26 қазан, жексенбі
Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілдерге рақымын төгеді (Жақ. 4:6).
Киелі кітапта Ехобаны жақсы көрген, оған қызмет еткен әйелдер көптеп табылады. Олар “қай нәрседе де адал болған” (Тім. 1-х. 3:11). Олардан және қауымыңдағы үлгі алуға тұрарлық әйел бауырластардан көп нәрсеге үйренсең болады. Ендеше, “рухани толысқан әйелдердің қайсысына қарап бой түзесем болады?” деп ойлан. Олардың адамды баурайтын әдемі қасиеттерін байқап, “бұл қасиеттерді мен қалай таныта аламын?” деп ой жүгірт. Толысқан мәсіхші болу үшін кішіпейіл болу аса маңызды. Әйел бауырлас кішіпейіл болса, ол Ехобамен де, басқалармен де жақсы қарым-қатынаста болады. Мысалы, Ехобаны сүйетін әйел ол орнатқан басшылық принципіне кішіпейілділікпен мойынсұнады (Қор. 1-х. 11:3). Қауымда және отбасында осы принципті ұстанудың өзіндік ерекше тұстары бар. w23.12 18, 19-б., 3—5 абз.
27 қазан, дүйсенбі
Күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек (Ефес. 5:28).
Ехоба күйеулерден әйелін асырайды, оған жақсы дос болады, рухани мықты болуға көмектеседі деп күтеді. Саналы болу, әйелдерді құрметтеу, сенімді ақтай білу сияқты қасиеттер мен қабілеттер саған жақсы күйеу болуға көмектеседі. Үйленгеннен кейін сен әке болуың мүмкін. Ал жақсы әке болуды сен Ехобадан үйрене аласың. Ехоба әкелерге қандай үлгі қалдырған? (Ефес. 6:4). Ол өзінің Ұлы Исаны жақсы көретінін әрі оған риза екенін ашық айтқан (Мат. 3:17). Әке болып жатсаң, сен де үнемі балаларыңды жақсы көретініңді айтып, сендіріп отыр. Жақсы істері үшін олардан мақтау сөзіңді аяма. Ехобаны үлгі тұтатын әкелер рухани толысқан ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіреді. Бұл рөлге қазірден бастап дайындалу үшін үй ішіндегілерге және қауымдағыларға сүйіспеншілік танытып, қамқор бол. Оларды жақсы көретініңді, бағалайтыныңды айтып үйрен (Жох. 15:9). w23.12 28, 29-б., 17, 18-абз.
28 қазан, сейсенбі
Құдай сенің заманыңда тұрақтылық сыйлайды (Ишая 33:6).
Ехобаның адал қызметшілері барлық адамдар сияқты өмірдің тауқыметін тартады, ауру-сырқауға шалдығады. Одан қалса, Құдай халқын жек көретін адамдардан қарсылық пен қуғын көреді. Ехоба бізді сол қиындықтардың бәрінен қорғаштап отырмаса да, көмектесетінін уәде еткен (Ишая 41:10). Оның демеуімен ең қиын шақта да қуанышымызды жоғалтпай, дұрыс шешімдер қабылдап, оған адал болып қала аламыз. Ехоба бізге Киелі кітапта “Құдайдың тыныштығы” деп аталған тыныштықты береді (Філіп. 4:6, 7). Бұл Ехобамен достығымыздың арқасында сезінетін жантыныштығы мен жайбарақат күйді білдіреді. Ол — “адам ақылынан асқан”, яғни біз ойлағаннан да керемет тыныштық. Ехобаға жан-тәніңізбен дұға еткеннен кейін ерекше жантыныштығын сезінгенсіз бе? Міне, “Құдайдың тыныштығы” деген сол. w24.01 20-б., 2-абз.; 21-б., 4-абз.