Ойландыратын фильм
“Бұл фильм шынымен ойландырады!”
“Ол менің жүрегіме әсер етті!”
“Менің көңілім толқып кетті!”
1 “Жастардың сауалдары. Нағыз достарды қалай табуыма болады?” деп аталатын фильмді алғаш көргенде, сені де осындай сезімдер билеген бе еді? Бірнеше жыл бұрын бір жас бауырлас өзіне достарды дұрыс таңдамағандықтан, біраз қиындықтарға ұрынады. Сондай-ақ оның шындыққа деген қызығушылығы және Ехобамен қарым-қатынасы суып кетеді. Сол кезде жоғарыда аталған бейнефильм шығады. Сонда бұл бауырлас былай деп жазған екен: “Мен фильмді қайта-қайта қойып көре бердім, көрген сайын жылай бердім. Ехобаға дер кезінде берген көмегі үшін алғысымды білдірдім”. Бұл фильм оның өмірін түбегейлі өзгертіп, лайықты достар табуға көмектескен. Ол: “Бүгінгі жастарды не нәрсе толғандыратынын білетіндеріңіз анық байқалады”,— деп қосады. Ата-аналар мен жастар, келесі жолы отбасымен зерттеуге жиналғанда, неге осы фильмді тағы бір көріп шықпасқа? Оның әр бөлімінен кейін үзіліс жасап, келесі сұрақтарды ашық талқылаңдар.
2 Кіріспе. Нағыз дос қандай болады? (Нақ. с. 18:24)
3 Достыққа кедергі болатын нәрселер. Саған ешкім қарамай қойғандай болса, бұл сезімді қалай жеңуге болады? (Філіп. 2:4) Неге өз болмысыңды жақсартуға дайын болуың керек және бұған кім көмектесе алады? Көбірек достар табудың қандай мүмкіндігі бар және достарды қайдан табуға болады? (Қор. 2-х. 6:13)
4 Құдаймен дос болу. Ехобамен қарым-қатынасыңды қалай дамытуыңа болады және неге бұл күш салуға тұрарлық іс болып табылады? (Заб. 33:9) Құдаймен достығыңды нығайтуға кім көмектесе алады?
5 Нашар достар. Жаман орта деген не? (Қор. 1-х. 15:33) Лайықсыз достар қалай рухани құлатуы мүмкін? Киелі кітаптағы Динаның оқиғасынан қандай сабақ алуға болады? (Жар. 34:1, 2, 7, 19)
6 Қазіргі күнгі драма. Жалғыздық Тараға қалай әсер етті? Ол өзінің осы дүниелік жастармен қарым-қатынасын қалай ақтауға тырысты? Олар оған қандай қауіп төндірді? Тараның ата-анасы оның басына төнген қауіпті неге байқамады, бірақ оның рухани айығуына көмектесу үшін көзқарастарын қалай өзгертті? Бір ізашар қыз Тараның нағыз досы екенін қалай көрсетті? Неге мәсіхшілер Нақыл сөздер 13:20-дағы және Еремия 17:9-дағы сөздерге ден қоюлары керек? Тара өзіне қандай маңызды сабақ алды?
7 Тұжырым. Бұл фильмдегі оқиғадан қандай сабақ алдыңдар? Басқаларға көмектесу үшін оны қалай қолдануға болады? (Заб. 70:17)