25 қазан, сенбі
[Шафан] патшаның алдында кітапты оқи бастады (Шеж. 2-ж. 34:18).
Есейген соң Жосия патша ғибадатханаға жөндеу жұмыстарын жасатты. Сол жұмыстардың барысында “Мұса арқылы берілген Ехобаның Заң кітабы” табылды. Жосия патша сондағы сөздерді естігенде, бірден әрекетке кірісті (Шеж. 2-ж. 34:14, 19—21). Ал сен ше, Киелі кітапты күнде-күнде оқығың келе ме? Соған тырысып жүрген болсаң, қалай болып жатыр? Өзіңе пайдалы болатын тармақтарды бір жерге жинап жүрсің бе? Жосия 39-ға келгенде Ехобадан ақыл сұрамай, өз бетінше әрекет етті. Осының кесірінен тіпті өмірінен айырылып қалды (Шеж. 2-ж. 35:20—25). Бұдан маңызды сабақ аламыз: қанша жаста болсақ та, Киелі кітапты қашаннан бері зерттеп жүрсек те, Ехобаны әрі қарай да іздей беруіміз керек. Ал Ехобаны іздеу деген оның ақыл-кеңесіне жүгініп, Сөзін зерттеп, толысқан бауырластардың айтқанын тыңдауды білдіреді. Сонда сан соқтыратын қателіктерден аулақ болып, қуанышты өмір кешеміз (Жақ. 1:25). w23.09 12-б., 15, 16-абз.
26 қазан, жексенбі
Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кішіпейілдерге рақымын төгеді (Жақ. 4:6).
Киелі кітапта Ехобаны жақсы көрген, оған қызмет еткен әйелдер көптеп табылады. Олар “қай нәрседе де адал болған” (Тім. 1-х. 3:11). Олардан және қауымыңдағы үлгі алуға тұрарлық әйел бауырластардан көп нәрсеге үйренсең болады. Ендеше, “рухани толысқан әйелдердің қайсысына қарап бой түзесем болады?” деп ойлан. Олардың адамды баурайтын әдемі қасиеттерін байқап, “бұл қасиеттерді мен қалай таныта аламын?” деп ой жүгірт. Толысқан мәсіхші болу үшін кішіпейіл болу аса маңызды. Әйел бауырлас кішіпейіл болса, ол Ехобамен де, басқалармен де жақсы қарым-қатынаста болады. Мысалы, Ехобаны сүйетін әйел ол орнатқан басшылық принципіне кішіпейілділікпен мойынсұнады (Қор. 1-х. 11:3). Қауымда және отбасында осы принципті ұстанудың өзіндік ерекше тұстары бар. w23.12 18, 19-б., 3—5 абз.
27 қазан, дүйсенбі
Күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек (Ефес. 5:28).
Ехоба күйеулерден әйелін асырайды, оған жақсы дос болады, рухани мықты болуға көмектеседі деп күтеді. Саналы болу, әйелдерді құрметтеу, сенімді ақтай білу сияқты қасиеттер мен қабілеттер саған жақсы күйеу болуға көмектеседі. Үйленгеннен кейін сен әке болуың мүмкін. Ал жақсы әке болуды сен Ехобадан үйрене аласың. Ехоба әкелерге қандай үлгі қалдырған? (Ефес. 6:4). Ол өзінің Ұлы Исаны жақсы көретінін әрі оған риза екенін ашық айтқан (Мат. 3:17). Әке болып жатсаң, сен де үнемі балаларыңды жақсы көретініңді айтып, сендіріп отыр. Жақсы істері үшін олардан мақтау сөзіңді аяма. Ехобаны үлгі тұтатын әкелер рухани толысқан ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіреді. Бұл рөлге қазірден бастап дайындалу үшін үй ішіндегілерге және қауымдағыларға сүйіспеншілік танытып, қамқор бол. Оларды жақсы көретініңді, бағалайтыныңды айтып үйрен (Жох. 15:9). w23.12 28, 29-б., 17, 18-абз.