Қазір уағыздайтын уақыт!
1. Неге қазір уағыздайтын уақыт?
1 “Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеңдер!” Періштенің басшылығымен осы хабар “әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа” жариялануда. Неге? ‘Себебі [Құдайдың] соттайтын уақыты туды’. Бүгін біз ‘соттайтын уақытта’ өмір сүрудеміз. Зұлым дүние жойылғанда, ол шарықтау шегіне жетеді. Адамдардың ‘көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып тағзым еткендерінің’ маңызы зор. ‘Мәңгілік Ізгі хабарды’ жариялау — қазіргі таңдағы ең маңызды, ең шұғыл іс. Иә, қазір уағыздайтын уақыт! (Аян 14:6, 7).
2. Ехобаның қызметшілері уақыттың тығыз екенін түсінетіндерін қалай көрсетуде?
2 Соңғы он жылдың ішінде Ехобаның қызметшілері Патшалық туралы уағыздау және шәкірт дайындау ісіне 12 миллиардқа жуық сағат жұмсады. Көп адам рухани ораққа көбірек қатыса алу үшін өмірлерінде өзгеріс жасаған (Мат. 9:37, 38). Мысалы, өткен жылы ай сайын орта есеппен 850 000-нан аса жариялаушылар ізашар болып қызмет еткен. Жалпы ізашарлардан ай сайын уағыздауға орта есеппен 70 сағат бөлу талап етіледі. Ал қосалқы ізашарлар 50 сағат уағыздаулары керек.
3. Ізашар болу үшін жариялаушылар жиі қандай өзгерістер жасаулары керек?
3 Ізашар болу үшін не істеуге болады. ‘Осы заманның ақыры таяп қалғанын’ түсінетіндіктен, ізашарлар қарапайым өмір сүруге тырысады (Қор. 1-х. 7:29, 31). Ақша табуға көп уақыттарын кетірмеу үшін олар қаржыны мейлінше үнемдеп жұмсауға тырысады. Мысалы, кейбіреулер кішірек үйге көшкен. Басқалар болса аса қажет емес заттарынан бас тартқан (Мат. 6:19—21). Сондай-ақ оларға жиі кейбір істерінен де бас тартуға тура келген. Осы қадамның бәрі қызметке көбірек уақыт пен көңіл бөлу үшін жасалған (Ефес. 5:15, 16). Табандылық пен жанқиярлық рух таныта отырып және Ехобаға дұға ету арқылы оған арқа сүйей отырып, көп жариялаушылар ізашар ретінде қызмет етуге ыңғайлы кесте жасап алған.
4. Ізашарлық қызметке қол жеткізуіңе қандай қадамдар көмектеседі?
4 Сен ізашар бола аласың ба? Жемісті қызмет етіп жүрген ізашарлардан бұл мақсатқа қалай жеткендерін неге сұрап көрмеске? Олармен бірге қызметке шығып, қуаныштарын сезініп көр. Біздің әдебиеттердегі осы тақырыпқа жазылған мақалаларды қарастыр. Мүмкіндігіңді ескеріп, ізашарлық қызметке жақындататын мақсаттар қой. Ізашар болуыңа бір нәрселер кедергі болса, ол жайында Ехобаға айтып, бұл қиындықтарды шешуіңе көмектесуін сұра (Нақ. с. 16:3).
5. Ізашарлық қызмет уағыздау шеберлігімізді арттыруға қалай көмектеседі?
5 Батасы мен қуанышы. Ізашарлық қызметтің арқасында Құдай Сөзін шебер қолдануды үйренеміз, ал бұл өз кезегінде қуанышымызды арттырады. Бір ізашар қыз бауырлас былай дейді: “Шындық жазылған Құдай Сөзін дұрыс қолдана білу — нағыз бата. Ізашар болып қызмет еткенде, Киелі кітапты жиі қолданасың. Қазір мен үйме-үй жүргенде, әрбір адамға бейімдеп, Киелі кітапты қолдана аламын” (Тім. 2-х. 2:15).
6. Ізашарлық қызмет неге үйретеді?
6 Сондай-ақ ізашарлық қызмет өмірге қажет көп нәрсеге үйретеді. Ізашар жастар уақытты даналықпен пайдалануды, ақшаны жөнімен жаратуды, сондай-ақ адамдармен дұрыс араласуды үйренеді. Ізашарлық қызметтің арқасында көп адамның рухани көзқарастары тереңдей түскен (Ефес. 4:13). Ізашар болудың тағы бір пайдасы олар жиі Ехобаның қолдауын сезінеді (Ел. іс. 11:21; Філіп. 4:11—13).
7. Ізашарлық қызмет Ехобаға жақындауға қалай көмектеседі?
7 Ехобамен қарым-қатынастың нығаюы ізашарлық қызмет әкелетін ең үлкен баталардың бірі деп айтуға да болады. Бұл сынақтарға төтеп беруімізге күш береді. Қатты ауыртпалық көрген бір әйел бауырлас: “Ізашарлық қызметтің арқасында Ехобамен пайда болған тығыз қарым-қатынас маған барлық қиыншылықтарға шыдауға көмектесті”,— деген. Ол былай деп қосқан: “Есейгелі Ехобаға толық уақыт қызмет етіп келе жатқаныма сондай қуанамын. Осының арқасында қолымнан ешқашан келмейді деп ойлайтын істерді атқара алдым” (Ел. іс. 20:35). Біз де ең маңызды іске, уағыздау ісіне, қолымыздан келгенше атсалысып, мол баталарға ие болайық (Нақ. с. 10:22).