңдер”,— дейді (Қор. 1-х. 11:1). Жүріс-тұрысымызбен Ехобаны өзгелерге таныту біз үшін зор мәртебе! Ендеше әрдайым Исаға еліктеп, Әкемізді баршаға паш етейік.