“Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!”
Исаның өлімін 2 сәуір күні еске аламыз
1. Неге 2007 жылғы 2 сәуір ерекше күн болып табылады?
1 2007 жылғы 2 сәуірде дүние жүзі бойынша миллиондаған адам Исаның құрбандығын еске алуға жиналады. Иса Әкесінің билігін жақтаушы ретінде өмірін беріп, Ібіліс Шайтанның адамдар Құдайға өз пайдаларын ғана көздеп қызмет етеді деген сөздерінің жалған екенін дәлелдеген (Әйүп 2:1—5). Сондай-ақ Иеміздің кешкі асы Исаның кемелді, күнәсіз адами өмірін “көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін” бергенін есімізге салады (Мат. 20:28). Сондықтан да Иса шәкірттеріне: “Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер!”— деп өсиет еткен (Лұқ. 22:19). Құдайдың осы құнды сыйына деген ризашылығың сені оның сүйіспеншілікпен атқарған ең зор ісін еске алуға қазірден бастап дайындалуға талпындыра ма? (Жох. 3:16)
2. Еске алу кешіне жүрегімізді қалай бейімдеуімізге болады?
2 Жүрегіңді бейімде. Исаның жердегі өмірінің соңғы күндері қалай өткенін қарастыра отырып, жүрегімізді Еске алу кешіне бейімдейміз (Езр. 7:10). Бұл үшін 2007 жылғы “Киелі жазбаларды зерттеу” кітапшасындағы және 2007 жылғы “Күнтізбедегі” (ор.) Киелі кітапты оқуға арналған арнайы кестені қолдануыңа болады. Бұл тармақтардағы Исаның өліміне қатысты оқиғалардың болған уақыты бүгінгі күнтізбеге мейлінше сәйкес берілген. Киелі кітаптағы оқиғалардың күні мен уақыты жаңа тәулік күн батқан соң басталатын яһуди күнтізбесіне негізделген. Еске алу кешінің қарсаңында Киелі кітапты оқу кестесін құрғанда, осы ерекшелік ескерілді. Осы оқиғаларды оқып, Құдайдың сүйіспеншілігінің қаншалықты терең екендігі туралы ой жүгірткеніміз Еске алу кешінің толық пайдасын көруімізге көмектеседі.
3. Қызығушылар мен енжар жариялаушыларға Еске алу кеші пайдалы болу үшін не істей аламыз?
3 Басқаларды шақыр. Ақпан айындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” қосымшасында осы маңызды кездесуге адамдарды шақыру үшін арнайы науқан өтетіні хабарланған болатын. Осы науқанға барынша атсалысу үшін қажетті шаралар қолдандың ба? Шақырғың келетін адамдардың тізімін жасадың ба? Олармен байланыса бастадыңдар ма? Өзің шақырған адамдар мен басқа да қызығушыларды қарсы алу үшін Еске алу кеші болатын жерге ертерек келуді жоспарла. Мүмкін, олардың жандарында Киелі кітап пен ән кітабын ашып көрсетіп отырғыларың келетін шығар. Оларды қауымдағы басқа адамдармен таныстыр. Кездесуден соң уақыт бөліп, сұрақтарына жауап бер. Оларды 15 сәуір күні болатын арнайы баяндамаға шақыр. Әсіресе ақсақалдар кезінде қауыммен араласқан, бірақ кейін енжар болып қалған жариялаушылардың Еске алу кеші мен арнайы баяндамаға шақырылғандарына көз жеткізулері керек.
4. Еске алу кешінен кейін адамдардың рухани өсе берулеріне қалай көмектесуімізге болады?
4 Шындықпен енді танысып жүрген адамдар мен енжар жариялаушылардың рухани өсулеріне көмектес. Еске алу кешінде баяндамашы Киелі кітап зерттеу сабағы туралы қысқаша түсіндіріп өтеді де, жаңа келген адамдарды Ехоба туралы әрі қарай да біле беруге талпындырады. Сол баяндамадағы ойларды өзің шақырған адамдарға әрі қарай да рухани жағынан көмектесуді ұсынғанда қолдануыңа болады. Зерттеу сабағын өтіп жүрмеген адамдарға Еске алу кешінен соң көп ұзамай қайта барып, зерттеу сабағының қалай өтетінін көрсет. Рухани өсулері үшін қызығушылар қауым кездесулеріне де барып тұрулары керек (Евр. 10:24, 25). Осыны ескере отырып, оларды қауым кездесулеріне үнемі келіп тұруға талпындыр. Ақсақалдар Еске алу кешіне келген енжар мәсіхшілерге қайта барып, ондағы ойларды арқау ете отырып көмек көрсетулері керек. Бұл оларды қауымның ісіне қайтадан араласа бастауға талпындыруы мүмкін.
5. Еске алу кешінің бізге қандай әсері бар?
5 Еске алу кешінде Ехоба мен Исаның бізге жасаған жақсылықтары туралы терең ой жүгіртуге мүмкіндік туады. Бұл біздің сүйіспеншілігімізді арттырып, жүріс-тұрысымызға әсер етеді (Қор. 2-х. 5:14, 15; Жох. 1-х. 4:11). Сондықтан Иеміздің ‘құрбандық өлімін жариялайтын’ маңызды оқиғаға өзімізді де, қызығушыларды да қазірден дайындай берейік (Қор. 1-х. 11:26).