Патшалыққа кіруге лайық деп есептелгендер
“Бұның бәрі Құдайдың барлық адамдарды әділ соттайтынын көрсетеді: Ол... сендерді [Өзінің Патшалығына] кіруге лайықтысыңдар деп есептейді” (САЛ. 2-х. 1:5).
1, 2. Құдайдың сотқа байланысты ниеті қандай және оны кім арқылы жүзеге асырады?
ЕЛШІ Пауыл б. з. шамамен 50 жылы Афиныға келген болатын. Ондағы кең етек алған пұтқа табынушылықты көріп, ол қатты наразы болады. Бұл оны әсерлі етіп куәлік беруге талпындырады. Пұттарға табынушы халық оны мұқият тыңдайды. Уағызының аяғында Пауыл былай дейді: “Қазір [Құдай] барлық жерде адамдардың бәріне теріс жолдан қайтсын деп бұйырады. Себебі Ол бұл дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды. Барлық адамзат үшін соның дәлелі болсын деп Құдай бұл Кісіні өлімнен қайта тірілтіп алды!” (Ел. іс. 17:30, 31).
2 Құдайдың болашақта адамзатты соттайтыны туралы ой жүгірту өте маңызды. Құдай сотты кім арқылы жүзеге асыратынын Пауыл афинылықтарға айтпағанымен, оның Иса Мәсіх екенін біз білеміз. Иса бұл сотта адамдарға не өмір беруді, не оларды өлімге кесуді шешеді.
3. Неге Ехоба Ыбырайыммен келісім жасады және оны жүзеге асыруда кім ерекше қызмет атқаратын болады?
3 Ехобаның Сот күні 1 000 жылға созылады. Иса Мәсіх Құдай Патшалығының Патшасы ретінде Ехобаның атынан төрелік ететін болады. Алайда ол жалғыз болмайды, онымен бірге мың жыл бойы билік ететін және сот жүргізетін көмекшілер болады. Ехоба оларды жерден таңдап алған (Лұқа 22:29, 30 салыстыр). Шамамен 4 000 жыл бұрын Ехоба Сот күні үшін негіз қалап, адал қызметшісі Ыбырайыммен келісім жасады. (Жаратылыс 22:17, 18 оқы). Бұл келісім б. з. б. 1943 жылы күшіне енді. Оның адамзат үшін нені білдіретінін, әрине, Ыбырайым толық түсіне алмаған. Алайда біз келісімнің талаптарына қарап, Ыбырайым ұрпағының Құдай сотын жүзеге асыруда ерекше қызмет атқаратынын білеміз.
4, 5. а) Ыбырайым ұрпағының басты бөлігі кім және ол Патшалық туралы не айтты? ә) Патшалықтың мүшесі болу үміті қай кезден бастап беріле бастады?
4 Ыбырайым ұрпағының басты бөлігі б. з. 29 жылы киелі рухпен майланып, Мәсіх болған Иса екені белгілі болды (Ғал. 3:16). Сол кезден бастап Иса үш жарым жыл бойы яһуди халқына Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздады. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия қамауға алынғаннан кейін, Иса өзгелердің осы Патшалықтың мүшесі болуға үміті бар екенін көрсетіп, былай деді: “Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның уақытынан қазірге дейін көктегі патшалық — адамдар барын салып, талпынатын мақсат, күш салғандар оны иемденуде” (Мат. 11:12, ЖД).
5 Көңіл қоятын бір жайт, Иса көктегі Патшалықты ‘иемденетіндер’ туралы айтпас бұрын, былай деген болатын: “Сендерге шындығын айтайын: адам баласы атаулының ішінде Жақиядан жолы үлкен ешкім болған емес. Бірақ Құдай Патшалығындағы ең қарапайым деген адамдардың жолы онікінен үлкен.” (Мат. 11:11). Неге ол бұлай айтты? Өйткені адал қызметшілерге Құдай Патшалығының мүшесі болу үміті б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында киелі рух төгілгеннен кейін беріле бастады. Ал шомылдырушы Жақия сол кезге дейін қайтыс болған еді (Ел. іс. 2:1—4).
Ыбырайымның ұрпағы әділ деп есептелді
6, 7. а) Қай мағынада Ыбырайымның ұрпағы ‘аспандағы жұлдыздардай’ болды? ә) Ыбырайым мен оның ұрпағы қандай батаға ие болды?
6 Ыбырайымға оның ұрпағының көбейіп, ‘аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай’ болатыны айтылды (Жар. 13:16; 22:17). Басқа сөзбен айтқанда, Ыбырайымның уақытында адамдар үшін бұл ұрпақтың қаншалықты көп болатынын білу мүмкін емес еді. Алайда рухани ұрпақтың нақты саны уақыт өте келе белгілі болды: Исаны қоспағанда, олардың саны 144 000 (Аян 7:4; 14:1).
7 Ыбырайымның сенімі жайлы Құдай Сөзінде былай делінген: “Ыбырам Тәңір Иеге сенді, сондықтан Тәңір оны Өзінің алдында әділ деп есептеді” (Жар. 15:5, 6, сілтеме). Ешбір адамның толық мағынада әділ емес екені рас (Жақ. 3:2). Дегенмен Ыбырайымның сенімі мықты болғандықтан, Ехоба оған әділ адамдай қараған және оны досым деп атады (Ишая 41:8). Ыбырайымның рухани ұрпағы да әділ деп есептелді, әрі одан да зор батаға ие болды.
8. Ыбырайымның рухани ұрпағы болашақта қандай мәртебеге ие болады?
8 Майланған мәсіхшілер Исаның төлем құрбандығына сенім білдіргеннің арқасында әділ деп жарияланды (Рим. 3:24, 28). Ехоба оларды күнәның билігінен босатылған және өзінің рухани ұлдары, Иса Мәсіхтің бауырлары, болу үшін киелі рухпен майлануға лайық деп есептеді (Жох. 1:12, 13). Жаңа келісімнің мүшелері болғандықтан, олар жаңа халық — Құдайдың рухани Исраил халқы — болды (Ғал. 6:16; Лұқа 22:20). Мұның бәрі олар үшін зор мәртебе! Құдайдың осы игі істерінің нәтижесінде олар жерде мәңгі өмір сүру үмітіне ие болған жоқ. Себебі Исамен бірге болып, Сот күнінде көктен билік ету мәртебесі үшін олар бұл үміттен бас тартқан еді (Римдіктерге 8:17 оқы).
9, 10. а) Мәсіхшілер алғаш рет киелі рухпен қашан майланды және оларды не күтіп тұрды? ә) Майланған мәсіхшілер қандай көмек алды?
9 Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында адал қызметшілердің тобына Сот күні Исамен бірге билік жүргізетіндердің арасында болуға мүмкіндік берілді. Исаның шамамен 120 шәкірті киелі рухпен шомылдырылып, майланған мәсіхшілердің алғашқысы болды. Бұл көктегі өмірге апаратын жолға қадам басқандарын білдірді. Сол кезден бастап олар Шайтанның түрлі сынақтарына төтеп беріп, Ехобаға шексіз берілгендіктерін көрсетулері керек болды. “Мәңгілік өмір тәжін” алу үшін, олар өле-өлгенше адалдық сақтаулары керек еді (Аян 2:10).
10 Сондықтан Ехоба оларға өзінің Сөзі және мәсіхшілер қауымы арқылы қолдау көрсетіп, қажетті күш-жігер беріп отырды. Мысалы, елші Пауыл Салоникадағы майланған мәсіхшілерге былай деп жазды: ‘Әрқайсыңды туған баламыздай көріп, сендерге Құдай алдында ұялмайтындай болып жүріңдер деп ескертіп, соған көздеріңді жеткіздік, тіпті өздеріңе жалындық та, өйткені Құдай сендерді өз Патшалығы мен салтанатты ұлылығына шақырады’ (Сал. 1-х. 2:11, 12).
11. “Рухани Исраил халқын” Ехоба немен қамтамасыз етті?
11 Майланған мәсіхшілердің алғашқы қауымы пайда болғаннан кейін алпыс жылдай уақыт өткен соң, Ехоба Исаның жердегі қызметі және бірінші ғасырдағы майланған мәсіхшілерге қатысты істеген істері мен кеңестерін жазып қалдыруды дұрыс деп тапты. Сондықтан Еврей жазбаларының жалғасы ретінде Мәсіхшілердің грек жазбаларының жазылуына киелі рухымен басшылық берді. Еврей жазбалары, ең алдымен, ұзақ жылдар бойы Құдаймен ерекше қарым-қатынаста болған Исраил халқы үшін жазылған болатын. Ал Грек жазбалары, негізінен, Исаның бауырлары әрі Құдайдың рухани ұлдары болып есептелген майланған мәсіхшілерден тұратын “Құдайдың рухани Исраил халқына” арналған еді. Алайда исраилдік еместер Еврей жазбаларын зерттеудің көп пайдасын көрген. Сол сияқты киелі рухпен майланбаған мәсіхшілер де Грек жазбаларын зерттеудің және соған сай өмір сүрудің зор пайдасын көре алады (Тімоте 2-х. 3:15—17 оқы).
12. Елші Пауыл майланған мәсіхшілерге нені естеріне салды?
12 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер әділ деп жарияланып, көктегі мұраларын иемдене алулары үшін киелі рухпен майланды. Бұл оларға жерде өмір сүріп жатқан басқа майланған мәсіхшілерге билік ететіндей құқық бермеді. Алайда кейбір мәсіхшілер бұл жайтты ескермей, қауымда өздерін жоғары ұстаған болу керек. Сондықтан Пауыл былай деуге мәжбүр болған: “Сендер тойынып, рухани байыпсыңдар, біздің қолдауымызсыз-ақ патшадай билік құра бастапсыңдар! Шынымен рухани билік құрғандарыңды сондай қалар едім. Егер солай болса, біз де сендермен бірге билік жүргізген болар едік қой!” (Қор. 1-х. 4:8). Кейін ол майланған мәсіхшілерге: “Сенімдеріңе өктемдік еткіміз келмей, қуаныштарың үшін өздеріңмен бірге еңбектенеміз”,— деп, өздерінің кім екендерін естеріне салды (Қор. 2-х. 1:24).
Майланғандардың толық жиналуы
13. Б. з. 33 жылынан бері майланған мәсіхшілер қалай жиналып келді?
13 144 000 майланған мәсіхшілердің бәрі бірінші ғасырда жиналған жоқ. Елшілердің заманында көптеп жиналғанымен, кейін қарқыны бәсеңдеген болу керек. Алайда олар біздің заманымызға дейін ғасырлар бойы жиналып келген (Мат. 28:20). 1914 жылы Иса таққа отырғаннан кейін, олардың жиналу қарқыны қайтадан күшейгенге ұқсайды.
14, 15. Біздің уақытымызда майланғандардың шақырылуы жайлы не білеміз?
14 Ең алдымен, Иса көкті Құдайдың билігіне қарсы шықандардан тазартты (Аян 12:10, 12 оқы). Содан кейін толық саны 144 000-нан тұратын Патшалықтың қалған мүшелерін жинауға назар аударды. Отызыншы жылдардың ортасына қарай майланғандардың жиналуы аяқталуға жақын қалған болу керек. Себебі сол кезде ізгі хабарды қабыл алғандардың көбісі көкке баруға ықылас білдірмеген еді. Оның үстіне, киелі рух та олардың Құдайдың рухани ұлдары екенін растамады (Римдіктерге 8:16 салыстыр). Қайта, олар өздерінің жердегі жұмақта мәңгілік өмір сүруге үміттенетін “басқа қойлар” екендерін түсінді (Жох. 10:16). Демек, 1935 жылдан кейін, негізінен, елші Жохан аянында көрген “ауыр азаптан” аман өтетін “өте үлкен тобырды” жинауға баса назар аударылды (Аян 7:9, 10, 14, сілтеме).
15 Дегенмен 1930 жылдардан бері аз ғана адам көктегі өмірге шақырылды. Неліктен? Кей жағдайда бұл адалдық сақтамағандардың орнына басқалар таңдалғандықтан болуы мүмкін (Аян 3:16 салыстыр). Пауыл өз заманында шындықтан тайған адамдарың кейбіреуін білген (Філіп. 3:17—19). Ехоба басқаның орынына қандай адамдарды таңдауы мүмкін? Әрине, өзі қалаған адамды таңдайды. Оның үстіне, сенім жолына жаңадан түскен адамды емес, Еске алу кешін ендіргенде Исаның қасында болған шәкірттер сияқты, адалдығын белгілі бір шамада дәлелдеген адамды таңдайды деп ойлау қисындыa (Лұқа 22:28).
16. Майланғандарға қатысты қандай жайт үшін риза болуымызға болады және не нәрсеге сенімдіміз?
16 Алайда 1930 жылдардан кейін көкке шақырылғандардың бәрі адалдық сақтамағандардың орнын басу үшін таңдалмағанға ұқсайды. Ехоба осы зұлым заманның ақырында “ұлы Бабыл”b жойылғанша, бізбен бірге майланған мәсіхшілердің болуы үшін қам жасаған болу керек (Аян 17:5). Алайда Ехобаның белгілеген уақыты келгенде, майланғандардың саны 144 000-ға толып, олардың барлығы да Патшалықтағы орындарына отыратындарына сенімдіміз. Сондай-ақ пайғамбарлыққа сай, күннен күнге өсіп жатқан өте үлкен тобырдың да адалдық сақтайтынына сенімдіміз. Жақында олар Шайтан дүниесі ұшырайтын ‘ауыр азаптан’ аман өтіп, Құдайдың жаңа дүниесіне кіреді.
Көктегі үкімет түгел жиналып қалды
17. Салоникалықтарға 1-х. 4:15—17; Аян 6:9—11-ге сай, өлімге дейін адалдық сақтаған майланған мәсіхшілер жайлы не деуге болады?
17 Б. з. 33 жылдан бері ондаған мың майланған мәсіхші берік сенімдерін көрсетіп, өле-өлгенше адалдық сақтады. Олар Патшалыққа кіруге лайық деп есептеліп, Мәсіх таққа отырғаннан кейін көп ұзамай-ақ өз сыйларын алды (Салоникалықтарға 1-х. 4:15—17; Аян 6:9—11 оқы).
18. а) Жер бетіндегі майланғандардың тамтығы не нәрсеге сенімді? ә) Басқа қойлар майланған бауырластарына қалай қарайды?
18 Майланған мәсіхшілердің жердегі тамтығы адал болып қалса, жақында көктегі сыйларын алатынына сенімді. Миллиондаған басқа қойлар майланған бауырластарының сенімі жайлы ой жүгіртіп, елші Пауылдың келесі сөзіне қосылады: “Біз бастарыңнан өтіп жатқан әр түрлі қудалау мен қиыншылықтар кезіндегі шыдамдылықтарың мен сенімдеріңді Тәңірдің өзге қауымдарына айтып, мақтан етіп жүрміз. Бұның бәрі Құдайдың барлық адамдарды әділ соттайтынын көрсетеді: Ол Өзінің Патшалығы үшін азап шеккен сендерді соған кіруге лайықтысыңдар деп есептейді” (Сал. 2-х. 1:3—5). Жер бетіндегі тамтықтың соңғысы қайтыс болғанда, Құдайдың көктегі үкіметтің мүшелері түгел болады. Сонда көкте де, жерде де зор қуаныш болады!
[Сілтемелер]
a 1992 жылдың 1 наурыздағы (ор.) “Күзет мұнарасының” 20-шы бетіндегі 17-ші абзацты қара.
b 2007 жылдың 1 мамырдағы “Күзет мұнарасының” “Оқырмандар сауалдары” айдарын қара.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Құдай Ыбырайымға Сот күніне қатысы бар қандай жайтты ашты?
• Неліктен Ыбырайым әділ деп есептелді?
• Ыбырайым ұрпағы үшін әділ деп есептелуінің нәтижесі қандай болады?
• Мәсіхшілердің бәрі не нәрсеге сенімді?
[20-беттегі сурет]
Иса ізбасарларын Патшалыққа талпынуға шақырды
[21-беттегі сурет]
Б. з. 33 жылы Ехоба Ыбырайым ұрпағының қосалқы мүшелерін таңдай бастады
[23-беттегі суреттер]
Басқа қойлар осы соңғы күндері майланған мәсіхшілердің өздерімен болғанына дән риза