Олар өмірлерін анағұрлым мағыналы етті. Сен де солай ете аласың ба?
КАНАДАЛЫҚ Марк деген бауырлас ғарыш агенттіктері үшін күрделі роботтық техника кешендерін жасайтын фирмада істейтін. Ол жарты күн жұмыс істеп, жалпы ізашар болып қызмет ететін. Бастығы оны жоғарылатқысы келіп, жалақысы көп толық уақытты жұмыс ұсынады. Марк не істеді екен?
Филиппиндік Эйми оқуды бітіріп жатқанда, жалпы ізашар болатын. Оған көп уақытты талап ететін, бірақ жалақысы жақсы толық уақытты жұмыс ұсынылады. Эйми қандай шешім қабылдады?
Марк пен Эйми екі түрлі шешім қабылдады, әрі олардың шешімдерінің нәтижесінен ертедегі Қорынттағы мәсіхшілерге берілген кеңестің қаншалықты дана екені көрінеді. Елші Пауыл: “Осы дүниені пайдаланушылар да оны [“толықтай”, ЖД] пайдаланбай жүргендердей болуы керек”,— деп жазған (Қор. 1-х. 7:29—31, Тт).
Дүниені пайдалану, бірақ толықтай емес
Марк және Эймимен әрі қарай не болғанын қарастырмас бұрын, Пауылдың аталмыш хатында қолданған “дүние” (грекше космос) сөзінің мағынасына көңіл бөлейік. Мұндағы космос сөзі өзіміз өмір сүріп жатқан дүниені, яғни тұтас қоғамды, білдіреді, әрі оған үй-жай, ас-су, киім-кешек сияқты күнделікті тұрмыстың қам-қарекеті де кіреді. Осындай қажеттіліктерімізді қанағаттандыру үшін, басым көпшілігіміз жұмыс істейміз. Шындығында да, біз өзімізді және отбасымызды қамтамасыз етуге қатысты Киелі кітаптағы міндетімізді атқару үшін осы дүниені пайдалануға мәжбүрміз (Тім. 1-х. 5:8). Алайда ‘осы дүниенің өткінші’ екенін де ұмытпаймыз (Жох. 1-х. 2:17). Сондықтан оны “толықтай” емес, қажет шамада ғана пайдаланамыз (Қор. 1-х. 7:31, ЖД).
Осы дүниені мейлінше аз пайдалануға қатысты Киелі кітаптағы кеңесті ұстанғысы келген көп бауырластар жағдайларын қайта қарастырып, жұмыс уақыттарын қысқартқан және тұрмыстарын қарапайым еткен. Олар көп ұзамай-ақ өмірлерінің анағұрлым мағыналы болғанын байқаған, өйткені отбасына және Ехобаға қызмет етуге енді көбірек уақыт бөлетін. Оның үстіне, қарапайым өмір кешкендіктен олар осы дүниеге емес, Ехобаға көбірек үміт артатын болды. Патшалықтың ісіне көбірек уақыт бөлу үшін сен де қарапайым өмір кеше аласың ба? (Мат. 6:19—24, 33).
“Біз Ехобаға бұрынғыдан да жақындай түстік”
Жоғарыда әңгіме етілген Марк Киелі кітаптағы аталмыш кеңеске құлақ асып, жалақысы көп жұмыстан бас тартады. Бірнеше күннен кейін бастығы оны көндіруге тырысып, одан да көп жалақы ұсынады. “Бұл мен үшін сынақ болды,— деді Марк, — бірақ мен тағы да бас тарттым”. Ол бұл шешімінің себебін былай түсіндірді: “Әйелім Паула екеуміз өмірімізді Ехобаға мейлінше толық қызмет етуге арнағымыз келді. Сондықтан қарапайым өмір кешуді шештік. Біз мақсатымызға жету үшін даналық сұрап, Ехобаға дұға еттік және оған көбірек қызмет етуді бастайтын күнді белгілеп қойдық”.
Паула былай деді: “Мен аптасына үш күн ауруханада хатшы болып істейтінмін, әрі жалақым да жаман емес еді. Мен жалпы ізашар болып қызмет ететінмін. Бірақ Марк сияқты, жариялаушыларға қажеттілік көп жерде қызмет еткім келетін. Алайда жұмыстан шығу үшін өтініш жазып барғанымда, бастығым жақында ғана жауапты хатшының орны босағанын әрі менің сол міндетті атқара алатынымды айтты. Бұл ауруханадағы жалақысы ең жоғары хатшылық жұмыс еді, бірақ мен шешімімнен таймадым. Бастығыма бұл міндетті қабылдай алмайтынымның себебін түсіндіргенде, ол мені сенімім үшін мақтады”.
Содан көп ұзамай Марк пен Паула Канаданың оқшау аймағындағы бір кішкентай қауымға арнайы ізашар ретінде тағайындалады. Олардың сонда көшкендерінің нәтижесі қандай болды? Марк былай деді: “Ғұмырымның жартысын дерлік арнаған тұрақты жалақысы бар жұмысымнан кеткенде, мен кішкене уайымдадым, бірақ Ехоба қызметімізге батасын берді. Біз өзгелерге рухани көмек көрсетуден келетін шексіз қуанышқа кенеліп жүрміз. Толық уақытты қызмет некемізге де жақсы әсер етті. Біз, негізінен, шынымен маңызды нәрселер — Ехобаға деген қызметіміз — туралы әңгімелесеміз. Біз Ехобаға бұрынғыдан да жақындай түстік” (Ел. іс. 20:35). Паула былай деп қосты: “Жұмысыңды, жайлы үйіңді тастағанда, бар үмітіңді Ехобаға артуың керек. Біз солай еттік, ал Ехоба батасын берді. Жаңа қауымдағы қымбатты бауырластарымыз бізді сүйетіндерін және қажет ететіндерін көрсетіп отырады. Бұрын жұмысыма жіберетін күш-жігерімді енді мен адамдарға рухани көмек көрсетуге жұмсаймын. Қазіргі қызметім зор қуанышқа бөлейді”.
‘Еш таршылық көрмедім, бірақ бақытты емес едім’
Ал Эйми болса жалақысы жақсы толық уақытты жұмысты істеуге келісті. Ол былай дейді: “Алғашқы жылы мен қызметімді белсенді атқара бердім, алайда кейінірек көңілім бірте-бірте Патшалықтың ісінен мансап қууға ауа бастағанын байқадым. Мен жұмыста қызығарлықтай ұсыныстарды қабылдап, бар күш-жігерімді жоғарылай түсуге жұмсай бастадым. Ондағы жауапкершіліктерім артқан сайын, қызметке жұмсайтын уақытым азая түсті. Ақырында, уағыздауды мүлдем қойдым”.
Сол уақытты есіне алып, Эйми былай деді: “Қаражат жағынан мен еш таршылық көрмедім. Мен көп саяхаттадым әрі жұрт дәрежеме қарай маған қошемет көрсетті. Бірақ мен бақытты емес едім. Ақшалы болсам да, қиыншылықтарым басымнан асатын. Мен неге бұлай болып жатқанын түсінбейтінмін. Ақырында, осы дүниеде мансапқа жетем деп ‘сенімімнен адасуға’ шақ қалғанымды түсіндім. Нәтижесінде, Құдай Сөзінде тура айтылғандай, мен “көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар” болдым” (Тім. 1-х. 6:10).
Эйми не істеді екен? “Мен ақсақалдардан рухани көмек сұрадым және кездесулерге бара бастадым. Бірде ән айтылып жатқанда, мен жылап жібердім. Бес жыл ізашар болғанда, жоқшылық көріп жүргеніме қарамай, өте бақытты едім ғой. Мен уақытымды ақша табуға жұмсауды доғарып, Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюым керек екенін түсіндім. Сөйтіп, дәрежелі орнымнан бас тартып, ал бұл — жалақым 50 пайызға азайды деген сөз, қайтадан уағыздау ісіне қатыса бастадым”,— деді Эйми. Сосын, қуана: “Бірнеше жыл ізашар болып, қуанышқа бөлендім. Осы дүниеге жұмыс істеп жүргенде ешқашан сезінбеген қанағатты қазір де сезінемін”,— деп қосты.
Сен де өз жағдайыңды өзгертіп, қарапайым өмір кеше аласың ба? Осылай етіп, уақытыңды Патшалықтың мүддесі үшін жұмсайтын болсаң, сен де өміріңді әлдеқайда мағыналы ете аласың (Нақ. с. 10:22).
[19-беттегі сөздер]
Сен де жағдайыңды өзгертіп, қарапайым өмір кеше аласың ба?
[19-беттегі қоршау/сурет]
“Мен оны бірден жақсы көріп кеттім!”
Құрама Штаттарда Дейвид атты бір мәсіхші ақсақал әйелі мен балалары сияқты толық уақыт қызмет еткісі келеді. Сөйтіп, жұмыс орнында жарты күн істейтін болып, жалпы ізашар ретінде қызмет ете бастайды. Бұл оның өміріне мағына қосты ма? Бірнеше айдан соң ол досына былай деп жазды: “Отбасыңмен бірге Ехобаға толықтай қызмет етуден артық қанағат жоқ. Ізашарлық қызметке үйрену үшін маған біраз уақыт қажет деп ойлаған едім, бірақ мен оны бірден жақсы көріп кеттім! Ол бойыма кереметтей серпіліс берді”.
[18-беттегі сурет]
Марк пен Паула қызметте