Шілде
1 шілде, сейсенбі
Ол ел аралап, игі істер жасады және... барлығын сауықтырды (Ел. іс. 10:38).
Исаның барлық сөзі мен ісінен, соның ішінде кереметтерінен де, Ехобаның ой қалпы мен сезімдерін танимыз. Себебі ол Әкесінің қасиеттерін айнытпай танытқан (Жох. 14:9). Исаның кереметтерінен не білеміз? Иса мен Ехоба бізді қатты сүйеді. Сондықтан да жерде қызмет еткенінде Иса адамдардың азабын жеңілдету үшін кереметтер жасаған. Екі зағип кісі одан айғайлап көмек сұраған жағдайды алайықшы (Мат. 20:30—34). Иса оларды “аяп кетті” де, көздерін көретін етті. Осы жерде “аяп кетті” деп аударылған грек сөзі адамның іші-бауыры езіліп, қатты жаны ашуын білдіреді. Адамдарды сүйгендіктен, осылай жаны ашыған Иса азаптарына қарап тұра алмай, алапестерді айықтырған, ашыққандарын тамақтандырған (Мат. 15:32; Мар. 1:41). Расында да, жанашыр Құдайымыз Ехоба мен оның ұлы Иса бізді қатты сүйеді әрі қиналғанымызда бірге қиналады (Лұқа 1:78; Пет. 1-х. 5:7). Адамзатты зар илеткен бүкіл жамандық пен азаптан құтқаратын кезді олар аңсап күтіп отыр! w23.04 3-б., 4, 5-абз.
2 шілде, сәрсенбі
Ей, Ехобаны жақсы көретіндер, жамандықты жек көріңдер. Ол адал қызметшілерінің жанын қорғайды, Оларды зұлымның қолынан арашалайды (Зәб. 97:10).
Шайтанның дүниесінде көпшілікке жағымды, бірақ теріс ой-пікірлер көп. Солардың әсерін шектеу үшін, нақты әрекеттер жасайық. Сондай-ақ Киелі кітапты оқып-зерттеу арқылы санамызды таза ойларға толтырайық. Қауым кездесулеріне барғанымыз, қызметке шыққанымыз да ой-санамызды сақтайды. Ал Ехоба өз кезегінде “шамадан тыс сыналуларыңа жол бермеймін” деп уәде етеді (Қор.1-х. 10:12, 13). Осы соңғы күндердегі қиын уақытта Ехобаға адалдық сақтау үшін, бұрынғыдан да көбірек дұға ету керек. Ол сіздің “жүрек сырларыңызды” тыңдағысы келеді (Зәб. 62:8). Дұғада оны даңқтаңыз, жасаған бар жақсылығына рақмет айтыңыз. Қызметте батыл болуға көмек сұраңыз. Басыңызға түскен қиындықтарға төтеп беруге, азғыруларға берілмеуге күш сұраңыз. Ехобаға ұдайы дұға етуге еш нәрсе де, ешкім де кедергі болмасын. w23.05 6, 7-б., 17, 18-абз.
3 шілде, бейсенбі
Бір-бірімізге көңіл бөлейік.., бір-бірімізді жігерлендіре берейік (Евр. 10:24, 25).
Біз қауым кездесулеріне не үшін қатысамыз? Ең алдымен, Ехобаны мадақтау үшін (Зәб. 26:12; 111:1). Сондай-ақ қазіргі қиын заманда бір-бірімізді жігерлендіру үшін (Сал. 1-х. 5:11). Қол көтеріп, түсініктеме бергенде біз осының екеуіне де қол жеткіземіз. Бірақ кейбіреуіміз қобалжып, қол көтеруге жүрексінеміз. Ал өзгелер жиі-жиі жауап беруді қалағанмен, олардан сұрамауы мүмкін. Сондайда не істесе болады? Елші Пауыл “бір-бірімізді жігерлендіре берейік” деп шақырған. Демек, “бір-екі ауыз сөзімнің өзі де бауырластарымды жігерлендіреді ғой” деп ойласақ, түсініктеме беруге ынталырақ боламыз. Ал көбірек атсалысқымыз келгенімен, бізден сұрамай жатса, басқаларға жол бергенімізді ойлап қуанайық (Пет. 1-х. 3:8). w23.04 20-б., 1—3 абз.
4 шілде, жұма
Иерусалимге барсын да,.. Ехобаның... үйін қайта соқсын (Езра 1:3).
Патша ешкім күтпеген бір жарлық шығарды! Бабылда 70 жыл тұтқын болған еврейлер енді өз елдері Исраилге орала алады (Езра 1:2—4). Әдетте бабылдықтар өз құлдарын ешқашан босатпайтын. Сонда бұл қалай болды? Бұл тек Ехобаның арқасында жүзеге асты (Ишая 14:4, 17). Мидиялықтар мен парсылар бабылдықтарды тізе бүктірген соң, жаңа патша еврейлерге азаттық берді. Енді әрбір еврейге, әсіресе отағаларына, таңдау жасау керек болды: ол Исраилге бара ма, әлде Бабылда қала ма? Бұл оңай таңдау болған жоқ. Өйткені қарт кісілердің көбісі ұзақ жолға жарамайтын. Оның үстіне, сол кездегі еврейлердің басым көпшілігі Бабылда туып-өскендіктен, Исраил жері оларға жай ғана ата-бабасы тұрған бейтаныс жер болған. Еврейлердің арасында Бабылда жайлы өмір кешіп, шаруаларын дөңгелетіп, өркендеп жатқандары да болды. Оларға мұның бәрін тастап, басқа жерде жаңа өмір бастау қиын болған шығар. w23.05 14-б., 1, 2-абз.
5 шілде, сенбі
Дайын болыңдар (Мат. 24:44).
Құдай Сөзі табандылық, жанашырлық пен сүйіспеншілігімізді әрі қарай шыңдай беруге үндейді. Лұқа 21:19-да: “Табанды болуларыңмен жандарыңды сақтап қаласыңдар”,— делінген. Ал Қолостықтарға 3:12: “Жанашырлыққа... бөленіңдер”,— дейді. Салоникалықтарға 1-хат 4:9, 10-да болса: “Бір-біріңді сүюді сендерге Құдай үйретіп жатыр ғой... Бірақ, бауырластар, біз сендерді осы жағынан әрі қарай да жақсара беруге шақырамыз”,— деп жазылған. Бұл сөздерді естіген мәсіхшілер аталмыш қасиеттерді онсыз да танытып жүрген. Сонда да оларға осы жағынан жақсара беру керек еді. Демек, бізге де солай ету керек. Бұл үшін, I ғасырдағы мәсіхшілер бұл қасиеттерді қалай танытқанын қарастырыңыз. Сонда оларды қалай таныта алатыныңызды және зор алапатқа қалай дайын бола алатыныңызды біле аласыз. Қазірден бастап сынақтарға табандылықпен төтеп берсеңіз, кейін зор алапатта анағұрлым жеңіл болады. w23.07 3-б., 4-абз.; 3-б., 8-абз.
6 шілде, жексенбі
Сол жерде даңғыл жол болады, Ол “Қасиетті жол” деп аталады (Ишая 35:8).
Біз майланғандарға не “басқа қойларға” жатпайық, ешқайсысымыз “қасиетті жолдан” ауытқымауымыз керек. Бұл жол бізді қазірдің өзінде рухани жұмақпен алып келе жатыр, ал соңында батаға толы Құдайдың Патшалығына алып кіреді (Жох. 10:16). Ал бұл бейнелі даңғыл жол қашан ашылды? 1919 жылдан бері миллиондаған адам — ішінде ерлер, әйелдер, балалар да бар — дүниежүзілік жалған діндер империясы Ұлы Бабылдан шығып, осы бейнелі жолмен жүріп келе жатыр. Еврейлер Бабылдан шыққан кезде Ехоба олардың жолында кедергілердің болмауын қамдаған (Ишая 57:14). Ал біздің кезіміздегі “Қасиетті жол” жайлы не деуге болады? 1919 жылдан бірнеше ғасыр бұрын Құдайды қастерлейтін ер кісілерді пайдаланып, Ехоба Ұлы Бабылдан шығатын жолды даярлады (Ишая 40:3 салыстырыңыз). Ақжүректі адамдар Ұлы Бабылдан шығып, таза ғибадат орнаған рухани жұмаққа кіруі үшін жол даярлауда бұл кісілер ауыр еңбек етті. w23.05 15, 16-б., 8, 9-абз.
7 шілде, дүйсенбі
Ехобаға қуана қызмет етіңдер, Оның алдына қуана әндетіп келіңдер (Зәб. 100:2).
Ехоба біздің оған қуанышпен қызмет еткенімізді қалайды (Қор. 2-х. 9:7). Ендеше, қойған рухани мақсатымызға жетуге ықыласымыз болмаса да, өзімізді күштеп әрекеттенгеніміз дұрыс па? Мысалға елші Пауылды алайықшы. Ол: “Денемді ұрғылап, өзіме құл іспетті бағындырудамын”,— деген (Қор. 1-х. 9:25—27). Демек, Пауылдың дұрыс нәрсені істеуге ешқандай қалауы болмаса да, ол өзін тәртіпке салып, күштеген. Осылай атқарған қызметіне Ехоба риза болды ма? Әрине! Ехоба оның қажырлы еңбегін жарылқап, сый берді (Тім. 2-х. 4:7, 8). Тура солай, ықыласымыз болмаса да, мақсатымызға қарай ұмтылып жатқанымызды көріп, Ехоба бізге риза болады. Сол істің өзін сүймей тұрсақ та, Ехобаны сүйгендіктен әрекет етіп жатқанымызға ол қуанады. Елші Пауылды жарылқағандай, Ехоба біздің де еңбегімізге батасын береді (Зәб. 126:5). Ал оның батасына кенелгенде, ықыласымыз ояна бастайды. w23.05 29-б., 9, 10-абз.
8 шілде, сейсенбі
Ехобаның күні... келеді (Сал. 1-х. 5:2).
Елші Пауыл Ехобаның күні аман қалмайтын адамдарды ұйықтап жатқан адамдарға теңеген. Мұндай адам айналасында не болып жатқанын, уақыттың қалай өтіп жатқанын сезбейді. Сондықтан маңызды оқиғалар өрбіп жатса да, ол оны сезбей, әрекетсіз жата береді. Қазіргі әлемде де басым көпшілік рухани мағынада ұйықтап жүр (Рим. 11:8). Олар “соңғы күндері” өмір сүріп жатқанымыздың анық дәлелдеріне және зор алапаттың таяп қалғанына еш мән бермейді (Пет. 2-х. 3:3, 4). Алайда біз күн өткен сайын ояу жүрудің маңыздылығы арта түсетінін жақсы түсінеміз (Сал. 1-х. 5:6). Сондықтан бізге сабырлы да байсалды болу қажет. Неге? Мына дүниедегі саяси я қоғамдық мәселелерге араласып кетпеу үшін. Ехобаның күні жақындаған сайын, осындай мәселелерде адамдар бізді өз жағына шығару үшін қысымға ала түседі. Бірақ бізге сондайда не істеймін, не айтамын деп уайымдаудың қажеті жоқ. Өйткені Құдайдың рухы бізге сабыр сақтап, байсалды болуға, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі (Лұқа 12:11, 12). w23.06 9, 10-б., 6, 7-абз.
9 шілде, сәрсенбі
Әлемнің Әміршісі Ехоба, өтінемін, мені есіңе алып, соңғы рет күш бере көрші (Би. 16:28).
Самсон деген есімді естігенде кімді елестетесіз? Көбісі ерекше күшке ие батырды елестетіп жатады. Бірақ Самсон бір жерден қатты қателесіп, соның ауыр салдарын тартқан адам да болған. Десе де Ехоба оның қателігіне емес, сенімге толы істеріне назар аударған әрі бізге үлгі болсын деп Киелі кітапқа жаздырған. Ехоба өзінің таңдаулы Исраил халқына көмектесу үшін Самсон арқылы таңғажайып істер жасаған. Ал ғасырлар өте елші Пауыл Ехобаның қозғау салуымен Самсонды сенімі мықты адамдардың қатарына жатқызған (Евр. 11:32—34). Ол қиын жағдайда да Ехобаға арқа сүйей білген. Біз де Самсонның мысалын қарастырып, жігер ала аламыз. w23.09 2-б., 1, 2-абз.
10 шілде, бейсенбі
Барлық өтініштеріңді... Құдайға білдіріңдер (Філіп. 4:6).
Табандылығымызды шыңдайтын нәрсе — Ехобаға бар уайымымызды ақтарып, жиі-жиі дұға айту (Сал. 1-х. 5:17). Бәлкім, дәл қазір сізді қатты уайымдатып жатқан ауыр сынақ жоқ шығар. Бірақ көңіліңіз түскенде, не істеріңізді білмей дал болғанда, бірден дұға айтып, Ехобадан ақыл сұрайсыз ба? Күнделікті майда-шүйде мәселеде Ехобаға арқа сүйеп үйренсеңіз, алдағы үлкен сынақта да бірден солай етесіз. Осылайша Ехоба сіз үшін дәл уақытында және дәл керек жолмен әрекет ететініне сенімді боласыз (Зәб. 27:1, 3). Қазірден бастап сынақтарға табандылықпен төтеп берсек, кейін зор алапатта өзімізге анағұрлым жеңіл болады (Рим. 5:3). Мұны көп бауырластар өз басынан өткерген. Олардың айтуынша, әрбір сынақты артта қалдырған сайын, келесісіне төтеп беруге дайын болады екенсің. Қалай? Сынаққа Ехобаның көмегімен төтеп бергенде, табандылығың шыңдалып, Ехоба ешқашан көмексіз қалдырмайтынына сенімің қатаяды. Осындай сенім келесі сынақтарда табанды тұруға көмектеседі (Жақ. 1:2—4). w23.07 3-б., 7, 8-абз.
11 шілде, жұма
Тілегіңді орындайын (Мұс. 1-ж. 19:21).
Ехобаның иліккіштігінің артында кішіпейілділік пен жанашырлық қасиеттері жатыр. Мысалы, әбден зұлымдыққа батқан Содом қаласын жоямын дегенде Ехобаның қалай кішіпейілділік танытқанын алайықшы. Әділ Лұтты құтқарып қалу үшін, ол оған періштелерін жіберіп, тауға қашуды бұйырады. Бірақ Лұт ол жаққа баруға қорқып, жақын жердегі Сиғор қалашығын паналайыншы деп жалынады. Ал Ехоба Сиғорды да үкімге кесіп қойған болатын. Сонда ол Лұтқа “айтқаным — айтқан, қалай бұйырдым, солай істе” деген жоқ. Қайта, оның өтінішін орындап, Сиғорды аман алып қалды (Мұс. 1-ж. 19:18—22). Ал кейін ғасырлар өте Ехоба Ниневия халқына жанашырлық көрсетті. Басында ол зұлымдық жайлаған бұл қалаға пайғамбарын жіберіп, қаланың өзі де, тұрғындары да құрып жоқ болатынын жария еткізген. Бірақ кейін олар күнәларына өкінгенде, Ехоба оларды аяп, қаланы жоямын деген райынан қайтады (Жүніс 3:1, 10; 4:10, 11). w23.07 21-б., 5-абз.
12 шілде, сенбі
Жоғасты... өлтіріп кетті. Бірақ патшалар қабіріне қоймады (Шеж. 2-ж. 24:25).
Жоғастан қандай сабақ аламыз? Ол тіреуішке байланып тұрған, тамыры қып-қысқа ағаш сияқты болды. Оған тірек болған Еходай көз жұмғаннан кейін жолдантаюшылардың ықпалы желдей соғып еді, ол бірден құлап түсті. Біздің де бауырластарымыздың не мәсіхші отбасымыздың ықпалымен ғана Құдайдан қорқып жүргеніміз жарамайды. Жеке зерттеу, ой жүгірту және дұға етумен Құдайдан қорқынышымыз бен шын берілгендігімізді бекемдей беруіміз керек. Сонда тамырымыз терең жайылып, рухани мықты боламыз (Ерм. 17:7, 8; Қол. 2:6, 7). Ехоба бізден көп нәрсе талап етпейді. Оның бізден не күтетіні Уағыздаушы 12:13-те былай деп түйінделген: “Құдайдан қорқып, бұйрықтарын орында, себебі адам баласының бар парызы — осы”. Бойымызда осындай қорқыныш болса, алдағы кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, нық тұрамыз. Сонда Ехобамен достығымызды еш нәрсе бұза алмайды. w23.06 19-б., 17—19 абз.
13 шілде, жексенбі
Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын (Аян 21:5).
5-тармақтың басында бұның бәрі “Тақта отырғанның” сөздері екені айтылады (Аян 21:5а). Ал Ехобаның тікелей өзі сөйлегені Аян кітабында бар-жоғы үш-ақ рет кездеседі. Ойлап көріңізші, бұл кепілдікті құдіретті періште емес, қайта тірілген Иса да емес, Ехобаның өзі айтқан! Бұл оның айтқалы жатқан 5, 6-тармақтағы сөздерінің растығына салмақ қоса түседі. Өйткені Ехоба — “өтірік айта алмайтын Құдай” (Тит. 1:2). Сондықтан біз оның сөздеріне кәміл сенімдіміз. Енді Ехобаның “міне” деген сөзін қарастырайық. “Міне” деп аударылған грек сөзі Аян кітабында жиі кездеседі. Ехоба не нәрсеге назарымызды бұрғысы келеді? Ол: “Бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— дейді. Ехоба болашақта істейтін жайттарды айтып тұрса да, ол оны осы шақта айтқан. Өйткені оны істейтініне толықтай сенімді (Ишая 46:10). w23.11 3, 4-б., 7, 8-абз.
14 шілде, дүйсенбі
Ол сыртқа шығып, өкіріп жылады (Мат. 26:75).
Елші Петір бірден әлсіздіктерінен арыла қойған жоқ. Мысалы, Иса Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарға сай азап шегіп, өлуі керектігін айтқанда, Петір қарсылық білдірді (Мар. 8:31—33). Басқа елшілермен қоса, ол да “арамызда ең ұлы кім” деп қайта-қайта дауласты (Мар. 9:33, 34). Ал Иса өлер алдындағы түні Петір алды-артын ойламастан бір кісінің құлағын шауып түсірді (Жох. 18:10). Дәл сол түні ол үрейге бой алдырып, Исадан бір емес, үш рет танды (Мар. 14:66—72). Сол үшін кейін өкіріп жылады. Петір мұңға батып жүргенде, Иса одан теріс айналмағанын көрсетті. Қайта тірілген соң, ол Петірге сүйіспеншілігін дәлелдеуге мүмкіндік беріп, тоқты-қозыларын бағуды тапсырды (Жох. 21:15—17). Петір бұл тапсырманы орындауға бар ықыласымен келісті. Сөйтіп, Елуінші күн мейрамында Иерусалимде алғаш киелі рухпен майланғандардың арасында болды. w23.09 22-б., 6, 7-абз.
15 шілде, сейсенбі
Қозыларымды бақ (Жох. 21:16).
Елші Петір өзге ақсақалдарды да Құдайдың отарын бағуға шақырған (Пет. 1-х. 5:1—4). Қымбатты ақсақал, сіз де бауырластарды жақсы көресіз, оларды қамқорлағыңыз келеді. Бірақ кейде мұрныңыздан шаншылып, әбден қажығандықтан, міндетіңізді ойдағыдай атқармай жүргендей сезінерсіз. Мұндайда не істесеңіз болады? Не уайымдап, не сезініп жүргеніңіздің бәрін Ехобаға айтыңыз. Петір: “Кім қызмет етсе, Құдайдың күшіне сүйеніп қызмет етсін”,— деп жазған (Пет. 1-х. 4:11). Бауырластарымыздың кезігіп жүрген қиындықтары бұл дүниеде шешілмеуі мүмкін. Бірақ ұмытпаңыз, “бас бағушы” — Иса Мәсіх, ол бауырластарыңыз үшін сіздің қолыңыздан келмейтін нәрсені істей алады. Кейбір нәрселерді ол қазір-ақ істеп жатыр, ал кейбірін болашақта қолға алады. Құдайдың сізден бар күтетіні — бауырластарыңызды жақсы көріп, оларды қамқорлағаныңыз әрі оларға “үлгі-өнеге болғаныңыз”. w23.09 30-б., 13, 14-абз.
16 шілде, сәрсенбі
Ехоба данышпандардың ой-пікірлерінің бекер екенін біледі (Қор. 1-х. 3:20).
Біз адамдардың көзқарасына ермеуіміз керек. Айналамыздағы адамдардың ой-пікіріне еріп кетсек, Ехобаны да, оның нормаларын да елемей кетеміз (Қор. 1-х. 3:19). Өйткені “осы дүниенің даналығы” ең бірінші тәндік қалауыңды ойлауға шақырады. Кезінде Пергам мен Тиатира қалаларында пұтқа табыну, азғын өмір сүру кәдімгі нәрсе саналатын. Бұл жаман көзқарас қауымдағы бірен-саран мәсіхшіге де сіңген болатын. Жыныстық азғындыққа төзіп жүргендері үшін осы екі қауымды Иса қатаң ескерткен (Аян 2:14, 20). Бүгінде де осы әлем бұрыс көзқарасын бізге жан-жақтан тықпыштайды. Мысалы, ойымыздан айнып, Құдай заңдарынан аттай салуымыз үшін, жақындарымыз я таныстарымыз жанды жерімізге басып, сезімдерімізге әсер еткілері келер. Олар өз қалауыңды орындағанда тұрған ештеңе жоқ, ал Киелі кітаптың моральдық нормалары қазіргі заманға сай келмейді деуі мүмкін. Ал кейде біз өзімізше пайымдап, Ехобаның берген нұсқауларын аз көруіміз мүмкін. Сөйтіп, “жазылғандарды ғана ұстанған” жеткіліксіз деп, қосымша ереже орнатқымыз келер (Қор. 1-х. 4:6). w23.07 16-б., 10, 11-абз.
17 шілде, бейсенбі
Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер (Нақ. с. 17:17).
Исаның анасы Мәриям күш-жігерге мұқтаж болды. Тұрмысқа шықпаған болса да, періште оған бала көтеретінін айтты. Ешқашан бала тәрбиелемеген ол Мәсіх болатын баланы қалай өсіреді?! Оның үстіне, ешқандай еркекпен жақындаспаса да, жүкті болатынын болашақ күйеуі Жүсіпке қалай түсіндіреді? (Лұқа 1:26—33). Мәриям қайдан күш алды? Ол өзгелердің көмегіне жүгінді. Алдымен, Жәбірейілден осы тапсырманың мән-жайын сұрап алды (Лұқа 1:34). Содан соң туысы Елізабетке бару үшін сонау Яһуда жеріндегі “таулы өңірге” сапар шекті. Елізабет Мәриямды мақтап, Ехобаның қозғау салуымен оның туатын сәбиі жайлы пайғамбарлық айтты (Лұқа 1:39—45). Сол кезде Мәриям Ехобаның “өз қолымен құдіретті істер жасағанын” айтты (Лұқа 1:46—51). Осылай Ехоба Жәбірейіл мен Елізабет арқылы Мәриямның бойына күш бітіріп, нығайтып тастады. w23.10 14, 15-б., 10—12 абз.
18 шілде, жұма
Бізді патша және өзінің Құдайы әрі Әкесінің діни қызметкерлері етті (Аян 1:6).
Исаның шәкірттерінің 144 000-ы киелі рухпен майланған. Олар Ехобамен ерекше қарым-қатынасқа ие. Көкте олар Исамен бірге діни қызметкер болып қызмет етеді (Аян 14:1). Жерде болғанда оларды Ехоба киелі рухымен майлап, өзінің балалары етеді. Қасиетті бөлме олардың Ехобамен осы ерекше қарым-қатынастарын білдіреді (Рим. 8:15—17). Ең қасиетті бөлме болса, Ехоба мекендейтін көкті бейнелейді. Қасиетті бөлме мен Ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған “шымылдық” Исаның жердегі тәнін білдіреді. Өйткені тәні оған көктегі рухани ғибадатханаға ұлы бас діни қызметкер ретінде кіруге кедергі жасады. Ол осы денесін бүкіл адамзат үшін құрбан еткенде, барлық майланған мәсіхшілер үшін көктегі өмірге жол ашылды. Көктегі сыйларын алу үшін, майланғандар да жердегі тәндерімен қош айтысулары керек (Евр. 10:19, 20; Қор. 1-х. 15:50). w23.10 28-б., 13-абз.
19 шілде, сенбі
Гедеон... жайында айтуға уақытым жетпес еді (Евр. 11:32).
Ефремдіктер келіп, ашуланып, оған айып таққанда, Гедеон оларға сабырмен жауап берді (Би. 8:1—3). Ол ашуға берілмей, ефремдіктерді кішіпейілділікпен тыңдады. Оларға мейіріммен сөйлеп, сабаларына түсірді. Өзгелер айыптап жатса, дана ақсақалдар да сабырмен тыңдап, ізетпен жауап береді (Жақ. 3:13). Осылай қауымның ынтымағын сақтайды. Мадияндықтарды жеңгені үшін исраилдіктер Гедеонды мақтап, сый-құрметке бөлегенде, ол Ехобаға назар аударды (Би. 8:22,23). Тағайындалған ер бауырластар одан не үйренеді? Олар жеткен жетістіктері үшін Ехобаны мақтаулары керек (Қор.1-х. 4:6,7). Мысалы, бауырластар ақсақалды керемет тәлім беретіні үшін мақтаса, ол сол тәлімнің Құдай Сөзінен алынғанына және Ехобаның ұйымынан үйреніп жатқанына көңіл бұрса болады. Арагідік ақсақалдар қалай тәлім беріп жүргендері жайлы ойланып тұрғандары дұрыс, өйткені олар сөзімен жұртты тамсандыруды ойлап кетуі мүмкін. w23.06 4-б., 7, 8-абз.
20 шілде, жексенбі
Менің ойларым сендердікінен өзге (Ишая 55:8).
Дұғамызға жауап алмай жатсақ, өзімізді келесі сұрақпен тексере аламыз. “Менің осылай сұрағаным дұрыс па?” деп ойлансақ болады. Әдетте біз өзіме не керек екенін жақсы білемін деп ойлаймыз. Бірақ бізге ең дұрысы не екенін Ехоба жақсырақ біледі. Мысалы, біз “мына мәселе былай шешілсінші” деп сұрауымыз мүмкін. Бірақ оның одан да керемет шешімі бар шығар. Ал кейде біздің өтінішіміз Ехобаның еркіне сай келмеуі мүмкін (Жох. 1-х. 5:14). Мысалы, Ехобадан баламыз шындықта қалсыншы деп сұраған ата-ананы алайық. Бір қарағанда, бұл орынды өтініш сияқты. Бірақ Ехоба ешкімді өзіне қызмет етуге мәжбүрлемейді ғой. Ол біздің де, балаларымыздың да оған өз еркімен ғибадат еткенін қалайды (Мұс. 5-ж. 10:12, 13; 30:19, 20). Сондықтан ата-ананың Ехобаға “баламыз сені сүйіп, сенің досың болғысы келуі үшін оның жүрегіне жол таба алайықшы” деп сұрағаны дұрысырақ болады (Нақ. с. 22:6; Ефес. 6:4). w23.11 21-б., 5-абз.; 23-б., 12-абз.
21 шілде, дүйсенбі
Бір-біріңді әрдайым... жұбатыңдар (Сал. 1-х. 4:18).
Неліктен өзгелерді жұбату — сүйіспеншілік танытудың маңызды қыры? Киелі кітапты түсіндіретін бір еңбекте айтылғандай, “жұбату” деп аударылған түпнұсқадағы сөз “ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан адамның қасында болып, жігер беруді” білдіреді. Демек, күйзеліп жүрген бауырласымызды жұбатқанда біз оған еңсесін тіктеп, әрі қарай Ехобаға қызмет ете беруге көмектесеміз. Қажет кезде бауырласымыздың жанынан табылып, көңілін ауласақ, оны сүйетінімізді көрсетеміз (Қор. 2-х. 7:6, 7, 13). Жанашырлық пен жұбату бір-бірімен тікелей байланысты. Өйткені жанашыр адам басқалардың ауыртпалығын жеңілдетіп, жұбатуға асығады. Демек, адамды жұбату үшін алдымен бізде соған қозғау салатын жанашырлық сезімі болу керек. Ехобаның қасиетін сипаттай отырып, Пауыл осы байланысты анық көрсеткен. Ол Ехобаны “қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі” деген (Қор. 2-х. 1:3). w23.11 9, 10-б., 8—10 абз.
22 шілде, сейсенбі
Қиындық көрген кезде шаттанайық! (Рим. 5:3).
Мәсіхтің ізбасарларының бәрі қиындыққа кезігеді. Мысалы, елші Пауылдың жағдайын алайық. Ол Салоникадағы бауырластарға былай деп жазған: “Қиындыққа кезігуіміз керектігін өздеріңмен бірге болғанда айтып жүруші едік. Міне, сол айтқанымыз болды” (Сал. 1-х. 3:4). Ал Қорынттағы қауымға: “Бауырластар, сендерді Азия аймағында басымызға түскен қиындықтан бейхабар қалдырғымыз келмейді. Басымызға түскен қиындықтың ерекше ауыр... болғаны сонша — тірі қаламыз деп үміттенбедік те”,— деп жазды (Қор. 2-х. 1:8; 11:23—27). Бүгіндегі мәсіхшілер де қиындықтарға ұшырайтындарын түсінулері керек (Тім. 2-х. 3:12). Исаға сеніп, оның соңынан ергеніңіз үшін достарыңыз не туыстарыңыз сізге айғайлап, ұрсатын шығар. Немесе жұмыста өтірік айтпайтыныңыз үшін қиындық көрген кезіңіз болған ба? (Евр. 13:18). Я болмаса үмітіңіз жайлы өзгелерге айтқаныңыз үшін үкімет тарапынан қуғын көрген боларсыз. Басымызға қандай қиындық түспесін, Пауыл айтқандай, біз қуануымыз керек. w23.12 10, 11-б., 9, 10-абз.
23 шілде, сәрсенбі
Сендер... басымды үлкен пәлеге қалдырдыңдар (Мұс. 1-ж. 34:30).
Жақыптың өмірінің көлеңкелі тұстары көп болды. Шимон мен Леуі әулеттерін қарабет қылатын, Ехобаның атына кір келтіретін сұмдық іс жасайды. Бұл аздай, аяулы жары Рахила екінші ұлын босанып жатып қайтыс болады. Ал кейін елді зұлмат аштық жайлап, шашы ағарған шағында Жақып жат елге көшуге мәжбүр болады (Мұс. 1-ж. 35:16—19; 37:28; 45:9—11, 28). Басына небір қиындық туса да, Жақып Ехобаға деген және оның уәдесіне деген сенімін шайқалтпаған. Ал Ехоба оған разы екенін білдіріп отырған. Мысалы, Ехоба оның мал-мүлкін көбейтті. Сондай-ақ жылдар бойы өлді деп ойлап келген сүйікті ұлы Жүсіппен қайта қауышқанда, Жақып Ехобаға мың алғысын жаудырған шығар! Ехобамен жақын дос болғанының арқасында ол небір қиындықтан қайыспай өтті (Мұс. 1-ж. 30:43; 32:9, 10; 46:28—30). Біз де Ехобамен айырылмас дос боп қала берсек, көптеген қиындықтарға қасқайып төтеп бере аламыз. w23.04 15-б., 6, 7-абз.
24 шілде, бейсенбі
Ехоба — менің Бағушым, Мен ештеңеден тарықпаймын (Зәб. 23:1).
Зәбүрдің 23-жырынан Дәуіттің сүюші, қамқоршы Құдайына деген сенімділігі есіп тұр. Дәуіт өзінің Бағушысы Ехобаға етене жақын екенін сипаттаған. Ол Ехобаның жетелеуімен жүргенде қауіпсіз сезінген, өзін оған толықтай сеніп тапсырған. Ол өмірінің әр күні Ехобаның сүйіспеншілігін көретініне сенімді болған. Не себепті? Ехоба Дәуітті керегімен әрдайым қамтамасыз етіп отырғандықтан, ол оның қамқорлығын көрген. Бұған қоса, ол Ехобамен дос болып, оның шапағатын сезінген. Сондықтан да ол алда не болмасын, Ехоба қажетімен қамдай беретініне сенімді болды. Дәуіттің Ехобаның сүйіспеншілігіне деген сенімділігі мықты болғандықтан, ол ешқандай уайым мен қорқынышқа берілмеген. Қайта, бақыт пен қанағат сезінген (Зәб. 16:11). w24.01 28, 29-б., 12, 13-абз.
25 шілде, жұма
Мен осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін (Мат. 28:20).
Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Ехобаның қызметшілері көп елде еркін уағыздап келеді. Осылай ісіміз алға басып, құлашын кең жайды. Бүгінде Басқарушы кеңестің мүшелері Исаның басшылығына жүгінеді. Олар бауырластарға беретін нұсқаулары Ехоба мен Исаның ой қалпына сай болғанын қалайды. Сосын сол нұсқауларды аудандық бақылаушылар мен ақсақалдар арқылы қауымдарға жеткізеді. Киелі рухпен майланған ақсақалдар (кең мағынада барлық ақсақалдар) Иса Мәсіхтің “оң қолында” (Аян 2:1). Кемелсіз болғандықтан олар да қателіктер жібереді, әрине. Мұса да, Ешуа да, I ғасырдағы елшілер де кейде қателескен (Мұс. 4-ж. 20:12; Ешуа 9:14, 15; Рим. 3:23). Бірақ Иса адал құл мен ақсақалдарға мұқият бағыт беріп отырады. Олай болса, жауапты бауырластардың басшылығына толықтай сенім арта аламыз. w24.02 23, 24-б., 13, 14-абз.
26 шілде, сенбі
Сүйікті балалары ретінде Құдайға еліктеңдер (Ефес. 5:1).
Өзгелерге Ехоба туралы айтқанда, оған деген ризашылығымыз бен сүйіспеншілігіміз сезіліп тұрса, ол қуанады. Қызметте біздің басты мақсатымыз — адамдарға Ехобаға жақындауға көмектесу. Біз сияқты олар да Ехобаны сүйікті Әке деп танығанын қалаймыз (Жақ. 4:8). Біз Киелі кітаптан адамдарға Ехобаның адамзатты сүйетін, әділ, дана, құдіретті және басқа да тамаша қасиеттері бар Құдай екенін көрсетеміз. Ехобаны қуантып, мадақтаудың тағы бір жолы — барынша оған ұқсауға тырысу. Осылайша біз мына зұлым дүниеден ерекшеленеміз. Ал адамдар бұны байқап, себебін білгісі келетін шығар (Мат. 5:14—16). Сондықтан өзгелермен күнделікті шаруалармен ұшырасқанда мүмкіндік туса, оларға іс-әрекетіміздің неге басқаша екенін түсіндіріп кетсек болады. Нәтижесінде ақжүректі адамдардың бойында Құдайымызға деген қызығушылық пайда болады. Осындай жолдармен Ехобаны мадақтағанымыз оған қатты ұнайды (Тім. 1-х. 2:3, 4). w24.02 10-б., 7-абз.
27 шілде, жексенбі
Ол... жігерлендіре алуы және әшкерелей алуы... керек (Тит. 1:9).
Рухани толысқан ер азамат болу үшін саған өмірге қажетті қабілеттерді үйреніп алу керек. Бұл саған қауымдағы міндеттеріңді атқаруға, өзіңді я отбасыңды асырау үшін жұмыс істеуге және басқалармен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектеседі. Мәселен, дұрыс оқып-жазуды үйрен. Киелі жазбаларда Құдай Сөзін күн сайын оқып, ой жүгіртетін адамның бақытты әрі оның әрбір ісі сәтті болатыны айтылған (Зәб. 1:1—3). Киелі кітапты күнделікті оқысаң, Ехобаның ойын жақсырақ білесің. Осылайша саралап-салмақтауды және Жазбаларға сай әрекет етуді үйренесің (Нақ. с. 1:3, 4). Бауырластар Киелі кітапқа негіздеп бағыт-бағдар сілтей алатын, кеңес бере алатын ер адамдарға мұқтаж. Дұрыс оқып, сауатты жазуды үйренсең, қауымда мазмұнды әрі сенімді нығайтатын баяндамалар айтып, түсініктемелер бере аласың. Сондай-ақ осы дағдының арқасында сен пайдалы ойларды өзіңе түртіп ала аласың. Бұл жазбаларың өз сеніміңді нығайтуға және басқаларды жігерлендіруге көмек болады. w23.12 26, 27-б., 9—11 абз.
28 шілде, дүйсенбі
Сендермен бірліктегі Құдай осы дүниемен бірліктегі Ібілістен әлдеқайда күшті (Жох. 1-х. 4:4).
Бойыңызды қорқыныш меңдегенде, болашақта Шайтан құрдымға кетіп, Ехобаның не істейтіні жайлы ойланыңыз. 2014 жылғы аймақтық конгресте болған көріністе бір отағасы отбасымен Тімөтеге 2-хат 3:1—5 тармақтар жұмаққа қатысты айтылғанда қалай болар еді деп талқылайды. Ол былай дейді: “Жаңа дүниеде ең бақытты уақыт болатынын біліп қой: адамдар өзгелерді жақсы көретін, рухани қазынаны бағалайтын, қарапайым, момын, Құдайға мадақ әкелетін, ата-анасына мойынсұнатын, алғыс білдіретін, адал, бауырмал, ымырашыл, өзгелерді тек мақтайтын, ұстамды, жұмсақ, жақсылықты жақсы көретін, сенім артуға тұратын, иліккіш, кішіпейіл, ләззат-ермектен гөрі Құдайды жақсы көретін әрі оған шын жүректен берілген болады. Мұндайлардан ажырама”. Сіз жұмақта өміріміз қандай болатынын отбасыңызбен не бауырластармен талқылап тұрасыз ба? w24.01 6-б., 13, 14-абз.
29 шілде, сейсенбі
Мен саған ризамын (Лұқа 3:22).
Ехоба жер бетіндегі халқына қарап риза болатынын білу неткен қуаныш! Киелі кітапта: “Ехоба өз халқынан рақат табады”,— делінген (Зәб. 149:4). Десе де кейбір бауырластар “жеке маған Ехоба риза емес шығар” деп ойлап, көңілі түседі. Құдайдың ежелде өмір сүрген адал қызметшілерінің біразында осындай күмән болған (Сам.1-ж. 1:6—10; Әйүп 29:2, 4; Зәб. 51:11). Киелі кітаптан білетініміздей, кемелсіз болсақ та Құдайдың көңілінен шығып, оны риза қыла аламыз. Ол үшін Иса Мәсіхке сеніп, сосын шомылдыру рәсімінен өту керек (Жох. 3:16). Осылайша күнәларымызға өкінгенімізді және Құдайдың еркін орындаймын деп уәде еткенімізді жұрт алдында паш етеміз (Ел. іс. 2:38; 3:19). Осы қадамдарды жасап, Құдайға жақын болуға тырысып жатқанымызды көріп, ол қатты қуанады. Бағышталғанымызға сай болып жүрген уақыттың бәрінде Ехоба бізге риза әрі бізді досым деп біледі (Зәб. 25:14). w24.03 26-б., 1, 2-абз.
30 шілде, сәрсенбі
Ал біз көріп-естігеніміз жайлы үнсіз қала алмаймыз (Ел. іс. 4:20).
Билік басындағылар тыйым салса да уағыздай беруімізбен шәкірттердің үлгісіне еліктесек болады. Ехоба бізге де қызметімізді атқаруға көмектесетініне сенімді болайық. Оған дұға айтып, даналық пен батылдық және қиындыққа төтеп беруге көмек сұрайық. Арамызда жан ауруына не тән ауруына шалдыққан, жақынын жоғалтқан, қуғын көріп жатқан немесе отбасылық қиындықтарға ұшыраған бауырластар бар. Пандемияның не соғыстың салдары олардың жағдайын одан сайын ушықтырып жатыр. Осындай қиындықтар көріп жатсаңыз, Ехобаға ішіңіздегінің бәрін айтып дұға етіңіз. Оған жағдайыңыздың қыр-сырын айтып, жан досыңызбен сөйлескендей сөйлесіңіз. Ехоба сіздің “игілігіңіз үшін әрекет ететініне” еш күмәнданбаңыз (Зәб. 37:3, 5). Ұдайы дұға етсек, “қиыншылықта табанды боламыз” (Рим. 12:12). Ехоба қызметшілерінің басынан не өтіп жатқанын біледі. Олардың “көмек сұраған үндерін естиді” (Зәб. 145:18, 19). w23.05 5, 6-б., 12—15 абз.
31 шілде, бейсенбі
Иемізге не ұнайтынына әрдайым көз жеткізіп отырыңдар (Ефес. 5:10).
Маңызды шешімдер қабылдар алдында “Ехобаның еркін танып-біліп”, сол бойынша әрекет етуіміз керек (Ефес. 5:17). Ал сол мәселеге қатысты Ехобаның ой-пікірін білу дегеніміз біздің жағдайымызға сай келетін Киелі кітап принципін табуды білдіреді. Сол принциптерге сай әрекет етсек, дұрыс шешім қабылдай аламыз. Біздің жауымыз “Зұлым” Шайтан осы дүниенің тірліктерінен қолымыз еш босамай, Ехобаға қызмет етуге уақытымыз қалмасын дейді (Жох. 1-х. 5:19 сілт.). Мәсіхші Ехобаға қызмет етудің мүмкіндіктерін кейінге ысырып, жұмыс, ақша мен білім қуып кетуі мүмкін. Осыған жол бергені — оған осы дүниенің көзқарасы әсер етіп жатқанының белгісі. Негізі, бұл нәрселердің өзі жаман емес. Бірақ олар ешқашан да өміріміздің төріне шығып кетпеу керек. w24.03 24-б., 16, 17-абз.